Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Дат 5599 1 пікір 31 Шілде, 2020 сағат 15:25

Мың адам тұратын ауылда дәрігер жоқ...

ҚР Президенті
Қ. К. Тоқаевтың назарына

Әлемге тараған Covid-19 пандемиясы еліміздің жалпы экономикалық-әлеуметтік жағдайының қаншалықты қауқарлы екенін көрсетіп берді. Әсіресе медицина саласы мүлде тұралап жатқаны айқын көрініп отыр. Қазіргі таңда еліміздің барлық дерлік аймақтары қалаларды айтпағанда аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде мүлде қиын жағдай орын алды. Қолданыстағы ауруханалар ауруларды қабылдай алмайтындай толып, қарапайым дәрі-дәрмек пен шприцтің өзін таба алмайтын дәрежеге жетті. 

Халық қазір апатты жағдаймен өздері бетпе-бет қалды. Әр ауыл өз тұрғындары болып қаржы жинап дәрі-дәрмектерін, тыныс алу апараттарын алдырып жатыр. Басқа амал да жоқ. Мемлекеттің негізі болып отырған халықтың денсаулық сақтау саласы мен ғылым-білімінен ақша үнемдеу елдің дамуына қаншалықты кесірін тигізіп отырғаны елдегі орын алып отырған қазіргі жағдай дәлел емес пе!

Бір ғана мысал Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Кеңгірбай би ауылдық округінің дәрігерлік амбулаториясы 2019 жылдан бастап қысқартылып қазіргі таңда Көкбай ауылдық округінің дәргерлік амбулаториясына қаратылған. Көкбай ауылы Кеңгірбай ауылынан 25 км қашықтықта орналасқан. Тұрғындардың ол жаққа барып денсаулықтарын қаратуы, жедел жәрдем қажет жағдайда уақытылы көмек ала алмауы үлкен мәселе тудырады. 

Мыңға тарта халық тұратын ауылдың жан саны аз деп тек бір медбикені ғана қалдырғаны қаншалықты ақылға сиымда. Жедел-жәрдем көлігі болмағандықтан мейірбике сырқаттардың үйлеріне барып көмек көрсетуге үлгере алмай отыр. Оны айтасыз, тіпті, дәрі-дәрмек те жоқ. Осы қысқартулардан үнемделген қаржы жемқорлардың жемсауына түсіп жатқанын бәрімізде көріп отырмыз. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» мен «СК-Фармация» басшылығының жасап отырған тірліктері заң түгілі адамгершілік түсінігіне де келе бермейді-ау.  

Ауылдық жерлердің медициналық мекемелеріне көзқарас өзгермей халықтың денсаулығын сақтау қалай іске аспақ?

Сондықтан Қазақстан Республикасы бойынша бұрын қызмет көрсетіп, кейінгі жылдары ауылдық жерлерде қысқартылған барлық дәргерлік амбулаториялар қалпына келтірілсін. Тіпті 100-50 адам тұратын шағын елді-мекендерде медицина қызметкерлері болуы тиіс. 

Ұлттың саулығы мемлекеттің болашағы. Егер біз «Мәңгілік Ел» боламыз десек Денсаулық сақтау мен ғылым-білім саласын барынша қаржыландыруымыз керек. Жалпы Ішкі Өнімнің кем дегенде 20-30 пайызы осы салаларға жұмсалуы керек.  Дені сау, ғылымы дамыған, білімді халық арқылы ғана қуатты экономика құра аламыз. Ал экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болмайынша біз толық Тәуелсіз мемлекетпіз деп айта алмаймыз. Оған қазіргі уақытта толық көзіміз жетті. 

2014 жылғы деректер бойынша:

Кеңгірбай би дәрігерлік амбулаториясы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы әкімдігінің «Абай аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК-ның Кеңгірбай би дәрігерлік амбулаториясы.

Ғимарат 1990 жылы салынған, ғимарат түрі - бейімді, жылыту жүйесі – пештік, сумен қамтамасыз етілуі – құдықты.
Емдеу мекемесі: Дәрігерлік амбулатория – 1
Кадрлары: Дәрігері – 1
Орта буын медицина қызметкерлері – 2
Басқалары – 2
Квалификациялық категориясы дәрігерде – 1, категория – 1;
Жан басына шаққанда тариф 1306 теңге.
Жылдық бюджет 1024 адам х 1306 теңге х 12 ай = 16048,1 мың теңге.
Жалпы халық саны – 1024 адам, сонымен қатар бұл елді мекенге 80 тұрғыны бар Жидебай медициналық пункті қарайды.

Ардақ Беркімбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963