Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алаң 13086 37 пікір 11 Ақпан, 2020 сағат 09:48

Воинце дүнгеннің мүддесін қорғайды. Қазақтың мүддесін кім қорғамақ?

Қордай ауданында орын алған қақтығыс орны толмас өкінішке ұласты. Айдың-күннің аманында 10 азамат көз жұмып, тағы оннешесі жарақат алды. Бұл - отыз жылғы олақ саясаттың салдарынан туындаған оқиға. Бірақ біздің билік қақтығыстың себебі қарапайым тұрмыстық кикілжің дегеннен танбай отыр.

8 ақпан күні Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия төрағасы - Жамбыл облысының су жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев. Комиссия құрамына Жамбыл облысының экс-әкімі Асқар Мырзахметов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, парламент мәжілісінің депутаты Шәкір Хахазов және «Дүнген қазақстандық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абубакир Воинце кірді.

Бұлардан бөлек, қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрлері, ақпарат және қоғамдық даму, ұлттық экономика, денсаулық сақтау, білім және ғылым вице-министрлері, ішкі істер, қорғаныс министрлерінің орынбасарлары, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасарлары да комиссия құрамында жұмыс істеп жатыр.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің өкімімен құрылған үкіметтік комиссия құрамында «Дүнген қазақстандық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абубакир Воинце деген адам қайдан жүр? Біріншіден, бұл адам үкіметке үш қайнасы сорпасы қосылмайтын қоғамдық бірлестік мүшесі, үкімет адамы емес. Ендеше, үкіметтік комиссияға кіруіне қандай құдіретті күш көмектесті?! Екіншіден, егер бұл адамды қақтығысқа қатысқан дүнген ұлтының өкілі ретінде комиссияға алды десек, онда комиссия құрамында қазақ белсенділері мен қоғам қайраткерлері неге жоқ?! Сапарбаев пен Мырзахметовтар билік өкілдері, олар бейтарап түрде жұмыс жасайды. Абубакир Воинце дүнгеннің мүддесін қорғайды. Сонда қазақтың мүддесін кім қорғамақ?!

Воинце үкіметтік комиссияға мүше болғаны үшін, бейтарап жұмыс жасауы керек болатын. Бірақ Абубакирдің әр мәлімдемесі бұл талапты жоққа шығарып отыр. Үкіметтік комиссия мүшесі екені есінде жоқ секілді. Өз ұлтының сойылын соғып, мүмкіндігінше таразының басын өздеріне аударуға тырысып бағуда.

«Қоянның өзін көріп, қалжасынан түңіл» дегендей, комиссияның құрамын көріп, қызметіне күмән келтіріп отырғандар көп. «Бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекет» деген ұранға берік қазақ билігі бұрынғы әдетіне басса, бүлік бастаушылар құтылып, ашынған қазақ тұтылуы әбден мүмкін...   

Көпшіліктің бұлай алаңдауы бекер емес екен. Сапарбаев бастаған комиссия Қордайға жеткен бетінде бағытынан жаңылды. Ұзақ уақыт ушыққан жараның жарылуына себеп - 80 жастағы қарияның таяққа жығылуы және дүнген азаматтардың полицияға қол көтеруі болатын. Мемкомиссия тексерісті осы тұстан бастауы керек еді. Қарияның жамбасын сындырған бұзақылар мен құқық қорғаушыларды құрметтемеген қылмыскерлерді жазаға тарту - қақтығысты тоқтатудың басты тетігі еді.

Президент сенген комиссия алдымен ақсақалдың амандығын сұраудың орнына, бірден дүнген диаспорасымен кездесіп, солардың көңілін аулады. Солардың сөзін тыңдап, соларға сенді. Елді тастап қырғыз аса қашқан азаматтарды қуып барып, елге қайтыңдар деп «жығыла-жалынды». Тіпті елге қайтса үй-күйлерін жөндеп беретінін де жеткізді.

- Сіздерден арандатуларға ермеуді сұраймыз. Бұзылған барлық үйлерді біз қалпына келтіреміз, отбасыларға көмек көрсетеміз. Біздің мамандар жұмыс істеп жатыр, залалды бағалауда. Біздің барлығыңызға тағы айтарымыз, кетіп қалған, қазір Қырғызстанда өз туыстарын паналап жатқан жақын-жуықтарыңызға елге қайту керектігін жеткізсеңіздер, - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, елге оралып жатқан қазақстандықтар шекарадан жеңілдетілген режимде өтетіні де айтылды. Бізді таңғалдырғаны, «шыбық тимей шыңқ етерлікпен» елден шыға қашқандар, шекарадан күнделікті күйбең тірлігімен жүргендерге қарағанда жеңілдетілген режимде өтеді екен. Олар сонда қандай ерлігі үшін мемлекеттік құрметке бөленіп отыр...

Үкіметтік комиссия қашып-пысқан дүнгендердің көңілін аулаумен қатар, Сортөбе және Масанчи ауылдарына барып қайтыс болған азаматтардың отбасына көңіл айтты. Бұл 9 ақпан болатын. Көңіл айта келген комиссияға жергілікті тұрғындар кінәлілерді тауып, қатаң жазға тартсаңыздар деп кемсеңдепті. Оқиғаның орын алуына түрткі болған кім екенін естен шығарып алған секілді.

«Бұл қылмыскерлік ниетпен жасалды. Бейтаныс адамдар ауылда жүріп, үйлерді өртеп, ақша мен алтын талап етіп, қарумен қорқытқан. “Үйлерің өртеніп жатыр, шығыңдар”, деген. Олардың арасында мас адамдар болды», - деді тұрғындар.

Біздің билік осы оқиғаға байланысты «арандатушылар» деген сөзді жиі қолданып жүр. Біздің ойымызша, нағыз арандатушы мына тұрғынның өзі. «Қару алып ақша мен алтын талап етті», «олардың арасында мас адамдар болды» дегені қай сасқаны. Кезінде Желтоқсан көтерілісіне шыққан жастарды да сол кездегі билік пен өзге ұлт өкілдері «алқаштар, наркомандар» деп айыптаған...

Дүңген азаматтардың көңілін тауып, тіпті олардың жоғалған малы мен бүлінген көлігіне дейін төлеп беретінін айтып үлгерген комиссия мүшелері, қайтыс болған қазақ азаматының үйіне 10 ақпанда әрең жетті. Тіпті оған дейін ресми ақпарат қақтығыста қазақ азаматының қайтыс болғаны, қазақтардың да зардап шеккені жайлы мүлде ақпарат таратқан жоқ. Үкіметтік комиссияның дүңгендермен кездесуінен дүркін-дүркін ақпар беріп, фото-видео жариялаған ресми органдар, аймақтағы қазақтарды мүлде ұмытқан еді. Қоғам талап ете бастаған соң ғана, бүгін үкімет комиссиясы қаза тапқан Дархан Әбдірахымның отбасына барғанын мәлімдеді.

Енді билік сеніп, үкіметтік комиссияға қосқан «Дүнген қазақстандық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абубакир Воинценің не айтып, не жазып жүргеніне тоқталайық. Істің ақ-қарасын анықтауы тиіс комиссияға мүше болғаны үшін Воинце де оқиғаға обективті қарауға тиіс еді. Бірақ бұл азамат «оқиғаны үшінші тарап ұйымдастырды, шабуыл алдын-ала жоспарланған» деген дәлелсіз сөздерді айтып, елді шатастырып отыр.

«Мен ішкі істер органдарында қызмет еттім, тергеуші болып жұмыс жасағам. Кешеден бастап жағдайды талдадым. Сырттан көмек болмаса, мұндай жағдай болмас еді. Себебі, мұндай қысқа мерзімде олар осынша көп адамды жинай алмас еді. Осындай қысқа мерзімде мұншалық дайындала алмасы да сөзсіз. Барлық әлеуметтік желілерге ақпарат өте қысқа уақытта тарап кетті. Осының өзі олардың дайындалғанын көрсетеді», - дейді Абубакир Воинце.

Воинце бұл сөзімен не айтқысы келіп отыр?! Қариясын қорлап, полициясын сабаған бассыздыққа намыстанған қазақ жұртын арандатқысы келіп отыр ма? Отандасымыз «қазақтар ұзақ уақыт дайындалып, бізге шабуылға шықты» деген арам ойдан аулақ деп үміттенеміз.

Бауыры Абубакир Воинцеден кем түскісі келмеген тағы бір дүңген азаматы, Қазақстан дүнгендерінің қоғамдық бірлестігі, Алматы қалалық филиалының өкілі Ариф Имаров ақсақалдың жамбасы сынды дегенді жоққа шығарып отыр.

«Ол күні жастардың бір тобы Қаракемер ауылынан Сортөбеге бара жатқан. Сонда жанжал туындады, бірақ төбелес болған жоқ. Өзара ілігісіп қалған ғой. Сосын Сортөбеде полицейлерге күш қолдану оқиғасы болды. Сол үшін екі адамды ұстады. Қазір бір қарияның сан сүйегін сындырды деген ақпарат тарап жатыр. Ондай болған жоқ. Мен өзім естіген жоқпын», - дейді Имаров «Sputnik Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында.

Бірақ басбұзарлардың таяғынан қарияның жамбас сүйегі сынғанын ІІМ министрінің орынбасары Алексей Калайчиди растаған.

Ал Қазақстан дүнгендерінің қоғамдық бірлестігі, Алматы қалалық филиалының жетекшісі Ромазан Аюбов болған іске жергілікті билікті кінәлайды.

«Иә, 5-cі күні тұрмыстық жанжал болған. Меніңше, жергілікті билік, ауыл әкімдері тиісті шараларды дер кезінде қолға алмаған. Кеше болған нәрсе емес қой. Бірден шара қолдану керек еді», - дейді Аюбов.

Бұл сөздің жаны бар. Егер билік жалтақ саясат жүргізбей, өзге диаспора өкілдерін қазақтарды сыйлауға үйреткенде мұндай қақтығыстар орын алмас еді. Бір бұл емес, тәуелсіздік жылдары орын алған оншақты ұлтаралық қақтығыстардың бәріне өзге ұлт өкілдерінің заңсыз әрекеттері себеп болған. Осы күнге дейін қазақтар жиналып, өзге ұлт өкіліне күш көрсетіпті дегенді есіп көрмедік. Қайта қазақты қағып кеткен, соғып кеткен немесе қазақтың тілін, елін сыйламаған отандастарымыз аз емес. Ұлтаралық қақтығыстардың басты себебі де осы...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

37 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970