Ырысбек Дәбей. Жолаушы
«Жолдар, жолдар алысқа апарыңдар...». Отызға жетер-жетпесінде жарық жұлдыздай ағып кеткен ақын Төлеген Айбергеновтың арманы мен мұраты еді бұл. Адам пендесін адастырмай, барар бағытын көрсетіп, сайрап жатқан Ұлы сүрлеудің бойында «жол көрсеткіш сақшының таяғындай» ізгілікке талпынысты кім жек көрсін. Әсіресе Төлегендей бөлекше жаралымның Хаққа бастар суыртпақ жолдың бойынан, Прометей алауындай лаулап жанған жүрегінің ыстық қайратын сезуге құштарлығы тіптен басқаша болатыны екібастан мағлұм. Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың төрт томдық эпопеясын «Абай жолы» атауы да - кешегі сұрқылтайының сұры жаман заманда бізге: «Жолың осы. Бұрлығып, титықтасам да сендерге қоңыраулы көштің бұйдасын ұстаттым», - дегені емес пе!.. Жол - сәл қиыс бассаң аса қатал үкім шығаратын Жаратушының жердегі талғам-таразысы тәрізді. Біз - жүргіншілер күнде күнә мен сауапқа бетекі ұшырасып жатамыз...
«Жолдар, жолдар алысқа апарыңдар...». Отызға жетер-жетпесінде жарық жұлдыздай ағып кеткен ақын Төлеген Айбергеновтың арманы мен мұраты еді бұл. Адам пендесін адастырмай, барар бағытын көрсетіп, сайрап жатқан Ұлы сүрлеудің бойында «жол көрсеткіш сақшының таяғындай» ізгілікке талпынысты кім жек көрсін. Әсіресе Төлегендей бөлекше жаралымның Хаққа бастар суыртпақ жолдың бойынан, Прометей алауындай лаулап жанған жүрегінің ыстық қайратын сезуге құштарлығы тіптен басқаша болатыны екібастан мағлұм. Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың төрт томдық эпопеясын «Абай жолы» атауы да - кешегі сұрқылтайының сұры жаман заманда бізге: «Жолың осы. Бұрлығып, титықтасам да сендерге қоңыраулы көштің бұйдасын ұстаттым», - дегені емес пе!.. Жол - сәл қиыс бассаң аса қатал үкім шығаратын Жаратушының жердегі талғам-таразысы тәрізді. Біз - жүргіншілер күнде күнә мен сауапқа бетекі ұшырасып жатамыз...
Нәпақаңды айырып, құлқыныңды майлап отырған жұмысыңа қоғамдық көліктермен жетудің Алматыда екі-ақ жолы бар. Бірі - тым ерте ел қозғалмай қамдану да, екіншісі жайрақ болса да кешігіңкіреп шықаның абзалырақ (несі жақсы дейсің, шарасыздықтан айтқан ғой). Қалыпты, жұмыс ережесіне сай бекітілген уақытта, ақылдылық танытып, атқа мінгенің бекер. Ұзыннан ұзақа созылған көлік кептелісіне душар болдым дей бер. Жүйкесі жұқарып, үзілуге шақ тұрған жұрттың қатарын молайтып, салбырайсың да қаласың. Кептеліс аз боп тұрғандай, әр аялдама сайын жер жылжыса жылжымайтын жүргізушіні айтшы. Шыдамның да шегі бар, айқай басталады. «Тезірек жүрмейсің бе, жұмыстан кешігетін болдық қой!». Халықтың наразылығын бит шаққан құрлы көрмейтін жүргізушің, тіпті әкесінен қалған машинаның құлағында отырғандай арс ете қалады. «Асығып тұрсаң таксимен кетпейсің бе. Маған не қыл дейсің!». Қайтесің енді? Жұрттың бәрі ақылсыз да, өзі ғана ақылды. Ой, Алла! Әлеуметтік қызмет көрсету деген нәрсе миына да кіріп шықпайды. Біреу зорлап рөлге таңып қойғандай құлықсыз...
Кептелістен ығырың шыққан соң, амалсыз кешірек шығуға да таңдауың түседі кейде. «Сәске түс» дей ме қазақ, сол мезгіл. Ышқынып кеп тоқтаған троллейбустың жалына жармастық. Бұрынғыдай билет сатушы жоқ. Темір тиыныңды жұтып, билет құсатын құрылғы жалпыласқан. Майда тиының болмаса, бұның да әуресі көп неме. Бір қызығы бұл уақытта сапар шеккендердің дені кемпір-шалдар. Ежелгі «Верныйдың» байырғы тұрғындары. Қоғамдық көлікке аяғың ілінгеннен, діттеген жеріңе жеткенше жақтырмай отырады. Тап бір солардың қыр желкесіне мініп келе жатқандай, ұнатпай қарайды. Неге сөйтеді, ей?! Коммунизмның нұрына балқып тәтті түс көріп жатқанда, шырын ұйқысын бұзған заманға өкпелей ме екен? Шемен боп қатқан дерті арқалап жүрген соң кімді ұнатсын дейсің...
Аялдама сайын жаңарып отыратын жолаушылардың қатарын бір жас жігіт толықтырды. Кірген бойы жүргізушіге барып, екі жүз теңгелік қағаз ақшасын майдалап беруін өтінді. Жүргізуші «майда жоқ» дегендей иығын қомдаған соң, жағалай бәрімізден сұрап шықты. Ешкімде майда тиын жоқ. Жас жігіт жүргізушіге қайта барып, қалтасынан қырық теңгесін шығарып: «Ешкімде майда ақша жоқ екен. «Он теңге жетпейді» демесеңіз, осыған ала кетсеңіз», - деді. Жүргізіуші келіссе де, жауапкершіліктен басын алып қашып тұр. «Қай жерге барасың? Отыра бер. Ақшаңды түскенде төлерсің. Билет тексерушілер мініп жатса, өзің жауап бересің ғой». Жігіт «иә» не «жоқ» деп те айтпады. Өзімен өзі. Тағы бір аялдамадан жас баласын қолтықтаған, қайыршы әйел мінді. Әркім азын-аулақ бірдемелерін ұстатып жатты. Жігіт те қырық теңгесін әйелдің жайылған алақанына төкті. Жететін жеріне жеткен шалдауыт кісі, троллейбустан түсіп бара жатып, қолындағы билетін жігітке ұсынып еді, ол кері қайтарып: «Рахмет! Бұны алғаным ұят болар. Түсетін жеріме жеткенше майда ақшасы бар біреу-міреу мініп қалар», - деп азар да безер болды. Жігіттің қарсы алдында отырған сарыкідір әйел қомпылдап сөйлеп кетті. «Ала салмайсың ба? Өтірік сүттен ақ, судан тұнық бола қалғандарыңды қойыңдаршы осы. Билетте аты жазылулы тұр ма екен!». Жігіт ләм демеді. Жаңадан троллейбусқа шыққан қыздан майда ақша сұрап еді, екі жүз теңгенің жыры шешілді. Елу теңгесін құрылғыға салып, билетін алды да, тағы бір-екі аялдамадан соң қарасын батырды. Әңгіменің көкесі жігіт кеткен соң басталды. Жаңағы әйелдің қасында отырған тағы бір келіншек отқа май тамызды. «Ана бала шынымен де бір Құдайға қараған бала секілді. Дайын билетті алмай, ұяттан бетінің мөрі төгіліп тұр ғой». Байғыздай бәленің бәрін болжайтын, жақсылық атаулының астарынан жамандық іздейтін адам екен сары апам. От алып, қопаға түсті. «Ой, не қылған ұят дейсің әкетіп бара жатқан? Істеген күнәсін жуып-шайғысы келетін біреу шығар. Қарамайсың ба, жүргізушімен келіскен қырық теңгесін де қайыршыға бере салды. Соған қарағанда күнәсі үлкен-ау. Кімнің ішіне кім кіріп шығыпты. Әркімнің ішінде бір өлген иттің басы. Қазіргі адамдарға сенім жоқ. Періште болғысы келетіндерге әсіресе...». Екі әйел өздеріне түк қатысы жоқ болса да, әлдеқашан түсіп қалған жігітті жерден ап, жерге салып келеді. Екеуіне салса, жұрттың бәрін жазаға тартатын түрі бар. «Жер бетінде жақсылық жоқ» деп, өзі қысқа өмірдің қараңғы-қалтарысына ғана үңілетін көрсоқырдың әңгімесінің өзі сең соққандай шаршатады екен. Діттеген жерімнен мен де түсіп қалдым. Құрысын, ертерек шыққанда дұрыс болар ма еді...
«Абай-ақпарат»