Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 6110 17 пікір 24 Тамыз, 2020 сағат 13:23

Депутаттың қарғысы һәм журналистің «тәубесі»

Әлгінде әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның Серік Боқан дейтін журналисті жер-жебіріне жеткізе қарғап-сілеп жатқан аудиосы тараған еді.

Кейін белгілі болғандай, әуелі Серік Боқан «Facebook» желісінде депутат Тілеуханды тілдеп сөйлеп, жазба жариялапты. Онда ел-жұртқа есім-сойы ерекше таныс, көбіне халықшыл пікірімен жұрт көзіне жақсы көрініп жүрген мәжілісменнің (Бекболат Тілеуханның) шындап келгенде сол халыққа сынық сүйем пайдасы тимегені, шекара шетіндегі қандастарға да, ел ішіндегі індетті жұртқа да көмек қолын созбағаны айтылған.

Осыдан соң, депутат Бекболат Тілеуханның Серік Боқанға қарата сөйлеп, «Жаза бер», деп қарғыс жаудырған аудиосы тараған. Желі қолданушылары Бекеңнің бұл айтқандарын (қарғысын) жаппай сынап сөйлеген. Ал дін ғалымдары қарғауға қатысты Ислам дінінің үкімі жайлы жазып жатты.

Уағызды не үшін айтамыз?..

Қайрат Жолдыбайұлы:

«Менен кейбір кісілер қарғыс айтудың діндегі үкімін сұрап жатыр. Кешірімді болу, өзіне жаманшылық жасаған, ренжіткен адамдар үшін Алладан жақсылық тілеу мұсылман баласына жарасады. Бұл ең әуелі кісінің жүрегін кектен, ыза мен дұшпандықтан сақтайды. Сені ренжіткен адамға деген жүрегіңдегі дұшпандықты басқа емес, сол адамға арнайы жасаған ізгі тілегің ғана жуып тазалайды. Көкірекке кек байлатпайды. Мен мұны өз басым жиі қолданамын. Екіншіден шынайы жанашырлық. Абайдың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген пәлсапасы бізді осыған тәрбиелейді. Уағызды не үшін айтамыз? Адамдар екі дүниеде де жаманшылыққа ұшырамаса екен деген жанашырлықпен айтамыз. Ендеше қарғыс, осы ниетімізге керағар әрекет.

Бірақ өмірде неше түрлі жағдай болады. Түрлі зұлымдыққа ұшыраған кісінің қатты жаны қысылғанда ауызынан ерікті-еріксіз қарғыс сөз шығуы да мүмкін. Бірақ оны былайғы уақытта ренжіскен әр адамға қолдану дұрыс емес. Ары кетсе, Аллаға тапсырған абзал. Кейде ары мен намысын сақтап қалудың басқа жолы қалмағанда, нақақтан жала жапқан адамға барып «сенің айтқаның рас болса, Құдай мені төбемнен ұрсын, ал жалған болса сені ұрсын» деп бірге дұға етейік деп ұсыныс жасауға рұқсат. Мұны дінде «мұлағана» дейді. Көп жағдайда өзіне сенімсіз тарап бұдан бас тартып жатады. Бұл бірақ аса зәру жағдайда ғана жасалады. Қарғыс жайлы қысқаша мәліметтен кейін әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан Бекеңнің аудиосы жайлы қысқаша ғана айтайын.

Бекеңнің жүйкесі сыр бергенге ұқсайды. Шын жаным ашыды. Алла баршамыздың біліп-білмей істеген күнә, қателіктерімізді кешірсін!

Уа, Аллам, бізге адамдардың жақсы жағын көре білетін көз, нашар жағын кешіре алатын жүрек, жамандықты ұмыта алатын көкірек, ешқашандай жағдайда үміт пен сенімін жоғалпайтын рух бере гөр!», - деп жазды желіде.

Қарғыс айтуға бола ма?

МҰХАН ИСАХАН: «ТАЛАС ҒАЗАУАТЫНЫҢ» ТАРИХИ РӨЛІ АСА МАҢЫЗДЫ ...

Ал Мұхан Исахан:

«Алла елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандарды лағынет жасамауға шақырған:

«Алланың лағынеті, азап және тозақпен қарғамаңдар» (Тирмизи, Бирр: 48).

«Мумин лағынет иесі бола алмайды» (ат-Тағриф, 3: 470).

«Кемел мұсылман ешкімге жамандық жасамайды, ешкімді қарғамайды, асыра сілтемейді және ұят нәрсені жасамайды» (Тирмизи, Бирр: 48).

«Адал адамға қарғаған жараспайды» (Муслим, Бирр: 84).

«Бір адам муминді лағынеттейтін болса, оны өлтірген сияқты күнә жасаған болады... (Тажрид, 12: 139).», - деген жазба қалдырды.

«Елшіл боп көрінетін Бекболат ешкімге көмектескен жоқ», деп сынаған Секеңнің жазбасы мен «қарғайтын адамдарымның тізіміне қосылдың» деген Бекеңнің қарғысы желіде біраз талқы болды. Белгілі журналист Серік Абас-шах та жазба жариялады. Осыдан біраз бұрын Бекболат Тілеуханның «қарғысына қалғанын» жазды.

Бекеңнің қарғысына қатысты желідегі сөзталас осы бағытта өрбіп жатты. Кейін Серік Боқанның алғашқы жазбалары желіден өшірілгені айтылды. Ал осыдан бірнеше күн бұрын Серік Боқан желіге тағы бір жазба жариялапты. «Бекболат аға, жаздым, жаңылдым! Кешіре гөр! Теріс батаңызды қайтып алыңыз», - депті.

Бұлардың бәрі ұлттың ішінде емес, бұлттың үстінде жүр ...

Серік Боқан:

«Аса қадірлі Бекболат-аға! Жаздым, жаңылдым! Мен байғұсты құдай ұрып қалды. Кешіре көрші, Бек-аға! Қиналған кезде бәріміз өзіңді пана тұтып, алдыңа баратын ек. Бетімізді қайтарған кезің аз. Сіздің арқаңызда қажыға бардым. Қаржылай көмек беріп бақтыңыздар. Мен білмеппін, Қытай мен Өзбекстаннан, Мұңғұлиядан бас-аяғы 185 отбасын әкелгеніңізді. Осы коронавирустың кезінде 23 миллион теңгеге халыққа жәрдем етіпсіздер. Мұсылман болған соң рия қылып, жария етпепсіздер. Кейін білдім.

Мені шайтан түртті. Күйсеңіз күйгендей-ақ екен. Теріс батаңызды қайтып алыңыз, Аға!!! Ұйқым бұзылып, жаным қинала бастады. Қиянатымды кешіріп, іні қалпымда жаныңыздан аластамаңызшы! Алдына келсе, атасының құнын кешетін тектінің тұяғы едіңіз ғой! Мен жаңылдым. Сіз кешіре көріңіз! Сәлеммен Серік Боқан бауырыңыз», - деп жазыпты. Серіктің бұл жазбасы желіда қызу талқыланып жатыр.

Ал Бекболат Тілеухан мырза да «Facebook-тағы» ресми парақшасында Серікті кешіргенін айтыпты.

Ұйқым бұзылып, жаным қинала бастады»: Серік Боқан Бекболат ...

Бекболат Тілеухан:

«Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ. Ініде ізет, ағада айбын болмаса, елден берекет қашпай ма?  Серік бауырым кешірім сұрады. Мен наламды қайтарып алдым. Алла Алашты алауыздықтан, ағайынды араздықтан сақтасын! Әңгіменің нүктесі - осы!», - деп жазыпты.

Сонымен бір-біріне қарғыс айтып, қайта кешірімдескен бұл екеуі кім? Қысқа-нұсқа:

Бекболат Тілеухан – Мәжіліс депутаты. Қарағандының Жаңаарқасында туған. 2001-2002 жылдары ҚР Мәдениет комитетін басқарған. 2002-2004 жылдары Мәдениет вице-министрі болған.

2004-2007 және 2007-2011 жылдары Мәжілістің III-IV шақырылымының депутаты болған. Араға аз-кем уақыт салып, 2016 жылы Мәжіліске қайта сайланған. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.  ҚР Еңбек сіңірген әртісі. Бірнеше медаль-ордендермен марапатталған.

Серік Боқан – ақын, журналист. Шығыс Тұркістанда туған. «Жас қазақ үні» газетінде, «Үн» журналында, «Асыл арна» телеарнасында қызмет атқарған. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408