Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ . Бізде өкімет өлтірмейді деген оймен өмір сүретіндер көп
Жангентхан АБЫЛАЙҰЛЫ, медицина ғылымының докторы, профессор:
Жангентхан АБЫЛАЙҰЛЫ, медицина ғылымының докторы, профессор:
- Жангентхан Абылайұлы, бүгінде ел экономикасын инновацияға бейімдеу жайы жиі айтылады. Сіз кәнігі маман ретінде өз салаңыздың, яғни медицина секторының инновацияға бағыт алуын қалай бағалар едіңіз?
- Рас, қазір біздің Үкіметіміз жаңа инновациялық бағыттағы жобаларды қолданысқа енгізуге аса ден қойып жатыр. Осы бағытта атқарылып жатқан шаруалар легі жылдан-жылға өрістеп, тамырланып дамып келеді. Бұл - жалпы, инновациялық жобалар хақында айтып отырған пікірім. Ал енді медицина саласына келер болсақ, инновациялық бағыттағы медициналық орталықтар, жаңашылдыққа ұмтылған инновациялық клиникалар, медицинаны қуатты технологиямен жабдықтау істері де өзіндік жолға қойылып, ілгері жылжып келеді. Елімізде нанотехнология тәсілдерін меңгеру, осы әдіс-тәсіл арқылы жаңалықтар ашу, нанотехнологияны медицинаға кіріктіру тәрізді дүниелер біртіндеп жүзеге асуда. Мойындау керек, медицинаны инновацияға бейімдеу өзіндік нәтиже беріп келеді. Қазір республикамыздың әрбір облысында, әрбір ірі қалаларында жаңашыл бағытта қуатты технологиямен жұмыс істейтін медициналық орталықтар ашылып жатқаны ақиқат. Бұл - инновациялық үрдістің біздің экономикамызға бейімделе бастағанының дәлелі. Сондықтан өз басым ел экономикасын, оның ішінде медицина саласын инновацияға бейімдеуге бейіл танытуды оң шешім деп қолдаймын. Бұл ретте айтылар ой-пікірлерді үнемі ой елегінен өткізіп отырамын.
- Сіз жоғарыда «әрбір облыста, ірі қалаларда инновациялық клиникалар ашылуда» деп қалдыңыз. Ал енді осы инновация деген түсінікті ауыл медицинасы қаншалықты бойына сіңіре алып жатыр?
- Әрине, стратегиялық маңызы бар инновациялық жобаларды ауылға бағыттау қажет-ақ. Өкініштісі, біздің ауыл-аймақтардың дені инновацияны бойына әлі сіңіріп үлгерген жоқ. Жасыратыны жоқ, нақ қазір ауылдық жерлерде медицина саласына қатысты білікті маман мен қуатты технология жағы өте тапшы. Ауыл мен халқы дертіне дауа табу үшін әлі де болса аудан орталықтарына, облысқа, ірі қалаларға сабылып әлек. Сондықтан бұл ретте айтарым, ауылға әлі инновацияның ұшқыны жете қойған жоқ. Ғылымның соңғы жаңалықтарын ауылдық жерлерге бейімдеу үшін бізге әлі де біраз тер төгу қажет.
- Мәселен, не істеу керек? Маман ретінде бұған қатысты өзіндік айтар ұсыныстарыңыз бар ма?
- Біріншіден, ауылға білікті мамандар легі жасақталуы керек. Рас, бұл мәселеде Үкімет ауылға білікті мамандар жеткізу үшін арнайы бағдарлама ойластырып, ауылға аттанған жастарға арнайы жеңілдіктер қарастыруда. Бірақ сол жеңілдіктердің қайсыбіріне жастардың көңілі толмайтынын да айта кеткеніміз жөн. Мысалы, бізде ауылдық округтерде болсын, қалалық жерлерде болсын жас мамандарды баспанамен қамту жайы дұрыс шешімін таппаған. Қазір білікті деген мамандарымыз не ипотекалық бағдарламамен тұрғын үй ала алмай, не мемлекеттік бағдарламаға іліге алмай дал болып жүр. Қаншама мамандарымыз баспана мәселесіне бас ауыртып жаншылып жүр. Сондықтан, менің ойымша, жас мамандарды баспанамен қамтуға қатысты бір жеке-дара мемлекеттік бағдарлама қажет. Екінші бір айта кететін жайт, бүгінде «ауылға жас маман аттанар болса, оған арзандатылған несие берілетіні» жайлы жиі айтылады. Ал түптеп келгенде ол несиенің пайыздық төлемі дамушы және дамыған елдермен салыстырғанда өте жоғары екенін бағамдаймыз. Демек, бізге жастарға берілетін несиенің арзан түрін немесе Ислам банктері арқылы пайыздық үстемесі жоқ түрлерін ойластырған абзал. Бұдан соң ауылға инновацияны бейімдеу үшін ең қажетті нәрсе, ол - қуатты технология. Сөз жоқ, бұл қуатты технологияны біз барлық елді мекенге бірдей жеткізе алмасымыз хақ. Шынтуайтында, қуатты технология ірі қалаларда да кемшіндік танытып жатыр. Ал енді мұндайда не істеу керек? Мұндайда ауылдық жерлерге көмек көрсететін жабдықталған арнайы пойыздар, жылжымалы жедел жәрдем көліктерін тетікке қосқанымыз жөн. Бүгінде бұл бағытта біраз шаруа атқарылып, бірді-екілі медициналық пойыздар мен арнайы жедел жәрдем көліктері жорыққа шығып та жүр. Аңғарғанға бұл - өте тиімді әрі қолайлы тәсіл. Егер біз жылына бір мәрте республикамыздың барлық ауыл-аймақтарына осы маршруттық жүйені енгізіп, үздіксіз жүргізіп отыратын болсақ, халық та соған бейімделе бастайтын еді. Міне, ауылдың қан тамырына инновацияны жүгірткіміз келсе, алдымен осындай іс-шараларды кешенді түрде жүзеге асыруға тиіспіз. Ал бұдан соң мәселе өзінен-өзі біртіндеп шешіле бастайды.
- Өзіңіз білесіз, қазір «инновацияны әр салаға дендеп енгізу үшін арнайы инновациялық топ-менеджерлер легін жасақтау қажет» деген пікірлер жиі айтылады. Сіз мұндай пайымдамалармен келісесіз бе?
- Әлбетте, келісемін. Егер жаңағы инновациялық топ-менеджерлер дегеніңіз сауатты, білікті мамандардан жасақталып, өз ісінің шебері болатын болса, бұл істің көзін ашып, қандай да бір инновациялық жобаны жарқыратып, жарнамасын асыруға ықпал етеді. Мұндай мамандар әсіресе медицина саласына ауадай қажет. Себебі бүгінде медицина секторында жаңашылдыққа ұмтылу, инновациялық бағытта жаңалықтар ашу кеңінен қанат жайып келеді. Өкініштісі, сол жаңалықтардың бағын жандырып, өндіріске бағыттап жіберетін мүмкіндіктер тапшы. Сондықтан болашақта инновациялық топ-менеджерлер тобы жасақталып, арнайы мамандар іске кірісетін болса, мұны қолдау керек. Бұл - өте тиімді дүние.
- Бұған қоса, отандық бизнестің бетін инновациялық жобаларды қолдауға шақыру жайы да жиі сөз болып жүр. Қалай ойлайсыз, біз бизнестің бетін медицинаға бағыттау арқылы ұпай жинай аламыз ба?
- Егер сауатты меңгере алсақ, бұл жүйені қолданысқа енгізуге әбден болады. Бизнестің бетін инновацияға бейімдеу, оның ішінде медицинаға жекелеген кәсіпкерлер арқылы инвестиция құю дамыған елдерде кеңінен етек алып отыр. Әсіресе Жапония елі өз медицинасын жекелеген кәсіпкерлер арқылы қаржыландырып, бұдан мемлекет те, кәсіпкерлер де, медицина да пайданың көзін тауып алды. Тіптен Жапонияның банктері де медицинаны қаржыландыруға аса ден қойып, бүгінде ол елде жекелеген инвесторлар банктер арқылы медицинаға арнайы қаржы құйып отырады. Бір сөзбен айтқанда, көптеген ел «денсаулығыма қаржы бер болмаса қуатты технологияға қаржы бөл» деп біз тәрізді Үкіметке алақан жайып отырған жоқ. Дамыған және дамушы елдердің денінде медицинаға жекелеген инвесторлар қолдау көрсетіп, өздері сол арқылы белгілі бір жоғары дәрежеге көтеріліп отыр. Бізде, өкінішке қарай, отандық кәсіпкерлердің дені құрылыс саласына, тұрғын үй саласына, импорттық сауда айналымына, шикізат тасымалына инвестиция салуды жөн көреді. Бұл, бір жағынан, түсінікті де. Себебі медицинаға салынған инвестицияның жетістігін, пайдасын көру үшін кем дегенде бес-алты жыл уақыт кетеді. Ал кәсіпкерлер салынған қаржының қайтарымын тезірек алуды жөн көреді. Сондықтан біздің елдегі кәсіп иелерінің медицина саласын инновацияға бейімдеуге соншалықты мән бермей отырғанының астарын осыдан іздеуге болады. Меніңше, бизнестің бетін медицинаны инвестициялауға бұру үшін жоғарыдан мықты бір пәрмен керек. Сонда ғана біздегі жекелеген кәсіпкерлердің медицинаны қаржыландыруға көңіл бөле бастайтыны анық.
- «Дамыған елдерде инвесторлар медицинаны банктер арқылы қаржыландырады» деп қалдыңыз. Мүмкін, бізге осы жүйені тереңдету керек шығар. Банктер арқылы арнайы келісімшарт жасасып, инвесторлардан несие алуға болмаса қаржылай қол ұшын созуға ұсыныс тастауға инновациялық жоба авторлары өздері атсалысса қалай болар еді?
- Жалпы, біз нарықтық экономиканың заңдылықтарына жүгінетін ел болғандықтан, әрбір істе өзіміз талпынғанымыз абзал. Әр жобаның авторы өз ісіне жанашырлық танытса, өзегін жарып шыққан идеясын жарыққа шығарып, халықтың игілігі үшін жұмсағысы келсе осылай етуге тиісті. Бірақ біз нарықтық қағидаға көшкенімізге бірнеше жылдың жүзі болса да, әлі мемлекетке жаутаңдауды қоя алмай келеміз. Әлі де болса өкімет өлтірмейді деген оймен өмір сүретіндер бізде жетіп-артылады. Бір айта кетерлігі, медицинаны банктер арқылы қаржыландыру, банктер арқылы инвесторлар табу жүйесі біртіндеп біздің елге де келіп жатыр. Мысалы, қазір Түркия елінің, Американың инвесторлары медициналық инновациялық жобаларды қаржыландыру мақсатында банктермен арнайы жұмыс істеуде. Негізінен алғанда, инновация дегеніңіздің өзі - бір идеяны, ол шетелдік болсын, мейлі отандық идея болсын сол жаңашылдықты ортаға бейімдеу. Нақ қазір біз көбінесе халықаралық белсенді инновациялық жобаларды ортаға бейімдеуге күш салып жатырмыз. Мәселен, біздің жаңадан ашылып отырған ішкі аурулар клиникасының ұстанып отырған бағыты да осы. Қазір біздің клиникамыздың мамандары Жапониядағы әріптестерімізбен тығыз байланыс орнатып, қазақы ортаға қандай инновациялық жоба тез бейімделгіш екенін зерттеп, сүзгіден өткіздік. Сол зерттеулеріміз арқылы ішкі аурулар клиникасына қажетті инновациялық жобаны таптық. Бүгінде жобаны тәжірибеде қолдануға барынша күш салып, оны қаржыландыру ісіне жекелеген инвесторларды да жұмылдырып жатырмыз. Осыған байланысты айтарым, әрбір жоба авторы өз ісінің жемісін көремін десе, тек қана үкіметке ауыз ашып отыру орынсыз. Ол үшін жан-жақты ізденіс қажет.
- «Жапондардың қазақстандық ортаға бейім жобасы» деп қалдыңыз... Ашып айтсаңыз, жапонның қандай жобасын қазақы ортаға бейімдеуді жөн санап отырсыздар?
- Ол жоба - әлемге әйгілі аферез әдіс-тәсілі. Бұл тәсіл арқылы жапондар арнайы аппаратпен адамның қанын екі-үш сағаттың ішінде тазалап шығады. Бұл аппарат нанотехнологиялармен жұмыс істейді. Аталмыш тәсілдің ең оңтайлы жері - қазір біздің елімізде кең тараған эндокриндік науқастарды емдеуге мүмкіндік мол. Мысалы, бұл жоба арқылы жайылмалы улы қалқанша без ісігін (зоб), қант диабетін, ревматологиялық буын ауруларын, вирустық С, А, В гепатиттерін және қандағы вирусты нанофильтрмен тазартуға болады. Бұдан соң адам ағзасында қарсы зат деген болады. Ол қарсы зат адам ағзасында бір жүйе бұзылса, ол жүйені сақтап қалуы үшін оған қарсы тұратын зат шығарады. Ал ол қарсы зат ағзада шектен тыс көбейіп кеткен кезде адамның басқа ағза мүшелерінің жұмысы нашарлай бастайды. Міне, осының салдарынан ағзада пайда болатын қарсы заттарды алып тастауға тура келеді. Ал аталған жапондық технологияның озықтығы сонда - ол қанды тазартып алып, оны қайтадан ағзаға сол таза қалпынша құяды. Мұндай әрекеттен соң қан химиялық заттардан тазарып, қалыпты қызмет ететін болады. Нақ қазір біздің науқастанған кезде ішетін дәрі-дәрмектеріміздің барлығы химиялық заттардан тұратындықтан, бұл - біздің атмосферамызға өте қолайлы жүйе. Жалпы, осы жапондық тәсіл арқылы біраз ауруды емдеудің ағзаға зиянды түрінен ада болатын едік. Мысалы, біз қалқанша безді емдеу үшін науқасқа меркозолил, тирозол дәрілерін береміз. Ал бұл дәрілер - өте улы. Ойлап қарасақ, бұл дәрінің ағзаға тигізер кері әсерлері де жетіп-артылады. Ол дәрілер, біріншіден, асқазанды улайды, одан барып бауырға өз әсерін тигізеді. Бұдан кейін барып қалқанша безді емдеуге кіріседі. Емдеу үдерісі 1,5-2 жыл жүреді. Бұл дегеніңіз екі жыл бойы ағзаның улы заттармен уланатынын көрсетеді. Ал жаңағы мен мысал етіп отырған аферез аппараты арқылы нанотехнологияның көмегіне жүгіне отырып, басқа ағзаға зиян тигізбей, бірден қалқанша бездің өзін екі айдың ішінде емдеуге мүмкіндік мол. Міне, біз қазір осындай технологияға жүгіну арқылы науқастарды емдеуді жөн көріп отырмыз. Осы әдісті игеру мақсатында жапондық әріптестерімізге ұсыныс жасап, өзіндік пікірімізді білдіріп, әріптестік қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Әрине, жапондық әріптестеріміз біздегі науқастардың көрсеткішін көргенде, барлық науқастарды бірдей қамту мүмкін еместігін бізге түсіндіріп отыр. Жапондар «сіздердегі бар науқасты қамту мүмкін емес. Ал біздің технологиямыз бір науқасты емдеп, келесі бір науқасты емдеуге күш-қуаты жетпей жатса, технологиямыздың имиджі түсіп кетпей ме» деп те қауіптенеді. Міне, қазір біздегі мақсат осы жобаны біртіндеп қазақы ортаға бейімдеуде болып тұр. Егер аталмыш жоба дендеп енетін болса, талай қазақтың дертіне шипа болары даусыз.
- Сонда қай кезеңнен бастап аферез әдісін ортаға бейімдеуді жөн санап отырсыздар? Бұған инвестициялық әлеует жеткілікті ме?
- Аталған жобамен жұмыс істегіміз келетінін айтып, өзіндік ұсыныс-тілектерімізді арқалап, жекелеген кәсіпкерлерге де, үкімет орындарына да баруымызға тура келді. Осы жерде бір айта кеткім келетіні, біздің бұл жобамызды жапондық инвесторлар қаржыландыруға асқан қызығушылық танытып отыр. Менің бір қынжылатыным, осындай келешегінен үлкен үміт күттіретін жобаға отандық кәсіпкерлердің қызығушылық танытпауы. Өзіңіз ойлаңызшы, жапондық инвесторлармен келісімшарт жасап, олар қаржы бөлетіндіктен, жобадан түскен пайданың бір бөлігін жапондық инвесторлар алады. Бұл - заңдылық. Егер отандық инвесторлар қаржы бөлеміз деп жобаға қызыққанда, түсетін пайданың бір бөлігі қазақтың жерінде қалып, ол экономикамызды дамытуға өзіндік үлес қосатын еді. Осы арасын салмақтап ойлану керек тәрізді. Өз басым отандық кәсіпкерлер медицинаға инвестиция салу үшін оған арнайы мемлекеттік тұрғыда стратегиялық бағыттар жасау керек деп ойлаймын. Әсіресе, жоғарыда айтқанымыздай, ауылдық медицинаны инновацияға бейімдеу қажет. Медицина саласы бүгінде әлемдік тұрғыда эволюциялық дамуға ұмтылып барады. Сондықтан осы көштен біз де қалыс қалмағанымыз жөн. Елбасымыз бір сөзінде «медициналық көмек халыққа жақындауы керек» деп еді. Аңғарғанға бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Медициналық көмекті халыққа жақындатпай, ұлттың денсаулығын сақтап қалу мүмкін емес. Жалпы, денсаулық саласына салынған капитал бұл ұлттың болашағына салынған капитал екенін жадымызда мықтап ұстағанымыз абзал. Бұл ретте Үкімет те, мемлекеттік органдар да, жекелеген инвесторлар да медицинаға капитал салудан аянып қалмаса керек-ті.
- Өзіңіз білесіз, жуырда қоғамда «медициналық қызмет түрінің басым бөлігін ақылы ету, яғни халықтың қалтасынан төлету» туралы ой қозғалды. Сіз бұған қатысты қандай ой-пікірдесіз?
- Мүмкін, қанатқақты жоба ретінде тәжірибеде қолданып көруге болатын шығар. Бірақ өз басым бұған қарсымын. Егер біз ұлттың денсаулығын, ұрпақтың дені сау болып өсуін қаласақ, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет түрін сапалы және ауқымды, білікті етуге барынша ден қойғанымыз абзал. Сонда ғана қарға тамырлы қазақтың ұрпағы өсіп-өнетін болады.
Алашқа айтар датым...
Бізде жабайы кәсіпкерлік кеңінен қалыптасып кеткен. Қазақстанның кәсіпкерлері қара басының қамын күйттеуден аса алмай жүр. Мемлекеттің жалпы экономикасына үлес қосуға олар асқан ынтызарлықпен бел шешіп кірісіп отырған жоқ.
Урбанизация мәселесіне айрықша мән бергеніміз абзал. Себебі нақ қазір ауылдан қалаға ағылғандардың легі жыл сайын артқанымен, олардың әлеуметтік жағдайы аса мәз емес. Денсаулығын нашарлатып, түрлі дертке шалдығып жатқандардың басым бөлігін урбанизацияның кері ықпалы деуге толық негіз бар. Сондықтан осы мәселеге мән берілсе.
Жастардың күйзеліске түсуінен қорыққанымыз жөн. Олардың өсіп-өнуіне, ұрпақ сүюіне барынша жағдай жасалынып, мемлекеттік тұрғыда осы жайтқа ықпал берілсе... Баспанасыз, жұмыссыз жастардың легі артып барады. Мұның арты қоғамның тынысының тарылуына апарып соғатыны даусыз.
Міне, мені нақты толғандыратын осы үш мәселе көптеген қаракөздердің жан жарасын дөп басары анық.
Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
http://www.alashainasy.kz/person/28308/