Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5619 32 пікір 17 Тамыз, 2020 сағат 14:18

Коммунистер тағы да «халық жауларын» іздеп жүр!

Былайғы күнде бар-жоғы білінбейтін, тек комсомолдың пәлен жылдығы, совет одағының түген күндігі деген секілді көнерген даталарда ғана бой көрсететін коммунистерді жақында тағы да түлен түртті. Елдің саяси-мәдени өміріне араласпайтын, қоғам дамуына мүлде пайдасыз, ел алдында еш беделі жоқ «Қазақстан коммунистік халық партиясы» соңғы кездері адамның миына кірмейтін мағынасыз мәлімдемелерін бұрқыратып жатыр.

Кеңес одағына қызмет істеген, келмеске кеткен Кеңес кезеңін сағына еске алатын коммунистердің түсінігі қызық. Жаңа заманда, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқандарын ескермей, ескі күннің елесіне естері кетіп жүр. Жастарды, кейінгі ұрпақты ойлаған болып, көне көзқарастарын, тоңмойын түсініктерін бүгінгі күннің тәртібіне енгізгісі келеді. Тәуелсіз Қазақстанның жеке ел ретінде алға басуына тіс-тырнағымен қарсы. Бәрі кеңес кезіндегідей, қызыл коммунистер билеп тұрған кездегідей болса дейді.

Біз бұл сөздерді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Елімізде ресми тіркелген, парламент мәжілісіне 7 бірдей депутат кірігізіп отырған ҚКХП-ның іс-әрекетіне сүйеніп айтып отырмыз. Осыдан екі жыл бұрын қызыл империяның қынсыз қылышы комсомол ұйымының 100 жылдығын дүркіретіп тойлап, тәуелсіз елдің сүйегіне таңба салғаны есімізде. Жай тойлап қоймай, Тәуелсіз елдің әскеріне КСРО-ның қызыл туын көтертіп, оқушыларға қыз галустук байлатып, студенттерге қызыл лекция оқып «құтырған». Бұл бассыздыққа барша қоғам қарсы болғанымен, бүгін билікте отырған көне саптастарына арқа сүйеген коммунистер ешкімге құлақ асқан жоқ.

Көне коммунистер өздерінің Кеңес одағының емес Қазақстан республикасының азаматы екенін естерінен шығарып алатын секілді, кейде. Бұған дейін тарих түгендеген болып, КСРО-ны жиі еске алып тұратын коммунистер енді сол әндеріне тағы басты. Мектептерде оқытылатын тарих оқулықтарын ілікке алғыз етіп, онда Кеңес кезеңі, қызыл әскерлер толық дәріптелмеді деп өкініш білдіріп жүр. Мұны аз десеңіз, ұлттық құндықтарды жоқтап, тәуелсіз елдің рухани жаңғыруына үлес қосып жүрген азаматтарды «ұлтшылдар», «фашистер» деп Бас прокуратураға арыз да жазды.

Коммунистердің тарих оқулығына көңілі толмайды

Сана-сезімдері мен түсініктері Кеңестік жүйеде қалып кеткен кәрі коммунистер «Тәуелсіз елдің жастары кеңестік жүйде білім алмады» деп күйіп-піседі. «Бүгінгі оқушылар мен студенттер комсомолдар мен коммунистердің ерлігін неге оқымайды» деп сұрақ қою үшін адам қаншалық деңгейде «кері кеткен» болу керек. Мұны Тәлесіз елді мойындамау, кеңес одағын аңсау деп бағалауға тура келеді. Өз сөздерін мысалға алайық:

«Гитлерлік Германиямен болған соғыстағы жеңістің 75 жылдығында фашизмді жеңудегі Коммунистік партия мен Қызыл армияның, жалпы КСРО-ның рөлін төмендетуге, маңызын бұрмалауға қарсымыз» - деген коммунистер: «Кеңес Одағының, коммунистік ұйымдардың (Қазақстан Компартиясы, БКП (б), БКЛЖО, Коминтерн) және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қызыл Армияның рөлін оқу бағдарламаларында және тарих оқулықтарында әдейі төмендету һәм мұндай деректерді барынша қысқарту дұрыс емес» - деп күйінеді.

Сондай-ақ, коммнистер бүгінгі оқулықтарда Екінші дүиежүзілік соғыстағы ерліктер аз қамтылған, есесіне саяси қуғын-сүргін тақырыбы көп берілген деп қамығады:

«Жоғарғы сыныптарда «Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан» тақырыбына реформаға дейін екі сағат берілген. Есесіне, «Саяси қуғын-сүргін және халықтарды жер аудару» тақырыбын мектеп оқушылары үш параграфқа бөліп, оқиды екен. Шынында да, соғыс жылдарындағы ерлік пен репрессия тақырыбын зерделеу сәйкес келмейді», - дейді.

Миын Мәскеу улаған коммунистер Тәуелсіз елдің жастары үшін сүйегі қураған Кеңес одағы, халыққа қан бүріккен қызыл коммунистер емес, сол қызыл коммунистер миллиондап қырған ата-бабасы мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт ардақтылары қымбат екенін қашан түсінер екен. Енді мың жерден тықпаласа да жас ұрпақ коммунистік жалған ұрандарға ешқашан сенбейді.

«Міне, қазіргі көшбасшы жастардың дүниетанымы осылай қалыптасуда. Олар комсомол мүшелері мен пионерлердің кім екенін, Тимуров қозғалысының не екенін, «Жас гвардия» ерліктерін, «Болат қалай шынықты» деген кітаптың үзінділеін жатқа соғатын ардагерлердің неліктен соғысқа қатысқанын білмей өсіп келеді. Мұндай тарихи тәжірибені пайдалану қазақстандық жас ұрпақ үшін пайдалы болар еді» - деп айды аспанға бірақ шығарады, коммунистер.

Бұлардың түсінігінше бүгінгі жас ұрпақ комсомолдар мен пионерлердің «ерлігін» оқып, кеңестік қызыл кітаптардан үзінді жаттап өсуі керек екен.

«Антикоммунистік көзқарас тарих оқулығында көрініс таппауы керек. Партия мен комсомолдың рөлін елемеу, Кеңес өкіметінің соғыс жылдарындағы саясатын бұрмалау күпірлік, қорлық болып көрінеді» - деп тәлімсиді әрі қарай. «КСРО-ны нацистік Германиямен бірге Екінші дүниежүзілік соғысты бастауға қатысты тікелей айыптауға болмайды» - деп кесіп айтады. Олар тіпті оқулықтарда Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылғы 1 қыркүйекте басталды деп көрсетілуіне де қарсы.

Қысқасы ҚХКП-сы Тәуелсіз Қазақстанның кеңестік ғалымдар жазып берген жалған тарихтан бас тартып, жаңаша көзқарас пен тарихи шындыққа сай оқулық жазуына, болашақ жастарды тәуелсіз иедеологиямен тәрбиелеуіне түбегейлі қарсы. Олардың ойынша, тарих оқулықтарында кеңес одағы, қызыл армия, комсомол КСРО кезіндегідей дәріптеліп, оқытылуы керек.

Бізді таңқалдыратыны коммунистер үшін қазақтың ата тарихының бас-аяғы кеңестік кезең ғана. Оларға салса Қазақстан тарихын 1917 жылдан бастап, 1991 жылмен аяқтайтын шығар. Біздің ХХ ғасырға дейінгі бай тарихымыз, ата-бабларымыздың қабырғадан қан кешкен сан ғасырлар, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ширек ғасыр коммунистер үшін түкке тұрғысыз бос уақыт секілді. Оларға КСРО тарихы ғана маңызды.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңдай адам қатысқан. Оның 420 мыңдайы майдан даласынан мүлде қайтпай қалған. Бұл соғыс біздің ел үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін аса ауыр қасірет. Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын білгеніміз үшін үшінші дүниежүзілік соғыс болмаса екен деп тілейміз. Сондықтан соғысты, соғысқа қатысқан батырлар ерлігін есте сақтау парыз. Қазақ ежелден батыр бабаларын мақтан тұтатын, тарихын ұлықтайтын халық. Демек, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырларымызды бұрынғы батыр бабаларымыздан бөле қарамаған жөн. Кеңестік кезеңдегі тарихымызды да көне тарихтан ерекшелеп алудың қажеті жоқ. Бұл кезең ұлттың тұтас тарихының бір бөлігі екені сөзсіз. Сондықтан коммунистер тұтас елдің тарихын 90 жылмен өлшеуді тоқтатса дейміз.

ҚХКП бүгін кеңес кезеңінің тарихын, сол кездегі коммунистік партияны, комсомолдарды, пионерлерді жоқтап, солардың сойылын соғып отыр. Бұл Кеңес одағының коммунистік партиясы мен Қазақстанның коммунистік партиясы айтарға бөлек болғанымен, түбін қусаң тым жақын екенінен дерек бермей ме?

Мәжілістегі Қазақстан халықтық коммунистік партия фракциясының мүшесі Жамбыл Ахметбеков бір сөзінде өздерінің Кеңес одағы коммунистік партиясының ісіне жауап бермейтінін айтқан.

- Комсомол түгілі қазіргі коммунистік партия болсақ та советтік компартияның ісіне біз де жауап бермейміз. Комсомол ішінде саяси қуғын-сүргіндерге араласқандар жоқ. Әсіресе, 1960 жылдардан бері бұрынғыдай әсіреқызыл науқандар болған жоқ, - деген еді.

Бірақ ешқашан қателігін мойындамайтын, уәдесінде тұрмайтын коммунистердің көне әдетіне басып, «еш қатысымыз жоқ», «олардың ісіне жауап бермейміз» деген кеңестік партия мен қызыл армияны жандары қалмай жоқтап отыр. Айтса сөз, ұрса таяқ өтпейтін тоңмойын коммунистердің үйреншікті әдеті бұл.

Коммунистер Қазақтан тағы да «халық жауларын» жасамақшы!

Жақында ҚХКП Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына ашық хат жазды. Онда елдегі ұлтшылдардың әрекетін тексеріп, оларға қарсы шара қолдануды талап еткен. Кеңестік кері идеядан көздері әлі ашылмаған коммунистер Қазақстан халқын мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңына топтасуға шақырған, ұлттық құндылықтарды жоқтаған азаматтарға «радикалды ұлтшылдар» деп айдар тағып, бейбіт күнде жау іздейді.

Дәл осы коммунистер өткен ғасырда сорпа бетіне шығар ұлт зиялыларының бәрін «ұлтшыл», «халық жауы» деген айдар тағып, атқызып тастаған. Көне әніне қайта басқан коммунистер тағы да арандату сипатында мәлімдеме жасап, ел арасына ірткі салып отыр. Бұрын Мәскеуге жазатын арыздарын енді ҚР Бас прокуратурасына бағыттаған.

«Радикалды ұлтшылдардың топтары қалыптасты, онда шовинистік мәлімдемелер талқыланып, бір ұлтты екінші ұлттан жоғары қойылады, Қазақстандағы проблемалар үшін сырттан көшіп келген басқа ұлттарға кінә артылады. Басқа ұлт өкілдеріне төзімсіздік пен өшпенділік байқалады. Сондай-ақ украиндық ұлтшылдар, олардың ықпалы мен Украинадағы оқиғалардың сценарийін қолдаған пікірлер айтылады. Ұлтшыл, фашистік символика мен атрибутика насихатталады» - дейді коммунистер. Олар тіпті ұлтшылардың жазалануын талап еткен.

Бұл мәлімдеменің басында ҚКХП ОК хатшылары Айқын Қоңыров, Жамбыл Ахметбеков, Дмитрий Легкий қатарлы коммунистер тұр. Олар тіпті «Халық коммунистері» нацистер мен коллаборационистерді дәріптейтін декоммунизаторларға соғыс жариялайды» - деп кеңес кезіндегідей ұран тастаған.

Коммунистер Украина, Грузия және Молдованы кемсітуге құмар

ҚХКП Бас прокуратураға жазған жоғарыдағы ашық хатында радикалды ұлтшылдар дер кезінде жазаланбаса, ұлттық қауіпсіздікке қатер төніп, Грузия, Молдова және Украинадағыдай төңкеріс орын алатынын айтады.

Бұл енді таза ресейлік көзқарас. Ресей тарапы өз елінің егемендігін қорғаған, орыс шовинизміне қарсы шыққан елдерді сырттай жамандауға әуес. Олар жоғарыда аталған елдерді өз ұлтын басты орынға қойғаны үшін, Ресейдің ықпалынан бас тартқаны үшін «елінде төңкеріс болды», «қиын жағдайда қалды» деп ұрандайды. Біздің елдегі солтүстікке қарап мөңірейтін жерлестеріміз де Ресейің сөзіне сеніп, аталған елдерге мүсіркей қарайды.

Шындап келгенде аталған үш ел Ресейден алыстағаны үшін құрдымға кеткен жоқ. Бәрі де демократияға, жаңа дәуірге бір қадам басты. Аталған елдерде төңкеріс болуына Ресейдің тікелей қатысы бар екені анық. Украинадағы, Грузиядағы ресейшіл содырлардың қолтығына су бүркіп төңкеріс жасатқан кім екенін елдің бәрі біледі.

Ендеше, ҚХКП неге біздің елмен дипломатиялық тығыз байланыс сақталған Грузия, Молдова, Украина қатарлы елдерге ресейлік көзқараспен қарап, оларға теріс баға береді? Әлде қазақстандық коммунистер үшін Ақорданың емес, Мәскеудің ұстанымы маңызды ма?

Қазақстан халықтық коммунистік партиясы кімге керек?

Бұл партия 2004 жылы құрылған. 2012 жылғы мәлімет бойынша партия қатарында – 94 мыңнан аса адам тіркелген. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде бірқанша депутаттық мандатқа ие. Коммунистік партияның қандай партия екені, қазақ халқына қандай нәубет әкелгенін көзі ашық жұрттың бәрі де біледі. Өкінішке қарай, сол партия біздің елде әлі де тірі. Әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған бұл партия елімізде еркін жұмыс істеп, Парламентте отыр.

Қазақстан секілді коммунистік жүйеден аса ауыр қысас көрген, ұлттық геноцидке ұшыраған елде коммунистік партияның болуы, әрі биліктің қолдауына ие болуы нағыз масқара! Коммунистер жай жатқан жоқ. Сабан астынан су жүгіртіп мемлекеттікке қарсы әрекеттер жасаудан жалығар емес.

Кез-келген тәуелсіз елде басқа бір үкіметтің идеологиясын, саясатын дәріптеу сол елдің егемендігіне қауіп төндірері сөзсіз. Өзіміздің тәуелсіз еліміз, Президентіміз, мемлекеттік рәміздеріміз, әнұранымыз бар екенін ескермей, ескіні естен шығара алмай отырғандарға бір тоқтау бола ма? Мәскеуге қарап бой түзейтін кәрі коммунистер қашан тәуелсіз елді шынайы мойындайды?

Екінші мәселе, коммунистік партияға енді парламент мәжілісінде орын жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның төріне енді қызыл империяның қалдығы кәрі коммунистерді шығарудың қажеті қалмады деп есептейміз. Былтыр өткен президенттік сайлауда осы партияның атынан үміткер болған Жамбыл Ахметбеков 1.82% дауыс жинап, жеті үміткердің ішінде алтыншы орында қалды. Демек, замананың заңы өз күшіне енсе, парламенттік сайлауда да коммунистік партия аз дауыс жинайды. Әрине қазіргі биліктегі көне коммунистердің ҚХКП-ға бүйрегі бұрып жүрмесе...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz 

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520