Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2260 0 пікір 17 Қазан, 2011 сағат 04:13

Әбдірашит Бәкірұлы. Ақын һәм философ

(қазіргі мифологиялық емес, әзілі араласпаған аңыз)

Бірде сыраханада ақын досым Болат Үсенбаевпен кружкамыз «соғысып» қалды. Ол маған: «Қазақта Байронмен, Пушкинмен, Есенинмен, Маяковскиймен  терезесi тең келетiн, өзiн солармен үзеңгiлес санайтын ақын жеткілікті. Қазақ ақындары «Мен» деп кеудесiн керсе - еш айыбы жоқ. Жазушылары да солай. Iздесек - «гениальный» тарихшыларды да табуға болады. Ал, сендер - философтар, кiмсiңдер? Мұнда отырғанда «философ» едiм деп әлдеқандай боласыңдар, ал, бүкiл әлемнiң қай бұрышында сендерді «осы ғасырдағы көрнектi қазақ философы» деп атайды екен? Бiрдеме жаза қалсаңдар, «анау былай деген, мынау солай деген» деп тiзiп шығасыңдар. Ешкiмге коментарий жасамай-ақ, ойларыңды миларыңнан неге шығармайсыңдар? Қанеки, бүкiл әлемдi мойындатқан  бiрден-бiр қазақ философын аташы!.. Түк таппаған соң,  түбi ақын Абайға барып жармаса бересiң, жағаласа бересiңдер... Басқа не бiтiрдiңдер?» деп,   өкпесiн жайып салды.

Болат - ақын, мен - философ.  Болаттың осы сөзiнен кейiн  өшiмдi сылдыр судан алдым!   Соңында, көп айтып не керек, «миды iске қосуға» тура келдi...

(қазіргі мифологиялық емес, әзілі араласпаған аңыз)

Бірде сыраханада ақын досым Болат Үсенбаевпен кружкамыз «соғысып» қалды. Ол маған: «Қазақта Байронмен, Пушкинмен, Есенинмен, Маяковскиймен  терезесi тең келетiн, өзiн солармен үзеңгiлес санайтын ақын жеткілікті. Қазақ ақындары «Мен» деп кеудесiн керсе - еш айыбы жоқ. Жазушылары да солай. Iздесек - «гениальный» тарихшыларды да табуға болады. Ал, сендер - философтар, кiмсiңдер? Мұнда отырғанда «философ» едiм деп әлдеқандай боласыңдар, ал, бүкiл әлемнiң қай бұрышында сендерді «осы ғасырдағы көрнектi қазақ философы» деп атайды екен? Бiрдеме жаза қалсаңдар, «анау былай деген, мынау солай деген» деп тiзiп шығасыңдар. Ешкiмге коментарий жасамай-ақ, ойларыңды миларыңнан неге шығармайсыңдар? Қанеки, бүкiл әлемдi мойындатқан  бiрден-бiр қазақ философын аташы!.. Түк таппаған соң,  түбi ақын Абайға барып жармаса бересiң, жағаласа бересiңдер... Басқа не бiтiрдiңдер?» деп,   өкпесiн жайып салды.

Болат - ақын, мен - философ.  Болаттың осы сөзiнен кейiн  өшiмдi сылдыр судан алдым!   Соңында, көп айтып не керек, «миды iске қосуға» тура келдi...

Сөйтсе-е-ек, ақын мен философтың айырмашылығы сыраның сорттарындай ғана, түбін қазса - екеуi де «сыра» болып шығады екен... Ендеше, Ақын әлгінде ғана, дастархандағы менімен бөлісіп жеп отырған нанды «мынау менiң наным» деп иемденiп алыпты да, оған қарағанда ұшқыр ойы аз философ байқұс нансыз қалыпты. «Опырмай-а, ақынның нанын жеп отыр екенмін-ау?» деп қара терге малынып,  өз-өзінен қарадай қысылыпты...

Ақын - заман еркесi, өзi өмiр сүрген дәуiр сезiмiнiң квинтэссенциясы!* Әлемде әр елдiң ақындарын бөлектеп, ажыратып  тұратын бөгеттер жоқ. Себебi сезiм атты құдыретті күш адам баласының түр-түсiне қарамайды - ортақ нәрсе. Егер Музыкада тек  «тілсіз тіл» болса, Поэзияда тiл болғанымен - поэтикалық қуаты керемет дүниелер барлық тілдерде бірдей сайрайды, құдыретiн жоғалтпайды. Сезiмдi - сезiм тербейтiнi секілді, бiр елдiң Ұлы ақыны басқа елдiң де ақынына айналып кете барады. Егер ұлы Поэзия адам жанының нәзiк қылын шертiп отырса, жан дүниеге әсер етiп отырса - ол кiмнің, қай елдің ақыны болғаны бәрiбiр емес пе? Орыс, ағылшын, немiс, түрiк, парсы, әлде, қазақ па - еш айырмашылығы жоқ. Ақын сырын ашты, оның сыры - менiң сырым екен. Мәселе осымен бiттi! Ол,  ендi, менiң ақыным!

Ақында керемет аура** бар. Ол көзi көрген құбылысты бүге-шiгесiн қалдырмай, философ сияқты түсiндiрiп бермесе де, сол құбылыстың ең «әдемi жерiн» ойып алады да - адам жанының жалауына айналдыра қояды. «Осы нәрсе неге осылай болды екен-ау?», «Оның себебi мен салдары қандай?» деп бас қатырмайды: «Мына тұрған нәрсе керемет пе - ендеше ол керемет!  Көкірек көзiң болса, сезiмің болса - «керемет емес» деп айтып көршi, қанеки?!. Айта алмайсың ба?.. Онда мойында пенделігіңді! Ал ендi, бiлгiшсiнiп: «салыстырмалы түрде қарап көрсек...» дей бастасаң, онда сен өмiрде шын қуана бiлмейтiн, шын күйiне бiлмейтiн, ақынжандылықтан ада, мақұрым пендесiң! Құлай сүю, азалана күю, тiрiдей «тозаққа» түсу, жас балаша қуанып, «жұмақтың» төрiнде сайрандап жүру - сенiң бақытыңа бұйырмаған! Олай болса, сенiң даналығың - осы пенделiкті мойындау ғана. «Ақын едiм ғой» деп жанталассаң - өмiрден өзiңдi де, өзгенi де қинап өтесiң!..

 

Өмiрбаяндарын «өлеңмен жазып кететiн» ақындардың тұрмысы тауқыметтi болатыны нелiктен? Философтың ойынша - ақын жанын түсiнер адамдар өмiрде некен-саяқ. Адам атаның ұрпақтарының көбі өсе келе ақындық қасиеттi «өмiр сүру формуласынан» ығыстырып жiберген. Бүгінде оларға драма әлде қайда қызық.

Өмiр сахнасында үздiксiз қойылып жататын драманы түсiну үшiн, оның мағынасын сатылап реттеп, жақсылығы мен жамандығын, мейiрiмдiлiгi мен зұлымдығын алақанға салғандай айшықтап көрсетiп беру үшiн - философ деген «халық» өз еркiмен «ақындықтың алтын тағынан» сырғып түсiп, қым-қуыт, шаң тозаңы араласқан тылсым дүниеге енiп кеткен. Өмiрiнiң ақырын бөшкеде өткiзген Диогендей***, болмаса, тiрiдей жер астына кiрген Қожа Ахмет Яссауидай...

 

Ақын өз бауырынан осылай айырылып, содан берi жетiмсiреп жүр. Бiрақ бiр кездері тіршіліктің бар қызығынан бас тартқан Философ бауырының ерлiгiн саяқ жүруге дағдыланған Ақын ұмытыңқырап қалған ба дерсің...  Содан болар, бүгiнгi көп ақындар «философ бауырларының» жүзiн шырамытса да, түрiн түстеп танымай жүр емес пе?.. Әлде ақындықты тастап, «ой қуып кеткен» бауырына әлi де өкпелi ме екен?..

Жер бетiнде адам баласына ғана тән ақыл-ойдың өсуімен айрық жолда ажыраған екi бауыр: Ақын мен Философ, әйтсе де, бiрiн-бiрi  сағынатыны рас болса керек. Көрiскенде шұрқырасып табысатын қос тете тентек, әңгiме қызған шақта шекілесiп те қалады. Әр сөзiн салмақтап отырған сырбаз Философтың сөзi жалықтырады-ау деймін, «тыз-тыз» Ақын шатақ шығаруға тым құмар. Бірақ қаншама кінәлі бола тұрып,  кінәсiн еш мойындамайды. Өйткенi «жан-жағы ықшамдап қоршалған» Ақынның шарбағына Философ байқұс түсе қоймайды. Ал айналасы ашық-шашық жатқан Философтың шарбағына  әруақытта елеңдеп жүретiн ерке Ақын кiрiп кете бередi. Салмағы да, мiнезi де ауыр Философ ешқашан оған ренжiген емес.  Қайта, керiсiнше, қаны бiр туысының бойынан  бағзы замандардағы  өзiне тартқан мiнездi көрген сайын - ерке бауырының мұны iздегенiне аса разы болып, құшақ жаяды. Бүтiн тылсыммен оңаша тiлдесудi мойнына артқан оның ойын аспанды шатұр-шұтыр тiлiп өткен найзағайдай не алмас қылыштай жалт-жұлт еткен Ақын ойлары жанын жай тапқызатын сыңайлы, «оймен ауырлаған» қанатын бiр сiлкiндiретiн сияқты...

Ажырасқаннан бергi ұзақ жолда екi бауырдың өмiрге көзқарастары да бiршама өзгерген. Мысалы, құдыреттiң күшiмен  екеуiн де суретшi қылып  қайта жаратып, ай мен күндей аруға жолықтырайық...

...Сонда, Ақын-суретшi аруды апыл-ғұпыл «шешiндiруге» кiрiседi: көйлегiн жырлап - бiр тастайды, алқа-сырғасын жырлап - екi тастайды... Содан кейiн қос анары мен қолаң шашына көзi түсiп, мықын, бөксенi сөзбен «сипалап» шығады. Соңында Арудың тал бойындағы үйлесімді Әдемiлiктен жаны жай тауып: «Бiттi! Ендi өлсек те арман жоқ» деп шалқасынан «талып» түседi...

Ал Философ-суретшіге аруда киiм-кешек болмайды.  «Натурамен» жұмыс iстеуге машықтанған оған Аруға бiр қарағаны жеткілікті - ол оны бірден жалаңаш күйде көредi. Себебі, әсемдiлiктiң қыр-сырын санасында сараптаған Философ аруға таңданып емес - талғап қарайды. «Натураның» артықшылығы мен кемшiн тұстарын көзбен емес - оймен бейнелейді. Жалындаған сезiм емес ­ салқын сана  бойын билеп тұрады. Ол Әсемдiктi ғана емес - бүкiл болмысты солай қабылдап үйренген...

Ақын да, Философ та «шығармашылық атты айықпас дертке» шалынған  жандар. Бiрақ, екеуi екi түрлi «ауырады»: Ақынға шабытты оятатын эмоциялық орта болмаса - жанын қоярға жер таппайды. Сол «эмоциялық ортаны» iздеумен басын тауға да, тасқа да соғуға даяр. Сондықтан оның шығармалары үзiк эпизодттардан, жеке тамшылардан құралады. Ақын шығармашылығында өмiрдi тұтас бейнелеу жоқ және оған ол маңызды емес! Сол себептi де - адамдар жабырқау, немесе толқынды сәттерiнде Ақын өлеңдерiн қолға алады. Өйткенi, адамның сондай сәттерiн Ақыннан артық қуатты бейнелейтін жан жоқ.

Дегенмен,Ақын есейе келе Философ бауырының соқпағына түсiп кетуi әбден мүмкін әрі мұндай жағдай жиi кездеседi. Бұл «соқпақта» жол кiмге болса да әрқашан ашық. Оны бiлу үшін Ақынның  жүрiп өткен жолдарында  басып өткен басты «бекеттеріне» назар салса жеткiлiктi, олар: «Табиғат лирикасы», «Адам жанының лирикасы», «Қоғам өмiрiнiң прозасы», «Мәңгiлiк туралы толғаулар» болып шығады.  Бұдан байқайтынымыз - Ақын шығармашылығы шыңдалған сайын - философиялық проблемаларға қарай үздiксiз ұмтылатыны. Соған қарағанда Ақын  қаншама ерке болғанымен «ерте есейiп кеткен» Философ бауырын iштей мойындайтын, үлгi тұтатын болса керек...

Егер Ақынның «ауруы» жиi қайталанатын  өткiншi тұмау болса, Философтың «ауруы» - емi күрделi созылмалы дерт. Философ адамзаттың ең үздiк, озық  ақыл-ойының кенiшiне бiр кiрiп алған соң - өзiн ең бақытты жандай сезiнедi - өзiнен мыңдаған жылдар бұрын өмiрден өткен небiр даналармен тiлдесу бақыты, тiлдесе алу бақыты -  екiнiң бiрiнiң басына қона бермейтiн бақ, iлуде бiреуге берiлетiн қасиет екенiн түсiнеді...

Ал, адам баласы Тәңiрi емес. Әйтсе де, оның жүйрік ойы адамға Жаратушыдан тыйым салынған қалтарыстарды да ақтаруға ұмтылады. Яғни, ойда қанағат деген болмайды: «бiлген үстiне бiле берсем», «Құдаймен құдай тiлiнде сөйлессем» деп талпынады... Ақырында «оймен тұтас дүниенi жаулап алсам» деген ашқарақтықтықтың  құрбандығына шалынып кеткенiн Философтың өзi бiлмей қалады. Мiнеки, Ақын бауырым, Философтың сен бiлсең де бiлмегендей болып жүрген  созылмалы дертiнiң диагнозы осы. Ақын болу қандай қиын болса, Философ болу одан да өткен азап дер едiм. Бiрақ сол азап қамытын өз еркімен мойнына киген ақын-философтардан бақытты жан бар ма екен, бұл дүниеде!?.

Ендi, қазақ Философы қайда жүр деген сұраққа оралайық. Оған ең қарапайым жауап: «қазақ космонавты бұрын қалай болмаса, қазақ философы да солай болмаған» деу болар едi. Бiрақ бұл жауап Ақынды қанағаттандырмасы анық. Олай болса, Әбунасыр Әль-Фараби атамыз, Дулати бабамыз, Ахмет Яссауи әулие және т.т.- тегi қазақ болғандарымен, қазақ философиясының негiзiн қалап кеттi дей алмаймыз. Олардың мұралары бiзге жетпей қалған заманда «өз миымен» даналық құрған тұлғаларымыз - Дана Билерiмiз. (Философ - Дана, философия - даналық.- Ә.Б.).

Ал философияның қазiргi үлгiсiмен және үрдiсiмен даналық еткен ақынымыз Абай болып тұр. Философтардың Абайға жармаса беретiнi, ақын Абаймен «жағаласа беретiнi» сондықтан. Мұнда тұрған еш өрескелдiк жоқ. Себебі, құпиямызды сәл ашар болсақ, қазiргi қазақ Философтарының барлығының  да арманы сол: Абай биiгiне жетiп құлау! Дәл өздерің - Ақындар сияқты...

 

*Квинтэссенция - лат. 1.болмыстың төрт мәнiнен (ауа, жер, су, от) жоғары тұратын, осы мәндерiң бәрiнiң мәнi болып табылатын  Мән (Эфир). 2. Кез-келген нәрсенiң негiзгi маңызы.

**Аура - адамнан, заттардан тарайтын ерекше энергияның әсерi.

***Диоген - Диоген Синопиялық. Еж. Гр. Философы. Б.э.д. 320 ж. (Кез-келген iлiмнiң адамгершiлiк мағанасы болмаса - ол iлiм емес). Бөшкеге барып кiрiп алған. Сол үшiн ол киник  (грек тiлiнде - ит), оның мұрагерлерi киниктер (иттер) деп аталып кеткен.

 

Ескерту: Бұл мақала кезінде бір газетте жарық көрген-ді. Бірақ қазақтың үйінде сіріңкенің шиі мен «гәзит» қат болатынын ойлағандықтан, мақаланы «Абай. Кз»-ға ұсындым, ет жегіш қазақ компьютермен қол сүртуге әлі әдеттене қоймаған шығар деген үмітпен...

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5523