Мәскеу. Жабық қорымда жатқан үш боздақтың бейіті табылды
Алаш арысы Смағұл Сәдуақасовтың сүйегінің күлі Астанаға әкеліп жерленгені туралы оқырманымызды толық құлағдар етсек керек. Енді міне, жарты әлемді жалмап қоя жаздаған Сталиндік репрессияның құрбандары - Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожановтардың да жамбасы тиген жер анықталып жатыр... Белсенді азаматтар білек сыбана кіріссе, аталған арыстардың да мәйіті Атамекен - қасиетті топырағына оралар күн алыс емес шығар деген ойдамыз.
Алаш арысы Смағұл Сәдуақасовтың сүйегінің күлі Астанаға әкеліп жерленгені туралы оқырманымызды толық құлағдар етсек керек. Енді міне, жарты әлемді жалмап қоя жаздаған Сталиндік репрессияның құрбандары - Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожановтардың да жамбасы тиген жер анықталып жатыр... Белсенді азаматтар білек сыбана кіріссе, аталған арыстардың да мәйіті Атамекен - қасиетті топырағына оралар күн алыс емес шығар деген ойдамыз.
Жоғарыдағы жайтты жалпы көпшілікке «Жаралы сезім» атты заманауи фильмі арқылы танылған режиссер Еркін Рақышев жария етіп отыр. Ерекең «Қазақфильмнің» тапсырысы бойынша «Тұрар Рысқұлов» деген деректі фильм түсіріп жүрген көрінеді. Режиссер фильмді түсіру барысында Тұрардың ізімен Мәскеу қаласына барып, барысымен марқұмның мәйіті жерленген жерді табуға бола ма деп, айналасына сұрау салады. Сөйтіп, Ресейдің ФҚҚ (ФСБ) қызметкерлерінің сілтеуімен Мәскеу түбіндегі жабық қорымға айналған маңнан қазақтың марқасқа ұлдары жатқан жерді анықтайды. Қазіргі жабық қорымды кезінде КСРО-ның ішкі істер комиссары болған Ягода саяжай ретінде жайлапты. Кейін саяжай репрессия құрбандарын атып тастап, көме салатын «ажал аралына» айнала бастаған соң бірден НКВД-ның «Коммунарка» аталатын құпия нысаны болып шыға келеді де, құпия нысанға құпия түрде «Лоза» деген ат беріледі. Рақышевтың айтуынша, Рысқұлов пен Қожановтың және Төреқұловтың бейіті осы «Коммунарка»- «Лозадан» табылған.
-Коммунаркада қазір шіркеу орналасқан, - дейді Еркін Рақышев. - Сахаров атындағы мемориалдық қор да осында. Саяси- қуғын-сүргінге ұшырап, із-түзсіз кеткен жандарға іздеу салатын арнайы қор. Сол қордың қызметкерлеріне өтініш жасап едік, олар бізге тауып берді. Қолымызда құжатты айғақтар бар.
Қазақ режиссерінің сөзін Коммунаркадағы шіркеу қызметкері Михаил де растап былай дейді:
-Бүгінге күнге дейін мұнда атылған 4 жарым мың адамның есімі белгілі болған еді. Жуырда тағы тың мәлімет табылды. Солардың ішінде қазақтан шыққан сасяи тұлға Т.Рысқұлов есімі де бар.
Естеріңізге сала кетейік, Нәзір Төреқұлов - қазақ ішінен шыққан алғашқы кәсби дипломаттардың бірі. Ол КСРО-ның Сауд Арбаиясындағы өкілетті өкілі болды. Елшілік қызметтер атқара жүріп жазған еңбектері бар. Коммунистер билеген заманның тар қыспағында жүріп ұлт қамын ойлаған, ұлтын қалтқысыз сүйген Нәзір 1937 жылы атылып кетеді.
Сұлтанбек Қожанов - патшалы Ресей тұсында «киргиз» деп бұрмаланған қазақ атын қалпына келтірген тұлғалардың қатарындағы қайраткер. Сұлтанбек Қожанұлы саяси күрес жолын 1917 жылы «Кеңес» атты жасырын ұйымнан бастаған. Сол жылдары М. Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» атты газет шығарып, «Қоқан» автономиясын қызу қолдайды. Қожанов 1927 жылы Сталинге жазған хаттарында өзінің турашылдықтан танбайтын тұлға екендігін танытады. 1938 жылы атылып, 1957 жылы ақталған.
Тұрар Рысқұлов
Тұрар Рысқұлов 1894 жылы 26 желтоқсанда Жетісу облысының Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысында өмірі теңдік пен бостандық жолында тайсалмай күреспен өткен көшпелі қазақ шаруасының шаңырағында дүниеге келді. Онын әкесі Рысқұл Жылкыайдарұлы өткен ғасырдың сексенінші жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Түлкібас ауданынан) осында қоныс аударып келген болатын. Жаңа қонысында да әділетсіздік көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан жергілікті болысты атып өлтіріп, Сібірге айдалады. Қорғансыз қалған Тұрар туыстарының көмегімен 1907 жылы Меркедегі орыс-түздік бастауыш мектепке түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Мұндай аралас мектептер белсенді миссионерлік мақсат ұстанған болатын. Әкесімен бірге Верный қаласының түрмесінде болган кезінде түрме бастығы Приходько бала Тұрарды шоқындыруға әрекеттенсе, Меркедегі шәкірт кезінде де осындай әрекет онын алдынан тағы да шығады.
1910 жылы Тұрар Пішпектегі 1-ші дәрежелі ауыл шаруашылық мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жасы 21-ден 22-ге қарағанда ол Оңтүстік Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліске басшылық жасады; 1917-1918 жылдары Әулиеатада белсенді саяси қызметімен көріне білді; 1918 жылы Түркістан Республикасында құрылған Аштықпен күресетін Орталық Комиссияның төрағасы болып сайланғанда ол не бәрі 24 жаста еді; Жасы 24-тен 25-ке қарағанда Т. Рысқүлов Мұсылман Бюросын ұйымдастырып, оны Түркістанның жергілікті халықтарының құқын қорғаушы ұйым (мемлекеттік құрылым) дәрежесіне дейін көтере білді; 25 жасында Түрікаткомның жергілікті халықтан шыққаи тұңғыш төрағасы ретінде республиканың саяси-мемлекеттік егемендігі жолында табанды күрес жүргізді; 26-27 жасында ол РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатында қызмет атқарып, осы комиссариаттың төрағасының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Комиссариатта жүріп бүкіл елдегі (РСФСР) жоғарғы оқу орындары (университеттер) жүйесіне басшылық жасады. Бұл жылдары оған болашақ диктатор - И. В. Сталинмен қызметтес болуға тура келген еді; 1922 жылы күзде, яғни 27-ден 28-ге қараған шағында Т. Рысқұлов Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ал, Түркістаннан біржола кетіп, 1924 жылы күзде Коминтерннің өкілі етіп Монғолияға жіберілген кезде ол әлі 30-ға да тола қоймаған болатын. Қазіргі өлшеммен алғанда бұл, жас - жоғары оқу орнын бітіріп, қызметке енді ғана араласа бастаған жас маманнын жасы. Т. Рысқұлов осы жаста-ақ саяси күрес пен мемлекеттік басқарудың сан қырлы баспалдағынан өтіп үлгерді. Сонау 20-шы жылдарда-ақ оның есімі "Түркістан" ұғымының баламасы ретінде айтыла бастаған еді. Оның есімі - ұлт мәселесі бойынша жүргізілген ерлік күрестін туы болды (Дерек көзі - http://www.google.kz/#hl=kk&source=hp&q=Тұрар+Рысқұловтың+өмірбаяны).
«Абай-ақпарат»