Сенбі, 23 Қараша 2024
Пікір 4036 2 пікір 10 Мамыр, 2020 сағат 15:54

Қуатты билік пен бақуатты қоғамның кілті...

Үлкен саясатта күнделікті өмірдегідей жоқтан ешнәрсе пайда болмайды. Сол сияқты әлемнің жетекші елдерінің тіршілік тезіне төтеп берудегі қауқары - алдыңғы кезеңдерде жүзеге асқан дұрыс шешімдердің жемісі. Бұл тұрғыдан алғанда біздің елде де Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінде бастауын алып, Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде жалғасын тапқан саяси дәстүрлер негізгі басымдықтар бойынша өзін ақтап шықты.

Тағдырдың қатерлі өткелдерінен аман өту - тек күшті мемлекеттердің несібесі. Биік мінбелерден де дәл осындай сипаттағы елге айналғанымыз жөн деген үндеулер жолданып жатады. Бірақ, сол күштіліктің белгілері неде? Бұл тұрғыдағы біздің Қазақстанның мүмкіндіктері қандай?

Әдетте, бұқаралық сана қуатты мемлекет дегенді бір көсемнің қабағына қарап қалған, соңынан сап түзеп ерген авторитаризмге балайды. Енді бірде көпшілік күшті мемлекетті балама пікірлерді жаныштап жалғыз ғана идеологияның құрсауына алған тоталитаризмге теңеп жатады. Адамзат тарихында мұндай мысалдар жетіп артылады: Сталин, Мао, коммунизм, чучхе т.б. Шын мәнісінде ондай жүйенің өміршеңдігі күмән тудырады. Бұған қанша жанталасса да ақыры құрып тынған Кеңес Одағының тарихы, я болмаса халқын аштық пен мешеулікке айдап тыққан Солтүстік Кореяның тәжирибесі айқын дәлел. Анығы сол - сенім емес қорқынышқа, әлеуметтің өмірін жақсарту емес үгіт-насихатқа жүгінген мемлекеттің тасы өрге домаламайды.

Екінші жағынан айтқаны жүрмейтін, дегенін орындатуға дәрменсіз жуас мемлекеттен не қайыр? Онсыз өзекті әлеуметтік мәселелердің шешімі, экономикалық өсім, адам хұқықытары қалайша қамтамассыз етілмек? Бұл жайында ойшылдардың сөзіне жүгініп көрсек. Мәселен, Жан Жак Руссо: “Тек күшті мемлекет қана өз азаматтарына шынайы азаттық бере алады”, - дегені бар. Наполеон “Халықтың басына түскен пәленің ең жаманы - биліктің осалдығы” санаған.

Либарализм, яғни еркіндікті жалау етіп көтерген ХХІ ғасырда аталған пікірлер өз құндылығын жоғалтпай, қайта жаңаша мәнге ие болып отыр. Бұл ретте америкалық танымал философ Фрэнсис  Фукуямамен келіспеуге амал жоқ: “Әлсіз, біліксіз, жалаң сөзден аса алмайтын үкімет көптеген қауіп-қатерлерге ұрындырады, әсіресе бұл дамушы елдерге ерекше өзекті мәселе”.

Демек, күшті мемлекеттің дені – ортақ мақсат пен құндылықтар аясында қоғамды жұмылдыра алушы, ол үшін қажетті рухани, саяси, заңдық, әлеуметтік алғышарттарды жасақтаушы қабілетте жатыр. Аталған міндетке жету демократиялық құралдарсыз, бірінші кезекте билік пен қоғамның өзара байланысынсыз, одан келіп туындайтын сенім мен қолдаусыз неғайбыл шаруа.

Саясат ұтымды болу үшін билікке келеңсіз сыртқы ықпалмен қатар іштен жік-жікшілдікке айдап салушыларға төтеп берерлік әл-қуат керек. Әйтпесе елдің амандығы мен дамуының ірге тасы болып саналатын тұтастық мен тұрақтылықтың жойылуы бек мүмкін. Бірақ аталған әл-қуат билік тарапынан қоғам өмірінің барлық салаларын бақылауға алынуын білдірмейді. Кейде әлгіндей асыра сүлтеушіліктер менменшілдікке, тоқырауға, одан барып дүмпуге ұрындырады.

Қарап отырса соңғы он жылдықта ғана әлемде орын алған мемлекеттік төңкерістер көбіне жаңағыдай авторитарлы қоғамдарға тән екен. Ең сорақысы - миллиондаған адам үміт артқан революциялық өзгерістер әділ де гүлденген өмірге әкелмеді. Қайта ахуал бұрынғыдан бетер нашарлады. Аумалы-төкпелі заманда билік басына көп жағдайда деструктивті, халық емес жеке басының қамын ойлаған күштер келді. Мемлекеттің ішкі былықтарын сырт күштер өздерінің арам пиғылдарында пайдаланып құлуға асықты. Нәтижесі өкінішті - Грузия мен Украина аумақтық тұтастығынан айрылды, Мысыр мен Тунис діншіл эсктремистердің өктемі мен кедейліктен көз ашар емес. Соғыс жағдайында Либия мен Сирия мүлде мемлекеттігін жоғалтып көрінгеннің жемтігіне айналды. Көріп отырғанымыздай, революция қоғамдағы түйткілдердің оңтайлы шешімі болып табылмайды. Және оның құрбанына билікпен қатар халықтың өзі айналады.

Сонымен өмірдің барлық саласын билік өз жұдырығында ұстап тұруын күштілік деп қабылдау ағаттық. Әсіресе экономикаға келгенде. Мемлекеттік басқару - нарықты алмастыра алмайды. Айналып келгенде мемлекет – әркез жаман менеджер болып шығады деген заңдылықты назарға алса ондай тәжірибенің пайдасынан гөрі зияны көп. Айтылғанға кезінде азаматтардың жеке қабілеті мен құлшынысын тұншықтырып, елдегі барлық өндіруші қуаттарды өз қолында шоғырландырған, түбінде іріп-шіріп келмеске кеткен Совет Одағы дәлел. Бір орталықтан басқарылатын экономикалық жүйенің ендігі тұсы – бюрократияның ертелі ме кеш жалпыұлттық байлықтарды жеке басының қамы үшін пайдалануы мен жауапкершіліктен жалтаруы. Бұның арты олигархия мен монополияларға алып келеді. Яғни экономика дамуы үшін билік әділ заңдар, тәуелсіз сот арқылы тең дәрежедегі бәсекелестікті кепілдеуші ғана болғаны абзал. Әлемде ондай мысалдар аз емес. Соның бірі – тиісті реттеу мен ынталандыру тетіктерін сәтті ұштастыра білген Америка Құрама Штаттары бүгінде ғаламдық экономиканың көшбасшысына айналды.

Демек, мықтылықтың бірден-бір құраушысы тұрақтылыққа нұқсан келтірмей, өзгерістерді  өркениетті түрде жүзеге асыруға келіп саяды. Бұл міндет қалың бұқара мен билігі ұйысқан елдердің еншісінде. Олай болса элиталардың қоғамнан тұйықталуы оның әлсіздігіне, ал ашықтығы – қуатының артуына алып келеді. Сайып келгенде өзіне сенімді билік қана орын алған сыни пікірлерден қаймықпайды, қайта оларға құлақ асуға дайындық танытады. Өмір болғаннан кейін қателеспейтін пенде жоқ, ал қатып қалмай жіберген қателігін мойындау және түзетуге тырысу – жеке адамның болсын немесе тұтас үкіметтің болсын ақылы мен парасаттылығын меңзейді. Сол арқылы істі насырға шаптырмай уақтылы реттеп отыруға мүмкіндік қалыптасады. Сан қилы қауіп-қатерлерге, дағдарысты жағдайларға бой алдырмай Батыс Еуропа елдері соңғы жүз жылда революция атаулыдан ада болуы айтылған тұжырымды растай түседі.

Биліктің әрбір шешімі қоғамның көңілінен шыға бермейді. Мәселен, салық жинау, түрлі шектеулерді енгізу, оларды орындамаса жауапқа тарту – осы сияқты шараларды көпшілікке ұнамаса да енгізу ортақ ойын ережелерін орнатуды, заң алдындағы кез-келген азаматтың тең болуын, әлеуметтегі теңдік пен әділдікті, жалпыға ортақ мақсатқа қол жеткізуді қамтамассыз етеді. Алайда осындай жағымсыз әрекеттерді жүргізу үшін жалғыз күшке жүгінген тағы жеткіліксіз. Ұзақ мерізмде ол үшін биліктің қоғам алдында абыройы, сөзіне сенімі болуы қажет.

Ал енді жоғарыда келтірілген талаптарға өзіміздің Қазақстан қаншалықты сәйкес деген сұраққа келсек. Рас, бұл төңіректе әттегенайлар жетіп артылады. Десе де өзімізге топырақ шашқан қайта жарамас. Ең болмағанда кезіндегі КСРО шекпенінен шыққан республикалардың жай-күйімен салғастырар болсақ, біздің деңгейіміз қай жағынан алғанда көш ілгері, мейлі ол саяси жүйе  болсын, әлеуметтік-экономикалық ахуал болсын. Тәуелсіздік жолындағы өткелдерде сүрінген шақтарымыз болған да шығар. Бірақ ең құндысы - құлап қалмай, ұпайымызды жоғалтпай, аман-есен шыққанымызды ешкім жоққа шығара алмас. Әрине, ТМД кеңістігіндегі серіктестерден алда тұрғанды қанағат тұтуға болмайды. Болашаққа ұмтылсақ, бар әл-ауқатымызды ең өркендеген елдер қатарынан табылуға жұмсағанымыз абзал. Ақылға жеңдірсек оған да жетерміз.

Алға басудың демократиямен тікелей байланыста екендігін жоғарыда сөз еттік. Міне қазір де күллі әлемде үрей жайлатқан Коронавирус кімнің неге тұратынын көрсетіп бергендей болды. Арасында бірқатар сарапшыларды мазалаған сұрақтың бірі – осындай нәубетке қарсы тұруға демократиялық па әлде авторитарлы қоғам бейімдірек бе? Келісуге болар – бір диктаторға не идеологияға бағынған елдерде шешімдер шұғыл қабылданатыны артықшылық береді, өйткені олар парламентпен не жұртшылықпен ақылдасып олардың мақұлдауын алумен басын қатырмайды. Сондағысы қатқыл шараларға басымдық беріледі. Айталық, Ресей басшылығы күдіктілердің үйлерін подъезімен қоса шынжырлап тастады, Қытай карантин кезінде жүргендері дедектетіп түрмеге апарып тықты, Үндістан көше кезгендерді таяқтың астына алды. Жекелеген жағдайларда аталған шаралар, бәлкім, оң нәтижесін берген де болар. Десе де ұзақ мерзімде қыспаққа алуға басымдық берген әлгіндей ұстаным өзін-өзі ақтамайтыны түсінікті.

Рас, пандемия кезінде демократиялық елдер де дүрбелеңге салынды. Олардың қатарында, мәселен, Италия, Испания, АҚШ сияқтылар табылды. Соған қарамастан қоғамды басыну арқылы  емес, оған істің мән-жайын түсіндіріп, келісіп барып жағдай жасаған Германия, Швейцария, Чехия сынды мемлекеттердің тәжірибесі ұтымдылығын көрсетті. Бұны аталған елдердігі пандеминяның шегінуінен ғана емес, одан жеткілікті сабақ алып қайта шыңдалып шыққанынан байқаймыз.

Үлкен саясатта күнделікті өмірдегідей жоқтан ешнәрсе пайда болмайды. Сол сияқты әлемнің жетекші елдерінің тіршілік тезіне төтеп берудегі қауқары – алдыңғы кезеңдерде жүзеге асқан  дұрыс шешімдердің жемісі. Бұл тұрғыдан алғанда біздің елде де Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінде бастауын алып, Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде жалғасын тапқан саяси дәстүрлер негізгі басымдықтар бойынша өзін ақтап шықты. Бұны Қазақстанның аумалы-төкпелі 1990 жылдардың тауқыметінен, 2008-09 бен 2014-15 жылдардың дағдарысынан аман өткені айғақтайды.

Бүгін де Коронавирус дерті қыспаққа алғанда басқалардың қатарында Қазақстанның жағдайы тәуір деп айтуға толық негіз бар. Еліміздегі аурудың таралу динамикасы соны аңғартады. Биліктің дер кезінде қабылдаған қадамдары арқасында вирустың жаппай эпидемияға айналуына тосқауыл қойылды. Бұл бағыттағы Қазақ билігінің әрекеттерін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оң бағалады. Өз кезегінде карантин салдарынан табыс көзінен айрылғандарға жәрдемақы төлеу, орын алған кемшіліктерге қарамастан, негізінен атқарылуда. Орта және шағын бизнеске, әлеуметтік жағдайы мүшкіл отбасыларға, басқа да мұқтаж орталарға көмек көрсетілуде. Ал ең бастысы – сын сағатта қоғамның өзі іштей ынтымақ танытқаны, шектеулер ауыр тисе де түсіністік білдіріп тәртіпке бағынғаны Қазақ елінінің кейде өзіміз елемейтін әлеуетін паш етті.

Кез-келген мемлекеттің қуаты оның қателік жібермеуімен емес, орын алған олқылықты түзеутуге деген жігерімен өлшенеді. Басты құндылық қолда барымызды сақтап өз күшімізге сенуде жатыр. Бұл ретте билік пен қоғам арасындағы үйлесім мен ел тағдыры үшін ортақ жауапкершілікті сезіну қашан да шешуші маңызға ие. Тиісінше осындай ұстаным орныққан сайын ол ертең, Коронавирус шегініп дағдылы өмір салтына көшкенімізде, ел болып алға басуымыздың кепілі болмақ.

Расул Жұмалы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475