Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Ел іші... 15300 13 пікір 30 Сәуір, 2020 сағат 14:36

Қордай оқиғасы. Ақсақалға қол көтергендерге үкім шықты

Биыл ақпан айында Жамбыл облысы Қордай ауданында орын алған шетін оқиға қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Аталған аймақта ұзақ уақыттан бері қордаланған теке-тірес ауызы ашылған қанды жарадай бұрқ етіп жарылған болатын.

Бұл оқиғаға әркім әрқалай баға берді. «Бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекет» деген ұранға берік қазақ билігі қақтығыстың себебі қарапайым тұрмыстық кикілжің деген тоқтамға келді. Жалған интернационалистер мен қазаққа қарсы жұмыс жасайтын ресейлік сипаттағы БАҚ дүнгендерді зардап шегуші, қазақты зорекер етіп көрсетуге тырысты. Қариясын қорлап, полициясын сабаған бассыздыққа намыстанған қазақ жастарын ақтай сөйлеген аз ағайын жоғардағы тегеурінді топтың тасасында қалды.

8 ақпан күні оқиғаның салдарын жою жөніндегі үкімет комиссиясы құрылды. Бердібек Сапарбаев бастаған комиссия алдымен дүнген жұртымен кездесіп, солардың көңілін аулады. Қырғыз аса қашқан ақ тақиялы азаматтарды жалынып-жалпайып жүріп, қайтарып әкелді. Сынған-жоғалған мүлкін төлеп беруге уәде етті. Үй-жайын, қора-қопсысын қайта салып беретінін айтты. Сол үшін бюджеттен 1 млрд. 700 млн. теңге бөлінді.

Оны аз десеңіз аталған мемлекеттік комиссия құрамында үкіметке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «Дүнген қазақстандық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абубакир Воинце деген адам жұмыс істеді. Бірақ мемкомиссия құрамында қазақ белсенділері мен қоғам қайраткерлері болған жоқ.

Халық Сапарбаев бастаған комиссияның алғашқы сапарына сын көзбен қарады. Жалтақойлықпен бір жақты жұмыс істемей, қақтығыстың туындау себебіне мән беруді сұрады. 80 жастағы қарияның таяққа жығылуы және дүнген азаматтардың полицияға қол көтеруі қақтығысқа себеп болған болатын.

Арада үш айға жуық уақыт өткенде осы қақтығысқа себеп болған қарт кісіні таяққа жығып, денсаулығына залал келтірді деп айыпталған әкелі-балалы Юнхуларға қатысты сот үкімі шықты.

Сотта 27 жастағы Марат Юнхуға бұзақылық жасап, адам денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірді, оның 60 жастағы әкесі Эрсман Юнхуға бұзақылық жасады деген айып тағылды. Әкелі-балалы бұзақыдан зәбір көрген Құдашбаевтар отбасы сотта зардап шегуші деп танылды. Сот залында жарияланған үкімде осылай айтылды.

Сот 24 сәуір күні сотталушы Марат Юнхуды кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі колонияда өтеуге кесті.

«Юнху Марат Эрманэұлын ҚР ҚК 293 бап 3 бөлім 1 және 2 пункті (бұзақылық), 107 бап 2 бөлім 5 пунктіне (денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру) сәйкес қылмыстық құқық бұзғаны үшін кінәлі деп танылсын. Осы баптарға сәйкес екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, жазасы қылмыстық-атқару жүйесі орташа қауіпсіз мекемелерінде өтелсін», – делінген Жамбыл облысын Қордай аудандық сотының үкімінде.

Ал оның әкесі Эрсман Юнху болған оқиғаға кінәлі деп танылып, 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.  Оған қылмыстық кодекстің 293 бабы 2 бөлімі 1,2 пункттері бойынша айып тағылған.

Бұдан бөлек, сот әке мен баладан 3 миллион теңгеден астам моральдық шығын өндіруді, сондай-ақ сот шығындарын төлеуді міндеттеді.

Қазақстан халқын әбігерге салып, тұтас билікті табанынан тік тұрғызған оқиғаның тұтануына себеп болғандарға кесілген жаза осы. Жазаның ауыр-жеңілдігін әркім өзі пайымдар...

Екінші бір мәселе, наурыз айының соңында тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқандарды ұстау үшін арнайы операция жүргізіліп, 25 адам ұсталды, олардың жетеуі бұрын сотты болғандар. Олар Алматыға әкелініп, екі айға қамауға алынған болатын.

29-сәуір күні ҚР Бас Прокуратурасы Алматы қаласының тергеу изоляторында осы іс бойынша қамауға алынған Кибаев Бекбол Мухамедовичтің қайтыс болғанын мәлімдеді. Оны камерада бірге отырғандар сол жақ қолының білек тұсы кесілген күйінде дәретханадан тапқан. Өлімнің алдын ала себебі қаның көп жоғалтуы болуы мүмкін. Қазір Бекбол Кибаевтың қайтыс болу фактісі бойынша Алматы қаласының арнайы прокурорларымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1966