Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 4452 13 пікір 9 Сәуір, 2020 сағат 11:59

Қазақ тілі қорғауды емес, дамытуды қажет етеді...

Тіл туралы жазғандардың баршасы: құрыдық, біттік дегенді ауызға алып, баршаға белгілі жайдақ фактілерді тізбектеп, ана министр орыстілді, мына басшы қазақша сөйлеген жоқтан аспайтын күйге жеттік. Тек құрғақ факті, даңғазалы айқай! Бұндай мақалалар елді де тойдырып бітті. Өйткені, барлық материалдарда тек тілді қорғау ғана сөз болады да оны дамыту аракідік қана ауызға алынады. Ал, осы аракідік ауызға алына қалғанда қалыптасқан жағдайдан шығудың нақты жолы басы ашып көрсетілмейді. 

Елімізде 1989 жылғы санақтан кейін, демография мен туған отанына оралған қандастарымыздың арқасында қазақтар 100 пайызға өсіп, өз елінде 12 миллионнан асты. Осы 12 миллионның 3 миллионға жуығы ана тілін үш түрлі деңгейде меңгеріп отыр. Бірі оқи да, сөйлей де алады, бірақ жаза алмайды; екінші топқа жататындар тек сөйлей алады: соңғы топқа жататындар айтқаныңды ғана ұғады. Осы 3 милонның ішіннен алғашқы топқа 500 мыңдай қандасымыз жатса, соңғы топқа 300 мыңдай қазақ кіреді. 2 миллонға таяу алаш баласы тек қана ана тілінде әр нәрсенің басын шатып сөйлей алады. Біз соңғы топқа кіретін 300 мыңдай қазақты мәңгіге жоғалттық. 

Бұған кім кінәлі әрине, мемлекет бөлген қаржының майлы басын ұстап қазақ тілін өзге ұлтқа оқытуға арнап оқулық жазған авторлар  қауымы. Біз өзгеге, оның ішінде ана тілін үш түрлі деңгейде мегерген қандастарымыз да бар оларға ана тілімізді толыққанды үйрету үшін нені ескермедік. Өзге тілді орта үшін 28 әріпке негізделген орыс жазуындағы әріптік реформаны, әрі қазақ тілді қазақ үшін тіл реформасын жасауды қолға алмадық. 

Басты қателігіміз отарлаушы елдердің өз тілін бұратана елге жылдам үйрететін әдістеріне, тілдік ортаға барынша бейімделген тілашар оқулықтары мен арнайы тіл үйретуші мамандар дайындауына жете талдау жасамадық. Ақша бөлсек болды, оқып жатқандар өздері-ақ үйреніп кетеді деген енжарлыққа бой алдырдық.

Қазақ тілді қазақтарды тіпті әлемдік ақпарат ағыны мен ілім-білім көзінен мүлдем ажыратып, орысша, ағылшынша және басқада тілдерде білім алуға мәжбүрледік. Әлі де мәжбүрлеп келеміз. Қазақ үнемі орыстілді Үкіметке кіжінуден аса алмайтын күйге түсті. Бұл күйге бізді кім түсірді деген заңды сұрақ туады. Басты кінә орыстанған лексикамен, есі дұрыс адам ұқпас аудармалармен қазақ тілін байытып жатқан лингвистер. Олардың бірінші ұраны – қазақ тілі бай барлық терминді аударып ала саламыз болды да, өзге тілден сөз қабылдау үрдісі көлеңкеде қалып қойды. 

Қазақ тілін фонтикалық, лексикалық жақтан және IT саласында қалай реформалауға болатыны жайлы мүлдем сөз қозғалмады. Елімізде қазақ тілді 9 миллионға тарта адам бар. Оның 10 пайызы яғни 900 мыңы аудамашы болуға әм белгілі бір ғылым саласы бойынша аудамашылар мектебін құруға бейім, белгілі бір мамандық саласында редакторлық жасауға қабілетті.  Осы ана тілімізді кең ауқымды дамытуға қабілетті де бейім он пайыз әлі күнге тілшілер қауымының аузына қарап келеді. Белгілі бір мамандық саласы бойынша қазақша оқулық жазуға қабілеті бар маман руссизмдер қақпанынан қашып құтыла алмайды.

Ал, осы атың өшкір шет елдік әм орыстық руссизмдерді кірме төл сөзімізге айналдырайын десе, арнайы орфографиялық ереже жоқ. Тілшілер өлсе айырмалай келе жатқан халықаралық термин деген бәлекет және бар. Осы халықаралық терминнің термиком бекіткен қазақшалаған аудармасын берейін десе, ол өзінің терминдік міндетін атқара алмайды. Осылайша қазақ тілі дамудың орына орыс тілінің калькасына айналып бітті. КСРО кезіндегі аударма оқулықтардан қазақилық есетін еді. Тәуелсіздіктің төл оқулықтарынан орыстың калькизмі аңқитын болды. Себебі нағыз оқулық жазатын әдіскер ұстаз бұл істен шешеттілді.

Бізде аудамашы болуға әм белгілі бір ғылым саласы бойынша аудамашылар мектебін құруға бейім, белгілі бір мамандық саласында редакторлық жасауға қабілетті жандардың тәржіма арқылы кино-бейне өнімдерді сөйлетуге, техникалық-көркем әдебиетті аударуға атсалысуын тілшілер де, үкімет те қаламайды деген ойға қалуға болады.  

Олай болса, үйқамақта отырған шағымызда барлық саладағы руссизмдері қазақша дыбысталып, қазақша таңбалануы үшін  тілдік ағартушылық күреске кіріскеніміз орынды сияқты. Президент пен Презентация сияқты сөздердің қазақша жазылымы мен айтылымын жолға қоятын кез жетті. Қазақ тілі өз төл табиғатымен біте қайнасқан кірме сөз қабылдаған шақта ғана дамиды. Депутаттық фракция сияқты тілбұзарлықты депүудәттық пірәксіиә деп жою үшін ешкімді алаламайтын, барша кәсіптегі өз саласын жете меңгерген жандардан тұратын ұлттық ағартушылық бағыттағы жалпыалаштық мәдени контент құру үшін іске кірісу керек. 

Мәдени контент аясында тіліміздегі руссизмдерді аудармай 28 әріптік негізде жалпыхалықтық тіл реформасын жасауға кірісуді қолға алғанымыз ләзім. Мысалы Салон мен Талон сөзі қазақша айта беруге болатын сияқты көрінеді. Бірақ ана тілімізде «а» мен «о» ешбір сөзде буын құрап, тіркесіп ұшыраспайды. Сондықтан Сәлөн, Тәлөн деп айтуға көшетін болсақ, кеңестік иделогия өтіп кеткендер ауылбайшылық деп шыға келеді. Руссизмдік кірме сөзді қазақтандыру процесі орын алмай Тіліміз еш дамымайды. Ол үшін теле-радио, интернет, ғылыми-техникалық оқулық англосакс, руссизм, гализм, көне латын мен ежелгі гректен ана тілімізге ешкімге жалтақтамай қазақиланған сөз қабылдауға көшуіміз керек-ақ.

Ең сорақысы, мәдени контент дамымағандықтан қазақ кітап оқымайтын ұлтқа айнала бастады. Өйткені, қазақша кітап шығару кейбіреулер үшін майшелпекке айналды. Қазақ кітабының құны шарықтады. Бұдан құтылудың жолы бар ма? Қазақ кітабы ұлтымен қалай табысады?

300 беттік ең арзан қағазға басылған, ең жұқа мұқабамен қапталған қазақшаланған кәсіптің әр саласындағы мамандықты тегіс қамтитын техникалық ғылыми әдебиет, бұқаралық детектив, әйелдер романы, балалар әдебиеті және фентэзи классикасы 3 мың таралыммен ешбір инфлиция әсер етпейтін көтерме саудада 80 теңгеге, бөлшек саудада 100 теңгеге сатылса ұлтымыз ұтады. Сұраныс болса, 100 теңгелік қазақ кітабының 500 мыңға дейін сатылатын мүмкіндігі бар. Тек тосқауыл ҚҚС мен тасымал тарифіне тіреліп отыр. Бәріне бөгесін халықтық тіл реформасының жасалмауы. Халықтық тіл реформасы бүгінгі орыстанған қазақ тілін әм құтқарып, әм дамыту үшін төменнен жүргізілуі керек. Оған әр қазақ өз жеке үлесін қосуға тиіс. Руссизмдер қазақтанбай қазақ тілі еш дамымайды, осыны ұғынатын сәт келді!

Тілімізді өзге ұлт үйренсін десек, оның асыл тінін орыстық таз-кепештіктен айырып, бағзы арнасына түсірейік!

Әбіл-Серік Әліәкбар

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522