Ұлы ақынның белгісіз портреті
Абай атамыздың бұл суреті менің қолыма 1994 жылы түсіп еді. Авторы қытай суретшісі. Сыртқы істер министрлігінің ЮНЕСКО істері және мәдени байланыс басқармасында бөлім басқарып жүргенімде, "Қазақстан дипломатиясы" атты үш тілде журнал шығармақ болдық. Алғашқы санына ұлы ақынның 150 жылдығына орай материалдар дайындадық. Бір мақаланы қытай Елшілігінде мәдени атташе қызметінде жүрген дипломат әрі Абайдың "Қара сөздерін" қытай тіліне аударған жазушы Су Чжоусунь (Су Жоушиоң) жолдастан алдым. Ол мақаласымен қоса осы суретті ұсынды.
Бұл портретті жуңгоның белгілі суретшісі Гао Ман (Гау Маң) 1993 жылы Абай Құнанбаевтың қытай тіліндегі таңдамалы кітабына арнап салған болып шықты. Журналдың тұңғыш номері басуға дайын болған кезде жоғарғы жақта ауыс-күйіс болып, біздің басылымымыздың шығуына мүдделі болып отырған министр Қ.Тоқаев басқа қызметке ауысты да, орнына Қ.Саудабаев келді. Ол келе сала енді шыға берген журналды тоқтатып, біржолата жауып тастады. Сонымен дайындалған журнал номері түгелімен компьютерде қалып, кейін ұмытылды.
Жақында полигон зардабы туралы ертеректе жазған көркем әңгімемді іздеп, архивімді ақтарып отырып, Абай атамыздың сол портретін тауып алдым. Қасында қытай аудармашысының орыс тіліндегі мақаласы да бар екен.
Ұлықбек Есдәулеттің әлеуметтік желідегі жазбасынан
Abai.kz