Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2602 6 пікір 12 Мамыр, 2020 сағат 17:55

Бірліктің қуаты қорғасыннан да мықты!

Өткен ғасырдың орта тұсына күндей күркіреп өткен ІІ дүние­жүзілік соғыстағы ортақ Жеңіс – ізгілікті аңсаған барша адам баласы біріксе, оны ешқандай кедергі тоқтата алмайтынын әйгілі етті. Болашақ мүддесi, адамзат тағдыры, бейбіт өмір жайы талқыға түсiп, таразы басын теңселтiп тұрған «тар жол, тайғақ кешу» шағында бұрын бір-бірін бақ байлар бақталас, ымыраға бас имес қарсылас санаған державалар аспан асты, жер үстін қара бұлттай жапқан түнек күшке, ажал сепкен тажалға қарсы бірікті, бірлесті, тұтасты. Осының арқасында алпауыт басқыншы тізе бүкті. Әлімсақтан жауыздықпен арасы бітіспеген ізгілік жаһандық деңгейде үстем түсті.

75 жыл бұрын Жеңістің шуақ шаш­қан нұрлы шапағаты барша тіршілік иесіне шаттық сыйлады. Жаһан жұрт­шылығы ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне қарамай, бір жандай қуанды. Қырғын мен қантөгісті аңсаған қанішер күш­тердің қаһары қайтқаcын, жоқ­тық жұтатқан жер-жаһан қай­та түледі, дүние жаңарды, ізгі­лік іл­гері ұмсынды. Барша ел тарих­та еш­қашан болмаған БҰҰ се­кілді алып бірлестіктің туы ас­тында бас қосты. Жаңа тәуел­сіз мемле­кет­­тердің дүниеге келуі­не жол ашы­л­ды. Демек, ІІ дүние­жүзі­лік со­ғыс­­тағы Жеңіс адамды бөлмей­тін біре­гей мереке. Бұл – жал­қының қамын жалпының мұратына жыққан ортақ құндылық. Бұл – барлығымыз ардақ тұтып, асылға балар мұра.

Ұлы Жеңісті әр ел өзінше тани­ды, әр қырын әспеттейді, таңдаға­нын, тал­ға­мына жарағанын төл тари­хына таң­балап қалдырады. Ке­ңес Одағы бұл ортақ Жеңісті жеке­ше­лендіруге тырыс­қаны бел­гілі. Салдарынан, кеңес­тік оқу­лық­тарда, әдебиет пен ғылым­да фашизм­ді коммунизм жеңгендей етіп насихатталды. Жеңісті КСРО халық­тарын біртұтас етіп, «бетон­дай цементтеуге» жан-жақты пай­да­лан­ған идеологтар оның бүкіл халықара­лық қоғамдастықты топтас­тыра алар құнды­лығын тәрк етті. Қаншама құрбан­дықпен келген Жеңіске «өзге елдердің қосқан үлесі айтуға тұрмастай мардымсыз» деген соқыр сенiм, келте түйсiк өркен жайды. Ұлы Жеңісті сом­даудағы Батыс елдерінің сү­белі үлесі, қомақты көмегі туралы ауыз ашу – бас кетiп, тiрсек қиы­латын тiрлiк болатын. Сөйтіп май­дан даласында жаумен тізе қоса, бірлесе арпалысқан держава­лар арасындағы бiрiктiрушi ықпалдар арыны күрт бәсеңсіді, жаппай бәсекелестік жер-жаһанда қайта өрбіді. Германия, Корея, жалпы дүние жүзі екіге жарылды. КСРО – қазақ жерінде, АҚШ – Невада штатында ядролық полигон құрып, ақырзаман қаруын жетілдіруге кірісті. Қаншама мем­лекеттің іргесін сөккен, қабы­р­ғасын қақыратқан қатігез соғыс бір­­ліктің жоқтығынан, ала­уыз­­дық­тың өріс алуынан, һә­кім Абай айтқан адамзаттың бә­рін бірдей бауырым деп сүйер ұлы гу­­ма­низмнің тоқырауынан туын­дағаны рас. Оны адамдар тағы ұмыт­ты. Әлемдік дер­­жавалар бақ­талас­тықтың қасаң ұс­таны­мын тiстей қат­ып ұстанбағанда, ке­йінгі заман басқаша қалыптасатын ба еді?!

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Екінші дүниежүзілік соғысты – қазақ­тың азаттық жолындағы айқасы деп мойындамайтын және ондағы Жеңістің құндылығына күмән келтіретін пікірлер жиі бас көтереді. Бұл қынжыларлық жайт. Өйткені қазақтың түлеуі де, біз­дің тәуелсіздігіміз де, ұлттық құн­дылықтарымыз да Ұлы Жеңіспен біте қайнасып жатыр. Бұл Жеңіс арманы азарға айналып, қиялы қысыр қала жаздаған қазақ хал­қының езілген ру­хын көтерді, ұй­қы­дағы ұлт санасын сер­пілтті. Тота­литарлық қысым құр­сауының жұмсаруы арқасында қоғам­дық қу тірліктің көкжиегiнен ұлттық жәдігерлер төбе көрсетiп, ортамызға қайта орала бастады. «Батырлар жыры» және басқа да ұлттық жадтан өше жаз­даған халық ауыз әдебиетінің жәді­герлері зерттеліп, қайта басылды, қазақ рухани қайнарларынан қанып ішуге мүмкіндік алды.

ІІ дүниежүзілік соғыс сансыз қазақ батырын жаһанға жарқы­ра­та әйгіледі: Б.Момышұлы, Р.Қош­­қарбаев, Т.Бигелдинов, Т.Тоқ­таров, М.Ғаб­дуллин, Н.Әб­діров, Қ.Қайсенов, Қ.Аман­жолов, Б.Бұл­қышев, С.Нұрма­ғамбетов, Ә.Шә­ріпов, Б.Бейсекбаев, С.Бай­­ма­ғам­бетов, Қ.Спатаев, Ә.Мол­дағұлова, М.Мәметова, Х.Доспанова...

398 дұшпанның көзін жойған мерген Т.Әбдіков, 287 фашисті жер жастан­дырған снайпер Ы.Сү­лей­менов, атақты Амангелді Имановтың ұлы, жантәсілім етер алдында 13 жауын жайпаған Р.Амангелдиев, қар­сыластың бірде бір танкін іл­гері жібермей, гранатасымен соңғ­ы танктің астына сүңгіген Кеңес Одағының Батыры Ә.Дос­мұхам­бетов, қазақтан шық­қан ең жас Кеңес Одағының Батыры, 18 жастағы Ж.Елеусов... Тізе бүксе, жүрекжұтқан батыр­лық үлгі­лері жетерлік. Қуантар­лығы, қаһар­ман­дарымыздың көбі майдан даласында қалған жоқ, елге оралып өскелең ұрпаққа ұлағат берді, ержүрек жас­тарды баулыды. Қазақтың ерлік дәс­түрі осылай жалғасын тапты. Же­ңімпаз аға буынның қаһар­ман істеріне қаныққан, арынды айбарынан шабыттанған жас ұрпақ 1986 жылдың ызғарлы жел­тоқ­санында алаң­ға шықты, тең­дік пен елдікті ақы­рып талап етті, тоталитаризмнің қабыр­ғ­асын қа­қыратты. Ырду-дырдуы түге­сiл­мес тiрлiктiң жетегiнде жүріп, жеңіс­тің осы қырын елеусіз қалдырып, ол жа­йында көп сөз қозғай бермейміз.

Тарихшы ғалымдар байламын­ша, жаһандық майдандағы Жеңіс бір­неше кезеңнен құралған. Бұл ретте Кеңес кезеңінде Мәскеу, Ста­лин­град, Ленин­град үшін шай­қас­­тардың жеңіс жо­лын­дағы үл­кен бетбұрыс болғанына екпін түсі­­рілетін де, одақтастардың жетіс­тіктері еленбейтін. Сол әлемдік соғыстағы антигитлерлік коалиция елдері алған асулардың айтулысы – Нормандия жағалауына әскер түсірудің стратегиялық опе­рациясы. Тарихта Норманд не­месе Оверлорд операция­сы де­ген атпен қалған осы шайқас 1944 жыл­дың 6 маусымының таң аза­­нында басталып, 25 тамы­зы­нда аяқ­талды. Негізінен, Ұлы­бри­тания, Канад­а, АҚШ әскер­лерінен тұратын, соны­мен қатар Аустра­лия, Бельгия, Чехия, Гол­ландия, Франция, Грекия, Жаңа Зелан­дия, Норвегия, Родезия (қазір Зим­бабве), Польша әскери маман­­да­ры мен жауынгерлері де жұ­мыл­дырыл­ған Нормандия шай­қасы «әлем тари­хындағы ең ірі де­сант­тық операция» болып есепте­леді: 3 млн-дай қалың қол Анг­лиядан Францияға қарай Ла-Манш бұғазын кесіп өтіп, ұрыс салды.

Кеңес әскерлері қатыспаған­дық­­тан осы ұлы жорық КСРО-дағы тарих оқу­лықтарынан орын ала алмады. Бірақ тәуелсіз Қазақ­стан­ның жеткіншектері ортақ Жеңіс­тің ұстынын нығайтқан осы ұлы оқиғаны біле жүргені аб­зал. Ел­­ба­сының «Ұлы тарих кемел к­еле­шекке жетелейді» деп айт­­қаны бар. Оверлорд операциясы­нан соң одақтастар Парижді азат етіп, француз-герман шекарасына бет алды. 1944 жылдың күзін­де олар Германияның батыс шек­ара­­сына аяқ басты. Вермахт Ба­тыс Еуропадағы барлық дерлік бекініс­терінен айырылды. Артынша 1944 жылғы желтоқсан – 1945 жылғы қаңтар айларында жүрген Арден операциясы, одан кейінгі Эльзас-Лотарингия, Кольмар және Маас-Рейн операциялары да неміс дивизияларын күйретті.

Тағы бір кезең: 1945 жылдың 25 сәуірінде Кеңес Одағы мен Америка солдат­тарының тарихи кездесуі болды, олар Эльба өзені арқылы өте­тін көпірде алғаш рет қол алыс­ты. Осы жүз­десу гитлершілер же­ңі­­лісінің жар­шысына айналды. «Эльба рухы – елдеріміздің қай­шы­лықтарды кері ысырып, ортақ мақ­саттар үшін сенімге ден қойып, ынтымақтаса алатынының жарқын үлгісі болды», – делінген АҚШ пен Ресей президенттерінің 2020 жыл­ғы 25 сәуірдегі бірлескен мәлім­демесінде.

Адам атаулыға қасірет әкелген гитлершілердің жаһанды жаулап алу жоспарына нүкте қойған тарихи оқиға – Берлин операциясы екені сөз­сіз. Ұлы даланың қайсар ұланы Рақым­жан Қош­қарбаев 19 жастағы серігі Гри­горий Булатовпен бірге оқ пен бомба нөсерлете жауған көшелер мен алаңды жүріп өтіп, 30 сәуір күні кешкі 18 са­ғат 30 минутта Рейхстагтың қасбет-фрон­тонына Жеңістің қызыл туын ілді. Бұл фашизмнің Жер ғаламшарында үстемдік етуіне еш мүмкіндігі қал­мағанының символына айналып, бар­лық одақтастың жауынгерлерін рух­тандырды. Бір ғажабы, осынау тарихи оқиғаны дүние жүзі­не бірінші болып Америка хабар­лаған: The New York Times жетек­ші басылымы 1945 жылғы 30 сәуір күні қатталып, 1 мамырда тара­­ған санында «Рейхстагта Кеңес туы желбіреп тұр!» деген сен­са­циялық жаңа­лықты жария етті. Мақала: «Кеше Кеңес әскер­лері Берлинді басып алып, Рейхс­тагқа өз қызыл туын тікті» деген сөйлеммен түйінделеді. 1 мамырда, яғни Үшінші рейхтың бұл «ұясы» тазартылғаннан кейін ғи­марат­тың әр тұсында 20 шақты ту пайда болды. Бірақ тұңғыштың аты тұңғыш. Әйтсе де Кеңес Одағының басшылығы қаһармандарды мара­паттауға асықпады. Тек 2 мамыр­да Рейхстаг төбесіне ту көтеру салтанатын өткізу үшін әс­кери бөлімдердің өкілдері Кан­тария мен Егоров таңдап алынады. Кеңес Одағының Батыры атағы да соларға берілді. Ал нағыз батырлардың ерлігі еленбей қалды.

Жуырда 2020 жылдың мамыр айы басында Ресей Қорғаныс министрлігі Берлинге шабуылдың соңғы күндеріне және Рейхстаг­ты алуға қатысты біраз құжаттың құпия­лылығын жойып, жариялады. Цифрландырылған тарихи құжат­тар ведомствоның ресми сайтын­да орналастырылды. Олардың арасында Сталинге бағыттал­ған маршал Коневтің Берлиннің берілгені және маршал Жуковтың Рейхстагтың Кеңес әскерлері қо­лы­на көшкені туралы баяндамалары бар. Бірақ онда қазақтың хас батыры Р.Қошқарбаев жайын­да бір ауыз сөз жоқ. Шынында, оның Булатовпен бірге Рейхстагқа ең алғаш болып ту тiккенiн бәрi де бiлген: Сталин де, Бас штаб та, май­дандағы сардарлар да. Се­бебі, Р.Қошқарбаев өзіне жүкт­ел­­ген тапсырманы мүлтіксіз орын­­да­ғаны анықтала салысымен, пол­ков­ник Е.Саркисов ерлік жаса­­ған­­дардың аты-жөнiн, оның қай ди­ви­зиядан, полктан, ротадан, тіп­ті қан­дай взводтан екенiн мар­­шал Г.Жуковқа тәптіштей мәлiм­дейдi. Маршал Жуков iле-шала Ста­линмен байланысқа шы­ғады. Ақыры немен тынғаны мәлім.

Қазақ батырының ержүрек ісін немістердің өзі мойындады. 1967 жылы Германиядан Қазақстанға ресми делегация келіп, Рақымжан Қошқарбаевты іздейді. Ол кезде батыр Алматының шеткі аудан­дары­ның бірінде қарапайым жұ­мыс істеп жүреді. Бұл жағдайға таң қалған шетелдік меймандар Қош­қарбаев фашистер соғысын тоқтатқан тұлғаның бірі ретінде мойын­далғанын, тіпті Гер­мания­ның көптеген кәсіпорнында оған арналған бұрыш ашылғанын хабарлайды. Мұны естіген біздің бас­шылар дереу Рақымжанға құр­мет-қошемет көрсетіп, жаңадан са­лынған сәулетті, салтанатты стра­тегиялық нысан – зәулім «Алматы» қонақ үйінің директоры лауа­­зымын ұсынады.

Осы маңызды деректі есте қал­дыру мақ­сатында мен Ауған соғысы ардагер­лерінің атынан «Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығына орай «Алматы» қонақ үйінде Рақым­жан Қошқарбаевтың мемо­риал­дық тақтасын орнату» туралы бастама көтеріп, хат жаздым. Өйткені даңқты қазақ батыры 1967 жылдан бастап, 20 жылдан астам уақыт бойы сонда директор қызметін атқарды. Ақыры Qazaqstan Ardagerleri қауым­дас­тығының және Ұлы Отан соғысы ар­дагерлері кеңесінің ық­пал етуі­мен 2015 жылдың мамы­рында ны­сан­ның қасбетінде Р.Қош­қар­баев­қа арналған мемориалды тақта салтанатты түрде ашылды. Біз мұны «шетелден келген қонақтар қазақтың қас батырын танысын!» деген ниетпен де жасадық.

Ақырғы кезең: 1945 жылдың 2 қыр­күйегі – сол кезде болған 73 мем­лекеттің 62-сі немесе Жер тұрғындарының 80%-ы қатысқан ІІ дүниежүзілік соғыс­тың ақырғы аккордына айналды. Азия, Еуропа, Африка континенттерін және барлық мұхитты қамтыған ұрыс қимыл­дары толық доғарылды. Бүкіл әлем дәл осы күнді атап өтеді. Себебі 1945-тің мамырында гитлерлік Германия тал­қан­далғанымен, жер-жаһанның әр бұры­шында соғыс қоңыр күзге дейін жалғас­қаны белгілі.

Қазақстан ескі кеңестік идео­логия салқынымен осы датаны сол бойы елеусіз қалдырып келеді.

Ардагерлерге 9 мамырда құр­мет-көшемет көрсетумен шектелмей, 2 қыркүйекте де ұлықтау шараларын қолға алған жөн. Оның үстіне соның негізі де қаланып отыр. Жаһандық пандемия салдарынан 9 мамырға жоспарланған Жеңістің салтанатты шаралары өтпей қал­ды. Коронавируспен күрес­те адам­зат жеңіске жетсе, осы салтанат­ты рәсім­дерді биыл­­ғы 2 қыркүйекте ұйым­дас­тыру­ға болады. Демек, Ұлы Жеңіс­ті мере­­­ке­леу тарихының жаңа беті ашы­­­лады. Біріншіден, бұл фа­­шис­­­­тік Гер­манияға ғана емес, им­­пе­­риа­­листік Жапонияға қарсы май­­­­данға қатысқан қазақстан­дық­тар­­­дың ерлігін ескеруге жол ашып, әділдікті қалпына келтірер еді. Екін­шіден, көп бағдарлы сая­сат ұс­танатын Қазақстан халқы жеңіс­ке жету жолында АҚШ, Ұлы­­британия және басқа да одақ­тас­тар көрсеткен зор көмектен ха­бар­дар болғаны дұрыс. 1941 жыл­дан бастап ленд-лиз аясында же­т­кізілген заманауи ұшақтар, озық әскери техника, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеңіске жетуге айтар­лықтай ықпал етті. Мәселен, 1941 жылғы қазанда Одақтың «жүрегі» – Мәскеуді қорғауға бұй­рық алған 3 майдан әскеріне жалпы саны 568 ұшақ беріледі, оның 389-ынан басқасы ақаулы және бұзылған болып шығады. Дәл осы кезде, 1941 жыл­дың қазан-желтоқсанында Анг­лиядан КСРО-ға 669 ұшақ, 487 танк келген. Ал АҚШ мұхит арқылы 1942 жылдың 30 маусымына дейін 545 ұшақ пен 783 танк жеткізді. Бұдан бөлек, тек «Алсиб» (Аляска-Сібір) бағыты бойынша 7925 ұшақ әуе жолымен жіберілді. Ұлы­британия 1941–1945 жылдары КСРО-ға миллиард фунтқа баға­лан­­ған 4 млн тонна әскери жүк, тамақ және дәрі-дәрмекті те­гін берді. Америка көмегі 9,4 мл­рд доллардан асты, оның 41,15%-ы – әскери техника, қару-жа­рақ. Бүгінде Ресей зерттеушілері де Кеңес заманында мән-маңызы қаса­­қана төмендетілген одақтастар көме­гін қайта зерделеп, шындықты ашуда.

Дамыған елдер сапына ұмтыл­ған еліміз ТМД көлемімен шектел­мей, дүние жүзіндегі достарымен ортақ жеңіс-жетістіктерінің тарихын да тануы қажет. Мұның бәрін таным кеңiстiгiндегi ақтаңдақтың орнын толтыру үшін айтып отыр­мыз. Кешегі тарихтың сын кезе­ңінде әлемдік қоғамдастық ортақ жауға қарсы жұдырықтай жұмыла білді. Ендеше болашақ қауіп-қатерлер алдында да баршамыз бас біріктіре аларымыз сөзсіз.

Ортақ Жеңісті ұлықтау арқылы біз жеңімпаз ата-бабамыз­дан ми­расқа қалған ізгі құнды­лық­тар­дың келешекте жалғасуына жол ашамыз. Алдағы бел астында бей­таныс ұрпақ тұр. Оған Ұлы Жеңіс­тің адамзатты араздастырмай ағайындастыратын, таластыр­май табыстыратын ұлы құнды­лы­ғын табыстап үлгеруіміз керек. Батырлардың ерлік жолын, өнегелі өмірін жас ұрпақ санасына берік ұялатуға, соған баулуға тиіспіз.

Тәуелсіз елімізде тәуелсіз сана қалып­­тастырудамыз. Азат ел есе­бінде бұл істе де бөг­деге бо­дан болмай, сондай-ақ серік­тес­тері­мізбен сыйластығы­мыз­ды да сақтай отырып, Жеңісті мерекелеудің ұлттық рәміз-нышандарын түзе беруіміз қажет. Қоғам осыны талап етіп отыр. Қазақ елі үшін Жеңістің бір символы «Георгиевская лента» немесе «Ажалсыз полк» шеруі емес. Біздің өз жолағы­мыз, өз жолымыз бар. Мемлекеттегі әр мейрамның мазмұны қазақы ұғымға сай болуы тиіс. Бұл – Құран бағыштап, әруақтарды еске алар күн. Осы істе азаматтық қоғаммен санаса, заманмен жараса білгеніміз маңызды. Бұл іргелі елдермен тереземіз тең болуы үшін керек.

Жанқиярлық ерлік, азаматтық өрлік, тынымсыз еңбек, адалдық­тан нәр алған отаншылдық өзара үй­­лесім тауып, құрыштай тұтас­қан­­­да ғаламат күш-қуаты бар ұлы­­лық тудырады. Ол ұлылық – Жеңіс. Жеңіс күні құтты болсын, ағайын!

Бақытбек Смағұл,

Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы.

Дереккөзі: Еgemen.kz

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5517