Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ел іші... 4344 2 пікір 16 Сәуір, 2020 сағат 14:56

Елорданың тілдік келбетінде бірізділік жоқ

Елорданың тілдік келбеті сан салалы: онда ұлттық танымды сипаттайтын бай ономастикалық қор да, жаһандану кезеңіне «ұмтылған» шет тілдік көріністер де баршылық. Бұлардың ішінде, әсіресе, ономастикалық кеңістіктің перифериялық өзегі болып саналатын – эргонимдер қабатының жайы өзгеше. Себебі эргонимдер өзі тектес өзге онимдер табиғатынан (годоним, топоним, ойконим, антропоним және т.б.-лардан) құрылымдық-семантикалық түрлілігімен ерекшеленеді: оның құрылымы әлсіз, басқаша айтқанда, өзгерімпаз, уақыт таңдағыш болып келеді; ол жарнамалық қызметті қоса атқарады; сонымен қатар олар атау ретінде жекелеген графикалық таңбадан бастап күрделі синтаксистік құрылымдарға дейін белгілене алады. Ең бастысы, эргонимдердің бойындағы жарнамалық қызмет бүгінгі күн талабына сәйкес алдыңғы орынға шығып отыр. 

Елорданың тілдік келбетіне, оның ішінде эргонимдер жүйесіне арнайы сараптама жүргізу барысында байқалғаны – маңдайша атауларының қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде аралас кездесетіндігі. Әсіресе оның ішінде ойын-сауық орталықтарының, коммерциялық кәсіпорындар мен медициналық орталықтардың атаулары ағылшын тілінде көп ұшырасады. Пайыздық көрсеткішпен салыстыра қарағанда ойын-сауық орталықтары мен коммерциялық кәсіпорын атауларының 60%-ға жуығы ағылшын тілінде, ал медициналық орталықтардың 70-75%-ы ағылшын тілдік эргонимдер ретінде көрініс тапқан.   

Сонымен қатар қазіргі таңда қаладағы көптеген мекемелердің атаулары латын графикасында да ұсыныла бастаған. Оның ішінде орыс тілдік атауларды латын графикасында беру үлгілері де арагідік кездеседі. Атап айтқанда, «Vmeste» мейрамханасы, «Sreda» құрылыс мекемесі, «Pchelomed» медицина орталығы, «Kran» құрылыс дүкені, «Molotok» құрылыс дүкені, «Svoboda» караоке-бары, «Zoloto» караоке-бары және т.б. 

Осы тұста ұсыныс ретінде айтылатын мәселе – елорданың тілдік келбетіндегі латын графикасымен жазылған орыс тілдік эргонимдер тәжірибесін басшылыққа ала отырып, өзге де барлық орыс тіліндегі эргонимдерді солайша латын негізді жазумен ұсынса деп санаймыз. Мысалы, «Солнышко» балабақшасы – «Solnyshko» balabaqshasy; «Голубой парус» балабақшасы – «Golýboı parýs» balabaqshasy; «Солнечный мир» балабақшасы – «Solnezhnyı mır» balabaqshasy; «Элитстрой» ЖШС – «Elıtstroı» JShS; «Азбука жилья» ЖШС – «Azbýka jılıa» және т.б. деген секілді. Бұл жайт, біріншіден, қалың жұртшылықтың тілдік санасына латын графикалы жазудың тез әрі оңтайлы енуіне ықпалдасса, екіншіден, қаланың тілдік келбетін біріздендіруге де атсалысуға көмектесер еді. 

Дегенмен елорданың тілдік кеңістігінде қызмет етіп отырған эргонимдердің латынша ұсынылған нұсқаларында емлелік қателіктердің көптігі байқалады. Аталмыш эргонимдер қазақ тілінің латын негізді жазуының соңғы ұсынылған емле ережесінің талабын ұстанбаған. Атап айтсақ, Bastau-Nur (балабақша атауы); Akniet (баспахана атауы); Aınacol, Tamgaly (қонақүй атаулары); Toi Like, BalQaragai, Divan, Jumbaktas (мейрамхана атаулары); Agzam, Inkar, Saryarka-1, Alga, Rayan, Damdes (дәмхана атаулары); Urker (кофехана атауы); Nurzher.kz, Zeinet, Baiterek Development, Ken dala Gs, Otau Development Group (сәулет, құрылыс мекеме атаулары) және т.б. 

Жалпы алғанда, қаланың тілдік келбеті тіл саясатын жүзеге асыруда, көбінесе, дифференциалды тәсілді талап етеді. Басқаша алып қарағанда, әрбір онимдік бірлік мемлекеттік стратегияның бір бөлшегі болып табылады, ал қала кеңістігінде өтіп жатқан тіл үдерістері жалпы заңға сәйкес жүргізілуі қажет. Елорданың тілдік визуалдылығы мемлекеттің тіл саясатында бекітілетін заңнамалық күш ретінде танылуы тиіс. Сол себепті қазақ эргонимдер жүйесін, оның ішінде елорданың тілдік келбетін латын графикасында беруде құзырлы орындарға төмендегідей ұсыныстарды ұсынуды қажет деп табамыз: 

1, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің назарына!

-Елорда ономастикалық кеңістігінің космополиттенуіне шектеу қою, яғни эргонимдердің бойын қабылдауға ауыр, құрылымдық жігін ажыратуға қиын шет тілдік бірліктерден сақтауға назар аудару. Мысалы, «RBS Technologies» ЖШС, «Retail investment Аstana» ЖШС, «SPK Astana development» ЖШС және т.б. эргонимдердің бойындағы қысқарған тұлғаларды қайта қарау; 

-Қаланың эргонимия кеңістігінің бойын ала-құлалықтан сақтап, ұлттық атаулардың қолданысына құрметпен қарауда мекеме, ұйым, кәсіпорын атауларын латын графикалы қазақ жазуымен беруде асығыстық, әсіресе, салғырттық танытпау. Мәселен, «Kuralmart» құрылыс дүкені, «Akniet» баспаханасы, «Tattinan» кондитерлік цехы, «Jumbaktas» мейрамханасы, Damdes» дәмханасы, «Alga» дәмханасы, «Agzam» дәмханасы, «Inkar» дәмханасы, «Rayan» дәмханасы, «Saryarka-1» дәмханасы, «Kaganat» асханасы, «Zhanuya» шағынмаркеті, «Kuralmart» құрылыс дүкені, «Taymas» бизнес орталығы, «Ordakus» ЖК және т.б. эргонимдердің бойынан мемлекеттік тілге деген салғырттық, өкінішке орай, анық аңғарылады;

-Қала кеңістігіндегі қазақ тілінде ұсынылған эргонимдік атаулардың берілуінде қате жазылған нұсқаларға қатаң бақылау жасап, олардың түзетілуін қолға алу. Әсіресе коммерциялық мекеме, ұйымдардың атауларында қазақ әдеби тілінің қалыптанған (кодификацияланған) нормасына сәйкес келмейтін бірліктердің қатары шаш-етектен. Мәселен, «Каскыр-21 век» ЖШС, «Балык и К» ЖШС, «Саттилик» ЖК, «Казгер Құс» ЖШС  «Байтерек-Дәуір» балабақшасы, «Нур Аспан 2» балабақшасы, «Алма-Ата» бизнес орталығы, «Кишлак» мейрамханасы, «Кульджа» дәмханасы, «Кок-чай» дәмханасы, «Дамди» асханасы, «Барс» караоке-бары, «Акколь» шағынмаркеті және т.б. Бұл секілді немқұрайдылыққа Елорда эргонимдерін латын графикалы жазумен беруде жол бермеуге міндеттіміз. Сондықтан ұлттық мүдде мәселесіне қатысты жұмыстарды жіті бақылауда ұстау қажет деп табамыз.

2, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының назарына!

-Қазақстан ономастикасының дамуындағы мәдени-тарихи, саяси, әлеуметтік-экономикалық факторларды нақтылау, мемлекетіміздің  мәдени-экономикалық даму жағдайындағы ескілік атау қалдықтарымен жұмысты жақсарта түсу;  

-Қазақстан ономастикасын реттеудің мемлекеттік және жекеменшік мекемелерге ортақ құқықтық-нормативтік ережелерін дайындау бағытында ізденістер жүргізуді назарға алу; 

-Қаланың перифериялық өзегі болып табылатын эргонимдер кеңістігінің ұсынылуында қазақ мәтіндерінің полиграфиялық тәсіліне аса мән беру, яғни қазақ тілінің латын графикалы нұсқасының көлемін үлкейтіп беруді нормаландыру, т.б.  

Сонымен, тілдік визуалдылық бірнеше тілді қатар қолданудағы тілдік саясаттың жүзеге асырылуының басты факторы болып есептеледі. Жоғарыда талдауға түскен тілдік деректер елорданың эргонимдер кеңістігінің нақты бір талаптар мен қазақ, орыс және ағылшын тілдерін реттеп отыратын ережелерді талап ететіндігін көрсетеді. Сонда ғана отандық эргонимия ғылымының ұлттық мүдде тұрғысынан дамуына, яғни қазақ онимдер жүйесінің құқықтық-нормативтік құжаттарының бірыңғайландырылып, олардың латын графикалы қазақ жазуымен дамуын жүзеге асырып, тәуелсіз еліміздің болашағына қызмет етуіне мүмкіндік ала аламыз. 

Мақалада келтірілген эргонимдердің латын графикалы нұсқасы бекітілген әліпби бойынша берілді. Ал жалпы қала кеңістігінде алдағы уақытта жетілдірілген, қайта қаралып ұсынылған әліпби негізінде таңбаланғаны дұрыс деп ойлаймыз.  

Жанар Қоңыратбаева 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры м.а., ф.ғ.к.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5547