Таза еңбек жолындағы талапкерлерге сәттілік!
Осыдан біраз бұрын барлық ата-ана мен ұстаздарға әбден таныс, өз көзіммен көрген бір жайды айтайын. Біраз таныстарым ұстаздық қызметте. Бірақ, ҰБТ кезі солар үшін қиямет қайым еді ғой, дүние-ай.
«Жаңа математика пәнінің сұрақтарын бітірдік!», «Әдебиетіне жазсаңызшы, аналардың жаны шығып жатыр ғой», «Ой, ана бір оқушымның емтихан үстінде телефонын алып қойыпты, қазір сөйлестік, қайта апарып беретін болды».т.б. Не керек, телефонда сол мұғалімдер «ҰБТ тапсырып» отыратын. Ал бұлардың телефонда жанталасып шығарған есептері – емтиханда отырған оқушыларға жөнелтілетін жауаптар. Кешке қарай қалжырап, шаршап, «аузына шайнап берсең жұта алмайтын» шәкірттеріне күйініп отыратын еді. Мен осындай сорақылықты өз көзіммен көрдім. Сонда, мектепте 11 жыл білім алудың кімге керегі бар деп ойлап ем.
Ал, 164 талапкер «шығарылды» дегенді көріп, шынымды айтсам, қуанып отырмын. 25 тамызға дейін арнайы бағдарламаның көмегімен емтихан барысындағы барлық бейнежазбаға талдау жүргізіледі екен. Сол бейнежазбадағы тәртіп бұзушылық бұдан 2-3 есе көп екеніне өз басым қазірден-ақ сенімідмін. Дұрыс, тәртіп бұзған талапкердің нәтижесі жойылу керек. Оларға грантқа түсуге мүмкіндік бермеу керек. Тек, биылғы қатал ереженің соңы сұйылып кетпесе дейміз.
Ақыры көзім көргенді жаздым ғой. Мұны да көзім көрді. Қытайдағы ҰБТ үлкен мереке. Ол күні емтихан тапсыратын оқушылар қоғамдық көлікпен, тіпті, көшеде таксимен тегін жүреді. Әр жылы 6-7 маусымда (биыл карантинге байланысты шілдеге ауысыпты) бүкіл мемлекет бойынша емтихан бірдей сағат, бірдей минутта басталады және бірдей аяқталады. Ал емтиханда тәртіп бұзған оқушының, біріншіден, нәтижесі жойылады. Екіншіден, үш жыл бойы емтихан тапсыру құқығынан мақұрым болады. Үшіншіден, емтихан тәртібін бұзғаны жөніндегі құжат жеке архивте сақталып, ғұмыр бойы мемлекеттік мекемелерге жұмысқа тұра алмайды. Емтихан алаңында талапкерге көмектескен (емтихан сұрақтары бойынша), қандай да бір тәртіп бұзған мұғалім әуелі ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЗАҢЫНЫҢ «Бірлесіп қаралық жасау» дейтін бабы негізінде жазаға тартылып, өмір бақиға қызметтен шеттетіледі. Екіншіден, 6 айдан 1 жылға дейін түрмеге тоғытылады. Үшіншіден, түрмеден шыққан соң жеке кәсіпкерліктен өзге ешқандай мекеменің жұмысқа қабылдауына рұқсат етілмейді. Осыны бір журналист досыма айтып ем, «Шіли ондай емес шығар ей» деп күмәнмен қарайды. Сенбесеңіз интернет бетін ақтарыңыз. Ал Жапон мемлекетіндегі мұндай қылмыстардың жазасы әлде қайда ауыр.
Мұны қытайды мақтағаннан айтып отырған жоқпын. Жалпы, өз мемлекетінің, ұрпағының болашағын ойлаған ел әуелден-ақ осындай шешімге барады. 11 жыл бойы өз талабымен, талантымен өсіп келе жатқан баланың еңбегіне қиянат жасау дегеніңіз қылмыс қана емес, ар алдында күнә емес пе?!
Асхат Аймағамбетовке дейін басшылығына мыңы келіп, мыңы кеткен білім және ғылым саласы бір оңалған жоқ. Біраз жыл бұрын магистратура, докторантураға түскісі келетін студенттер үшін емтихан жауаптары да ашық саудаға түсетін. Емтихан барысында комиссия мүшелерімен жең ұшынан жалғасу, таныс-тамырлық пен тиын-тебен ұсыну әлі күнге тыйылмай тұр. Ал мұғалімдік қызметке тұру үшін директорға берілетін пара қазір кез-келген төрт мектептің үшеуінде бар. Мұғалімдік қызмет үшін 1000-3000$ дәл қазіргі кезеңдегі тұрақты баға. Ұрпақ ісінде жемқорлықпен айналысу түгілі, немқұрайлы қараудың өзі – өз тамырыңды балталағанмен бірдей ғой. Осының бәрі де қазіргі министр мырзаның назарына. Іс ілгері боп, осының бәрі де шешімін тапса деп үміттенеміз.
Оң шешім мен нәтижелерге оң баға бермеу – әділдік үшін сын болар еді. Жалпы, жаңа министр келгелі білім және ғылым саласындағы өзгерістер мен жаңалықтар үмітімізді оятқандай болды. Тек, өткен жылдарда «етіміз үйренгендей» сыйыр құймышақтанып кетпей, баянды бола берсін.
Таза еңбек жолындағы талапкерлерге сәттілік!
Қайсар Қауымбектің әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz