Жұма, 22 Қараша 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 7023 24 пікір 26 Маусым, 2020 сағат 15:01

Ол кім? Бұл не?

Сурет zhasorken.kz сайтынан алынды

Аңдатпа  ретінде...

Қадірлі, Алаш азаматтары, салихалы зиялы қауым, Сіздерге арнап сөз айтуға тура келді.  «Ж.А.» газетінің бас редакторы Қайрат Матрековтың (17.03.2020.  № 19) Жанат Ахмадидің  «Тағы сол баяғы Қабдекең...» атты жалалы мақаласын жариялап тұрып «Егер жазушылардың тағы айтары болса, газет бетінен орын беруге дайынбыз» деп кеудесін ұрғылаған мәлімдеме мәнзелдес сөзінің түкке тұрғысыз бір нәрсе екені белгілі болды. Мен халық жазушысының атына айтылған барлық айыптаулардың тек бет тырнар, бәдік сапырар байбалам екенін дәлелдеген «Ол кім, бұл не?» атты мақаламды «Ж.А.»  редакциясы почтасына 3-4 рет жіберсем де қабылдамай қойғанымен қоймай, қайдағы бір тіркеуде жоқ телефон нөмерлерін беріп, күні бүгінге дейін алдарқатып келді.

Ақыры бас редактор Қайратпен телефон арқылы сөйлескенімде ол былай деді:  Сіздің мақалаңызды жариялай алмайтынымды газет ұжымына айтқанмын. Себебі – жазушы Қабдеш Жұмаділов Жанаттың 2017 жылы шыққан «Таразы тасы тартылсада» жарияланған  «Қара сөздің жүк қалдырмас қара нары» деген өзі туралы мадақ-мақтауға толы мақаласының көшірмесін жіберіп: «өзінше өш алғысы келген болар, қолына іліккен қоқысын біз жаққа лақтыра беріпті... Осы екі мақаланы салыстырып оқуларыңызды сұраймын», -  деп оқырмандарынан өтініпті.

Содан бері Жанат Ахмади қарсы уәж айтарға сөз таппаған болар, аузына құм құйылып үні өшіпті ғой. Дау сонымен бітті деп есептедік. Біз тағы екі жазушының дау-дамайына кірісе алмаймыз. Сондықтан сіздің мақалаңызды жариялаудың қажеті жоқ деп есептедік»,  деді.

Мен оған: «Сонда халық жазушысына жабылған әлденеше жалалы айыптаулардың нағыз арандату екенін әшкерелеп дәлелдеген мақаланы жариялау арқылы тарихи шындықты газет оқырмандарына жеткізу неге керек болмай қалды? – дей келе менің айтарым:

1. Қабдештің «оқиға ұрлау, сюжет ұрлау – плагиаттығын әшкерелейтін айыптауларына қарсы бір сөз айтпастан Зейнолла Сәнік дегенді қару етіп халық жазушысын «ұры-плагиат» ету арқылы нағыз ұры, сұғанақ Зейнолланы көкке көтермекші болған жаласын әшкерелеу арқылы қазақ сөз өнерінің киесі мен иесіне арашашы болу.

2. Сөз болған «Қабанбай батыр» топтамасының ақ иесі елге танымал шежіреші Бейсенғали марқұм екенін елге жария ету.

3. 1962 жылғы әйгілі Шәуешек аймағындағы қазақтардың Қазақстанға қаша көшу оқиғасына Қабдештің қаншалық қатысы болғанына айғақ ретінде сатирик ақын, Қабеңнің қанды көйлек досы Қажытай Ілиястың 2006 жылы «Алтын Орда» газетінде жарияланған «Халық жазушысына жабылған жала мен жағылған күйе» атты мақаласына жүгіну арқылы Жанаттың жаласына тойтарыс беру.

4. Халық жазушысы Қабдештің тарихтың, сөз өнерінің тазалығы үшін 80 жылдық ғұмырында арыстанша айқасып жолбикелер мен сұғанақ, сұрамсақ, сарай жыршыларын аяусыз сынай алған қайсар, күрескер қаламгер екенін дәлелдеуге арналып еді.

Естеріңізге сала кетейін, осыдан 12 жыл бұрын басталған алаяқ Мұхтархан мен Дүкен Мәсімхандар, сенатор Өмірбек Бәйгелділердің қытай ақыны Ли Бәйді – Елдібай – Дулат бабаның 9-ұрпағы екен деп бүкіл Қазақстанды шулатқан мақаласымақтарды «Егемен Қазақстанның» сол тұстағы бас редакторы-профессор Сауытбек Әбдірахман және «Қазақ әдебиеті газетінің бас  редакторы Жұмабай Шаштайлар тоқтаусыз жариялап жатқанда оған қарсы мен және мені қолдаушы тарихшылар мен әдебиетшілердің бірде бір мақаласын  баспай  бетбақтық қылып еді.

Бірақ уақыт дегенін істеді. Елдібайшылар тарих алдында, қазақ халқы алдында масқара болды. Ал, «Ж.А.» газеті редакторы М. Қайрат та солар салған абыройсыз сүрлеуге түскісі келетін көрінеді. Бүгінгі ақпараттық тасқын астында тұншығып қалғысы келсе, бет алдынан жарылқасын!

Отандастар, әділ сөздеріңізді айтарсыздар деп осы кіріспе сөзді сіздерге арнап отырмын.

Автор


Ол кім? Бұл не?

(Что такое? Кто такой?)

Жамантайдың баласы Көжек деген,
Әркімге өсек тасып безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
Шіркінде ес болсайшы, сезет деген.

 А. Құнанбаев.

Сөзді неліктен балалар энциклопедиясының осы тақырыбынан бастап отырғанымызды мақаламызды оқып шыққанан кейін түсінетін боларсыздар.

*****

«Ж.А.» газеті 17-наурыздағы № 19 санында Жанат Ахмадидың халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовқа жазған этикадан жұрдай, жалалы шатпағын қаз-қалпында жариялап: «жазушылардың тағы да айтары болса, газет бетінен орын беруге дайынбыз» - деп дабыралы сөз арнапты. Олай болса, редактор Қайрат мырза сөзіңде тұр, біздің де айтарымыз бар.

Газет бір бетін берген «Тағы да баяғы Қабдекең» атты мақаланың айтарынан ұққанымыз – халық жазушысы Қабдештің жеке басындағы адам төзгісіз оңбағандықтары мен әдеби ұрлығын (плагиаттылығын) әшкерелеуді басты мақсат етіпті.

Сала құлаш жазбасында Жанат халық жазушысының ар-намысын аяққа басатын аса тұрпайы 14 сөйлемге орын беріпті. Оның ең бастысы - Жанатша айтқанда «...Бұлтартпайтын, күрзі шоқпардай тиетін бір ащы шындық бар. «Дарабозды» кімнен ұрлап жазғаныңызды ішіңіз біліп тұрған шығар» - дей келіп: «Белгілі зерттеуші, жазушы Зейнолла Сәнік Қытайдағы кезінде «Шалғын» деген жорналға 1980 жылы «Қабанбай батыр» атты үлкен мақаласын жариялап, оны 1986 жылы сол атпен араб әрпінде кітап етіп бастырған» - деп, енді сол кітапты 1987 жылы Мәукен деген арқылы Қазақстанға  жібергенін,  «қулығына құрық бойламайтын айлакер  Қабдеш... аталмыш кітаптан ұрлау, адам таппас жымысқылығына түрткі болған. («Дарабоз») З. Сәнік келмей тұрғанда осылайша ұрлықпен туып отыр», - дейді  Жанат білгіш.

Жоғарыда сөз болған «Қабанбай батыр» атты мақаламен кітаптың авторы 1986-89 жылдар «Шинжияң» халық баспасынан шыққанда Зейнолла Сәнік пен Бейсенғали Садықанұлы аттарымен «Қабанбай батыр» (мұқабасының суреті мынау) деп берілген еді. Жанат Ахмади пір тұтып көкке көтерген З. Сәнік 2005 жылы «ҚАЗ ақпарат» баспысынан шығарған «Қабанбай батыр» кітабынан марқұм болып кеткен ел ардақтысы Б. Садықанұлын лақтырып тастап өз атынан жариялап жіберуден шімірікпейді. Белгілі журналист қоғам, қайраткері Рахым Айыпұлы «Жас алаш» газетінде және «Аbai.kz» ақпараттық порталында З. Сәніктің осы ұрлығы жөнінде жазған «Ақсақал ма, адастырушы ма?» деген көлемді мақаласы жарияланды. Қызу талқы, пікір жазғандар қатарында Қытайдағы қазақтарға танымал жазушы Жұмабай Біләл былай деп жазған екен: «Бір кездері осы З. Сәнік пен Бейсенғали Садықан екеуі ел ішінде таралған шежіре, аңыз-әңгімелерді жинап «Тарбағатай» жорналында, сосын Шинжияң халық баспасында екеуінің атында «Қабанбай батыр» болып жарияланып еді. Кейін Қазақстанда басылған нұсқасында тек Зейнолла Сәніктің аты тұр. Бұлай болмайды ғой»,- деп ренішін білдіріп еді. Осынау шағын ғана бір кітаптың ақ иесі кім екені туралы Қытайдағы қазақ баспа сөзінде аз дау айтылған жоқ. Екінші автор ретінде қосақталған Бейсенғали Садықанұлы З. Сәніктің қолында ойыншық болатын елеусіз біреу емес еді.

Ата-тегі Қабырғалы Қаракерейдің Байыс-Мұрын, Жолымбет-Тоқабайдан таралған әйгілі билер мен шешендер, батырлар мен палуандардың ұрпағы болатын. Атақты шежіреші Маусымбай Сабанұлы 83 жасында шәкірті Бейсенқалиға 16 бөлек қолжазба мен «Атажөн туралы» деген 691 беттік ата шежіресін аманат етіп тапсырған екен. Бейсенғали ұстаз аманатына адал болғандықтан өмір жолында кез болған небір дүрбелеңдер тұсында аман сақтап халқына жеткізіп кетті.

Ел ардақтысы, шежіреші, фольклоршы Б. Садықанұлы 1911 жылы желтоқсанда Семейдің Ақсуатында дүниеге келіп, өткен ғасырдың аласапыраңында - 1930 жылы Тарбағатай өңіріне қоныс аударады. Толықсыз орта мектеп деңгейлі білімі бар талантты жас өмір тауқыметін тарта жүріп, өнерден қол үзбей ел көзіне түсе бастайды. Ауыл-аудан көлеміндегі басшылық жұмыстарға да араласады. 1966-1978 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап бақылау астына алынады. 1978 жылы ақталып барлық пәледен  құтылады. Қаламын қайта қолға алып жинаған-тергендерін жүйелеп Дөрбілжін аудандық мәдениет үйіне 12 хисса-дастан, 904 шумақ өлең-жыр, 33 ертегі-аңыз, 183 мақал-мәтелден тұратын қолжазбасын табыс етеді.

Белгілі фольклорист-жазушы Асқар Игеннің зерттеп-зерделеулеріне қарағанда, Б. Садықан тек халық мұрасын жинаушы, құймақұлақ шежіреші ғана емес, өзі де төгіліп тұрған айтыс ақыны әрі жазба ақыны болған. Зерттеуші ол туралы былай дейді: «1986 жылы «Мұра» жорналының № 1, 2  сандарында жарық көрген «Қубас ат» дастанын осы күндері біреулер әркімге теліп жүр. Бірақ «Қубас аттың» авторы нақ Бейсенғалидың өзі екенін ақынның өз аузынан естіп едім», -  деп жазады. «Қубас аттың» тарихын нақтылап білу үшін қалай іздегенін  де баяндап береді.

Зерттеуші Асқар Игеннің Б. Садықан шығармашылығы жөніндегі түйінді сөзін қаз-қалпында назарларыңызға ұсынбақпын. «Бекең қаламынан»  «Майқы шежіресінің» 3 бөлімін, «Қубас ат хиссасын»  және ешкімнің таласы жүрмейтін «Қабанбай батыр» кітабын туғызды», - деп қалам тербеген едім. Бұл да айта салған ауыз желі емес-ті. Өйткені Бекеңнің Қабанбай батыр туралы тарихи деректі шығармасы «Қабанбай батыр туралы халық шежіресінен» деген үлкен тақырып аясында «Тарбағатай» журналының 1985 жылғы №4, 1986 жылғы №1,2 санында Жұмабай Біләлұлының редакторлығында «Тоқта туралы», «Ерасылдың кекке  аттануы», «Ерасылдың сапары», «Ерасылдың Арсалаңды өлтіруі», «Ерденнің елін табуы», «Ерасылдың елін іздеуі», «Меркіт елінен  қалмақтардың жылқы алуы туралы», немесе, «Қабанбай батырдың Абылай хан басшылығындағы Шаған шайқасы», «Қолбасшы болуы және Дарабоз атануы жөнінде» делінген кітаптағы негізгі тақырыптар бүкілдей басылым көріп, ақырласқан әрі ғылыми айналысқа түсіп, оқырманның қолына әлдеқашан тараған.  Міне, осыдан-ақ «Қабанбай батыр»  кітабының нағыз авторы кім екені, авторлықты Бекеңе қимайтындай иненің жасуындай саңылаудың жоқ екені, саналы оқырманға ап-анық көрініп тұр. Ақиқатын айтсақ, Бисенғали Садықанұлы... аса тақуа, асқан батагөй, білетіні тым мол ғұлама кісі еді. Оның үстіне өз кезінің зиялысы, мемлекет қызметкері, елбасы, халқымыздың маңдайына біткен бақ жұлдыздарының бірі әрі бірегейі болатын».

Бұл үзінділерді неге біз молынан келтіріп отырмыз?  Біріншіден, айтылған нақтылы тарихи деректерге жасалған шолуларды толық қолдағандықтан, екіншіден, зерттеуші Асқар Игеннің ақ, әділ, кесімді анықтама-түсініктемелеріне кәміл сенгендіктен еді.

Ал, ендеше, «Қабанбай батырға» қатысты бүкіл ауызша, жазбаша деректерді өмір бойы жинаған, еңбекқор шежіреші, ақын, қайраткер Бекеңнің арғымағына жолай міңгесе шапқылаған орайшыл Зейнолланың қылығын қай жөнге сиғызар екенбіз? Шын ұры, барымташы сонда «Дарабозға» он жылдай өмірін арнаған халық жазушысы Қабдеш пе, әлде «Шинжияң халық баспасының» қазанына қол сұғып дәніккен, сенгіш ақ көңіл ауыл ақсақалының еңбегіне Қытайда ортақтасып, Қазақстанға келгенде әруақ-құдайдан қорықпай, ел-жұрттан ұялмай өз атынан жариялап жіберген Зейнолла Сәнікті кім дер едіңіздер?

Жанат Ахмади осынау айдай әлемге белгілі шындықты біле тұра халық жазушысын қаралау үшін қандай-қандай айла шарғыларға барғанына назар аударып көрелік: Жын буып, көзіне қан толған Жанат, халық жазушысына «...Аянар жер қалған жоқ, бет жыртыспай – дау дауланбайды»,- деп шаптығады. Әдептен, ғылыми талдау қағидаларынан жұрдай Жанат осы сөздері арқылы өзінің кім екенін әшкерелеп алады. Мақсат – біреу-ақ, аузына келгенін оттап, бет жыртысу, аяспас жаулық, сасық намысқа шауып Қабекеңді қаралау.

Осыған дейін шола баяндаған «Қаракерей Қабанбай» атты жинақтың (сборник) авторы Қытайдағы зиялы қауымға танымал фольклорист Бейсенғали Садықан екеніне көз жеткіздік. Осынау жұп-жұқа топтама жинақ тарихи роман да, повесть те емес, жүйелі зерттеу еңбегі де емес екенін біле тұра (орта мектептік сауаты ғана бар  Жанаттың оны біле қоюы да екі талай-ау). Екі томдық «Дарабозды» жазып шығуға халық жазушысының ұрлыққа-плагиаттқа баруға мәжбүр болды деу ақылға қона ма?

Жанат-ау, осыдан тұп-тура 44 жыл бұрын үйімде жатқан үш айда әдебиет теориясынан жүйелі лекция оқып, көзіңді ашқан сияқты едім. Сонда «плагиат» туралы арнайы тоқталып сені де сақтандырып едім. Амал нешік, плагиаторлықтың қандай болатынын сен «Дүрбелеңіңде» қалай көрініс тапқанын өзіңе айтқанда қандай жағдайда болғаныңды ұмытып қалған сияқтысың. Ол өз алдына бөлек шытырман жыр ғой. Енді келіп, халық жазушысының «плагиаттығы» туралы оқырмандарға лекция оқитын болғаныңа қайран қалдым.

Ендеше, «Қабанбай батыр» топтамасының ақ иесі З. Сәнік екенін дәлелдемекші болып жаныққан Жанаттың айғақтары нелер екеніне, кімдер екеніне назар аударып көрелік. Дастархан басында пәтуаласқан Төкен деген туысы З. Сәніктің әйелі - ақын Шәмшәбану, ұлы Қанат және жазушы Әбділдәбек Салықбаевтар болыпты. Жанаттың сөзімен айтқанда «З. Сәніктің жұбайы Шәмшәбану апай да құлшына растап сөйлеген» көрінеді.

Шәмшәбанудың ақындығы жөнінде айта қоярымыз шамалы, ал азаматтығы жөнінде оған айтарымыз баршылық. Естеріңізге сала кетейін, 2012 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінде (3,9 тамыз № 32) З. Сәнік пен  Ырысбек Дәбей дегеннің сұхбаты жария болды. Зекең сонда былай деп көсіледі: «Кешегі Қытайдағы «Мәдениет зор төңкерісі» кезінде «халық жауы» саналып, мойнымызға тақтай асылып, жиырма жылдай соның зардабын тарттық». «Мен халық жауы атанып  (Қытайда «халық жауы» деген саяси термин жоқ, «тап жауы»  деген саяси қарғыс таңба бар) 20 жыл айдауда жүріп қайтып келсем, ауылда көп адам қалмапты. Шекара асқаны бар, о дүниелік болғаны бар, қара орман бауыр сиреп кетіпті, жалғыз қарындасым бар еді, тас қып құшақтап, ұзақ жылады...» Осының бәрін ой елегінен өткізіп отырсам, басымнан небір тарихи  дәуір аунапты.» Шәмшәбану ақынға: Сол 20 жылдық сүргінде, сіз қайда болып едіңіз? Зекеңнің барымта кітабы жөнінде «құлшына растап сөйлегіш» Шәмшәбану жұбайының соншама жалған, өзі құрастырған өмір дерегіне неге көз жұма қарады екен? Осындайда Шәмшәбану ханым: - отағасы-ау, мынауың елден ұят болды ғой. Сен екеуіміздің өміріміз бірге өтпеп пе еді, құдай берген ұл-қыздарды екеуіміз бірге жүріп  өсірмеп пе едік, - деп сұрауы керек еді ғой.

Біз дастархан басындағы мылжыңға емес, тас баспаға басылған төмендегі мағлұматқа жүгінеміз. Қытайда жарық көрген, жоғары оқу орындарына арналған «Жұң Го осы заман қазақ әдебиеті» (2006) оқулығында З. Сәнік 1935 жылы Шағантоғайда туылған Зекең өмірбаянынан жоғарыда айтылған «азапты 20 жылға» қатысты «1956-1970 жылдар аралығында «Шинжияң жастар баспасы» қазақ редакциясы группасының орынбасары болып істейді. 1970-1978 жылдар аралығында Жың ауданы (Бұратола обл) Дахиянзы гүңшесінде (халық коммунасы – колхоз тәрізді) еңбекпен тәрбиелеуге түсірілген). Ескерте айтарымыз – коммуна кәдімгі колхоз сияқты болғанда, Зейнолла сол ұжымдағылардың қолы жете бермейтін екі-үш ат қосылған тонналық жүк тарта алатын «Дашай арбаның бишігін ойнатып жүрген құрметті арбакеш еді. Әйелі Шәмшәбану сол жердегі мектептің мұғалімі болып істеген «20 жылдық сүргіннің» бар жоғы осы ғана. Оқулықта одан әрі қарай 1978 жылы Үрімжіге қайта оралып 1991 жылға дейін «Шыңжаң халық баспасы» балалар бөлімінің меңгерушісі болып істейді. 1991-1995 жылдар «Шыңжаң жастар-өрендер баспасында істеп демалысқа шығады» (Аталған кітап. 369-б.)

Шәмшәбану ханым, сіз аталған жылдары Зейнолламен бірге болдыңыз ғой. 19 жыл Тарымның азап лагерінде болған (Зейнолла сияқты шолақ белсенділер берген жалалы мәліметтер бойынша) Тәліпбай Қабай дейтін қазақтың ардагер ақын-азаматымен шатастырып алған сияқтысыз-ау шамасы... З. Сәніктің оны білетін қанша адамдардың көзі тірісіндегі 20 жылдық жалған өмір дерегіне қай жосын, қай жөнмен «куәлік» етер екенсіз? Осыдан кейін сіздің «Қабанбай батыр» жинағының Зейнолланікі болатын деп Құран ұстап ант  ішсеңіз де ешкімді сендіре алмассыз.  Ал, Төкен мен ұлы Қанаттың куәлігі деген кімге керек?

Сонда деймін-ау, Жанат Ахмадидің халық жазушысының мойнын үзер күрзісі деген лағнет шоқпарын өзіне қайыра сілтеуге біздің хақымыз, құқымыз неге болмасын?!

1986 және 1989 жылдары Үрімжі халық баспасынан шыққан қос авторлықтағы «Қабанбай батыр» мен 2005 жылғы Зейнолла авторлығында «ҚАЗ ақпарат» баспасынан «Қаракерей Қабанбай батыр» кітапшаларының мазмұнын жоғарыда біз атап өткен шежіреші ақын Бейсенғали Садықан жинап баспаға тапсырған Қабанбай батырға қатысты, сондай-ақ жүздеген беттік фольклорлық мұралар библиографиялық көрсеткіштерін салыстырып көріңіздер. Сонда ешкімнің де айғақ куәлігінсіз-ақ марқұм Б. Садықанұлының қолына авторлық құқын табыстау керек екені Аллаға да, өлі аруақ, тірі куәлерге де белгілі болмақ.

Біз солай дегенімізбен Жанат Ахмади дөйдалаға лағып өзінше дау айтары сөзсіз. Сонда Жанатша болғанда, егер З. Сәніктің (шын мәнінде Б. Садықанның) алақандай «Қабанбай батыры» қолына түспегенде 2 томдық «Дарабоз» романын Қабдеш мүлде жаза алмағандай екен-ау!

Олай болғанда қарашаңырақ - Қазақстанда өмір сүріп жатқан миллиондаған қазақтың академик Мұхтар Әуезов бастаған Қажым Жұмалиев, Қайым Мұхаметханов, профессор Б. Абылқасымов, Академик Р. Бердібаев т.б. ғалымдар өткен ғасырдың алғашқы ширегінен бастап жүйелі зерттеп, кесімді бағаларын беріп қойғанынан шала сауатты Қабанбайшылардың хабары да жоқ болғаны ғой.

Қ. Жұмаділовтың романдарын арнайы зерттеп докторлық диссертация қорғаған профессор Руда Зайкенованы тыңдап көрелік: «... Қ. Мұхаметханов Қабанбай батырдың төрт нұсқасына талдау жасаса, Б. Абылқасымов бұл жырдың жиырмаға тарта нұсқасын тауып соның 14 нұсқасына жеке-жеке талдау жасайды. Сонымен бірге өзі қарастырып отырған нұсқалардың барлығына ортақ оқиғалардың он бес түрлі сілемін анықтап көрсетеді.

Ғалымның осы нұсқаларды түгел шұқшия зерттеп, білмеген адам сол нұсқалардағы кейбір деректерге қарап Қабанбай өмірі туралы пікір айтпақшы болуы, жұқалап айтқанда – бекершілік, әйтпесе бос әуре», - деген сөзін  ғылымға атүсті қарайтын ағайындардың бәріне айтылған ескерту деп білеміз». Профессор Зайкенова өз сөзін: «...Қ. Жұмаділов «Ойда орыс, қырда қытайдан» жиналған материалдарға ғана сүйеніп қойған жоқ, сол заман туралы қазақ, қырғыз шежірелері мен тарихи жырларды да архив деректерімен салыстыра қарауына кеткен ізденісін есептемегенде, «Дарабоз» романының жазылуының өзіне бес жыл уақытын жіберген». «Қазақ әдебиетінің тарихы» ұлт тағдыры және көркем шындық. (Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов романдары негізінде). Алматы, 2014. «Үш қиян» баспасы.

Жанатқа керегі ол емес әрине, өз сөзімен айтқанда   «...Аянар жер қалған жоқ. Бет жыртыспай, дау дауланбайды» деп бейне әкесін өлтірген құныкерден құн даулағандай бітіспес жаулыққа шақырады. Ей, Жанат мырза, бір сәт сабаңа түсіп 2017 жылы баспадан шыққан кітабыңдағы «Қара сөздің жүк қалдырмас қара нары» аталған Қабдеш Жұмаділов үш жылдан кейін қалайша «Адам таппас жымысқы», «кітап ұрысы», «қулығына құрық бойламайтын айлакер»», З. Сәніктің кітабынан «жолма-жол көшіріп алып, аттарын ғана өзгерте салған ұры», «Май жұтатын жыланша бөлмей-жармай қылғыта салғыш»  қорқау, «плагиат – ұрлықтың ошағы», «жаралы құсқа тас ататын қаскөй адам», «өзі жасап, нанын жеп отырған қоғамға тіс-тырнағымен қарсы адам» – (халық жауы демегеніне шүкір дейміз де, Ә.Д.) «Амал-айланың, қулық-сұмдықтың бәрін мыстан кемпірден артық білетін Қабдекең», «қара ниет Қабдекең», қара ниет адамның өзі» т.б. болып шыға келген? Мінеки, халық жазушысы деп бар қазақ әспеттеген Қабдешіміз осыншалық «оңбаған адам» екенін Жанат арқылы білдік. Ал, осы Жанат деген жан иесінің 2017 жылғы Қабдеш туралы айтқандарын ұяла отырып үзінді беруге мәжбүрміз:

«Қабдекең ұлттық әдебиетімізде қанша шаруа атқарып жатса да, ұлылардан қалған: «нағыз білгір, өзін дәріптеуге құштар емес» немесе «хас кемеңгер қуанса да қайғырса да қалт етпес» дейтін ұлағатты еске салғандай. Терең өзен бұлқынбай ағатыны сияқты, ешнәрсеге алабұртпайтын Қ. Жұмаділовтің сабасынан асып, әлдебіреуге пендешілік байқатып, бірде-бір адамға шағынып, мүдуәр болып жатқанын көрген адам жоқ шығар. Бірақ, «шыдамның жемісі тәтті болғанмен, сабағы ащы» болатыны, онсыз да аз өмірің сабырмен өтетіні барша жұртқа белгілі. Бір айтарлық жері - Қ. Жұмаділов басқалардың өтірік-шынды жеңіп алған лауреаттығын, тағы сол тектес тәсілшіл табыскерлерді іші біліп тұрса да қызғанып күндемейді. «Өзгенің бақытын күндейтіндер өзі бақытты болуға тиіс емес» дейтін ұлағат бар. Ал, өз мәртебесінен биікке ұмтылушылар қолы көтермес сойылды белге қыстырғанмен бірдей болып, өздері-ақ ұятқа қалады.»

****

«Ұлылық нышаны адамға бір жақтан келмейтін шығар, бәлкім, осындай ой ұлылығы арқылы селбесіп тұрмас па екен... Жомарт табиғат дарын атаулыға дарығанда дәл осылайша жарылқап, осылайша дарқан дана есіркесе игі!

****

Бірінен кейін бірі дүниеге келіп жатқан: «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Саржайлау», «Тағдыр», «Дарабоз», «Таңғажайып дүние»  туындылары үйреншікті сөзбен айтқанда, жұртшылықтың «жылы» ғана емес, қызу қабылдауында болған еңбектер.  Бұған ешкімнің дауы болмаса керек...

****

«Қабдеш Жұмаділовті оқығанда тек ойлар әлеміне сіңіп, өзіңді мына кеңістіктен бір сәт жоғалтып, ұмыта тұратының бар. Бірден-бірге сонылатып, соңырқатып әкететін, тұнып тұрған ұлттық мазмұн сипаты, оқырманның жан рухына сүйеніш. Философиялық тұжырым, гуманистік өре, адами тектілік билік құрады. Оның барлығы жазушы жанының айтылып бітпес пікірге толы астарлы қабатынан шешіледі

****

«Шынында да, «өзгенің бақытын күндейтіндер өзі бақытты болуға тиіс емес» екенін, ... өз мәртебесінен биікке ұмтылушылар қолы көтермес сойылды белге қыстырғанмен бірдей болып, өздері-ақ ұятқа қалатынын» 2020 жылдың наурызында  «Тағы да сол баяғы Қабдекең» арқылы дәлелдеп, мойындап отырған сияқты. Айтылған сөз атылған оқ екені рас болса,  Жанаттың  «әлі ізі суып үлгірмеген «Дарабоз» және «Таңғажайып дүние» роман оқиғалары жұртшылық көкейінен жол тапқан тағы бір айтулы еңбек екеніне ешкімнің дауы бола қоймас, - деген сөздерін оқыған қазақтың зиялы қауымы  жаны күйзеле, Абайша: «Шын көңілден сүйсе екен кімді сүйсе, бір сөзінде тұрса екен жанса-күйсе», - дері анық. Нақақ жаладан жаны күйген Қабең де шерлі Абайша: Ішім өлген, сыртым сау, Көрінгенге деймін-ау: Бүгінгі дос - ертең жау, Мен не қылдым япырмау?! ...Мұндай ма едің ана күн, Мұның қалай батыр-ау?

****

Қайта кірер есікті,
Қатты серіппе жарқын-ау!
Жетілсең де, жетсең де
Керек күні бір бар-ау, - деп мұң шаққан болар-ау! Мұңайма, Қабе, өзіңіз айтпақшы, сіздің қаламыңыздан шыққан бір-бір алып жартастай мәңгілік туындыларыңыз, жарқанаттар мен жапалақтардың соқтыққанынан зардап шеге қоймасы да шындық.

Енді Жанат жан азығы еткісі келген жаласының бірі – 1962 жылғы қалың қазақ, ұйғыр, дұңған және све-соландардың босқынына тоқталмай болмас. ХХ ғасырдың екінші жарымындағы орыс-қытай ара қарым-қатынастан мүлде сауатсыз Жанат былай көсемсиді: « ...Бүкіл Тарбағатай елін сіз «көшірген» екенсіз, өзге жақты кім көшірді? Ол кезде Мәскеуге хат барады дегенге ақымақтың өзі сенбейді. Кеңес пен Қытай бір-бірін атарға оғы жоқ болып отырғанда, шекарадан Қабдештің хатын өткізіпті-мыс».

Біріншіден, 1962 жылдың «29 мамыр оқиғасына» дейін орыс-қытай аралық қарым-қатынаста ашық жауласқан да, дауласқан да жағдай болған емес. КПСС пен ХКП арасындағы ашық жауласу Құлжадағы «29 май» қанды оқиғасынан кейін басталды. Оған дейін Кеңес өкіметінің Үрімжі, Құлжа, Шәуешек қалаларындағы консулдық мекемелері жұмыс істеп тұрды. Маусым-шілдеден былай қарай ол консулдықтар жабылып кейбір консулдық қызметкерлері тұтқындалып, сотталды.

Қабдештің Мәскеуге хат жазуы одан әлде қайда бұрынғы істер болатын. Сол тұстағы геосаяси жағдай аса күрделі болды. Қазақтар қоныстанған үш аймақтан (Іле, Тарбағатай, Алтай) қазақтарды көшіру, босаған жерге қытайларды жаппай көшіріп әкеліп орналастыру үшін Мао өкіметі барынша мүдделі еді.

ШУАР өкіметінің сол кездегі орынбасар бастығы марқұм  М. Иминов ол туралы 1967 жылы бізге былай деп ашына әңгімелеген болатын: «ШУАР парткомының бірінші хатшысы Уаң Энмау мені арнайы өкілдік құзіретімен 30 мамыр күні Ілеге жіберіп тұрып: Сіз шекарада не болып жатқанын, кеңес шекарашыларының қимылы мен қашқындардың әрекеті туралы екі сағат сайын маған мәлімет беріп отырасыз, әр екі сағат сайын деп қайталай нықтады. Мен дәл солай істедім. Құлжа халқы, шекараға жақын елді мекендер  халқы төрт күн бойы топ-тобымен босып, ешбір тосқауылсыз, Қорғас, Қалжат шекарасынан өтіп жатты. Бірде-бір қытай әскері не сақшысы  қара көрсетпеді. Мен ол туралы ашына айтып, халықты кері қайтаруға неге бұйрық  берілмейді» деп қатты-қатты айтқанымда, Уаң қытай шімірікпестен: «ол сіздің жұмысыңыз емес, сізге айттым ғой, екі сағат сайын болғанды болғандай мәлімдеп тұрыңыз деп. Не істеу керек екенін  партия өзі шешеді» деді. Тек 5 - тәулікте ғана Қорғас шекарасындағы әскерлер көбейтіліп босқындар кері қайтарыла бастайды. Мен ақымақ болып кабинетте отырып қалдым».

Іледегі «29 май қанды оқиғасы» дегеніміз Құлжа қаласына аймақтың 8 ауданынан заңды визамен шекарадан өтіп кетуге тиісті Кеңес азаматтарына машина бермей, айлап жатып қалады. Азықтары, ақшалары таусылған қазақтар Іле қазақ облыстық өкіметі мен парткомына арыз-шағым айту үшін топталып Сталин атындағы орталық көшемен жолға шыққанда көше бойындағы ұйғырлар да қосылып адам көбейе береді. Обком мен  өкімет  үйі орналасқан көшенің қарсы бетінде қытайдың Іле әскери округінің әскери штабы жағынан алдын-ала дайындалған пулемет-автоматшылары қара халыққа қарата оқ жаудырып, Сталин көшесін қанға бояйды. Оқтан аман қалғандар көше бойлай шекараға қарай (80 шақырымдық) қашады. Жаралыларды әскерлер машинаға лақтырып, көшені өрт сөндіргіш техникалармен тазалап, түк болмағандай, бейне Гавриель Маркестің «100 жылдық жалғыздығындағы» македониялықтарды қырып жойған отаршылдардың қанды қылмысын қайталайды. Іле аймағындағы төрт-бес күн бойы жаппай қашу оқиғасын Қытайдың өзі жоспарлап, өзі іске асырған  қанды  оқиға бола тұра, бүкіл баспасөз алғаш рет «Кеңес одағы ревизионист, социал-жаһангерлігі еліміздің ішкі ісіне қол сұғып, азаматтарымызды азғырып қашыруды ұйымдастырды» деп шу көтерді. Жанат мырза, Қабекеңе сонда Іледегі халықты кім қашырды?» деп қадала сұрақ қояды. Барлық жағдайды сараптай келе айтарым, ол кезде Қытай тарабы да Кеңес өкіметі де өз пайдасы үшін шекара халқын арандатып босқындықтың пайда болуына себепші болды. Ал, сол тұстағы аса қиын жағдайда қалған халықтың Қабдеш, Жағда, Абдолла Тұрлыбай қатарлы азаматтары өз мүмкіндіктері аясында осы қозғалысқа өз үлестерін қосқанына тарих куә, халық куә.

Жанат өз мақаласында Қабеңді табалағысы келіп: Аталмыш көштің егжей-тегжейін жақсы білетін «...Өзімен ежелден дос-жар Жағда аға сияқты бірге келген кісі неге қостап бір ауыз сөз айтпады, не жазбады? ...Бірде бір адам жақ ашпаған және жаяу қашқан кезде Қабдекеңді судан арқалап өткен Қажытай Ілиясов неге ол жайлы ауыз ашпай кетті? Амал айланың, қулық-сұмдықтың бәрін мыстан кемпірден артық білетін Қабдекеңді бұл тұста қара басқаны...», деп шұбыртқан жалақор, «енді сол адамдарға неге жалынып болса да бір қолдау сөз айтқыза алмады?» – деп едіреңдейді.

Осындайда француз философы Этьен Кондиляктың мына бір ұлағатты сөзі еске түседі екен. «Кімде кім неғұрлым надан болса, төрелік айтуға соғұрлым асығады». Жанаттың надандығын дәлелдеу үшін сөзді қор қылмай марқұм Қажытай Ілиясовтың 2006 жылы 7 қыркүйектегі «Алтын Орда» газетінде  жариялаған «Халық жазушысы және оған жабылған жала, жағылған күйе...» атты мақаласына жүгінейік.

*****

«Дәм бе, әлде жазмыш солай ма, мен Қабдештің басына күн туған уақыттың бәрінде, ылғи жанында жүріппін. Әкесі баласына сенбейтін небір қатерлі сәттерде біз бір-бірімізден ештеңе жасырғанымыз жоқ. Өйткені Қабдеш Жұмаділов ұлтына, жұртына, туған халқына, дос-жаранына ең адал, ең опалы адам ретінде ойымда қалды. Оның пайым-парасатына кең тынысты, керемет жазушы болатынына, менің ол кезде, ешқандай шүбәм болған жоқ. Сондықтан шама-шарқым келгенінше, «ғұмырнамасында» айтылғандай қорғаштағаным рас еді.

Бір ғажабы заң орындары оның ықпалынан сескенгені шын-ау! Көктемде келген адамға мұқым аймақтан, лайықты қызмет тауып бере алмай, қыс ішінде Нұртай Қожабеков деген аталас ағайыны, бар жауапкершілікті мойынына алып, өзі басқарған мектепке мұғалім етіп орналастырады. Жаңылмасам ол кезде нан картішкімен берілетін. Жұмыста жоқ, есепте жоқ адамға азық бөлінбейтін сияқты еді. Әйтеуір өз елі болған соң іні-қарындастарының азығына ортақтасып білінбей қалған көрінеді. Әйтпесе?...

Міне, осындай орынсыз қуғын, үнемі «түртпек» Қабдешті жасытқаны сол, онан ары қайрап, әбден ширықтырған екен. Ширықтырғандықтан да 1962 жылы Қазақстанға қопарыла көшу деген ой, ең алғаш осы Қабдеш Жұмаділовтың басынан ғана туғаны – ол кездің жай-жапсарын білетін адамдарға да, Аллаға да аян еді. Қарсылықтардан қаны қарайған қайсарға не сын қоярсың?! Сол бір оқиғаның Қабдеш ең негізгі идеологиялық ұйтқысы ғана емес, ең негізгі ұйымдастырушысы болғаны рас. Қатерге басын тігіп жүрген бұл әрекеті, аңдушылар аузымен жоғарыға жетіп, Қабдеш бастаған топты тұтқындауға Үрімжіден арнайы адамдар келген-тін. Мен оны сол жылдың 20 апрель күні естідім де. Дереу қорғаудың шара-шақпытына кірістім.

Бұдан соңғысы Қабдештің «Таңғажайып дүниесінде» жан-жақты айтылмап па еді?! Ендеше соның бәрін көріп біле отырып, Жәди Шәкен неге Қабдеш көрген азап-тозақты, қуғын-сүргінді, қатерлі сәттерді жасырып, оны   «сүтке шомылып саяда салқындаған ерке» деп көрсетуге жанталасады?  Жанталаспаса,  «Сіз сияқты басына бұлт шалдырмай ата-жұрт аттап кеткен...» деп мысал ретінде сөз қозғамас еді ғой.

Егер, күрескерлік өмірі бұрмаланбай, өз қалпында көрсетілсе, Қабдеш Жұмаділов қайшылықтар қақпалап, күрес толқыны тудырған ұлттық қаһарман болмағанда кім болады?! Ал, Қабдеш табиғатынан туындайтын ондай қасиетті Жәди оның өзіне қимайды. Қабдештің кесек қимылы, тындырған ұлан-ғайыр еңбегі, тартқан тауқыметі Жәдиге керек емес. Себебі, Қабдеш Керей емес...   

****

«Күшіне қарамай, көже де көпіреді» демекші, Қабдешке Жәди: Ал, сіз именетін «арғы-бергі бетті бірдей білетін» біздер қоян бұлтаққа салуыңызға көне қоярмыз ба?!» - деп шіренеді.

Сөз басында біз «жалақорлардың жарысын өткізгендей» деген теңеуді тегіннен-тегін қолданған жоқпыз. Осы арада Жәди мен Жанаттың жарысының немен аяқталарын оқырман төрелігіне қалдырамыз.

****

Тасжарған тілді Қажытай марқұмның осынау жүрек жарды сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Өйткені осы сөзі арқылы Қажекең қанды көйлек досын жалақорлардың жаласынан да, жаққан қап-қара күйесінен де біржола арылтып, халық жазушысын періштедей пәк-арда күйінде халқына аманаттап кетті. Ал, менің рухани әкем, Қабдештің ең жақын жанашыр ағасы Жағда Бабалықтың жүрек жарды сырлары мен ақ-адал бағасы тіпті алабөтен, аса мәртебелі екеніне талай куә болғанбыз. Жәкеңнің үйінде 1995 жылы тұп-тура екі ай жатып ұлы тұлғаның ұлағатты ғұмырбаянын қағазға түсіріп едім, сол барыста көші-қон жөнінде, басқа да замандастарының сонау 1946 жылдан бергі қазақтарды Қазақстанға көшіруден басқа шығар жол қалмағанын көрегендікпен біліп, Құлжа мен Шәуешектегі Кеңес консулдығымен сәйкесе қимылдағанын еске алып еді. Бір ғана  Қобық атты полкындағы 600 солдатқа Кеңес Одағы азаматтығы паспортын (майор Абдолла Тұрлыбаевпен бірге) таратып бергенін тебірене әңгімелеуші еді. Шәуешектегі жаппай шекара аттау оқиғасына өзі мен жолдастарының да қосқан үлесін, сол қатарда Қабдештердің де көп әрекетке барғандарын айтып отыратын. Марқұм  Жәкеңнің тағдар-тәлейі жөнінде «үш Отау» әфсанасы жөнінде, көштің мән-жайы жөнінде 2017 жылы «Ақиқат» журналында және ақын Қасымхан Бегманов ұйымдастырған «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты этнографиялық экспедиция материалдарының 4 томдығының 2- томында жан-жақтылы тоқталған едім. Бұл төрт томдық «көрнекті этнограф ғалым Жағда Бабалықтың 100 жылдық мерейтойына арналған еді». Марқұм Жәкеңнің 93 жылдық мағыналы ғұмырында жиған-терген және өзі жазған жазбаларын 56 папкаға салып сақтап отырмын. Солардың ішінде Қабеңе байланысты дәлелді жазбалар баршылық.

Ендеше Жанаттың жалаңдап куәға тартпақшы болған ағалары неге үнсіз қалды, неге жақ ашпады? – деп Қабеңді айыптауға ешқандай моральдық құқы жоқ екеніне, халық жазушысын бір кісідей білетін өзім де куәдүрмін, - куәлікке жүрәдүрмін, ағайындар.

Сонымен, назарларыңызға ұсынылған мақаламыздағы басты түйіндерді нақтылар болсақ:

һ«Қабанбай батыр» кітапшасының авторы кім, ұры, плагиат халық жазушысы Қабдеш пе,әлде З. Сәнік пе деген сұраққа дәлелді жауап беріп, ол кітаптың ақ иесі - шежіреші ақын Бейсенғали Садықанұлы екеніне көз жеткіздік. Сондай-ақ Қ. Жұмаділовтің «Дарабоз» романын жазарда Үрімжіден шыққан «Қабанбай батырдан» ұрлады деген жаладан халық жазушысын ақтап, алалдап алдық.

1. Ал, З. Сәнікшілердің «Көрнекті жазушы, этнограф, философ, фольклорист» деген дабырларына, Зейнолланы да, Қытайдағы қазақ әдебиетін де жетік білетін профессор Ыбырай Қошқари былай деп жауап берген болатын: «Қытайдан келгені үшін қытайтанушы болып, өтірікті желдей естіріп, жұртты шатастырып жүргендердің қылығы аз болғандай, Қытайда қытай әдебиетін зерттеуші деп те, аудармашы деп те, керек десеңіз қытай тілін біледі деп те танылмайтын Зейнолла Сәнік мырзаның көсемсігеніне жол болсын» («Қазақстан» газеті. 2010. 4-ақпан).  Ендеше халық жазушысы Қабдештің «шала Шекспир, толмаған Толстой» сортындағы Зейноллаға ісі түсіпті дегенге кім сенеді?

2. «Зейнолла Сәнік ағамызға осыншама жасқа келгенде біреуді нақақтан ғайбаттап, қиянат сөз тарату неге керек болды екен?! «Алжып қалды» деуге де ауыз бармайды. Бұл сұраққа жауап табу үшін, ол кісінің өткеніне үңілсек, бәрі де алақандағыдай айқындала кетеді екен. Ол кісі қай жақта жүрсе де билікке, не болмаса билікке жақын жүргендерге жағынуды өз өмірінің ең басты қағидасына айналдырған. Осы жолда ешкімді де аямайды. Рақым Айыпұлы. «Ақсақал ма, адастырушы ма?» Әдебиет\ 26.12.12, Абай порталы.

3. Жанаттың 1962 жылғы Іле-Шәуешек оқиғасына байланысты Қ. Жұмаділовқа таққан кінәсінің мүлде негізсіз екенін, Қабеңнің жан жолдасы ақын Қажытай Ілиясовтың 2006 жылғы  «Алтын Орда» газетінде басылған «Халық жазушысы және оған жағылған жала, жағылған күйе» атты мақаласында әшкерелеп бердік.

Ж. Ахмадиге куәлік беріп, Қабдешті ұры еткісі келген куәгерлердің отбасы, ошақ қасы өсегіне жауап беріп, этика мен әдептен жұрдай Жанаттың бәдәуи жаргондарындағы «Қарасөздің жүк қалдырмас қара нарына» жапқан жалаларын бір-бірлеп атап көрсеттік. Осыған орай «Ж.А.» газеті бас редакторының баспасөз этикасы мен адам құқы жөніндегі қарапайым нормаларды құрметтемей Жанаттың бейпіл аузына көз жұма қарағанына қатты өкіндік. Сондықтан, «Ж.А.» оқырмандарын халық жазушысының атақ-абыройын қорғауға шақырамыз. Хакім Абай айтқандай: «Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?»

Қадірлі оқырмандар, осы күндері  жауапкершіліктен қашқан газет редакторлары газет соңына: «Жарияланған мақала авторының пікірі редакция көзқарасын білдірмейді», - деп ескертпе жазады. Қытайда КПК билікке келген 1949 жылдан былай қарай «Барша гүлдер шешек атсын, жалпы жарыса үн қатсын»,- дейтін көлгір ұран пайда болды. Сенгіш, момын халық «жалпы жарыса үн қатқанның жөні осы екен деп, өтірігі мен шыны аралас ойларын «Да зы бау – үлкен әріпті газет» дейтін ескі газет бетіне қара, қызыл сиямен бадырайта жазып, кез-келген жерге ұн желіммен жапсырып қоятын. Оны оқыған адамдар сөздің ақ-қарасымен жұмысы жоқ, әлгі қараланған адамды алдымен өз ұжымында, сосын мойнына тақтай іліп, ұрып-соғып, көше айналдыра сазайы-жазалы ретінде масқаралайтын. Олар да біздегі газет редакторларынша еш нәрсеге жауап бермейтінін біліп, ойына келгенін істейтін. Сонда деймін-ау, біздегі баспасөз туралы заң мен Конституция кепілдендірген ел азаматтарының абыройы мен қақ, құқықтарын қорғамайтын басылымдар кімге керек? Осыны білетін Жанат сияқтылар өз сөзімен айтқанда «... Жыланның құсығындай улы тілімен шарпығаны адамгершілікке жатпайтын» жалалы шимайларын газеттерге тықпалайтын болды. Бұған не дейсіздер арлы азаматтар?! «Бәрінен де ақиқат қымбат»  деп ұрандаған марқұм Алтынбек Сәрсенбайдың газетінің осылайша Қытайдың жабайы «Да зы бауы» дәрежесіне дейін құлдырағаны өкінішті-ақ.

Әлімғазы Дәулетхан,

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор.

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға барлығы құқылы. Портал редакциясы аталған мәселеге қатысты екі тараптың да айтар пікірін толық жариялады. Тараптардың пікірі редакция көзқарасын білдірмейді.  

Abai.kz       

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321