Ахмет Аляз: Ақпараты өз тілінде сөйлеген мемлекеттің мықты болатыны даусыз
- Жақында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Мәдениет министрлігі Тіл комитеті елге белгілі бірқатар азаматтарды «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапаттады. Мұндай биік марапатқа ие болғандардың алдыңғы сапында өзіңіз де барсыз. «Тіл жанашыры» атағын арқалап жүру сізге қандай жауапкершілік жүктейді?
- Жақында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Мәдениет министрлігі Тіл комитеті елге белгілі бірқатар азаматтарды «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапаттады. Мұндай биік марапатқа ие болғандардың алдыңғы сапында өзіңіз де барсыз. «Тіл жанашыры» атағын арқалап жүру сізге қандай жауапкершілік жүктейді?
- Адамға қандай да бір ілтипат, сый-сияпат, марапат көрсетіліп жатса, демек, оның еңбегінің еленіп, атқарып жатқан қызметінің табысты да жемісті болғаны. «Тіл жанашыры» - менің атыма ғана берілген құрмет белгісі емес, оны менің ұжымыма, өзім туған Түркия еліне көрсетілген үлкен сенім мен құрмет деп есептеймін. Шынымды айтсам, бұған дейін мен мұндай құрметке бөленемін деп ойлаған жоқпын. Осы орайда мені қазақ тіліне жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген лайықты қайраткер азаматтардың қатарына қосқан «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің ақылдастар алқасына, өзге де әріптестеріме шексіз алғысымды айтқым келеді. Осындай мәселелер мен жағдаяттардың өзі бізге көптеген міндет жүктейді. Жалпы, бұл марапат менің және менің ұжымымның қазақ халқының, тұтас түркі әлемінің алдындағы жауапкершілігімізді күшейтіп отыр. Биікке жету бар да, сол биікте өзіңді берік орнықтырып ұстау бір басқа. Біз қай кезеңде де қазақ қоғамына адал болуды мақсат етіп келеміз. Ендігі арман-мақсат - қазақ тілінің мемлекеттік ресми дәрежесін көтеріп, лайықты тұғырына қондыру. Егер де менің және менің ұжымымның осы бағыттағы атқарылатын шаруаларда тым болмаса «қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей» үлесі болса, біз ол үшін бек қуанар едік.
- Сіз басшылық жасап отырған «Қазақстан-Zaman» газетін де Тәуелсіздігімізбен бірге жасасып келе жатқан басылым деуге болады. Газеттің қазіргі тыныс-тіршілігі қалай?
- Биыл Қазақстанның өз алдына дербес ел болып, жаңа мемлекет құрғанына 20 жыл толып отыр. Менің де Түркия жерінен осы елге табан тірегеніме 20 жылға жуықтап қалыпты. Одан бергі уақытта қазақ қоғамындағы барлық өзгерістер - менің көз алдымда. Сонау 1992 жылы бір топ түрік жасы білім іздеп Қазақстанға тұңғыш келгенде, мұндағы жағдай мүлде біз ойлағандай емес еді. Әрине, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиыншылықтар көп болды. Елдегі экономикалық жағдаймен қоса тілдік проблема да ушығып тұрған кез. Шетелден келген студенттер негізінен мұнда орыс тілінде білім алуға ұмтылатын. Бірақ біз Қазақстанның болашағына үлкен сеніммен қарап, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің қазақ бөлімінде оқыдық. Студент кезімізден қазақтілді басылымдарға араласып тұрдық. Сол кезде «Заман-Қазақстан» газеті жаңадан жарыққа шыға бастады. Бүгінде «Қазақстан-Заман» деп аталатын осы басылым Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы 17 қаңтарда ашылған. Бұл газет Қазақстанда тұңғыш ашылған шетелдік еларалық еркін басылым болды. Содан бергі уақыт кеңістігінде біздің басылым түркі руханиятын көтеруге және осы елде жарық көріп отырғандықтан, қазақ ұлтының сөзін сөйлеп, қазақ мүддесіне қызмет ету жолынан айныған емес. Бүгінгі таңда «Қазақстан-Заман» газетінің ұжымында түгелдей дерлік қазақ бауырларымыз жұмыс істейді. Ұжымдағы жалғыз мен ғана түрікпін. Бірақ 20 жылдан бері қазақ жерінде тұрып жатқандықтан, осы елде қызмет етіп, ауасын жұтып, суын ішіп жүргеннен кейін, менің де әр қазақпен тілегім бір, жүрегім де үндес. Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан біздің басылым да кезінде түрлі жағдайларда бірнеше рет өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Әйтсе де қайта-қайта жасалған талпыныстардың арқасында газет қайта жанданып, өз миссиясын жалғастырып келеді. «Қазақстан-Заман» басылымы Түркия мен Қазақстан арасындағы рухани көпірге айнала білді. Бұл ретте екі елдің зиялы азаматтары мен ұжымдағы журналистердің де еңбегін ескермей кетсек болмас. Қазірге дейін Түркияда жарияланып жатқан Қазақстан турасындағы материалдардың басым бөлігі біздің басылымнан алынатындығын айрықша атап өткім келеді. Біздің басылымның электронды нұсқасымен www.kazakzaman.kz сайтына кіріп танысуға болады.
- Ұлтыңыз түрік болғанымен, Қазақстанда оқып, білім алып, осы елде қызмет етіп келесіз. Ақпарат құралының басшысы ретінде, журналист ретінде біздің қоғамдағы әртүрлі мәселелерге тиісті пікіріңізді білдіріп жүрген азаматсыз. Ал енді тіл жанашыры ретінде бүгінгі Қазақстанда қазақ тілінің өз дәрежесінде қолданысқа ене алмай отырғандығының себебі неде деп ойлайсыз?
- Қазақстанда тіл мәселесінің жиі бой көтеруінің бірнеше себебі бар. Осы төңіректе талай ұсыныс-ойлар айтылып, жазылып та жатыр. Әдетте қазақ тілінің проблемасы Кеңес өкіметі тұсынан басталды деп жатамыз. Анығын айтсақ, бұл мәселенің түп-тамыры тым әріде, тереңде жатыр. Тілдің бұзылу құбылысы бұрынғы жаугершілік замандардан-ақ бастау алған. Сондықтан да асықпай, дендеп ішке енген дертен құтылу ұзақ уақытты, асқан төзімділікті, байыптылықты қажет етеді. Бірақ біз аңдатпай кірген дертті өзі шығады деп қол қуысырып, күтіп отыра алмаймыз. Өйткені жаһанданған әлемдегі процестер жылдам өзгеріп жатыр. Ақпараттар тасқыны қарқын алған қазіргі заманда қам-қарекетсіз отыра беруге болмайды. Біз тілдік дерттің алдын ала алмаған болсақ та, соның себеп-салдарын анықтап, түзету әдістерін жан-жақты ойласып, іске қосуымыз қажет. Осы орайда қарапайым халық пен биліктің пікірі мен ұстанымдары көп жағдайда бір-біріне қарама-қайшы келіп жатады. Әдетте елдік мәселелер сөз болғанда біз көлеңкелі тұстарын көп айтамыз. «Жоқ» деген сөзді айту оңай, бірақ «барды - бар» деп бағалау қажет. Мысалы, жоғарыдағылар тіл мәселесін уақыттың еншісіне бағындырып, халықтың демографиялық өсуімен байланыстыра шешкенді қалайды. Қарапайым халықтың көпшілігі мен қазақтың саяси белсенді ұлтшыл патриоттары болса тіл проблемасын созбақтай бермей, нақты заң бойынша түбегейлі шешіп, қалған іске заңдық тұрғыдан талап етумен бірден нүкте қойғылары келеді. Бірақ осынай қарама-қайшылықтардан шындыққа ұмтылу үрдісі пайда болып, қазақтың рухы оянып, туған тілге деген қызығушылығы арта бастағанын аңғару қиын емес.
- Осы орайда нақты дәлел, мысал келтіре кетсеңіз...
- Осы уақытқа дейін қазақ қоғамында «көршілес Қытайдың өзінде қазақ тілінде хабар тарататын үш арна жұмыс істейді, ал бізде толық мемлекеттік тілдегі бірде-бір телеарна жоқ» деген сөздер көп айтылатын. Халықтың осы талап-тілегі билік тарапынан ескеріліп, Қазақстанда соңғы екі-үш жылдың ішінде бұл бағытта біраз сәтті қадамдар жасала бастады. Қазір бастан-аяқ қазақ тілінде қызмет ететін «Балапан», «Мәдениет» телеарналары ашылды. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы да 100 пайыз мемлекеттік тілге көшірілді. Мұның сыртында қаншама қазақ мектептері мен балабақшалар іске қосылып жатыр. Қазақтілді басылымдар мен интернет-сайттардың да саны арта бастады. Біле-білгенге бұл - үлкен жетістік. Күні кеше ғана біз тілдік мәселеде «50 де 50» принципінен аса алмай, мұндай жағдайларда кейін шегіне беретінбіз. Қазақ тіліне басымдық беру арқылы өзге ұлттардың наразылығын тудырамыз деп ойлайтынбыз. Қазір бәрі басқаша сипат ала бастады.
Қазақстан өзінің Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылдық белесіне үлкен табыстармен жетіп отыр. Қалай болған күнде де қазақ қалаған дүниелер рет-ретімен жүзеге асып келеді. Әрине, әлі де іске қоспаған жобаларымыз бен ойға алған мақсаттарымыз қаншама?! Демек, қоғамда пікіралуандылығы мен түрлі көзқарастардың болуы белгілі бір істің оң шешімін табуға ықпал ететінін өмірлік тәжірибенің өзі көрсетіп отыр емес пе? Байқасаңыз, қазір көптеген жиын мен басқосуларда қазақ тілі алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұған қоса мекемелер өздерінің іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізе бастады. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін меңгере бастады. Бұл өз кезегінде қазақ жастарының тілге деген бетбұрыс жасауына алып келді. Мұның бәрі - біздің рухымыздың жаңғыра бастағандығының белгісі. Қоғамның сілкінуі мен талапшылдығы жоғары жақтағыларды да ойландыра бастады. Осындай бір рухани жаңару орын алып тұрған кезеңде ұлттық идеологиялық бағыттағы үгіт-насихат жұмыстары жүйелі түрде қолға алынуы керек. Бұл ретте негізгі күш бұқаралық ақпарат құралдарына түспек. Себебі ақпараты өз тілінде сөйлеген мемлекеттің мықты болатыны даусыз.
- Қазіргі қазақ қоғамы мемлекеттік тіл мәселесіне барынша назар аудара бастаған тұста IT технология мамандары мен лингвист ғалымдардың бір тобы «латын графикасын қабылдауымыз керек» дегенді жиі айта бастады. Жазуымызды өзгерту - тіліміздің де бүлінуіне алып келмей ме?
- Егер де қазақ қоғамы өткен ғасырда 90-жылдардың басында кейбір түркітілді елдердегідей Тәуелсіздік алғаннан кейін латын графикасын қабылдаған болса, көптеген қиындыққа ұшырар еді. Бұл жерде қазақ тілінің проблемасы тіпті ушығып, сауатсыздық белең алып кетер еді. Себебі ол кездегі Қазақстанның әлеуеті дәл бүгінгідей емес еді. Бүтін бір ұлттың қолданатын әліппесін өзгерте салу - айтуға ғана оңай нәрсе. Мұндай қадамдарға асқан дайындықпен, талғампаздықпен келу қажет. Осы жолда Қазақстан тарапының Ахмет Байтұрсыновтай түркіге ортақ ағартушы тұлғаның кириллица негізінде жасап беріп кеткен қазақ әліпбиін сақтап қалуы ұтымды қадам болды. Бірақ заман көші бір орында тұрмайды. Ақпараттық технологиялар заманы өз талаптарын алға тарта бастады. Әсіресе бүгінгі кезеңде қазақ қоғамы үшін латын қарпін қолданысқа енгізудің қажеттілігі анық сезіле бастады. Алайда осы мәселеде ғалымдардың пікірі де екіге жарылып отыр. Бірі «қазіргі әліппемізді сақтап қалмасақ, онсыз да қалт-құлт етіп отырған ана тілімізден де айырылып қалуымыз мүмкін, қаншама бай әдеби мұрамыз керексіз болып қалады» деп қауіптенеді. Бұл ретте латын графикасын жақтаушылардың да айтар уәжі жоқ емес. Мемлекет аталған мәселеге аса сақтықпен қарап отыр. Бүгінде біз латынды қабылдаған әзірбайжандар, түрікмендер, өзбектердің жағдайын сарапқа салып отырмыз. Менің білуімше, Қазақстанда латын графикасына көшудің заңдық-құжаттық жағында кедергілер болмайды. Ең басты кедергі жалпы халықты осы өзгеріске сауаттылық тұрғысынан және психологиялық жағынан дайындау шараларын жүзеге асыру болмақ. Ақпараттық қоғамда өмір сүргіміз келсе және әлеммен байланысымызды үзгіміз келмесе, түбінде латын графикасын қолдануға мәжбүр боламыз. Бұған қоса ағылшын тілінің де қажеттілігі күн санап артып келеді. Осыған байланысты Қазақстанда «үш тұғырлы тіл» саясатының енгізілуі ел болашағы үшін жасалған қадам екенін мойындайтын кез жетті. Білім мен ғылымды игеріп, пайдасын жұртыңа тигізу үшін өз тіліңді сақтай отырып, өзгенің тілін де білген жөн емес пе? Қанша дегенмен әлемде кең қолданыста жүрген тілдерді білудің артықшылығы басым.
- 1993 жылы Анкара қаласында түркі халықтары басшыларының үлкен саммиті өткен. Ол жерде күн тәртібіне қойылған негізгі мәселелердің бірі түбі бір түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру болды. Онда латын графикасына сүйене отырып, күллі түркі жұртшылығына ортақ әрі түсінікті болатын жаңа әліпби жасау жайы талқыға түскен. Бірақ бұл мәселе тараптардың қолдауына ие болмай, аяқсыз қалды. Осыған қатысты сіздің пікіріңізді білсек...
- Ортақ тіл қалыптастыру, бұл - түркі әлемін көптен бері толғандырып жүрген идея. Дегенмен мұның қиын жақтары жетерлік. Осы орайда, ортақ тілге арқа сүйеу аз халықтарға тиімсіз. Оның үстіне, түркі елдерінің арасындағы сандық басымдыққа ие бір ұлттың тілін негізгі қатынас тілі ретінде ала алмаймыз. Қазіргі таңда бірқатар түркітілдес елдер Тәуелсіз мемлекетке айналып, өз бағыттарын айқындап алды. Сондықтан әр мемлекет өзге біреудің өзіне үстемдік етуін қаламайды. Ал кез келген дербес мемлекет үшін ең үлкен мәселе - өз тілін сақтап қалу. Әйтсе де тығырықтан шығудың басқа амалдарына сүйенуге болады. Өйткені дүниежүзіндегі жаһандану жағдайында әр ұлт өзінің барын сақтап қалуға күш салуда. Бүгінде түркілердің қыпшақ, оғыз деген екі үлкен тобы бар. Егер де сіз осы топтың қолданысындағы көптеген қажетті сөздерді түсініп, білетін болсаңыз, онда өзге түркітілдес бауырлармен түсінісу жеңілірек болады. Көне шағатай тілін негізге ала отырып, ортақ тіл жасауға талпынып көруге де болады. Бұл жердегі ең тиімді әдіс - түркітілдес мемлекеттерде бірлескен оқу орындарының, басқа да ортақ жобалардың санын арттыру. Осы арқылы түркітілдес елдердің азаматтары бір-бірінің тілін аудармашысыз-ақ түсінетін деңгейге жете алады. Ол үшін біз экономикамен қатар білім, әдебиет, өнер саласындағы өзара байланыстарымызды күшейтуіміз керек. Алайда «біздің байланысымызды қалай күшейтеді, қашан ортақ тіл жасап береді?» деп жоғары жаққа жалтақтап отырудың қажеті жоқ. Сондықтан әрбір түркі азаматы өзара рухани жақындасудың кілтін алдымен өзінен іздеуі қажет.
- Қазіргі ақпараттық заманда интернет технологиялар кәдімгі баспасөзді ығыстыра бастағаны байқалады. Кейбір болжамшылар, тіпті «жақын болашақта адамдар газет оқымайды, толық интернет дәуір орнайды» деп сәуегейлік танытып жүр. Бүгінгі технологиялық процестің қарқынына қарасақ, шынымен де, солай болуы мүмкін сияқты... Сіздің болжамыңыз қалай?
- Қазақстан - интернет кеңістігін енді-енді игере бастады. Бірақ жаңа электронды технологияның орасан зор игілігін қарапайым адамдар әлі де болса жете түсінбей келе жатқан сияқты. Қазіргі кезде қазақ жастарының көбі интернетті пайдаланады. Бірақ ол көбіне тек хат алмасып, екеуара әңгімелесу деңгейінен арыға аса алмай жүр. Ал бұл технологияның толып жатқан сансыз мүмкіндіктерін олар өздерінің қажеттіліктеріне жарата бермейді. Еліміздегі жаңа инновациялық бағдарламаларды дамыту мақсатында соңғы уақыттарда республика көлемі бойынша интернетке қолжетімділіктің артып отырғандығын айта кету керек. Дегенмен бізде сол интернетті тұтыну мәдениеті қалыптаспаған, заманауи технологиялармен жұмыс істеу тәсілдерінің әдістемесі жасалмаған. Оның үстіне, әр мезгіл сайын жаңарып отырған компьютерлік бағдарламалармен қалың бұқараны хабардар етіп отыратын, тұтынушыларға оның тілін үйретіп, таныстырып отыратын арнайы жүйелі жобалар жоқтың қасы. Қысқасы, халықты жаңа технологияларға бет бұрғызу қажет. Бүгінгідей заманда компьютер білмейтін адам болмауы керек. Интернет - ешкімнің бақылауы мен тексеруіне бағынбайтын, шексіз ақпараттық кеңістік. Ол, керісінше, адамдарды, жалпы тіршілік ағымын бақылауда ұстайтын құрал сияқты. Оның пайдасы мол болғанымен, тигізер зияны да орасан. Интернеттің келуімен жеке адамдарда «құпия» деген жойылды. Себебі кімнің не істеп, не қойып жатқанын, қайда барып, қайдан келгенін, қай жерде не айтқанын анықтау - аса қиын шаруа емес. Дегенмен дұрыс жұмыс істей білген адам интернеттің игілігін көрмей қоймайды. Бүкіл әлемді көз алдыңа алып келетін бұл технологияның қазір де жаңа мүмкіндіктері ашыла бастады. Әлемде электронды технологиялар тоқтаусыз дамып, интернет алға озып кетсе де, адамзат баласы қолға ұстап оқитын газет-журналдардан бас тарта алмайды. Газеттердің болашағы жоқ дегенді жиі айтатындар қателеседі. Мысалы, интернетті бүкіл ел болып қолданатын АҚШ пен Жапонияда күніне бірнеше рет миллиондаған данамен жарыққа шығатын басылымдар бар. Бірақ шетелдің кейбір белді басылымдары өздерінің электронды нұсқасын интернетке тегіннен-тегін орналастырмайды. Ол нұсқалар арнайы тіркеліп, белгілі бір интернет қауымдастыққа мүше болған оқырмандарға ғана электронды пошта арқылы барып тұрады. Айта берсек, интернеттің артықшылықтары көп. Бірақ соған қарамастан қағазға басылған газет те, кітап та ешқашан құнын жоймайды, өлмейді де. Ешқандай озық технология адамзаттың осы бір құндылықтарын ығыстыра алмайды.
- Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Әркім өз елінің патриоты болуға тиіс. Бүгінде әлемде қызуқанды, әсіреұлтшыл жастардың бір тобы қалыптаса бастады. Бұл жерде біз жалған патриотизм мен нағыз патриотизмді айыра білуіміз қажет. Ұлттың сөзін сөйлеп, елге болысу үшін ортаға шығып айқайлай беруге болмайды. Өз ұлтыңды жақтап, өзгелерді тұқырту ұлтжандылыққа жатпайды. Нағыз патриот деп еліне өз еңбегімен адал қызмет етіп, бүкіл бір ұлтқа пайдасын тигізетін адамды айтуға болады.
Қазіргі әлем жағдайында біз әсіресе түркі дүниесінің тұтастығын көп ойлауымыз керек. Жуырда ғана Алматыда Түркітілдес тәуелсіз мемлекеттердің саммиті болып өтті. Сонда бұл мәселе биік мінбеден айтылды. Жалпы, түркітілдес елдер өзара ортақтасатын болса, ортақ қиындықтарымызды бірлесе шешуге мүмкіндігіміз артады. Негізі, Түркі халықтарының одағы мәселесін кезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен түріктің қайраткер тұлғасы Тұрғұт Озал бастап көтерген еді. Бұл идея бүгінде өзінің жемісін бере бастады. Осындай тарихи кезеңнің ұтымды тұстарын пайдалана отырып, біз енді «түркілік сананы» қайта жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін түркінің рухани әлеміндегі тарихи тұлғаларымызды ортақ танып-білуге ден қоюымыз керек. Біздің біріккен күшіміз берік болса, әлемдік саясаттағы мүддемізді де ортақ қорғайтын боламыз.
Автор: Алмат ИСӘДІЛ