Қазақтың ішкі жан дүниесін қазақ журналисінен артық ешкім дәл бере алмайды
Айгүл Мұратқызы, Caspionet арнасының директоры:
- Ресми тілмен айтсақ, «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның» жағымды имиджін қалыптастыру жолында қазақ журналистикасы қыруар жұмыс атқаруда. Мұны батыл айтуға болады. Осы бағытта, әсіресе сіз жетекшілік етіп отырған арна ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Қазақты әлемге танытуға талпынып отырған арнаның бүгінгі тыныс-тіршіліктері қалай?
- Біздің арнамыз осыдан жеті жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2002 жылдың 25 қазанында ресми түрде өз жұмысын бастады. Бүгінгі заманның сапырылысқан ақпарат кеңістігінде берік орын алған Caspionet аз ғана уақыт аралығында өзінің қолтаңбасын айқындап үлгерді десек те болады. Негізінен, өзге мемлекеттер алдында Тәуелсіз Қазақстанның жағымды имиджін қалыптастыру жолында еңбек ететін арнаның ақпараттық бағыты ең алдымен мемлекет мүддесі үшін қызмет етеді. Сондықтан да аптаның толық жеті күні бойы үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде үздіксіз жұмыс істейтін бұл тұңғыш қазақстандық спутниктік тележобаның ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда атқарар жүгі мен қолға алған мақсат-міндеттері орасан зор. Арнадағы мемлекеттік қазақ тілінің пайдалану көрсеткіші таза 50 пайыз, ал ағылшын, орыс тілдерінің үлесінде 25 пайыздан.
Айгүл Мұратқызы, Caspionet арнасының директоры:
- Ресми тілмен айтсақ, «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның» жағымды имиджін қалыптастыру жолында қазақ журналистикасы қыруар жұмыс атқаруда. Мұны батыл айтуға болады. Осы бағытта, әсіресе сіз жетекшілік етіп отырған арна ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Қазақты әлемге танытуға талпынып отырған арнаның бүгінгі тыныс-тіршіліктері қалай?
- Біздің арнамыз осыдан жеті жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2002 жылдың 25 қазанында ресми түрде өз жұмысын бастады. Бүгінгі заманның сапырылысқан ақпарат кеңістігінде берік орын алған Caspionet аз ғана уақыт аралығында өзінің қолтаңбасын айқындап үлгерді десек те болады. Негізінен, өзге мемлекеттер алдында Тәуелсіз Қазақстанның жағымды имиджін қалыптастыру жолында еңбек ететін арнаның ақпараттық бағыты ең алдымен мемлекет мүддесі үшін қызмет етеді. Сондықтан да аптаның толық жеті күні бойы үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде үздіксіз жұмыс істейтін бұл тұңғыш қазақстандық спутниктік тележобаның ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда атқарар жүгі мен қолға алған мақсат-міндеттері орасан зор. Арнадағы мемлекеттік қазақ тілінің пайдалану көрсеткіші таза 50 пайыз, ал ағылшын, орыс тілдерінің үлесінде 25 пайыздан.
- Арнаның таралу ауқымы қандай мемлекеттерді қамтиды? Шамамен қанша көрермендеріңіз бар?
- Қазіргі уақытта біздің көрермендеріміздің саны орта есеппен алғанда 99 миллионға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш әлі де өсу үстінде. Еліміздің бас телеарнасы саналатын «Хабар» агенттігінің құрамындағы арналар ішіндегі ең жасы болып есептелінетін Caspionet спутник арқылы Еуропа, Таяу Шығыс, Кавказ өңірі, Орталық Азия, Орталық Шығыс елдері мен Африканың солтүстік аумағында қабылданады. Алдағы уақытта Молдова, Литва сияқты басқа да шетелдермен қоса, Каспий аумағын түгел қамтып, қазіргіден де ауқымды ақпараттық қызмет көрсетуге күш салып жатырмыз. Бұған қоса спутниктік табақшалар арқылы тараумен қоса, бірте-бірте қосымша кабелдік жүйеге көшу жоспарда бар. Әлемнің әр түкпіріндегі арна көрермендері Қазақстанның және шеттегі қазақ диаспорасы өкілдерінің тыныс-тіршілігі жөнінде де барынша толық, объективті ақпарат ала алады. Біздің тілшілер дайындаған материалдарда елімізде болып жатқан негізгі саяси оқиғалар жөнінде, экономика, ғылым-білім, спорт және басқа да салалардағы жетістіктеріміз жан-жақты сөз болып, қазақ халқының рухани-мәдени тыныс-тіршілігіне де қатысты жаңалықтар жайлы ақпарлар берілуде. Алғашқы кезеңдерден бастап-ақ ақпараттық бағыт ұстанған арнамыздың 55 пайызын әр жарты сағат сайын 10 минутта беріліп тұратын жаңалықтар топтамасы құрайды. Біз өз өнімімізбен қатар әріптестік бағдарламалар аясында әлемнің алдыңғы қатарлы ақпараттық агенттіктерінің соңғы жаңалықтарын да ұтымды пайдаланып келеміз.
Жұмыс күндері арна бағдарламалары әр сағат сайын жаңа тіл ұстанымы бойынша өрбіп отырады. Ал демалыс күндері екі са-ғаттық тілдік ауысым принципін ұстанамыз. Бағдарламалар ішіне саяси, іскерлік, қаржылық, спорттық жаңалықтар еніп, деректі және көркем фильмдер, балаларға арналған туындылар, тарихи-этнографиялық бағыттағы хабарлар мен театр қойылымдары, классикалық және фольклорлық әуендер, эстрада музыкасы шеберлерінің концерттерімен толықтырылады. Әрине мұндағы басымдықты қазақ тіліне, өзіміздің ұлттық өнерге береміз.
- Қазіргі көрерменнің талғамы бөлек. Сондықтан болар, кейбіреулер «мемлекеттік электрондық ақпарат құралдары бүгінгі қоғамның тек жақсы жақтарын ғана көгілдір экран алдына шығарады» деген пікір қалыптастыруда. Өміріміздегі өзге де проблемаларға мұндай арналардан орын жоқ па?
- Реті келгенде маңызды саяси-экономикалық проблемаларды, ұлтқа қатысты кейбір өзекті мәселелерді біз ешқашан айналып өткен емеспіз. Кез келген мемлекет өзгелердің алдында абыройлы болып көрінгісі келетіні ақиқат. Сондықтан біз де өз тарапымыздан қазақтың бар кемшілігін аршып алып, әлем жұртшылығы алдында ұпай жинай алмаймыз. Қазақта «Жақсылығын асырып, жамандығын жасырып...» деген сөз бар. Ал бізге қарата «шындықты айтпайды, ана жағдайды көрсетпейді, мына жағдайды назардан тыс қалдырды» деген желсөздерді өз басым орынсыз айыптау деп есептеймін. Саяси-әлеуметтік проблемалары жоқ мемлекет болмайды, алайда біз тек қана позитивті дүниелерімізді сыртқа шығарып, насихаттау арқылы басқалардың бізбен санасуына мүмкіндік туғызамыз. Айдың арғы бетін қанша жарнамаласаң да оны ешкім көре алмайды. Жақсы нәрсе ғана жақсы пікір тудыратынын ұмытпаған дұрыс.
- Айтпақшы, әншейінде телеарналардағы жарнамалардан мезі болып жүретін жұрт Caspionet-те неге көз үйренген қызылды-жасылды жарнама жоқ деп таңдануы мүмкін...
- Біз бәрінен бұрын бірінші ақшалай пайданы ойлап отырған жоқпыз. Мақсатымыз мүлде бөлек. Біз жасаған жұмыстың мемлекетке келер пайдасы әлгі жарнамаңнан түсетін пайдаңнан әлдеқайда артығырақ. Ал жоғарыдағы әңгімеге қайта оралатын болсақ, қазіргі кезде қоғамның көлеңкесін ғана көргісі келетіндер үшін таңдау өте жоғары емес пе? Жағымсыз жаңалықтар мен атыс-шабыс, зорлық-зомбылық туралы жазып, көрсететін ақпарат құралдары онсыз да жетіп-артылады. Таңдау өз еркіңізде. Бұл аз десеңіз, ғаламтордың «ғаламаттары» тағы бар. Әйтсе де біз басқалармен бәсекелестік жағдайда жұмыс жүргізе отырып, миллиондаған аудиторияны жаулап отырмыз. Ендігі кезекте сол көрермендеріміздің қатарының көбеюіне еңбек етуіміз керек. Себебі сырт көзбен қарағанда Қазақстан сынды жас мемлекетіміз туралы толыққанды түсінік әлі дұрыс қалыптасып үлгерген жоқ. Дегенмен алғашқы жылдардағыдай емес, қазақ десе, Қазақстан десе өзімізді өзгелермен тең дәрежеде қоя алатындай халге жетіп қалдық. Бұл әрине, біріншіден мемлекетіміздің ұтқыр саяси ұстанымының арқасы деп білемін. Дегенмен бұл жолда ел жетістіктерін әлемге паш етіп жүрген Caspionet арнасының да өз үлес-салмағы бар деп есептеймін.
Туған елімізді, тамаша жерімізді алғаш рет көрген шетелдіктер бізге таңданумен болады. Өткенде ғана ағылшын футболистері келіп таң-тамаша күй кешіп кетті. Десек те шеттегілер бізге келмей тұрып таңғалатын болса, үлкен жетістік болар еді. Қашанғы «біз Ресей мен Қытайдың ортасындағы посткеңестік мемлекетпіз» деп ежіктеп жүреміз? Қазақстан - Еуразия кіндігі, өркениеттер тоғысатын орталық. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан туралы насихат жұмыстары әлі де болса күш салуды қатты қажет етеді.
- Шетелдегі қазақ диаспораларымен байланыстарыңыз бар ма?
- Ел мүддесін көздеген мақсатты жобаларымызды жандандыру жолында біздер көптеген беделді халықаралық ұйымдармен, түрлі қоғам, қауымдастықпен тығыз қарым-қатынастамыз. Мысалы бір ғана Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырып отырған іс-шараларымыз баршылық. Біз өз жеріміздегі отандастарымыздың жемісті жеңістері мен жетістіктерін ғана жіпке тізгендей жарқыратып көрсете бермей, шетте жүрген қандастарымыздың да бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы жағымды материалдар беруді парызымыз деп санаймыз. Осыған байланысты біз «Атамекен» атты үлкен тележобаны іске қостық. Бұл бағытта арнайы түсіру тобы жасақталып, шетелдерге іссапарларға шығып жүр. Бүгінде редакциямызға және электронды сайтымызға әлемнің әр бұрышынан түрлі хаттар мен тың ұсыныстар, шақыртулар келіп жатады. Әсіресе шетелде тұратын қазақ диаспорасының өкілдері туған тіліміздегі мәдени-танымдық, концерттік, ойын-сауық бағдарламаларды көптеп көрсетсеңіздер екен деп сұрайды. Осы сұранысты қанағаттандырып біздер кестемізге «Хабар», «Еларна» телеарнасының үздік бағдарламаларын да қостық. Баяғыда тілге қатысты «50 де 50» заңдылығын орындайтын кезде көптеген телеарналар бос тұрған уақыт кеңістігін сапасыз дүниелермен, жарымжан аудармалармен толтыруға мәжбүр болды. Қазір Құдайға шүкір, «Міне!» деп көрсететін жетістіктеріміз, өнер туындылары мен жұлдыздарымыз баршылық.
- Үш тілде хабар таратудың өз қиындықтары бар екені белгілі. Тіл мамандарынан тапшылық жоқ шығар?
- Біз осы арнаны ашқан кезде бастапқыда телевизия техникасының тілін білетін мамандарға, режиссерларға, аудармашыларға, бірнеше тілді бірдей меңгерген журналист-редакторларға зәру едік. Меніңше, барлық жерде солай болған. Осының салдарынан алғашқы хабарларымызды амалсыз алдымен орыс тілінде, сосын ағылшын тілінде, ең соңынан барып қазақ тілінде жасауға мәжбүр болған жайымыз бар. Қазір керісінше, өзіміздің қазақ жастарының арасында мықты техника мамандары мен шебер журналистер өсіп келеді. Міне, солар қазақ елінің жаңалықтарының жаршысы болмақ. Мемлекетіміздің өзі Үш тұғырлы тіл саясатын ұстанып отырған тұста біздің арна да осы мақсатта нақты жұмыс жүргізіп келеді. Бірақ әңгімеміздің басында атап өткеніміздей, мұндағы басымдық алдымен мемлекеттік тілге беріледі.
Тағы бір айрықша атап өтетін жағдай, Caspionet-ті күнделікті көру арқылы тіл үйренуге де болады. Арна басшылығында жүріп өзім мән бермеген мұндай құбылысты кейбір әріптестерім аңғарыпты. Қарапайым ғана мысал келтіре кетейін: арнада алдымен қазақ тіліндегі жаңалықтар топтамасы не болмаса белгілі бір бағдарлама көрсетіледі, артынша осылардың орысшасы, бұдан соң ағылшыншасы беріледі. Мұндай жағдай күнде қайталана бергеннен соң кейбір сөздердің аудармасы мен мән-мағынасын түсіне бастайсың. Егер осы үш тілдегі хабарларды тұрақты түрде көретін болсаңыз, араға біраз уақыт салып барып орысшаны айтпағанның өзінде ағылшын тілінде еркін сөйлей алмасаңыз да, оны бір кісідей жеңіл қабылдап, жақсы түсінетін боласыз. Мен мұны әншейін қызықтыру үшін айтып отырғаным жоқ. Нақты тәжірибеде шын мәнінде солай. Тіпті кейбір тіл үйретуші репетиторлар да өз шәкірттеріне осы арнаны көруге кеңес береді екен. Ағылшын тілін үйретуге негізделген электронды бағдарламалар да осындай принциппен жұмыс істейді емес пе?
- Бүгін қазақстандық журналистер төл мерекесін атап өтуде. Жалпы, қазіргі қазақ журналистикасы өзіне жүктелген міндеттерді атқара алып жүр ме?
- Біздер не нәрсені болса да салыстырып қарауға құмармыз. Белгілі бір дәрежеде бұл дұрыс та шығар, бірақ әр затты өз атымен атағанымыз дұрыс. Ал қазіргі қазақ журналистикасына қатысты айтар болсам, соңғы кездерде бұл салада ілгерілеу басым. Мен Америка мен Еуропаның журналистері мен біздің әріптестерді салыстырғым келмейді. Біз әртүрліміз. Олармен ортақтасатындай тілдеріміз де бөлек. Шетелдегілер ғана шеттерінен мықты, бәрі білімді деген бос сөз. Мен қызмет бабымен шетте көп жүрем. Әрине бізге әлі де көп тәжірибе жинақтау керек. Бізде шығармашылық саладағы мамандар жеткілікті де техника тетігін іліп әкететіндер аз. Өкінішке қарай, журналистикаға жаңа келіп жатқан бүгінгі жастардың көбі газет-журнал оқымайды, теледидардан жаңалықтар қарамайды. Басқа-басқа, журналист болғысы келетін адам өмір бойы оқып, ізденіп жүруі керек. Әйтсе де бүгінгі қазақ журналистикасының аяқалысы жаман емес. Әлбетте, өзгелердің біз туралы түсінік-пайымы дұрыс болғаны абзал. Қалай болған күнде де қазақ туралы қазақтың өзі айтқаны құндырақ әрі нанымды болмай ма? Бұл ретте айтып өтер тағы бір мәселе, қазақтың ішкі жан дүниесін, оның ұлттық болмыс-бітімін қазақтың өзінен асып, қазақ журналисінен артық ешкім тап басып, дәл бере алмайды. Байқасаңыздар, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ журналистикасы әлсіз еді. Әсіресе ұлттық мәселелерге келгенде жұмған ауыздарын аша алмайтын. «Төртінші билік» деп айдар таққан журналистиканың жалауы бүгінгі демократиялық қоғамда еркін желбірей бастады. Кейбіреулер «сөз бостандығы жоқ» деп қанша қынжылғанымен, біздің қоғамда ой еркіндігі жоқ дей алмаймыз. Әрбір отандық бұқаралық ақпарат құралдары әртүрлі принцип ұстанғанымен, олардың түпкі міндеттері мемлекет мүддесіне қызмет ету болып табылады.
- Сіз Мәскеу қаласында дүниеге келіпсіз. Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқып, Халықаралық бизнес академиясында «жалпы және стратегиялық менеджмент» мамандығы бойынша білім толықтырдыңыз. Тағы да оқуыңызды жалғастыру ойыңызда бар ма?
- Оқу-білім адамға ешқашан артықтық етпейді. Әзірге осы уақытқа дейін алған білімім мен тәжірибемді қызмет бабында жүзеге асыруға күш салсам деймін. Жалпы, журналистің әр күні тәжірибе, әр сәті сынаққа толы. Біздің кәсіп босаңдықты, еркелікті көтермейді.
- Сіздің Алашорданың белді өкілдерінің бірі, қазақтан шыққан тұңғыш адвокат Райымжан Мәрсековтің ұрпағы екеніңізді көпшілік біле бермейді. Естуімізше, сіз осындай қайраткер тұлға туралы деректер жинап, арнайы кітап шығаруды қолға алып жүр екенсіз...
- Көпшілігіміз Алашорда дегенде оншақты фамилияны мүдірмей тізіп айтып бере аламыз. Алайда Райымжан Мәрсеков сынды ұлты үшін еңбек етіп, жанын қиған тарихи тұлғалар туралы көп біле бермейміз. Алаш қайраткерлерінің әлі де қаншамасы зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Атамыздың кезінде жазып қалдырған еңбектерін парақтап қарап отырып қатты қайран қалдым. Осы уақытқа дейін маңызын жоймаған әр сөзінің зілдей салмағы бар. Қандай игілік болса да, қандай жақсылық болса да қазаққа болсын дейтін сол кездегі зиялылардың айтқандарын айна-қатесіз, сол күйінде бүгінгі қоғамға да айтуға болады. Біраз тарихшы, қаламгер ағаларымыздың бұл кісі жөнінде қазақ тілінде жазылған аз-кем зерттеулері бар екен. Қазір соларды толықтырып, бас-аяғын құрастырып қазақшаға қосымша орыс тілінде де кітап етіп бастырмақпын. Мұндағы мақсат- осындай қайраткерлер туралы өзгелер де оқып-білсін деген ниет. Райымжан Мәрсеков журналист ретінде де өткір пікірлер айтып, «Сарыарқа» газетін шығаруға тікелей атсалысқан. Мұнымен қатар ол кісінің өткір мақалалары «Айқап», «Қазақ» басылымдарында да жарияланып тұрған. Озық білімге ұмтылып, Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқыған. Кейін елге келіп біраз жауапты қызметтер атқарған тұста қуғын көріп, Қытайға кетіп қалған. Өз заманында белгілі себептермен шетел асқан азаматтардың өмір жолдары толық зерттелінбегендігінің бір себебі - оларға қатысты біздің мұрағаттардағы мәліметтердің жұтаңдығы.
Жалпы Алаш қайраткерлері туралы зерттеулер жүргізу тарихшы мамандардың ғана ісі деп қарауға болмайды. Осы мақсатқа журналистер қауымы да бір кісідей жұмылуы тиіс.
- Әңгімеңізге рахмет!
Бір мысал
Кезінде Қазақстанға Рим папасының келуін бүкіл әлемнің телеарналары көрсетті. Ертесінде үйде отырып спутник арқылы берілетін шетел арналары бұл жаңалықты қалай тарқатады екен деп әдейі зер сала бастадым. Сонда бірқатар елдің арналары біздің ел туралы мүлдем теріс пікірде екендігіне көз жеткіздім. Өзім ағылшын тілін жетік меңгергеннен кейін шетелдіктердің не айтып отырғандықтарын түсініп отырмын. Кейбіреулері бізді тіпті Ауғанстан, Түрікменстан, Тәжікстан сынды елдермен қатар қойып, қазақтар әлі көшіп-қонып, есек арбаға мініп, қышлақта тұрады деген де пікірлер айтқан. Шеттегілердің түсінігінде «стан» деген жалғауы бар елдер дамымай қалғандардың қатарында болса керек. Біздің арна осындай кереғар пікірлерді түбегейлі өзгертуде айтарлықтай үлес қосып келеді. Дәл қазіргі жағдай мүлде басқаша. Қазақстан өте қысқа мерзім ішінде өзін әйгілеп, әлемдік аренадан айтулы орнын белгілей білді. Осының бәрі, қайталап айтар болсам, өз жетістіктерімізді өзгеге паш ете білгенімізде.
Сұхбаттасқан Алмат Мұратұлы
«Алаш айнасы» газеті 27 маусым 2009 жыл