И мен у-ды бүйтсек қайтеді?
Ғалымдар арасында сөзімізде кездесетін ій, ый, ұў, үў, ыў, іў тіркестерін жазуда қазіргі қолданылып жүрген ұстанымды жақтаушылар мен бұрынырақта қолданылған ұстанымға қайта оралуды ұсынушылар бар екені мәлім. Бұл мақалада біз сол ұстанымдарға шолу жасай отырып, олардан басқа үшінші бір ұстанымды назарларыңызға береміз.
Қолданымдағы ұстаным. Ол бойынша сөзімізде кездесетін ій, ый, ұў, үў тіркестері и, у әріптерімен белгіленеді. Мұның пайдасы шеттілдік сөздер түпнұсқасынша жазылады. Алайда бұлай белгілеудің кемшіліктері де аз емес. Біріншіден, мұнда бійе, сұўат деп айтылатын сөздер бие, суат деп жазылып, «сөзде екі дауысты қатар келмейді» деген заңдылығымыз бұзылады (и мен е, у мен а қатар келіп тұр). Екіншіден, бие, суат сөздері буынға би-е, су-ат деп бөлінеді, бұл «бірінші буыннан басқа буын дауыстыдан басталмайды» деген заңдылығымызға қайшы. Үшіншіден, бұл ұстанымда кейбір сөздің бірінші буынындағы и мен у-дың (мысалы, ми, шу деген сөздердегі) жуан не жіңішке оқылатыны айырылмайды.
Бұрынырақтағы ұстаным. Мұны ұсынушылар и, у әріптерін шеттілдік сөздерде ғана пайдаланып, ал төл сөздерімізде естілетін ій, ый, ұў, үў, ыў, іў дыбыс тіркестерін әріптер тіркесі түрінде жазған дұрыс деп есептейді (мысалы, бій, Қалый, сұў, гүў, барыў, келіў). Бұл жағдайда тіліміздегі заңдылықтар сақталады, алайда берілген сөздің шеттілдік не шеттілдік емесін адамның бәрі бірдей айыра алмайтындықтан оны қолдану қиынға соғады. Сондай-ақ кейбір сөздердің жазылуы тым шұбалаңқы болып кетеді.
Енді өз ұстанымымызды сөз етейік. Ол үшін алдымен кейбір ұғымдарға түсініктеме беріп аламыз.
Дауыстыға жалғас келген и мен у қандай дыбыс?
Қолданымдағы ұстаным мен бұрынырақтағы ұстанымның екеуінде де дауыстыға жалғас келген й мен у дауыссыз болып саналады. Бұл орайда й мен у-дың дауыстының алдында келгенде дауыссыз болатынына біздің де дауымыз жоқ, бірақ «дауыстыдан кейін келген й мен у дыбыстары дауыссыз болады» деген пікірмен келіспейміз. Өйткені ай, ау деген сөздерді айтып қарасақ, бұлардағы й мен у-дың кедергісіз, яғни дауыстыша дыбысталатыны байқалады (дауыссыз болса, кедергі келтірер еді). Алайда бұл й мен у буын құрамайтындықтан дауыстыға да жатпайды. Фонетикада дауысты құсап дыбысталатын, бірақ буын құрамайтын дыбысты жартыдауысты деп атайды. Демек, дауыстыдан кейін келген й мен у дауысты да, дауыссыз да емес, жартыдауысты дыбыс. Жартыдауысты сөзі дауыстының бір түрі сияқты түсінілетіндіктен оны табиғатына орай екіұдай дыбыс деп атауды ұсынамыз.
Дифтонгоид жөнінде түсінік және біздің ұстанымымыз. Бір буында тұрған дауысты мен екіұдай дыбыс тіркесінің айтылуы сол дыбыстардың біріне ұқсас болса, мұндай тіркесті дифтонгоид дейді. Бұл орайда ій, ый, ұў, үў, ыў, іў тіркестеріне көңіл аударсақ, дауысты мен екіұдай дыбыстың тіркесі екенін және ій, ый тіркестерінің дыбысталуы й-ге, ал ұў, үў, ыў, іў тіркестерінің дыбысталуы ў-ға ұқсас екенін аңғарамыз. Олай болса, бұл тіркестердің бір буында тұратындары дифтонгоидқа жатады. Мысалы, бій, сұў сөздеріндегі ій, ұў тіркестері бір буында тұр, демек дифтонгоид. Ал бійе, сұўат сөздеріндегі ій, ұў тіркестері екі буынға бөлініп кетеді (бі-йе, сұ-ўат), демек дифтонгоид емес.
Әдетте, дифтонгоидтар жалаң дауыстылар сияқты таңбаланады, ал дифтонгоид болмайтын тіркесті бір әріппен белгілеуге болмайды. Соған байланысты біз ій, ый, ұў, үў, ыў, іў тіркестерінің дифтонгоид болатындарын бір әріппен белгілеп, дифтонгоид болмайтынын тіркес түрінде жазу ұстанымын ұсынамыз.
И, у дыбыстарын таңбалау. Ұстанымымызды нақтылау үшін и мен у-дың дифтонгоид, дауыссыз және екіұдай түрлеріне таңба беріп алайық.
Ій, ый дифтонгоидтарын сәйкесінше латынның i, әріптерімен белгілейміз (Мұндағы әрпінің үстіндегі гравис таңбасы i-дің жуандатылып оқылатынын білдіреді). Сондай-ақ ұў, ыў, іў дифтонгоидтарын латынның u әрпімен белгілейміз де, жуан не жіңішке оқылатынын буын үндестігі бойынша анықтаймыз, ал бірінші буындағы 5-6 сөзде ғана кездесетін үў дифтонгоидын тіркес түрінде белгілейміз. Дауыссыздар латынның y, w әріптерімен белгіленеді. Ал екіұдай дыбысты дауыссызға ұқсастығын ескеріп, y, w әріптерімен белгілеуге (мысалы, Абай – Abay, Ақтау – Aqtaw) немесе дауыстыға ұқсастығын ескеріп, латынның i, u әріптерімен белгілеуге (мысалы, Абай – Abai, Ақтау – Aqtau) болады. Мұның біріншісі түсіндіруге жеңіл тисе, екіншісі халықаралық жазылымға сәйкес келеді. Бұл орайда қайсысын қолдану ұстанған бағытымызға қарай шешіледі.
Ұстанымның қолданылуы. Жоғарыдағы белгілеулерді пайдаланып, ұстанымымыздың әр түрлі жағдайдағы қолданылуын көрсетейік.
а) Ій дифтонгоиды i әрпімен, ал ый дифтонгоиды әрпімен белгіленеді. Мысалы, бійле – bile,
б) Ұў, ыў, іў дифтонгоидтары u әрпімен белгіленеді де, үў дифтонгоиды тіркес түрінде жазылады. Мысалы, ұўран − uran, таныў − tanu, келіў – kelu, түў – tүw не tүu.
г) Ій, ый, ұў, үў, ыў, іў тіркестерінің дифтонгоид еместері дауысты мен дауыссыздың тіркесі түрінде жазылады. Мысалы, бійе – bıye, сыйа − sыуa, сұўат – sұwat, гүўіл – gүwıl, таныўы – tanыwы, келіўі – kelıwı. (Бұл мысалдарда таңбалары белгісіз ы, ұ, ү дыбыстарын кирил әрпімен, ал і дыбысын кирилдің і-сімен шатастырмау үшін ноқатсыз ı-мен бердік.)
Қорытынды. Қолданымдағы ұстаным мен бұрынырақтағы ұстаным өкілдерінің арасындағы тартыстың басталғанына 100 жылға таяп қалғанын ескерсек, алдағы уақытта да олардың бір-бірін мойындай қоюы екіталай. Мұны орынсыз деп те айта алмаймыз, өйткені біріншілерінің сөзді барынша ықшам жазу мен шеттілдік сөздердің түпнұсқаға жақын болуы жөніндегі талаптары да, екіншілерінің сөзді дұрыс оқылатындай етіп жазу мен тіл заңдылықтарын сақтау талаптары да қисынды. Алайда олардың келіспеушілігі әліпбиімізді қабылдау мен емлемізді түзуге кедергі келтіріп отырғандықтан ортақ ұйғарымға келмей тағы болмайды. Біздіңше, мұндай тығырықтан біздің ұстанымымыз арқылы шығуға болады. Өйткені ій, ый, ұў, үў, ыў, іў тіркестері қолданымдағы ұстанымда әрдайым бір әріппен (кирилде и, у әріптері) белгіленіп, бұрынырақтағы ұстанымда тіркес түрінде жазылса, біз оларға аралық ұстаным ұстандық: бізде бұл тіркестердің бір әріппен жазылатын да, тіркес түрінде жазылатын да жағдайлары бар. Соның арқасында екі ұстанымның да талаптары біршама дәрежеде орындалады. Бұл орайда «и мен у-дың қос-қостан болуы қиындық келтіреді» дейтіндер болуы мүмкін. Бірақ мұндай қос таңбаларды ағылшын тілінде де қолдануға тура келетінін және бұған дейін кирилде де и мен й-ді қолданып келе жатқанымызды ескерсек, одан үркудің қажеті жоқ. Сондықтан ғалымдарды ұсынысымызға назар аударуға, оны талқылап, одан әрі жетілдіруге атсалысуға шақырамыз.
Ванов Қуантқан Ырзаұлы
Abai.kz