Жасын Болат. Жастар Жантықтың жолымен жүр
Еліміздегі жастар саясатына соңғы кездері айтылып жүрген сын аз емес. Ол сынды орынсыз дей алмаймыз. Қоғамның қозғаушы күші деп саналатын жастардың жасықтың жейдесін киіп, жантықтың жолымен жүруіне таңданбайтында болдық. Кейбір көргенді ағаларымыз кемелді келешекке күдікпен қарай бастады. Осыдан келіп қазіргі жастар саясатындағы ахуалға біршама шолу жасауға тура келді.
Еліміздегі жастар саясатына соңғы кездері айтылып жүрген сын аз емес. Ол сынды орынсыз дей алмаймыз. Қоғамның қозғаушы күші деп саналатын жастардың жасықтың жейдесін киіп, жантықтың жолымен жүруіне таңданбайтында болдық. Кейбір көргенді ағаларымыз кемелді келешекке күдікпен қарай бастады. Осыдан келіп қазіргі жастар саясатындағы ахуалға біршама шолу жасауға тура келді.
Әңгімені арыдан бастасақ, еліміз егемендігін алысымен кеңестік комсомолдың қадамын жалғап «Қазақстанның болашағы үшін», 2001 жылы «Қазақстан жастар конгресі» сынды іргелі ұйымдар «жолға шықты». Бастамасы жаман болмады. Мемлекеттік деңгейде талай ірілі-ұсақты іс-шаралар өткізді. Кейін «Қазақстан жастар конгресі» «Жасыл ел», «Студенттік еңбек жасақтары», «Студенттік альянс», «Ауыл жастары одағы» атты ұйымдарды қанатына біріктірді. Одан кейін «Отан» партиясының жанынан жастар қанаты құрылып Бердіоңғаров бастаған «батырлар» саясат сахнасына шықты. Жұмыстары жемісті болды деп айту қиын, жүйесіздік жетілуге мүмкіндік бермеді. Мұндай әрекетпен алысқа бармайтынын сезген жастар қанаты «Жас Отанды» жандандыруға кірісті. 2008 жылдың 14 мамырында алғашқы съездерін ұйымдастырып, бағыттарын айқындап, Елбасыдан бата алды. Осы уақыттан бастап мемлекетіміздегі жастар саясатындағы жетекші орынға «Жас Отан» жастар қанаты көтерілді. «Жасотаншылдар» «Дипломмен ауылға», «Жастар кадрлық резерві», «Жастар Отанға», «Қазақша сөйлесейік» атты жобаларын жүзеге асыра бастады. Осы жобалардың қаншалықты жемісті болғаны көзі ашық көкірегі ояу жандарға мәлім, бірақ атлаған ұйымға бәсекелес, үзеңгілес болады деген «Қазақстан жастар конгресінің» қазіргі әрекетінен бәсекелес болмақ түгіл, соңынан әрең ілесіп жүргенін көріп отырмыз. Бұл нені білдіреді? Тек «Қазақстан жастар конгресі» ғана емес, оның қанатындағы 250-ден астам ұйымның да ұйықтап жатқанын білдіреді. Ауыл жастарын көтереміз, ауылды көгертеміз деген «Ауыл жастары одағы» ауылға бармақ түгілі жылына бір форум өткізіп шаршап қалады. Атауы айшықты «Есірткісіз болашақ» жобасы жастарды жеріндірген жерін көрмедік, тек бір кездік акциялармен ақталып, «футболка» таратумен шектеліп жүр. Ал елімізде нашақор жастардың да, есірткінің де саны артпаса кеміп отырған жоқ. Өнерлі жастарды өрге бастайтын «Делфийлік ойындар» жобасынан жеңіп шыққан ұландардың жан-жақты танылып, насихатталғанын тағы көрмедік. Жастарды еңбекке баулимыз деген «Студенттік құрылыс жасақтары» жобасы жақсы-ақ басталып еді, соңында жастарды жарылқай алмай қалды. Жас отбасыларды тұрғын үймен қарық қыламыз деп бастаған «Жас Отау» жобасы осы уақытқа дейін үнсіз үй, әрекетсіздіктен әлем жасап отырғаны да жасырын емес. Ал рухани жағы ше, ол тіпті жастар конгрессіне қажет емес секілді. Өткен жылы форумда осы тақырып бір талқылау алаңда әңгіме өзегіне айналып еді, қазір тіпті ол туралы естімейміз де. Тіпті, ресми сайтын ашып, жастар жаңалығын оқиын десең қазақ тілінде материал таппайсын. Міне, бұл біздің конгресстің қазіргі кейпі. Жоғарыдағы тұжырымдар «Қазақстан жастар конгресінің» даму емес, қажу немесе тозу үдерісін көрсетіп отыр.
Енді жастар саясатындағы қоғамдық бірлестіктерден қайтып, осы ұйымдардың істеріне ұйытқы болып отырған мемлекеттік органдардың қызметіне тоқталсақ, мынадай жайттарға куә боламыз. Мемлекетіміздегі жастар саясатын жүргізу Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне берілген. Онда Жастар саясаты департаменті жұмыс істейді. Жалпы жастар саясатының жұмысын жүйелеу, стратегиялық бағыттарды айқындау, мақсаттарды белгілеу осы департаменттің еншісінде. Штат бірлігінің аздығынан ба немесе қызметкерлердің біліксіздігінен бе белгісіз, орындалмайтын жастар саясатындағы заңнамалық актілердің жырын, жыл өткен сайын күрделене бастаған жастар проблемаларын шешуге, ашығын айтқанда, департаменттің әлеуеті жетпей отыр. Ал департамент қызметін демейді деген министрлігіміз ұлттық бірыңғай тестілеудің шуынан шаршап, оқушылардың өз-өзіне қол жұмсауынан еліміз әлемде үшінші орынды иемденіп жүргенде бұл жұмыстың жанданып кететініне сенім аз. Жастарға рухани тәрбие беретін, мәдениеттілікке бастайтын Мәдениет министрлігінің әрекетіне де сын аз емес. Кино-мәдениеттің төресі деп білетін министрліктегілер «Келінмен» беташар жасап, «Рэкетирді» қосып Ликвидатормен аяқталатын кино шедеврлерін түсіруден қолдары тимей жүр. Енді осы киноны көрген жастардың қандай тәрбие, қандай рухани әсер алатынын түсіне беріңіз. Нәтижесінде Ішкі істер министрлігінің ақпарынан елде жасалған қылмыстың жетпіс пайызын жастар жасайтынын және жылдан жылға жастар қылмысының өршіп отырғанын көреміз.
Ауылдағы мәдениет үйлері мен клубтар ше? Олардан министрлік айрылғалы қашан. Қазір олар жергілікті атқарушы биліктің қарамағында. Бұл жүйесіздік емес деп қалай айтпаймыз! Әкім-қаралар білгенін істеп жатыр, ауыл мәдениетіне басында мүлдем білімі жоқ, мәдениеттен ада басшыларды жоқ деп те айта алмаймыз! Әлеуметтік мәселелерде әрекетсіздік танытқан әкім мәдениетті не қылсын! Осыдан барып министрліктің әрекеті тек Астанамен шектелетінін, ауыл мәдениетінін жетімсірегенін көреміз. Сонымен бірге Министрлік жастар тәрибесіндегі маңызды құрал ақпарат саласын да беріп қойды. Бұл негізі жол берілмейтін қадам еді. Амал қанша, ақпарат Байланыс министрлігіне бұйырды. Біз осы қадамның жағымсыз салдарын көретін боламыз, ол қазірдің өзінде көрініп қалды. «Мәдениетсіз ақпарат» дерті бұл - ертең әлемде белең алған ақпараттық соғыста біздің мемлекеттің қорғаныштық қасиетіне түсетін құрт болуы әбден мүмкін. Жастар қауымының теледидарға телміріп, ғаламторды ғажайып мекен етіп алғанын ескерсек, ауыздықсыз ақпараттың алысқа апаратынын сезуге болады.
Жастардың жанынан табылуға тиісті тағы бір орган Туризм және спорт министрлігіне тоқталмасқа болмайды. Бұл органның да ауыл-аймақта жұмысы кемшін. Қазіргі олардың басты жұмысы мемлекеттің имиджін қалыптастыруға бағытталғанын байқаймыз. Ауылда спорт кешендерін жөндемегенмен, ғаламдық жарыстар өткізуден алдарына жан салмай жүр.
Ұлт қазынасына ие ұлттық компаниялардың да аймақтарға зауқы жоқ. Бар тапқанын жылдық шығыны миллиондаған американ ақшасын құрайтын велоклуб мен хоккей клубына жұмсайды, жақында оған баскетбол клубы да қосылды. Ал ауыл сол баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр. Ал көршілес Ресейдің Газпромы болса, салған спорт кешендерінің санын 100-ге жеткізді. Осыдан-ақ, Ресейдің іргелі жарыстарда үнемі жеңіс төрінен көрінетінін бағамдай берініз.
Енді жоғарыдағы органдардың жарымсыз жұмысының салдарынан сыннан көз ашпайтын орталық органдарға тоқталайық. Қазір жастар арасында ауру түрлерінің меңдеп бара жатқанын көзіміз көріп тұрып, әскерге шақырылған он жастың сегізі жарамсыз болып батыр бабаларымыздың ұрпақтары жерге қаратқанын қайда жасырамыз. Кінәліні іздейміз. Кімге барамыз? Онсыз да басы даудан босамайтын Денсаулық сақтау министрлігін жазғырамыз. Себебін сызып тастап, салдарына жабысамыз. Ішкі істер министрлігінде де сол, қылмыс көбейді, ашылуы көрсеткіші кем деп табалаймыз. Ішкі істер органдары қалай профилактика жұмыстарын жүргізеді, егер халық алдында жағымды бейнесін қалыптастыра алмаса, кімдер тыңдайды, қандай өнеге алады?! Әрине, әңгімеден ары бармайтын әрекеттердің жастарға берер әсері әлсіз, нәтижесі нанымсыз болады. Біз қалыптасқан проблеманың тамырын қазып, өзегін тауып, алдын алудың, болдырмаудың амалын жасамаймыз. Оның айғағы ретінде Ақтөбе облысында орын алған жанкештілердің ісін айта аламыз. Барлығы дерлік 18-30 жас аралығындағы өрімдей жастар. Біздің жастар! Жазаладық! Жарайды! Құтылдық па? Жоқ! Тұтылдық! Жаhандануға кезекті рет жұтылдық! Кім айыпты? Өзіміз айыптымыз! Нақтырақ айтқанда қазіргі жүйесіз, салғырт жастар саясатында болып тұр бар мәселе. Жастар саясатын заңды тұрғыда реттейді деген «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы бір күш алмай-ақ қойды. Нақты орындалу тетігі қарастырылмаған. Осы Заң шеңберінде бірлескен шаралар жүргізетін мемлекеттік органдар жауапкершілікті бір-біріне лақтырып әлек. Бірлі-жарымды жастар үнемі кездесіп жүретін кезекші шенеуніктерден басқа шенеуніктер кейінгі буынмен кездесуден қашады. Амал жоқ тағы да Ресейді қарасақ, басқа шенеуніктерін ысырып қойғанда Үкімет Басшысының өзі жастармен кез келген жерде шүйіркелесіп еркін пікірлер алаңын қыздырып жатады. Ал біздің жастар кейбір шенеуніктерді танымайды десем де қателеспеймін. Ал Парламенттегі ахуалды тіпті айту ұят, жастардың жоғын жоқтайды деген депутаттарымыздың бірі әріптестерін келмеске кеткен Кеңес одағының әскері күнімен құттықтап ұятқа қалса, бірі Ата Заңға үшінші тіл ретінде ағылшын тілін енгіземіз деп айды аспанға шығарды. Осындай іс-әрекеттен соң жастар саясаты қайтіп көгере қойсын. Нәтижесінде, міне, бүгінгі сорақы жағдайларға келіп отырмыз. Егер жастар саясаты осы бағытта кете беретін болса, ел болашағының бұлыңғыр болатыны сөзсіз. Әлеуметтік санадан шығып, рухани танымға бастайтын жастар саясаты қажет бізге. Ұраннан ұлы істер шықпайтынын ұқса екен жастар саясатындағы, көшбасшы қауым!
«Абай-ақпарат»