Роллан СЕЙСЕНБАЕВ . ДАЛА НЕМЕСЕ ИЕСІЗ ҚАЛҒАН МОЛАЛАР
«Адаммен оның бодандығы туралы емес, бостандығы туралы әңгімелескен ләзім»
Спиноза, ХVII ғасыр
«Адаммен оның бодандығы туралы емес, бостандығы туралы әңгімелескен ләзім»
Спиноза, ХVII ғасыр
Күз. Жусан аңқыған қазақ даласы үнсіз, жан дүниесі алқам-салқам, ашық, бейқам жатыр. Осы медиан даланы еркін, алаңсыз аралап жүре бергің келеді. Қазақтың қалғыған намысы мен алабұртып өрши алмаған рухы осы сайын даланың төсінде. Қазақ бақытының алтын бесігі де, осы ұлан-ғайыр дала төрінде екені даусыз.
Дала еркін тыныстап дем алады; төскейінде көтерілген жеңіл жел селеу басын дамылсыз тербеп тұр. Аспан шайдай ашық.
Мен Павлодардан Қарағандыға шығатын дала жолында жалғыз тұрмын. Ары-бері жүріп жатқан машина аз. Жол қапшығымнан ылғи өзіммен бірге алып жүретін Абай бабамның «Қарасөз» кітабын алып шықтым. Күз келсе де жердің жылуы әлі кетпепті. Жусаны қалың тұсқа малдасымды құрып жайланып отырып алып, кітап оқуға кірістім.
Жолдан көлік ұстап, (автостоп) бүкіл Еуропаны, Ресейді, Сібірді, Қазақстанды қырық жылдай емін-еркін араладым ғой. Қанша адамдармен таныстым, қаншасымен табыстым. Соның көбі жанашыр досқа айналды.
1985 жылдан бастап Еуропа мен Америкада Мәскеудің, Ленинградтың, Ноғайсібірдің студенттері көп жүрді. Олар жүкші, аудармашы, официант болып жұмыс істеді. Михайл Горбачев темір құрсауда ұзақ жылдар мықтап шырмалған еліне еркіндіктің есігін айқара ашты. Сол ашық-тесік жатқан есіктен алғаш болып жастар мол серпінді күшпен Батысқа ұмтылды. Қазір олардың көбі Батыстың ірі фирмаларында менеджер, бас менеджер, вице-президент болып қызмет атқарып жатыр. Еуропа мен Американың қай қаласына бармасам да, алдымнан сол жігіттер мен қыздар шығады. Қазір олардың барлығы да салмақты, салиқалы, іскер адамдар. Айтулы мырзалар мен ханымдар десек дұрыс болар. Еуропа мен Америкада қазір автостоппен жүруге қатаң тыйым салынған, сонан да мені оқырмандарыммен кездесуге, бір қаладан екінші қалаға сол іні-қарындастарымның қызмет көліктері жеткізіп салып отырады. Бұлардың ішінде жиырмаға жуық бұрынғы ТМД елдерінің ұлт өкілдері бар. Әрине, оларға менің ағылшын, неміс, француз, итальян, испан, ағылшын, югослав аудармашыларым мен кәдімгі оқырмандарым қосылады.
Бірнеше машиналар тоқтады. Бірақ бәрі де Қарағандыға барады екен. Маған керегі Қарқаралы қаласы еді. Бір пачка алтындатқан «Esse» темекі қорабының жартысы бітіп, Абай бабамның да кітабының үштен бірін тауысқан кезімде жүйрік күйлі «Тойота» жеңіл машинасы тоқтады. Нөмірі Ресейдікі. Мен оның келе жатқанын аңғармай да қалып едім. Дәл қасыма тоқтағанда бірақ білдім.
– Қайда барасыз? – деп сұрады орта жасқа келген орыс адамы. Көзі өткір, жүзі суық екен.
– Қарқаралыға.
– Онда кеттік. Біз де сонда бара жатырмыз.
Қол дорбама кітапты салып, машинаның артқы орындығына жайғастым.
Үшеуміз бірдей темекі тартып жайланып отырмыз. Жеңіл музыка ойнап тұр. Сонан кейін орыс әндері кетті. Барлығы да – халық әндері. Замандасым Әлібек Дінішев айтатын орыс романстары да бар. Бір мезгілде Әлібектің өз дауысы шықты. Ұйып тыңдап қалыппыз. Алдыда, жүргізуші жас жігіттің қасында отырған сұсты жүзді адам артына молынан бұрылып:
– Әлібек – керемет әнші. Мен оның әндерін сүйіп тыңдаймын. Бірақ соңғы кездері ол эфирден жоғалып кетті. Неге екен?.. Танысайық, менің атым – Николай. Мына жас жүргізуші жігіт – Максим. Омбыдан келе жатырмыз.
– Менің атым Роллан.
– Қазақтың аты емес екен ғой...
– Француздың аты.
– Ромен Ролланға балап қойған ғой.
– Отызыншы жылдары Ромен Ролланның шығармаларын Кеңес Одағы көп бастырған.
– Культовая фигура! – деді Николай.
– Отыз жетінші жылы Колымада атылған қазақтың атақты журналисі, анамның ағасы: «Ұл тусаң атын Роллан қой», – деп өтініш айтыпты.
Аз үнсіздік орнады.
– Русьтің темекісін көремісіз?
– Көрейін.
– Жаман емес. Қазір Русьтің темекісі де, арағы да көп жөнделіп қалды. Орыстан артық арақ жасайтын, орыстан артық арақ ішетін жер бетінде халық жоқ-ау?! – деп күлді Максим.
Қарқаралыға қарай жол кедір-бұдыр, соқтықпалы екен. Бірақ күз аспаны астында дала балбырап еркін тыныстап жатыр.
– Роллан мырза, жас келгендікі ме, қазақ даласы ылғи түсіме енеді. Мен Қарқаралыда тудым. Мектеп бітірдім. Біздің мұғалімдер, шіркін, өте сауатты адамдар еді. Нағыз интеллигент деп сол келмеске кеткен ұстаздарды айтамын. Сүйектері асыл адамдар ғой. Өздері қатал да болатын. Біздің директор мектепке тақап келгеннен-ақ, бүкіл мектеп оқушылары тына қалатын. Мен әлі күнге дейін білмеймін, бұл қорғану ма, құрмет пе?..
– Сабаққа дайындалмай келу бізде жоқ еді, – дедім.
– Бізде тарих пәнінің мұғалімі болды. Ол кісінің сабағына дайындалмай келуді біз өзімізге күнә санайтынбыз, – деді Николай.
– Сіз мұғалімдер қатал болды дедіңіз. Қатал болғандары дұрыс қой. Бірақ олар адал, әділ, қайтулары тез, кешірімшіл еді. Менің класс жетекшім институтты енді ғана бітірген Самар Оразалин деген әдебиет пәнінің мұғалімі болды. Жоғары класс оқушыларына орыс тілінен сабақ беретін. Самар ағамыз маған үш жыл сабақ берді. Тоғызыншы, оныншы, он бірінші кластарда. Сол үш жылда біз ол кісімен әлем әдебиетінің классиктерімен емін-еркін араластық. Самар ағамыздың оқымаған кітабы жоқ. Бартольдтың қалың-қалың, том-том кітаптарын класқа алып келіп, бізге үзінділер оқитын. Бұның бәрі Дала халықтарының тарихын зерделейтін шығармалар еді. Қаладан арнайы келген КГБ-ның офицері Самар мұғалімге: «Балаларға Бартольдты айтып бастарын айналдырма. Оқу жоспарынан ауытқымай оқыт, оқытатын болсаң», – деп зіркілдепті. Оны біз мектеп бітіргенде ғана естідік. Сонан бастап Самар мұғалім мектепке Бартольдтың қалың кітаптарын әкелмейтін болды. Бірақ, Бартольдтың сөздерін үйден арнайы жеке парақтарға жазып әкеліп оқитын.
– Ол мұғалім тірі ме? – деп сұрады Николай.
– Тірі. Бірақ көрмегеніме көп жыл өтті. Бір кең отырып ашық сөйлескім келеді-ақ.
– Жақсы-ақ жан екен. Сіз мектеп бітіргелі қырық бес жыл өтіпті. Содан бері есіңізден шықпай, бір сырласып отырар кеш тілейсіз. Бұл керемет... Мен ФЗО-ны бітіргелі он жыл өтті. Бір мұғалім есімде жоқ. Біздің мұғалімдердің басы бар, жаны жоқ болады ғой деймін. Токарь станогын оқытатын мұғалімде қай бір ес бар дейсің? – деді Максим.
– Олай деме, жас досым. Әрине, сендер, заман азған кезде өмірге келгенсіңдер. Тәрбие сабағын жүргізетін неміс мұғалімі Фридрих Зейфердті мен ешқашан есімнен шығарған емеспін. Токарь, слесарь станоктарында жұмыс істеуді, ағаштан ойып бұйым жасауды сол кісіден үйрендім. Сол кісі. «Балалар, үйренуден жалықпаңдар. Қазақтың жақсы мақалдары бар: «Өнерді үйрен, үйрен де жирен»; «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек», – деп бастырмалатушы еді. Қазақ – данышпан халық. Түркі әлемінің түлектері ғой. Кезінде түркілер біртұтас қабырғалы ел болған. Аттарын Дунайдан суғарып, Қара теңіз бен Орта теңізде шомылдырған. Германияны айтпай-ақ қояйын, сонау Лондонға үлгі көрсеткен. Сендердің әжелерің сүт қосып беретін қызыл қоңыр шай бар емес пе?.. Ағылшындар да шайды сүтпен ішеді. Түркілер үйретіп кеткен».
Егер Түркілер сондай керемет халық болса, онда неге тарих кітабына жазбайды? – деп жамырай сұрасамыз.
«Құдайдың сағаты келгенде жазылады. Немістің ғалымдары оны XVII-XIX ғасырларда жазған. Тек қана Кеңес тарихы жазбайды. Ұлы халық – орыс халқы. Сөз қысқа. Ой толық. Бірақ, ақиқаттың жеңбейтін кезі болмақ емес. Құдайдың сағаты соқсын де. Сонда бәрі де орнына келеді», – дейтін.
Біз келесі жылы оқуға келгенде Фридрих Зейферт болмай шықты. Біреулер айтты, қалаға көшіп кетті деп, біреулер айтты, жындыханаға салыпты деп. Мен де, Роллан мырза, сол Зейферт ұстазыммен сырласқым келеді-ақ. Түрмеден шыққаныма бір ай ғана болды. Осы бір айда Русьті бірталай аралап шықтым, – деп бөгелді Николай. Темекі тұтатты. Біраз үнсіз отырды. Немістердің бәрі Германияға көшіп кетіпті. Өкінішті. Қазақтарды шын жүректерімен қадірлейтін немістер болды. Орыстар өз қадірін де, өзгенің қадірін де білмейтін халық қой. «Орыс империясы», – деп шіренеміз. Ол империя не тындырды? Түк те тындырған жоқ. Өзге елге үлгі болар, бір іс тындыра алмады, тіптен өз патшасын да сайлай алмай қор болды ғой. Бұрынғы Кеңес еліндегі немістердің 90 пайызы Германияда. Сол немістердің деревнялары қандай жарасымды, сұлу еді. Көрсе көз тоятын, тіптен олар деревня емес, шағын қалалар еді ғой. Шебер, ұста, еңбекқор халық – неміс халқы. Еріксіз құрметтейсің. Ақылдары үшін, еңбекқорлықтары үшін, адамға деген бауырмал көңілдері үшін. Олар әлдекімдердей күндіз бетіңнен сүйіп, түнде қорадағы сауып отырған жалғыз сиырыңды ұрлап әкетпейді.
– Неміс халқы тұрған жерде қашан да тәртіп пен тәрбие болды, – деді Максим.
– Роллан мырза, Қазақстандағы немістердің барлығы қазақша сөйледі. Зейферд мұғалім қазақтың мақал-мәтелдерін кез келген қазақтан артық білетін. Ал қазақ даласында төрт ғасыр тұрған орыстардың біреуі де, қазақша сөйлей алмады. Солар қазір орысшаны дұрыстап жаза да алмайды.
– Николай, сен бабаларым қазақша жақсы білген деп едің ғой. Өзің де сөйлей аламысың?
– Олар бірегейлер ғой. Көненің көзі еді, – дейді қазақтың сөз танитындары, – деп қазақшалады Николай.
Мен Николайды таңырқап та, қызықтап та, таң қалып та тыңдап отырмын.
Көсілген қазақ даласының тура ортасында келе жатырмыз. Тақтайдай жазық дала. Алыстан қарауытып Қарқаралы қыраттары көзге ілінді.
Қайтып сөз қозғамадық. Әркім өз ойымен өзі жеке қалыпты. Мен едәуір қалғып та алдым. Машина тоқтағанда ғана оянып кетіп едім.
– Сәл аяқ жазып алайық. Бірден ауылға кіруге жүрек дауаламай тұр, – деді Николай. – Мен мұнда болмағаныма тура отыз жыл толыпты.
Николай қолын артына салып, ұзап жүріп барады. Басын жерден көтермей, аяғын ақырын еппен басады.
Тура қарсы алдымда, төскейінде қаулап шырша өскен Қарқаралы биігі тұр.
Алысқа ұзап, сағым құшағына оранып бара жатқан Николай, сайға түсіп көрінбей кетті.
– Жүр, артынан барайық! – деді Максим.
– Қазір қайтып келеді. Туған жерін сағынған ғой, жүрегі дауаламай, берекесі қашты білем, – деп тоқтау айттым.
Мен де еркін серуенге көштім. Максим машинасын шұқылап, өз жөнімен өзі қалды.
Бір сауын уақыт өткеннен кейін, Николай қайта оралып, машинаға тақады.
– Ананы қара! Қасқыр! – деп дауыстады Максим.
Николайдың соңын ала үш қасқыр шоқытып келе жатыр екен. Машинадан қиыс, Батысқа, биік таулардың қойнауын бетке алып барады.
Максим машинаның жүк саларынан бес атар мылтықты алып шығып, асығыс оқтай бастады.
– Макс, тиме оларға. Таста мылтығыңды! – деді Николай.
– Мен үшеуін де лезде қағып түсіремін, – деп бұлқынды Максим.
– Тарт! Таста мылтығыңды! – деп ақырды Николай.
Сұсты жүзі сұрланып, көкшіл көздері жанып тұр еді.
– Жақсы... Қойдым... Болды.., – деп күмілжіді Максим.
– Мына жерге кілем әкеліп төсе, – деді Николай.
Қасқырлар қалай лезде пайда болса, солай лезде сайын далаға сіңіп жоғалып кетті.
Үлкен көрпе үстіне малдасын құрып отырған Николай сілейіп, ұзақ үнсіз қалған. Барған сайын маған Николай ұнай бастады, барша ықыласыммен қимыл-қозғалысын, сөйлеген сөзін, ой аясын зерделеп отырмын. Соншама қарапайым, кең пішілген мол мінезді адам, ыза болса, бас бермейтін асаудай аспанға шапшиды екен. Екі көзі оттай жанып, Максимге атылатын қасқырдай қарағанда кісінің, жүрегі мұздап сала берді.
– Макс, тамақ әкел!
– Сізден бұйрық тосып тұрмын ғой. Кәзір бәрі дайын болады. Арақ әкелейін бе?
Николай сәл мүдіріп барып:
– Әкел, әкелмегенде қайтесің?! Туған топыраққа аяқ басуға батылым жетпей жүрексініп тұрғам жоқ па, бауырым?!
– Елде отыз жыл болмасаңыз, әрине, ауыр, – дедім. – Бұнда туған-туыс бар ма еді?..
Николай үндемей отырып барып:
– Бұнда молалар ғана бар, – деді күрсініп. Бұл жерден орыстар көшіп кеткелі көп болды ғой. Бүгінгі күнгі көшпелі халық – орыс халқы. Енді не қыласыз? Келіңіз, мынаны алып қояйық.
Біз стақан соғыспастан мол құйылған арақты ішіп қойдық. Иесіз қалған молалар үшін ішкенімізді үшеуміз де біліп отырмыз.
– Дала төсінде иесіз қалған молалардан ауыр не хал бар деп ойлайсыз? Менің аталарым Қарқаралыға тұңғыш шіркеу соқтырған. Сол шіркеудің попы – иесі болған. Түрмеде сол молалар түсіме жиі енді. «Түрмеден шықсам, бабаларымның басына барам» деген уәдем бар еді. Менің жол сапарымның жалғыз сыры – осы, Роллан мырза. Жүректі сабырға жеңгізіп, сап-сап көңілім, сап көңілім деп барып қозғалармыз. Сізді қайда апарып салайық? – деді тағы да қазақшалап.
– Ертең жаңа техникалық училище ашылмақ. Соның қасында қаламын.
– Ал мен тура бабаларымның бейітінің басына тартамын, – деді. Сосын Николай ойланып отырып барып: – Корольдерге, патшаларға, хандарға ескерткішті көп орнатқан. Әділі қара жерде бірақ ескерткіш орнату керек еді. Арақтың авторына. Ал енді қозғалайық, жігіттер. Жол жүрсең қысқарады.
– Мен Сізге еріп бейітке барар едім, бірақ, Сіз ол жерде жалғыз қалып, жүрегіңіздегі қайғы-шерді оңаша айтқыңыз келеді ғой. Көп жылғы арман-күйік қой жүректегі. Сізге бөгет жасамайын, – дедім.
– Рахмет.
Ауданның ортасына келгенде мен машинадан түсіп жатып қалтамнан визиткамды алып, Николайға ұсындым. Максим екеуіне алғысымды айттым. «Енді қайтып түрмеге жоламаңыз. Бостандыққа не жетсін»? – дедім.
Николайдың сұсты жүзіне мейірім нұры ұялап, күлімсіреп қолымды қысты.
–Қашан да аман болыңыз. Құдай қаласа, жұмыр жерде әлі талай кездесерміз, – деді Николай. Визиткаға қарамастан, жан қалтасына сала салды. Визитканы менсінбейтін, бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын батыл азамат машина есігін сарт еткізіп жауып алды.
Мен бұрылып жүріп кеткенде, «тоқтаңыз» деп дауыстады.
– Русьтің темекісінен алып қалыңыз. Презент болсын, – деп жылы жымиды.
Жымиып тұрған келбеті өте жарасымды еді. Оны өзі де жақсы білетінге ұқсады.
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ
http://jasqazaq.kz/post/dala-nemese-ies%D1%96z-%D2%9Bal%D2%93-molalar