Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 5157 19 пікір 26 Маусым, 2020 сағат 11:16

Абай – тура жолды салушы!

 (Абайдың «Тасдиқ» трактаты жайында бірер сөз. Жалғасы)

Қарап отырсақ, алдымыз жарық сәуле өшкендей кейіпке енді. Қым-қуат тіршілік тоқтап қалды. Бұрын-соңды кәрі тарихта болмаған оқиға! Бөркімізді аспанға атып, «ой-һой»-лаған прогресс, ауыздың суы құрып ерген өркениет түрі мынау, не боп кетті, өзі? Әркім осылай бас қатыруда қазір. Бәлекет басы – эгоистік мінез бен ашкөз қанағатсыздық. Құлқын қамынан өзге сана, қарын тойдырудан өзге мақсат қалмағаны растық.  Жер Ананың азып-тозу дәрежесі де, оның зардабы да үрейлі. Космостық гармония жүйесі бүлінуде. Ғалымдар оылай деп дабыл қағуда (көрешекті көрсетіп-ақ жатқан мына пандемия індеті – сол катаклизмнің бірі).

Бүгінгі таңда бүкіл әлемді алаңдатқан сауалдар: Құдайдың қаһарына неге ұшырадық? Қайтсек қалың тұман сейілмек? Көшті қай бағытқа бұру керек? Бір анығы, «Бізге керегі – тек үздік технология!» деген стереотип ескірді. Рухани азық алдыға шықты. Ендігі өмір талабы осы!

Сол себепті Абайдың «Тасдиқ» (қазіргіше 38-ші қара сөз) атты кітабы екшеп-талдауға, ой бөлісуге сұранып тұрғаны сөзсіз. Қолжазба кітап ислам философиясы, дәлірек айтсақ, суфизм негізінде жазылған. Бірақ ол жалғыз мұсылман әлеміне қазына емес. Автор оны барлық Жер Ана тұрғындарына арнап жазған. Араб, парсы терминдері көп. Сонымен қатар шығарма: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім!» деп басталған («Ей, мұсылман бауырлар!» демей). Кемеңгер иман, ілім биігіне көтеріліп, Алланың ғылымы асуынан ғарыштық жарасымға, тепе-теңдікке үндеген, Аллаға қарай жетелеген.

Сөйтіп, «Тасдиқ» – бір діннің я болмаса бір мәдениеттің шеңберіне сыймайтын, баршаға ортақ «Құдай жолы» ұғымын ұқтырған ғажайып ғылыми еңбек. Демек, Абай әлемнің Абайы екендігінің бұлжымас дәлелі.

Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов «Абай ақындығының айналасы» атты зерттеу мақаласында ұлы ақын нәр алған екі жаға, қос бастау хақында былай деген: «Барлық Абай шығармалары Шығыс пен Батыстың мәдени-тарихи жапсарын, ой-саналық шекараларын жүлгелей жүрген қазақ даласының бір ағыны сияқты». Демек, сөзді өркениеттер тарихынан бастайық.

ХУ ғасырда Батыс қауымдастығы өзіндік өркениет соқпағын тапты. Ол «ренессанстық», яки ояну дәуірі есепті. Бүгінгі жаһандық өркениеттің басы сол. Жаңа өркениеттің пәрмен алған себебі – ғылыми-техникалық прогресске кең жол ашты. Ғылым арқылы бас айналатын табыстарға қол жеткізді. Бірақ бұл қарқынға рух, сана ілесе алмады. «Ел бұзылса, табады шайтан ермек» демекші, затшылық үстем болған тұста  жер бетінде қатігездік, дұшпандық қаулап, күллі әлемді отарлық жүйе шырмады. Дін өзегі – «Құдай жолы» ұғымын «мистицизм», жан әлемін «метафизика» деп қара басты. Тәкаппарлық дертіне ұрынған адамзат құдайылық сананы тәркі етті. Сөйтіп, әлем қазіргі бұралаң жолына түсті. Осы сыңаржақтық Абайдың тұсында-ақ соқырға таяқ ұстатқандай айқын жәйт еді.

Сөйтсе де, өркениет көп жасады ғой дерсіз. Оған прогресс қана емес, адамзат санасын улаған жалған теориялар, затшылыққа  байлап-матаған жасанды, түбі шірік көп ілім (позитивизм, дарвинизм, материализм, экзистенциализм, модернизм, постмодернизм және т.б.) кінәлі. Жалған нанымдар, әсіресе, тура жол, ақиқат іздеп шарқ ұрған жастарға қақпан құрды. Сөйтіп, Батыс идеологиясы, орыс классигі жазғандай, «ит жүректі» адамдар қаулап шыққан құнарлы топырақ болды. Бір тәуірі, енді жабайы капитализм, яки нәпсі билеген теріс бағыттың санаулы ғана күндері қалған сияқтанады.

Енді Күн Шығысқа келейік. Шығыстық менталитет һәм мәдениеттің діңгегі неде? Ол, әлімсақтан –  имандылық. Ниет амалдан, ішкі мән (рух тазалығы) сымбаттан, мазмұн формадан жоғары тұрды. Даналық нұры төгілгені сол. Ішкі мән, бек нәзік миссия – Құдайға қарай жақындау. Дінде онан асқан мақсат жоқ. Бірақ биік мақсатты ұстап тұру қиынға соқты. Ислам әлемінің сүннит және шиит болып екіге жарылуы сияқты бірін бірі жау санап, жанжалдасу, қырқысу соңы дінді – рухани жетекші рөлінен айырып тынды. Шәкәрім: «Өстіп, бұзып, бүлдіріп есіл дінді, Дін десе білімділер тұра қашар» демекші, жалпы Шығыс тұтастай қалың ұйқыға кетті («бөліп ал да, билей бер» дейтін отарлаушы күшке көктен іздегені жерден табылды). Сол қалың ұйқыдан Шығыс жұртшылығы ХІХ ғасырдың екінші жарымында жаңашыл қозғалыс – жәдидизм тарих сахнасына шыққанша оянған жоқ.

Өкініштісі, өзге тұрмақ сопылық та көп ағымның біріне айналды. Діннің сыртқы формасына тәу еткен (сырты ғана тақуа, ал ішкі дүниесі даналықтан алшақ) мүминге «әулие» немесе «кәміл мұсылман» дәрежесі емес, «дервиш», яғни «диуана қаңғыбас», «әпенде» аты бұйырғаны сол. Діни тәжірибе сиқы осы болса, мұсылмандық Шығыс зерттеушілері «Суфизм – одно из течений в исламе» деп теориялық тұрғыдан адаспағанда қайтеді.

Жасалған шолудан анықталғаны – қазіргі өркениет қалың тұманда. Қателік бағытта, өйткені, қара суға да семіретін берекелі заман алыстай түсті. Қайғы-қасірет көп, жан ләззаты аз. Ойлау жүйеміз бүлінсе, сананы затшылық билесе, қайтіп басқаша болмақ? Қысқасы, құдайшылық қаншалықты таяздаса, адамшылық соншалықты кері кетті. Дала данышпаны Абай осы айтылған планеталық теріс құбылыстың куәсі болды. Абайға тура жол деген – тәннің жанға бас ұруы, яғни махаббаттың ғадауатты жеңуі екені аян еді.

Сондықтан сахара төсі, Шыңғыстау бөктерін жайлаған кемеңгер туған халқын «Пайда ойлама, ар ойла!»-ға шақырған «Ғақлия» кітабын 1897 жылы  тәмамдап, енді Құдай жолы туралы «Тасдиқ» трактатын жазуды қолға алды. Аталмыш еңбегінде барша адамзатқа ортақ тура жол  салғаны талассыз ақиқат (осыдан 122 жыл бұрын қазіргі тығырықты көре білгеніне ғажаптанасың). Алдыға оза айтайық, Абай суфизм ілімін, оның «Құдай жолы», «толық адам» тұжырымдарын жаңартқан реформатор. Әлемдік кемеңгер деудің жөн-жосығы мен ғылыми доктриналық негізі осы арада.

*   *   *

Абайдың жаңалығы неде? Тура жол салушы десек, оған дәлеліміз қайсы? Енді осы сауалдарға келейік.  «Тасдиқ» трактатының: «Алла тәбарака уә тағаланың пенделеріне салған жолы қайсы? Оны көбі білмейді» деп басталатын ортаңғы бөлігінде Абай ашқан жаңалық екеу.

Біріншісі – әулиелік пен хакімдіктің, екіншісі – жалған сопылық пен шын сопылықтың аражігін көрсетіп, айырмасын анықтап береді. Екеуі де күрделі мәселе. Ендеше рет-ретімен тоқталайық.

Әулие мен хакімді танымдық тұрғыдан салыстыра келіп Абай: «Ғибрат көзімен қарағанда, екеуі де бірінен бірі көп жырақ кетпейді» деп түйін түйеді. Себебі, екеуі де Құдайға ғашық, үш қасиетті бірдей ұстаған «толық адам». Екеуі де рақымдылық пен тазалық символы. Бірақ елеулі айырма бар. Бұл айырманы Абай: «Әулиелер ухрауи (ақиреттік) пайдасын ғана күзетті, ал хакімдер дүниеде тиетін пайдасын сөйледі» деп көрсеткен. Осыдан Құдайға жақындау жолы біреу емес, екеу екенін білдік. Қоғамға жарамдысы қайсысы?

Әрқашанда тура жол – әулиелік делінді. Әлемдегі барлық діндерде осылай. Діншілер адам баласы кәмәлатқа тек қана тақуалық жолмен жетеді деп кәміл сенеді. Бірақ Абайда күмән көп. Ойшыл: «Пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып «һу» деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек, – деп келеді де, әрі қарай: «Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді?...», «Құдай тағаланың рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген нығметтерін ...ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?», «Бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де қаупі бар» деген әлденеше мықты уәждерін айтып барып тоқтайды.

Біз осы уәждерді тариқат дейтін әулиелікті сынағандық деп ұқтық. Шындығында, бұл жерде дін жолы емес, сөз діншілер туралы болып отыр.

Тариқат – «бек шетін, бек нәзік жол», олай болса, қалың бұқараға қайтіп жарамды болмақ? Мәселені осылайша қабырғадан қойған Абай: «Егерде бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты раст дүниеде бола ма? Раст болса, һәммаға бірдей раст болсын, алалаған раст бола ма?» дей келе, жеткізбек ой-пайымын:  «Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ»,  – деп қорытады. Екінің бірі түсе алмайтын болса, ол қайтіп баршаға салған Алланың жолы болмақ?

Көрдіңіз бе, Абай «Құдайға жақындау» ұғымына діншінің емес, хакімнің көзімен қараған. Хакімдік – Аллаға дүние пайдасын ойлау арқылы жетелейтін жол. Бұл баршаны ғылым-білімге, рухани ізденіске шақыру деген сөз. Демек, қоғамдық дамуға, зайырлылық ұстанымға сай. Мұны дінге деген реформаторлық көзқарас десек артық айтқандық бола қоймас.

Хакімдікке Абай мынадай бағасын береді: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пенденің қазығы – осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде бұлардың ісімен пайдаға асады. Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі». Тезис астары тереңде. Бұл арада рухани дамудың күллі прогресс, бүгінгі тілмен айтсақ, ғылым және технология алдына шығуы, ең болмағанда, тең ұсталуы мәселесі қойылған. Өйткені: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» деген келесі тезис осының дәлелі (Абай айтқан «жақсы хакім» – рухани ілім иесі, бұл дәлел өтінбейтін аксиома). Әулиені сияқты ғалымды да төмендетпей, хакімді асқақтатқан.

Осымен, әулиелік пен хакімдік арасындағы принциптік өзгешелік неде екені анықталды. Абай діттеген пенделіктің кәмәлаты хакімдікпен болмақ деген тың ұстаным да тұңғыш рет айтылды. Енді Абай шешкен келесі мәселеге – шын сопылықты жалған сопылықтан ажырату ісіне көшейік.

Бірден басын ашып алар жәйт, суфизм – исламның сыры, өзгермейтін ішкі мәні (арабша – ихсан).   Ішкі дүниесі тазарған мұсылманға «сопы» деп ат қойған («кәміл мұсылман» деген мәнде).  Бірақ кейінгі ғасырларда сыртқы форманы ғана ұстанып «сопы» атану белең алды. Жұрт тариқат – адамның жетілуінің емес, дүниеден суынуының жолы (тәркі дүние) деп шатасты.

Көкірегі қараңғы, бірақ өзін сопы санайтын қауым «жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады». Соның үлкені – ғылым-білімге қарсылық. Абай: «Дүниенің ғылымын білмей қалмақтық – бір үлкен зарарлы надандық, ол Құранда сөгілген», – деп келеді де,  «мен – сопымын» дейтіндерді былайша мінеп сөгеді: «Өздері хүкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін өзі әһіл тариқат біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады». Шәкірті Шәкәрім де: «Ғылымсыз адам – айуан, Не қылсаң да ғылым біл!» деп үн қосады.

Шын сопылықтың мәнісі неде? Ішкі мән – ихсанға билетіп, сол арқылы көркем мінез бен әдептілікте қол жеткізу. Сопылықтың түп мұраты осы. Сайып келгенде, Құдайға жақындау мен мінезді түзеу бір ұғым. Қай кісі өзін түзесе, сол кісі – гений. Тек сыртқы форманы ұстанудан нәтиже жоқ. Себебі, жан қуаттары (ақыл, рух, сана) ұлғайып, зорая алмайды. «Бұл қуаттар әуелде кішкене ғана болады, – дейді Абай. – Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады» (бүгінгі күнгі діншіл қауымда мейірімділік, көркем мінез емес, қатігездік пен тәкаппарлық жиі кездесетіні осыны растап-ақ отыр).

Көріп отырсыздар, Абай сын найзасын жалған сопылыққа қаратқан. Қоғамға пайдалы болу, білімге ұмтылу орнына  басына шалма орап, күн ұзақ құр мүлгумен уақыт өткізетін әулиелікті қырына алған. Надан сопылар Құдай баршаға салған жолды діншілер меншіктеп, монополиясы етті. Дін жолының ескіріп, заманға ілесе алмай қалған жайы сол.

Абай – жүректегі (ниеттегі) сопылықты жаңартқан деп тұжыруға осы айтылғандар жеткілікті сияқты.   «Тасдиқтың» өзегі – суфизм ілімін тірілту, жаңғырту идеясы деген тұжырымның ғылыми негізі де осы арада.

Абай суфистік философияға бірден-ақ келмеген. Жоғарыда айттық, жан қуатын ұлғайту, мінезді түзеу – там-тұмдап өтетін ұзақ әрі ауыр процесс.

Ойшылдың сопылықты терең түсіне бастаған кезі – 1895-1896 жылдар. Дәлелге мысалдар алайық. 1895 жылғы «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде Абай:

Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,

                      Өзіне құмар қылған Оның әмірі, –

дей келе, түп Иені танып-білуге ұмтылған іңкәр хәлін шебер жеткізеді:

Өзгені ақыл ойға қондырады,

                               Біле алмай бір Тәңіріні болдырады.

                               Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен,

                               Талпынып тағы да ойлап зор қылады.

Өлең сопылық танымға қатысты емес деп ешбір адам айта алмас. Осы жылғы «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңі де Құдайды тануды көксеп, «терең ойдың соңында телмірген» хәліне куә.  Сол сияқты 1897 жылғы «Алла деген сөз жеңілін» Абай былайша қорытады:

Ақыл мен хауас барлығын

                                 Білмейдүр, жүрек сезедүр.

                                 Мүтәкәллимин, мантикин

                                 Бекер босқа езедүр.

Осы шумақ үлкен маңызға ие. Бұл жерде «ақыл» сөзі мен «хауас» сөзі екі бөлек ұғым. Адамда сезім әлемі (арабша –  хауас сәлим) бес ішкі, бес сыртқы, жиыны – он сезімнен тұрады. Сондықтан Абай арабтың «хауас» сөзін өз мәнінде «сезім» ретінде қолданғаны шүбәсіз. Түп Иені ақыл да, сезім де біле алмайды. Құр шаршап, болдырады.  Тек қана  жүрек сезедүр... Міне, бұл – Абайға ашылған хақиқат. Шексіз Құдайды дұрыс тануға шектеулі ақыл жеткіліксіз, хикметін жүрекпен сезу керек. Ғұламаның бұл пайымы имам әл-Ғазали негізін қалаған сопылық пәлсапамен толық үндеседі. Бұл ақиқатты мойындамаған дін ғұламалары (мүтәкәллимин, мантикиндер) қателікке көп ұрынды. Құдайды ақылмен толық таныдық деп шатасты. Діндегі адасқан қауым, шатақ ағымдар осылайша дүниеге келгені тарихтан аян.

Қорыта айтқанда, қазақ ойшылы суфизмнің ішкі мәнін ғана қабылдап, жүрек культін қалыптастырған. Суфизм ілімінің Құдайға ғашықтық сарынын сақтап қалып, «толық адам» концепциясы арқылы оны зайырлылық талабына сай жаңғыртқан. Мешіт ішінде мүлгіген қарекетсіз сопы монтаны бейнесін болмыстың заңдарына жетік, қайратты, ақжүрек идеалмен алмастырған. Абайдың хакімдігі мен ашқан екі жаңалығы жайлы айтар сөзіміз әзірге осы.

*   *   *

Абайда үш өлең («Әсемпаз болма әрнеге», «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек», «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа») «толық адам» танымына алғаш 1894-1896 жылдар кіріскенінің куәсі. Бірақ «Әуелде бір суық мұз...» 1888 жылғы өлең делініп, бақандай алты жылға «адасып» жүр. Міне, Абайдың эволюциясын саты-сатылап тексеру жұмбағын ашудан бөлек, осындай адасып жүрген шығарманың заңды орнын табуға мүмкіндік береді.

Ұлы өмірдің соңғы хакімдік басқышы – 1898-1902 жылдар аралығы. Ойшылдың суфизм ілімін жаңартқаны, сопылық бағытты қапысыз ұстанғаны тап осы шақ. Оған «Тасдиқ» кітабы мен «Алланың өзі де рас» өлеңінен асқан дәлел бола қоймас. Осы тұста әкесі Құнанбай құсап, дәруіштей дүниеден баз кешкен демесек те, Абай қоғамнан мүмкіндігінше оқшауланды. Бұл ақиқат. Кешегі советтік дәуірде Абай өмірден қажыды деп көп айттық. Шыны қалай? Аллаға қарай тура жол салушы Абай басынан қайғы-қасірет бұлты ыдырады ма? Шәкәрім әулиелік жолға меңзеп: «Тура жолда қайғы тұрмас» демей ме. «Адам мінезін түзеп болмайды – деген кісінің тілін кесер едім» дейтін ұлы ұстаз өз мінезін түзеп болған ба?

Бізше ұлы тұлға фәниден бақиға көңілі қош, жаны тыныш болып өткен. Абайда сөз бен іс тұтас. Айталық, «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» дегені өз мінезін де түзегені. Тұрағұл естелігінде: «Әкем Абай жасында ашу мен махаббатты қатар қолданған болса... Ұлғайған сайын ашуы азайып, жұмсақ тарта берді» дейді. Демек, соңғы күндері «ешкіммен сөйлеспеді», «ауырын емшіге көрсетпеді», «ендігі тіршілігін артық санай бастады» дейтін сөздерде бақиға өзінің жан қалауымен аттанған кемеңгердің жұмбағы бүгулі.

Жеке адам, ұлт, тіпті бүкіл адамзат үшін де Құдай жолы – бақыт жолы. Мұхтар Әуезовтің: «Абай өз халқының алдағы уақытта еркін гүлденіп, дами беруіне берік негіз қалады, оның болашағына тура жол салып берді» дегені еске түседі (әйгілі эпопеяның «Абай жолы» аталу сыры да осы).

Десе дегендей, әулие хакімнің ілімі, философиясы – таусылмас даналық көмбесі. Сол себепті тура жол туралы сөзімізді бір мақала аясына сыйдыра алмадық, Құдай қаласа, алдағы уақытта  жалғастырмақпыз.

Асан Омаров,

зерттеуші.

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371