Жексенбі, 24 Қараша 2024
Тарих 8120 0 пікір 18 Мамыр, 2020 сағат 12:52

Қара Оспан және Дариға қыз аңызы

(Қара Оспанның темір ноқтадан босап шығуы) 

Әуелі Қара Оспан деген кім дегенге келейік. Себебі көп адамдар Оспан батырды Қара Оспан деп жүр. Өр Алтайда үш оспан болған. Олар – төре Оспан, қара Оспан, батыр Оспан. Қара Оспан деуі, төре емес, қарадан шыққан Оспан дегенге қаратылған.

Оспан Бейсенбіұлы (1825-1916) әкесі Бейсенбі Алтай бетіндегі Дөненбайұлы төрт бидің бірі ғана емес, айтулы күйші болған. 1872 жылы әкесі қайтыс болған соң, Оспан орнына отырып 44 жыл ел билеген.

Қара Оспан хақында тарихшы Асқар Татанайұлы былай дейді: «Оспан Бейсенбіұлы, Мәми Жұртбайұлы, Байбақ Топанұлы, Өміртай Нашынұлы қатарлы Алтайдың білікті билері Қасымханды елде қалдырып, өздері Ши амбының алдына барады. Бұл төртеуінің ішінде алған бетінен қайтпайтын мықтысы, ержүрек, батыры Оспан екен. Бала күнінен әкесі Бейсенбінің әділ билігін көріп өскен Оспан халықшыл екен. Зор денелі, үлкен өткір көзді, алған бетінен қайтпайтын жүректі болғандықтан жұрт оны «батыр» деп те атапты. «Қара Оспан деп аталуына келсек, Закария төренің әкесі Оспанмен қатар өскендіктен қарадан шығып хан болған деген сөзден «Қара Оспан» атанып кеткен көрінеді. Көп жасап, билік басында ұзақ отырғандықтан және халқы үшін отқа күйіп, суға түсіп әділ билік жүргізгендіктен билер оны «аға» деп атапты». (А.Татанайұлы «Тарихи дерек, келелі кеңес» Шынжаң халық баспасы, Үрімжі, 1987 жыл. 127-128 беттер).

1882 жылы (кей деректе 1888 жылы) Ман-Чиң өкіметінің әмірі бойынша, Тарбағатайдың Кеп амбысы Шәуешек қалашығының сыртын қоршап Жамбыл (қорған) салдыру үшін Алтай қазақтарынан 500 жігіт және көптеген мал беруді бұйырады.

Бұған қарсы шыққан Қара Оспан: «Алтай елі Еженмен келісіп сары ноқтаның салығын беретін болғанда, тек мал арқылы салық тапсыратын болып келіскен, адамнан алман аламыз деген сөз ешқашан айтылмаған. Мал берсек береміз, адамнан алман бере алмаймыз!» деп қасарысады.

Алтайдағы елбасшыларына бас болып, бұған көнбеген Оспан Бейсенбіұлы Шәуешекте түрмеге қамалып, басына темір ноқта салынып, көше аралатылып масқараланады. Үш жыл Ши амбының қамауында отырады. Сонда да айтқанынан қайтпайды.

Оның қамақта отырғанда арттаығ ел-жұртына жазған өлеңі де ауыздан-ауызға тарайды. Онда мынадай жолдар бар:

Жегені Кеп амбының қауын-қарбыз,

Сұралған Шерік үшін Ошың жалғыз.

Заманым әлде қалай болады деп,

Еліме ақ қағазбен айтқан арыз.

 

Қыс өтті Кеп амбымсен таласуда,

Хат жаздым көкек-мамыр арасында.

Дос-жаран, құдандалы, туыс-туған,

Сәлемім ел қазақтың баласына!...

Хат ел ішіне жеткесін, халық дүмпуі мен арыз-шағымы арқылы Оспан қамақтан босап шығады. Сонда да адам алымын бермей, мал салығын беретін болады.

Елін, жерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ұсауда Оспанның бұдан басқа да ерлііг көп.

1904 жылы Алтай билеушісі Чи Чыңсай алман-салықты көбейтпекші болғанда, Оспан оған да қарсы шығып, салықты күшінен қалдыртады. Оспан 1916 жылы қайтыс болып оның мұрагерлері Түркістан Қасенұлы (1916-1919), Кәкен Қасенұлы (1919-1940), Дутып Кәкенұлы (1940-1947), Ашыран Кәкенұлы (1947-1949) тәйжі болып билік жалғады.

Қара Оспан Алтай бетінде аңызға айналған адам. Оны жоғары бағалаушылар желкесінен құймышағына дейін түсіп тұратын құлынның жалындай жалы бар екен деседі.

Шәуешек жамбылынының салынуы мен Қара оспанға қатысты ел ішіне тараған әңгіме өте көп. Сондай аңыздың бірі былай деп шертіледі:

Тарбағатайдың жамбылын салғанда Тарбағатай губернаторы хат жазып, керейден көмек сұрапты. Керей билері Мәми мен Қара Оспан ақылдасып, Тарбағатайдан бөлініп шығуды ойлап, Қара Оспан: «керейден жәрдем  бергізбеймін» деп, Мәми «жәрдемдесейік» деп, сонымен керей екіге бөлініп, «әлі бірлікке келе алмай жатырмыз» деп хабар беріп, жұмысты әдейі кейінгіге соза беріпті. Осыдан барып Алтай керейлері мен Тарбағатай ұлықтары арасындағы дүлдараздық ұлғая түсіпті. Сонда би әрі шешен Жәке:

– Мәми кетсе керейден ақыл кетеді, Оспан кетсе Керейден айбар кетеді, – деп баға берген екен деседі.

«Керейден Мәми кетсе  ақыл кетеді, Қара Оспан кетсе айбар кетеді» деген сөз Алтай елінің мәтеліне айналған.

Бір жолғы бір жиында біреу Бықыш шешеннен:

– Керейдің төрт биі малды қалай алады? – деп сұрапты деседі. Сонда Бықыш:

Мәми айғайламай, құрайлап алады;

Өміртай ұрыша қуып, қасқырша жырып алады;

Қара Оспан ақырып жіберіп апшыңды қуырып, артынан куәй-куәйлап алады.

Жақып жоныңды басып, күліңді шашып алады, – деген екен дейді.

Енді бір аңыздар бойынша жоғарыдағы «Жәке айтыпты» дейтін сөзді Бықышқа телитіндер де бар. Онда былай делінеді:

Керейдің төрт биі туралы Бықыш:

Оспан кетсе керейден айдын кетеді,

Мәми кетсе ақыл кетеді.

Жақып бір жағы ұрлығымен, бір жағы зорлығымен алады.

Өміртай басында былқылдатады, аяғында артыңды тырқылдатады, – дейді екен деседі. Мұндағы «мал алу» дегені сол кездегі билердің халықтан алатын алман-салығын меңзейді.

Қара Оспан «Шәуешек жамбылына адам алман бермеймін» деп темір ноқта кигіздіріліп, үйіне қайтып келгеннен кейін ел адамдары түгел амандаса барады. Қазыбек Лақ би бастатқан бір топ адам отырғанда, олардың үстіне тағы да бірнеше адам келеді. Сонда аю терісінің үстінде құс жастықта шалқалап жатқан Қара Оспан: «Ой, Лақай, мына келгендерің кім?» – дейді басын көтерместен.  Басын көтермегені, бір жағынан, темір ноқта кидірілгеніне қорлануы болса, енді бір жағынан, керейдің бетке ұстар адамдарына «мені құтқарып алмадыңдар» дейтін ішкі өкпе-назы болса керек.

Сонда Лақ:

– Е, сізге аманға келіп отырған мына бес Шақабайдың адамдары ғой, –  дейді. Қара Оспан:

– Е, онда кімің бар екен? – дейді тағы.

Лақ:

– Е, онда кімің бар екен дейсің ғой,

Сонау өрде Бұлғын мен Майқантаста

Көлбай менен Тары бар.

Онан бері құлдасаң,

Қаратүңке Дүреде

Байпақ пенен Сары бар.

Одан бері құлдасаң,

Бурылтоғай, Бітеуіргеде

Үрістем мен Мәми бар.

Одан бері құлдасаң,

Есағасы қазыбекті қоспасаң

Бес Шақабай – бәрі бар.

Бас жағың Жуантерек,

Аяқ жағың Ақтүбек.

Құнан шабыс жердегі,

Аз ғана Жәдігіңмен,

Оған сүйеніп шіренгеніңмен,

Жаңағы Бықаң айтқан нақыл емес пе?

Айдынның тұрағы ақыл емес пе?

Сенің күш-қуатың керей емес пе?

Оған сүйену мерей емес пе?

Осы күш-қуаттан айдынып,

Айдар қойған қытай емес пе?

Асып кетсең басыңда қытайдың айдары бар шығар.

Айдар қойғызған керейдің айбары бар шығар.

Көсілген аяғыңды тартып, айдарлы басыңды көтер.

Мына абақ керей ел-жұртыңмен амандас! – деген екен. Сонда Қара Оспан:

– Керей, сен үшін басымды бәй тіктім емес пе?  Айдыныңнан, айбыныңнан, айбарыңнан айналдым, керей! – деп басын көтерген екен деседі.

Қара Оспанға жасалып жатқан аман-сәлемнің ендігі бір кезегінде оған  амандасуға ботақара Төлебай ақын барады. Амандықтан кейінгі әңгіменің бір әредігінде Қара Оспан Төлебайға:

– Төке, мынау Тарбағатайдан әкелген қыным еді, – деп қынын көрсетіп мақтанса керек. Сонда Төкең:

Қыныңның сырты қызыл, іші аппақ,

Жонды екен қандай шебер мұны баптап.

Қара қазан, сары бала тілеуінде,

Келдің бе аман-есен құдай сақтап?! – деген екен.

Ел ішінде бұдан басқа да аңыз-әңгіме өте көп. Соның бәрінен Оспан Бейсенбіұлының жауласса жаулыққа шыдайтын, сөйлесе сөзбен балталасатын, әзіл-қалжыңды да әлінше бағалай білетін дала ұлының ожар, ер мінезді, дарқан болмысы көрініп отырады.

Қара Оспан хақында А.Татанайұлының «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабында, М.Разданұлының «Алтайдың ақ иықтары» романында, Буыршын ауданының ауыз әдебиеті топтамалары мен тарихи материалдар жинағында, Жәдік руының шежірелік кітаптарында көптеген деректер қамтылған.

Оспанға қатысты ендігі бір хикая оның қызы Дариғаның Қобда бетіне Сүгірбай ауылына ұзатылуы хақында болады.

Дариғаның көрісі

1910 жылдары Алтайдағы Қара Оспанның үлкен қызы Дариғаны Сүгірбайдың үйіне ұзатқандағы болған оқиға. Қара Оспан қартайғанда мініп жүрейін деп елу қойға бір қара жорға ат сатып алыпты. Бұл хабарды Қобдадағы Сүгірбай естіпті. Сол кезде Қара Оспан мен Сүгірбай құда екен. Сүгірбай келін түсіретін болғанда қара жорға атты сұрапты. Бірақ ауыл-аймақ болып «Ошың мініп жүрген бір атты қайтеді? Өкпе қылмас» деп, сол үшін қызға он бес жорға мінгізіп, он бас түйе артқызып беріпті. Алтайдан ұзатқан қыз Қобдаға асып, «Жыланды» деген жерге барғанда біреу: «келін келе жатыр» деп, Сүгірбайдан сүйінші сұрап барыпты. Сүгірбай сонда он бес адам алдынан шығарыпты:

– Қара жорғаны мінгізбеген болса, Оспанның қатынын сол жерден ауылға келтірмей қайтарыңдар, – депті.

Бұйрық бойынша барғандар құдалардың ақыл-есін алып, сөзбен қағып, жорғаларды жамандап, түйелерін жақтырмай, «бір түйенің көзі соқыр екен» деп ілмелегенде Дариға қыз:

– Әй, малдың соқыры тұрмақ адамның соқырында малданып отырсыңдар ғой, – деп Сүгірбайды меңзепті. Сүгірбай бір көзіне ақ тоқтап қалған кісі екен.

Сонымен Оспанның бәйбішесін сол жерден үйіне қайтарыпты.

Сонда Дариғаның жол ортадан Алтайға қайтқан шешесімен көріскені:

Шатыр тіктім қазықты-ай,

Әйе апам берген азықты-ай.

Алдан шерік тосатын,

Болдыңыз неден жазықты-ай.

Он тоғыз түйе артқаным,

Жібектен арқан тартқаным.

Алыстан шаршап Әйе апам,

Жол үстінен қайтқаның!

Тайпалтып міндім сұр жорға,

Мібейді болса кім жорға.

Жөн білмеске кез болған,

Амалым бар ма қу сорға?!

Шапан бір кидім айшықтай,

Былтырғы құлын тайшықты-ай.

Жыландыға келгенде.

Сүгірбай деген жау шықты-ай!

Кішкене ұршық қорғасын,

Қорғасын алтын болмасын.

Апамды жолдан қайтартқан,

Сүгірбай соқыр оңбасын!

Келген жерім Қобда еді,

Мінгенім он бес жорға еді.

Осындай қорлық көретін,

Әйе апам неден сорлы еді.

Желбіреп ноқа желегім,

Көшкен елден келемін.

Адамсынған ал кеуде,

Осы ма бар өнерің.

Жасауыл, жарақ сайлаттың,

Сауыт, семсер байлаттың.

Ел-жұртыңа дақ қояр,

Қатынға қылған қайратың.

Көктемес шалғын қамыссыз,

Айтылмас көріс дабыссыз.

Жалғыз тайға ар сатқан

Сүгірбай неткен намыссыз.

Шапан бір кидім жағалап,

Жорға бір міндім тағалап.

Бір тай үшін бергенді,

Он бес жорға бағалап.

Көнбестен әке, сөзіңе,

Қарсылық қылды-ау өзіңе.

Жемеңгер екен Сүгірбай,

Топырақ кірсін көзіңе!

Беруші-ең әке, батаңды,

Кешіре көр қатамды.

Қайтардық жолдан амал жоқ,

Шаршап келген апамды.

Әкемнің аты Оспанды-ай,

Бәйгеге жүйрік қосқанды-ай.

Не жазғаны бар еді,

Алдынан шерік тосқандай?

Ағамның аты Батталды-ай,

Толықсып топқа аттанды-ай.

Судан қарсы шыққаны-ай,

Аталы жауын тапқандай.

Қобданың бойы керуен,

Алтайда құрдым серуен.

Ат айланғыс керейден,

Қандай жерге беріп ең?

Емегейті жайлауын,

Жағалап бие байлауын.

Алдынан шерік тартқызып,

Артынан дауын сайлауын.

Жыланды – Күйтен жер екен,

Саңырау бақат ел екен.

Келіспеген іс істеп,

Керейге несін дер екен?

Әкемнің едім баласы,

Көзінің ақ пен қарасы.

Алыс болды амал не,

Екі ауылдың арасы.

Ат жарайды кермеден,

Ер жақсысы елменен.

Ел билеген адамнан

Есірік мұндай көрмегем.

Сүгірбай кәрі қақпасым,

Құдайым сенен сақтасын.

Сыйламадың болмаса,

Әйемнің жасын, ақ шашын.

Айтқаныңды, Әйе, бұрмайын.

Әдепсіздік қылмайын.

Астамнан қорлық көргенде

Аянып та тұрмайын.

Қанастай шалқар көлім-ай,

Жағалай жатқан елім-ай.

Көрмеген қорлық көрсетті-ау,

Сүгірбайдың шерігі-ай!

Әйем, енді аман бол,

Амандық берсін ұзақ жол.

Аты бар әкем алашқа,

Дойырға мұндай болмас қор.

Жүк арттым түйе кілемдей,

Өседі жылқы күреңдей.

Ойлап па едің Әйе-апам,

Осындай болып жүрем деп?

Әйе-апам едің аяулы,

Асықпай жүрген баяулы.

Қадірді білмес тексізден

Көңілің кетті-ау қаяулы!

Көрермін қанша кеселді,

Жібермеспін есемді.

Айырылар жерім болса осы,

Аман бол Әйем, қош енді!

Келесі жыл уағында ағасы Баттал артынан амандаса келіпті. Дариғаның сондағы көрісі:

Аман ба, аға, аман ба?

Көп ойлап көңілім алаңда.

Шағайын көрген қорлықты.

Келген соң ағай аманға.

Алыстан аға келдіңіз,

Аман ба түгел еліңіз.

Қарайып алда отыр ғой.

Ат байлар болған белгіңіз.

Асқар белдей аға екем,

Бауырға аға бақ екен.

Былтырғы көрген қорлықты

Өзіңе аға зар етем.

Әйе апам еді-ау, аяулым,

Шықпайды шаңы жаяудың.

Ұмытылар күні болар ма,

Жүрекке түскен қаяудың?

Айтайын мұңымды ағаға,

Ат сүйенер тағаға.

Алдымнан шерік ойрандап,

Келгендей болды далаға.

Әйе апам қайтты қасымнан,

Көрмеген ісім жасымнан.

Қайырды келіп көп шерік,

«Перденке», «перен» асынған.

Осындай жосын көріп пе ең,

Сұмпайы жерге беріп пе ең.

Кемпір-кешек, балаға,

Құралды шықты шерікпен.

Топты шерік ат қойды,

Құйылып беттен лап қойды.

Келген көшке күш қылып,

Көңілге қаяу сап қойды.

Әйе апам мінген сұр жорға,

Шыққан екен сұм жолға.

Шерікпен зорлап қайтарды.

Амалым бар ма қу сорға?!

Алыстан аға келдің бе?

Аяңдамай желдің бе?

Ат айланғыс керейден

Осындай жерге бердің бе?

Асылдың едің сынығы

Ардақты жанның ұрығы.

Сүгірбайдың елірген,

Неткен жаман қылығы.

Ағаны бауыр сағынды,

Айтайын аға шағымды.

Жол үстінен қайтарып,

Әйе апам сонша нағылды?

Айдадың жылқы адырдан,

Аға екем едің қадірден.

Өткенге істі ойласам,

Сөгіледі-ау қабырғам.

Шағайын, аға, мұңымды,

Демеңіз қалай мұнымды.

Қорғап қалған көп малын,

Сүгірбай неткен жырынды.

Есіктің алды жарма еді,

Айналар жерім тар ма еді.

Береріне осының

Әйе апам менің зар ма еді?!

Өткен іс болды арманда,

Таусылмас арман жалғанда.

Қандай күйде болдыңдар,

Әйе апам қайтып барғанда?

Үйінде әкем бар ма еді,

Ойлады-ау шіркін әр нені,

Хан артынан жұдырық.

Кемпірге келді-ау дәрмені.

Атанып Қобда арғы бет,

Көрсеткендей сый-құрмет.

Қасымда сонда болсаңыз,

Болар ед не керемет.

Сағындым, аға, көргенше,

Артымнан іздеп келгенше.

Көңілімнен қайтіп кетеді,

Осындай қорлық өлгенше.

Құндызды бөрік басымда,

Толықсып келген жасымда.

Сүгірбайға теңемен

Тұқымым түгел асылда.

Жыланды деген жер екен,

Жағалай қонған ел екен.

Бір тайға сонша долданып,

Әкеме несін дер екен.

Ұшырдың қыран сонарда,

Айланып қолға қонар ма?

Осы көрген қорлығым,

Тіріде ұмыт болар ма?

Әуеден ұшар бұлдырық,

Қоғадан шығар уылдырық.

Зорлықпен жолдан қайтарды,

Әйемнің сағын сындырып.

Шапан бір кидім түймелеп,

Пәуеске шектім күймелеп.

Әйе апамның алдынан,

Құзғындай шықты үймелеп.

Ат ұстадым кермелеп,

Домбыра шерттім пернелеп.

Осындайға кез болдық,

Жыланды деген жерге кеп.

Кілемді жасау жайнаттым,

Самауыр, шәугім қайнаттым.

Іздеп барып алдымен,

Ауылына ат ойнаттым.

Ашумен болған шайқасым,

Ақылын өзің айтасың.

Көрмей-ақ оның кеспірін,

Өз үйімнен қайтасың!

Ашпаңыз оның есігін,

Тигізіп бекер кесірін.

Аяғына бас ұрма

Ардақты туған есілім!

Жылқы ішінде құлын-тай,

Ақылға болар білім сай.

Арыстанның қасында,

Жата алмайсың көңілің жай.

Түлкі алмайтын қыран бар,

Құйрығы шолақ құлан бар.

Жай жарасып жатарлық,

Қай келіскен құдаң бар?

Әуеден ұшар кез құйрық,

Кезекті жерде сөз жүйрік.

Егілмей аға, атқа мін,

Осылай болған бір бұйрық!

Дариғаға байланысты қытай және моңғолия жағында әр түрлі деректер сақталған. Екі ел жағында жарияланған көрістің кейбір жолдары да ұқсамайды. Айталық, Шынжаң жағында кезікпейтін:

Буыршын деген тоғайым,

Әлімбек деген ноғайым.

Әлімбектен айырылып,

Шықпаған жанның оңайын.

Жанқалтам толған өрігім,

Әлімбек менің серігім.

Әлімбектен айырылып,

Шыбындай жанның берігін.

Кішкене ұршық – қорғасын,

Әлімбек менің жолдасым.

Апамды жолдан қайтарған,

Сүкірбай соқыр оңбасын (Ұлықпан Қаманұлы, «Ақылына көркі сай Дариға қыздың көрісі» «Абай-ақпарат»), – деген жолдар бар. Шынжаң жағымен салыстырғанда, қазақ қызы мен келініне тән емес бұл нұсқа қасақана бұрмаланған болуы мүмкін деген де ой туады.

«Тектіден текті туады» мақаласында Мерзетханұлы Ғылым: «бұл жырды Дариға емес, сол кезде ел ішіндегі қушыкеш, жағалбай Әбдірахман деген кісі шығарған деп те айтады. Қалай болғанда да бұл жыр ел арасына кең таралып айтылып, бүгінгі күнге жеткен» дейді. (Мерзетханұлы Ғылым «Тектіден текті туады»).

М.Ғылым мақаласында Әбдікерім (Әтікей) Марданұлына тоқталады. Оның жалалы болып Ұланбатор түрмесіне түскенін, шешесі Дариға Әтікейді іздеп барып «анда-санда болса да көзбен көріп, шай-тамақ тасып тұрам» деп Налайхан аталған қазақ ауылына барып тұрып, сонда қайтыс болғанын жазады. Алтайың ақ бас шыңдарының бауырында туған Дариға аңызы сөйтіп Қобдадан Ұланбаторға жалғасып, топырақ сол жерден бұйырған екен. Ұрпақтары қайтыс болған жеріне кейіннен ескерткіш тақта орнатыпты.

Мардан мен Дариғадан – Әбдікерім (Әтікей), Азамат, Алаш, Дүкен атты төрт ұл туған.

Азаматұлы Кәмен қазір Көкшетауда тұрады. Ол кісі: «Әжем Дариға Оспан қызы 1962 жылы, менің бес жастағы кезімде Налайханда 70 жасында біздің үйде өмірден өтті. Әкелеріміз өз қолынан жерледі. Әжемді көре қалғандардан мен ғана қалдым» дейді.

Әтікейдің (Әбдікерімнің) алғашқы әйелінен – Гонгор, кейінгі әйелінен Коммунизм, Марксизм, Социализм жиыны төрт ұлы болыпты. Коммунизм Көкшетауда, Марксизим Астана іргесіндегі Саробада, Социализм Баян-Өлгейде тұрады екен.

Шынжаң жағында жарық көрген «Дариғаның көрісі» – Алтай аймақтық бірліксап бөлімінің қызметкері Мұратхан Келесұлының ел аузынан жазып алғаны бойынша, 1986 жылы ҚХР ШҰАР-да шыққан «Мұра» журналының 1-санында жарияланған. Кейіннен, яғни, 1991 жылы Қытай елі бойынша ауыз әдебиеті топтамаларын жинау барысында, бұл нұсқа «Алтай қаласының халық өлең-жырлары» топтамасына да берілді. Осы нұсқа 2008 жылы Алматыда менің құрастыруыммен жарық көрген «Толғауы тоқсан қызыл тіл» (Ж.Шәкенұлы құрастырған «Толғауы тоқсан қызыл тіл» – шешендік сөздер. Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2008 жыл. 79-бет) кітабына кірген.

М.Разданұлының «Алтайдың ақ иықтары» романында да Дариға қыз оқиғасы егжей-тегжейлі баяндалған. Шынжаңдық жазушы Қабдеш Жанәбілұлы Дариға өмірін арқау етіп, «Текті келін» атты деректі әңгіме, «Дариға» атты кітап жазған. Аталған әдебиеттердің бәрінде «Дариғаның көрісі» Шынжаңдық үлгі бойынша жарияланып отырған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

А.Татанайұлы «Тарихи дерек, келелі кеңес» Шынжаң халық баспасы, Үрімжі, 1987 жыл. 127-бет.

Шәкенұлы Жәди. «Қытайдағы қазақтар». Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007 жыл.

 «Мұра» журналы 1986 жыл. 1-сан. ҚХР ШҰАР Үрімжі.

«Алтай қаласының халық өлең-жырлары» топтамасы. 1991 жыл. Алтай қаласы. 184 бет.

Ж.Шәкенұлы құрастырған «Толғауы тоқсан қызыл тіл» – шешендік сөздер. Алматы:Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2008 жыл. 79-бет.

Ұлықпан Қаманұлы, «Ақылына көркі сай Дариға қыздың көрісі» «Абай-ақпарат».

Мерзетханұлы Ғылым «Тектіден текті туады» 29 Қазан 2019  

Кәмен Азаматұлының ауызша айтқан деректері.

Жәди Шәкенұлы

Жазушы, Академик.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570