Азамат Қасым. «Жырлаумен өткен 20 жыл» оқырманға жол тартты
Айтыс сахнасының арғы жағындағы көпшілік жұрт біле бермейтін «көлеңкелі» жәйттерді ақын тілімен суреттеген алғашқы кітап жарық көрді. Ұлтымыздың ұлық мерекесі - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің шолушысы, әріптесіміз, қазақтың арқалы айтыскер ақыны Серік Құсанбаевтың «Жырлаумен өткен жиырма жыл» атты кітабы оқырман қауымға жол тартып отыр.
Әдемі үлгіде безендірілген кітап үш бөлімнен тұрады. Ақынның айтыс өнеріне қалай келуі, сол жолдағы қызықтар мен қиындықтар, жеңіске қол созған жұлдызды сәттер мен жігерді жасытқан мұңды шақтар... «Кең бесігім, сенде сырым - Сарыарқа» атты кітаптың алғашқы бөлімінде мұның бәрі рет-ретімен, хронологиялық тәртіпте тартымды да шұрайлы тілмен қызықты етіп баяндалады. «Айтыстар» деген екінші бөлімде Қонысбай Әбілев, Шорабек Айдаров, Мэлс Қосымбаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Айнұр Тұрсынбаева, Ринат Зайытов секілді есімдері елге танымал әріптестерімен өткен таңдаулы айтыс үлгілері ұсынылса, үшінші бөлімде кезінде айтыс барысында ащы ақиқатты сынай айтқан, алайда эфирде берілмей «кесіліп кеткен» жекелеген жыр шумақтары топтастырылған.
Айтыс сахнасының арғы жағындағы көпшілік жұрт біле бермейтін «көлеңкелі» жәйттерді ақын тілімен суреттеген алғашқы кітап жарық көрді. Ұлтымыздың ұлық мерекесі - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің шолушысы, әріптесіміз, қазақтың арқалы айтыскер ақыны Серік Құсанбаевтың «Жырлаумен өткен жиырма жыл» атты кітабы оқырман қауымға жол тартып отыр.
Әдемі үлгіде безендірілген кітап үш бөлімнен тұрады. Ақынның айтыс өнеріне қалай келуі, сол жолдағы қызықтар мен қиындықтар, жеңіске қол созған жұлдызды сәттер мен жігерді жасытқан мұңды шақтар... «Кең бесігім, сенде сырым - Сарыарқа» атты кітаптың алғашқы бөлімінде мұның бәрі рет-ретімен, хронологиялық тәртіпте тартымды да шұрайлы тілмен қызықты етіп баяндалады. «Айтыстар» деген екінші бөлімде Қонысбай Әбілев, Шорабек Айдаров, Мэлс Қосымбаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Айнұр Тұрсынбаева, Ринат Зайытов секілді есімдері елге танымал әріптестерімен өткен таңдаулы айтыс үлгілері ұсынылса, үшінші бөлімде кезінде айтыс барысында ащы ақиқатты сынай айтқан, алайда эфирде берілмей «кесіліп кеткен» жекелеген жыр шумақтары топтастырылған.
- Айтыс өнеріндегі алғашқы қадамынан бастап ағалық жасқа дейінгі жолын қарапайым да көркем тілмен өрнектеген бұл баян оқушысын енжар қалдырмайды. «Ақынға тағдыр керек» депті білетін бір кісі. Бұл ақынның да талайлы тағдыры бар, - дейді аталған кітапқа жазған алғысөзінде айтыс өнерінің қамқоршысы Жүрсін Ерман.
Ендеше, ұлтымыздың ұлық өнері - айтыс өнерін жаңаша қырынан танытуға ұмтылған естеліктер кітабы өз оқырманын енжар қалдырмас деген ойдамыз.
ТАЛАЙЛЫ ТАҒДЫРЫ БАР АҚЫН
Айтыс - қазақ қоғамындағы келелі құбылысқа айналып, айтыскер ақындар танымал тұлға болып қалыптасты. Соңғы жылдары біраз ақындар өздерінің бұрынғы - соңғы жыр сайыстарын кітап етіп елге ұсынып жүр. Солардың кейбірі жыр жинақтарына менің лебізімді қалайтынына бойым үйренген еді.
Белгілі айтыскер Серік Құсанбаев та жарияланғалы жатқан кітабына алғысөз жазып беруімді өтінген соң, бетін қайтармайын деп, келісім берген едім. «Жырлаумен өткен жиырма жыл» деген осы кітаптың қолжазбасын алып, таңырқап қалдым. Өйткені, айтыстарымен қоса, Серік ақын өзінің осы өнердегі ғұмырнамасын да хатқа түсірген екен. Ойлана келе, бұл талапқа да сәт сапар тілеудің жөн екенін пайымдадым. Неге десеңіз, айтулы ақын болып қалыптасу жолындағы Серіктің өмір тәжірибесі өлең сапарын енді бастаған ұл - қыздарға сабақ болардай.
Әрине, бұл жазбаларда менің де есімім аталып отыратыны белгілі бір дәрежеде қолайсыздықтар туғызды. Дегенмен, соншама уақыт бойы айтыс алаңдарында жолымыз түйісіп келе жатқан ақын інім мені ауызға алмаса, ол да ақиқатқа жанаспас еді. Құсанбаев інім құдайына қарап, бұрмаламай - жырмаламай шындығын айтса жарар дедім.
Дес бергенде, Серік көп жәйттерді өз көңіл таразысынан өткізіп, бұрмаламай қағазға түсірген секілді. Біраз оқиғалардың орынын, мезгілін дәл көрсетуіне қарағанда, С. Құсанбаев күнделік жүргізе ме деп жобаладым. Егер анық солай болса, бұл аса құптарлық әдет.
Айтыс өнеріндегі алғашқы қадамынан бастап, ағалық жасқа дейінгі жол - сапарын қарапайым да, көркем тілмен өрнектеген бұл баян оқушысын енжар қалдырмайды. Серікпен бірге ақын тағдырын бастан кешіресіз. Оның өзімен бірге қиналып, өзімен бірге қуанасыз. «Ақынға тағдыр керек» депті ғой білетін бір кісі. Бұл ақынның да талайлы тағдыры бар.
Жүрсін Ерман
Қазақстан Республикасына
еңбек сіңірген қайраткер
Кітаптан үзінді
АЛДАНЫШ АҒАНЫҢ АЛҒЫСЫ
...Оралдан кейін көп ұзамай Қостанайда Ыбырай Алтынсариннің 150 жылдығы құрметіне үлкен айтыс өтті. Ол кездері облыс пен облыс арасына жолаушылар самолеті үздіксіз қатынайтын да, кейде бір облысқа айтысқа барып, арлы-берлі жүрмес үшін келесі бір облыста өтетін айтысқа ұшақпен ұшып кететін кездеріміз де жиі болатын.
Қостанайдағы айтысқа халық ақыны Көкен Шәкеев өзі төрағалық етсе, төрағаның орынбасары болып қазақ қауымына кеңінен танымал халық ақыны Әселхан Қалыбекова тағайындалды.
Ал айтысқа келген меймандар мен айтыскер ақындарды қарсы алып, шығарып салу, жырсүйер қауымды уақытында құлақтандыру, сахнаны безендіріп, сол кездегі уақыт талабына сай дыбыс ұлғайтқыш құрылғылармен
ойдағыдай жабдықтай білу, мұның бәрі кез-келген айтыстың жоғары деңгейде өтуіне бірден бір кепілдік бола алатын дүниелер.
Сөз реті келгенде осындай қыруар шаруалардың басы-қасында жүріп, әрі қазылар құрамында да бола білген облыстық мәдениет басқармасының бастығы Римма Ғабдұлқызы, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, белгілі ақын Ақылбек Шаяхметов, халық ақыны Әсия Беркенова сынды халқымыздың ұлтжанды ұл-қыздарының тынымсыз еңбектерін атай кеткен дұрыс секілді.
Ақындарды қаланың шет жағында у-шудан аулақ, қалың ағаштың арасына орналасқан ауасы таза, жанға жайлы әлдебір шипажайға жайғастырды. Күн ыстық. Кешке дейін Тобылдың суына шомылып, дем алып, айтысқа дайындалып дегендей шипажайда боламыз да, кешкілік сағат бестердің шамасында арнайы автобуспен Қостанайдың орталығындағы айтыс өтетін мәдениет сарайына келеміз.
Айтыстың екінші күні болатын. Ақтық айтысқа жолдама алып, «сайыс басталғанша ойымның етек-жеңін жинақтап алайын» деген оймен айтыс өтетін жердегі саябақта арлы-берлі жүр едім, жаяу адамдар жүретін тратуармен жалт-жұлт еткен бір «Волга» автокөлігі келіп тоқтай қалды.
Жүргізуші жас жігіт екен. Машинадан түсе сап, жүк салғыштан мүгедек адамға арналған арба түсіре бастады. Ол арбаны жазып, көліктің жолаушылар отыратын алдыңғы есігіне таяғанда ғана байқадым, алдыңғы орындықта маңдайы кереқарыс, бурыл шашын артына шалқайта тарап, шыттай костюм-шалбар киген жігіт ағасы отыр екен. Жүргізуші баласы болса керек, есікті ашып мүгедек адамды арбаға отырғызбаққа әрекеттене бастады. Бірақ аяқтары жансызданып қалған үлкен адамды орнынан жеңіл қозғап, арбаға отырғызудың соншалықты оңай емес екендігін сонадайда тұрған мен де сездім.
Қолымдағы шылымымды тастай салдым да, домбырамды жол жиегіндегі талдардың біріне сүйеп, көмекке келдім. Танымайтын, бейтаныс адамның көмекке келгенін онша жақтырта қоймады-ау деймін, қабағы қатулы үлкен кісі шырай бере қоймады. Мен ол кісінің қабағына қарайлағам жоқ, бірден келіп қолтығынан демесіп, жүргізуші жігіт екеуіміз екі жақтап ағамызды арбасына жеңіл отырғыза қойдық.
Креслосына әбден жайғасып алғасын «Рахмет айналайын!» деп жанарын тіктеген ағам, ойламаған жерде көптен көрмеген таныс адамын жолықтырғандай бетіме бір сәт таңданыспен қарап қалды. Сөйтті де, мені бұрыннан танитын адамдай:
- Сен Серіксің бе? - деді.
- Иә аға, Серікпін. Ыбырай атамыздың тойы деп, елдеріңізге келіп қалған жайымыз бар - дедім күліп.
- Апырм-ай, сен кәдімгі Керекудің солақайы, Құсанбаевпысың? - деп, таңданысын жасыра алмаған бейтаныс ағам, көзінің қиығымен менің бір саусағы жоқ сол қолыма қарап қойды.
Сосын «Мен сыртыңнан өнеріңе сүйсініп, тілеуіңді тілеп жүрген, Алданыш деген ағаң боламын. Осыған дейін теледидардағы айтыстардан азаматтық үніңді ғана естуші едім, бүгін ойда-жоқта кішілігің мен кісілігіңе куә болдым-ау бауырым. Үнемі жолыңның ақ болуына тілектеспін!» деп жылы жымиды да, оң қолын ұсынды. Мүгедектер арбасында отырып қалған жан болса да, қолдары қарулы екен.
Осы кезде айтыстың басы-қасында жүргендердің бірі ақындарды сахнаға шақыра бастағандығынан хабар берді де, мен ойда жоқта танысқан бейтаныс әрі жұмбақ жанкүйеріммен қоштасып, кете бардым.
Негізі Қазақстанның Ақтөбе, Орал, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Ақмола, Өскемен сынды Ресей шекарасына жақын орналасқан қалалары мейілінше орыстанып, оңтүстік өңірлерге қарағанда қазақы салт-дәстүрлерін жұтатып, жергілікті халықтың рухы жасып қалған жерлер ғой. Ондай қалаларға айтысқа барғанда тіл, дін мәселелері, ұлттық құндылықтар мен ұлтаралық теңсіздіктер, көшелердегі алабажақ жарнамалар секілді өзекті проблемалар алдымен тілге тиек болады.
Қостанайда екі күнге созылған дүбірлі айтыста да мен осындай өзекті мәселелерді барынша ащы айтуға барымды салдым. Жалпы осы айтыста халықтың қолдауы арқа берді ме, болмаса жаратушы иеміздің аузыма сөз салғаны ма, мен аса бір қарқынмен айтыстым десем болады. Мұндай еркін көсіліп шабудың сәтті сағаттары үнемі бола бермейді. Мысалы сол айтыстағы:
Бола ма, үй ішінен үй тігуге,
Кетеді айта берсең сүйкімің де.
Бір кезде кетпен ұстап келгендердің,
Бұл күнде бөлмесі бар итінің де.
Мұны айтсаң біздің билік жақтырмайды,
Бірліксіз ел басына бақ тұрмайды.
Өзге ел қызғыш құстай шыр-пыр болып,
Ұл-қызын қанаттыға қақтырмайды.
Өзбектер «кетем» деген келімсекке,
Үй түгіл, үйшігін де саттырмайды.
Жайымыз жаратқанға жалынғандай,
Жанарым ыстық жасқа малынғандай.
Өгейдің күйін кешіп өз елінде,
Қазағым тағдырына бағынғандай.
Суы жоқ, жылуы жоқ жатақхана,
Тек қана қазаққа арнап салынғандай.
«Жетсін» деп жалпақ жұртқа жаңғырып жыр,
Ақының елдің мұңын ән қылып жүр.
Қазақтың өз ұрпағы өз елінде,
Пәтерден пәтер жалдап қаңғырып жүр.
Ант берген атқамінер ағалардың,
Тірлігі талайларды таң қылып жүр - деп келетін өлең жолдары залда отырған халықты бей-жай қалдырмағаны анық болатын.
Кейін бұл шумақтарды айтысқа біздің соңымызды ала қосылған жас ақындар да өз араларындағы ауыз екі әңгімелерінде мысал етіп айтып жүрді.
Абайдай асылымыздың, Шәкәрім мен Мұхтардай ардақталарымыздың бастарын қорлап, қаншама жыл ядролық сынақ полигонына айналған қасиетті Семей жері. Полигонның зардаптарынан дүниеге мүгедек болып келіп жатқан «құбыжық ұрпақ» мәселесі. Қазақ пен орыс зиялыларының арасындағы адал достыққа да қарамастан, кешегі желтоқсандағы қазақ жастарын аяусыз соққыға жыққан нәсілі бөлек жендеттердің жауыздық әрекеттері. Міне, осы мәселелердің барлығы ащы да болса, ақиқат екендігіне сол жолы қостанайлық жырсүйер қауым тағы да көз жеткізді. Халықтың тебіренгендігі соншалық, дүркірете қол соққан былай тұрсын, ақтық айтыс барысында бір емес, бірнеше мәрте отырған орындарынан тұрып кетті.
Айтыс аяқталуға айналған бір әредікте, алдыңғы қатарда отырған егде жастағы бір қазақ ақсақалы тілдей қағазға әлденені сүйкектете жазып, ақындардың балын есептеп отырған қызға берді де, «әлдене» деп сыбырлады. Хатты алған қыз орнынан түрегеліп, қолындағы қағазды сахнада отырған маған әкеліп табыстады.
Дәл осы тұста кезек әріптесімдікі болатын да, мен әлгі жағдайдың бәрін байқап отырғам. Дереу қағаздың бүктеуін жазып оқысам, хат жюри мүшелеріне арналыпты. Онда «Павлодардың ақыны орыс ұлтына тіл тигізіп, халықты ұлтаралық қақтығысқа үндеп отыр» делініпті.
Бір кездері қазақ даласына аш-жалаңаш келіп, қазақтың баспанасын паналап, бала-шағасының аузындағы бір уыс бидайын бөлісіп жеп, жанын сақтаған ұлттың, уақыт өте келе қазақ халқын көрместей болып өшіккен «опасыздығы» үнемі менің санамды сансыратып, зығырданымды қайнатып жүретін-ді.
Енді кеп мына шалдың көп алдындағы жағымпаздығы мен қарадай үрейленіп, «бүйректен, сирақ шығаруы» онсыз да қарайып жүрген қанымды басыма бірақ шығарып жіберді.
Әріптесім сөз кезегін бергенде, көпшілікке әлгі шалдың жазған хатын дауыстап оқып бердім де, төрт-бес шумақ өлеңмен ел алдында хат иесінің ит терісін басына қаптадым.
«Кешегі Алты Алаштың арыстарын сырттарынан сатып, бірін аттырып, бірін айдатып түбіне жеткен жетесіздерден қалған «текті тұяқ» ортамызда отыр екен. Ағайындар, осы уақытқа дейін біз оны нағып байқамағанбыз? Мұндай арамзалар арамызда тірі жүрсе, әлі талай ұлтым деген ұлың мен жұртым деген қызыңның түбіне жетер» деген сарындағы селебедей өткір өлеңдердің табан астында қалайша жымдасып, жұп-жұмыр болып шыға кеткендігіне осы күнге дейін өзімнің де таңым бар.
Бірақ мен дәл солай, семсердей тіліп айтуым керек болатын. Егер сол сәтте ол сөздерді айтып салмасам, айтыстан кейін өзімді-өзім іштей жеп, өле-өлгенше ішімде өкініш болып қалып қояр еді.
Заманында коммунистік партияның қолшоқпары болып, талайларға тізесі батқан, екі тілге де жүйрік, екі жақтың да көңілін тауып үйренген әлгі шал менің сілейте соққан сөздеріме шыдамады білем, өңі өрт сөндіргендей түтігіп, ақыры орнынан тұрды да, залдан шығып жүре берді. Мұны көрген халық риза болғандықтан тағы да орындарынан дүр етіп тұрып, қиқулап, залдың ішін дүрліктіріп жіберді.
Айтыс бітіп, ақындар сахнаның сыртында марапаттау сәтін күтіп тұрмыз. Осы кезде қасыма қара костюм-шалбар киіп, галстук тағынған бір жас жігіт таяп келді де: «Аға, абай болыңыз, сізді сыртта бір адамдар іздеп жүр» деп шапшаң ескертті де, көзден таса болды.
Сахнаның сырты ию-қию, біреуді біреу біліп болар емес. Мен жайлап айналама көз жүгіртсем, расында да сахнаның шыға беріс оң жағы мен сол жағында қарапайым жанкүйерлерге ұқсамайтын әлдебір күдікті адамдар тұрған секілді. Ішім қылп ете қалды. Бұл сөз жоқ «үндеместер». «Енді не істеуім керек?» деп ойланып үлгергенше, айтыстың қортындысын жариялау үшін сахнаға қазылар алқасының мүшелері шыға бастады.
Ең алғашқы сөз алған Әселхан апайым микрофонға келіп, кешелі-бүгінгі айтыстың мәні мен мазмұндылығына, ақындардың ащы да болса алдаспандай ақиқатты айта білген өткірліктері мен өжеттіктеріне ризашылығын білдіре келе:
Алысып ауыр жолда талмағанбыз,
Ұрпақ боп баба жырын жалғағанбыз.
Бейімбет, Сәкен, Ілияс атыларда,
Халық боп қорғап қала алмағанбыз.
Бұл айтыс ермегі емес еріккеннің,
Өзім де сан айтысқа көрік бердім.
Атынан аналардың өтінерім,
Түспесін бір тал шашы Серіктердің - деді.
Зал тағы да ду ете қалды. Ақын әпкемнің көмейіне өксік тығылғандай, дауысы біртүрлі тарғылданып шықты. Айтыс аяқталғалы ыбыр-жыбыр, күбір-сыбыр болып кеткен түсініксіз жағдайды байқай қойып, ойын екі-ақ ауыз өлеңмен жеткізе білген ақын, сахнада тұрған менің қолымды алып, бетімнен сүйді.
Тұлғасы таудай болғанымен, жүрегі қылдай нәзік Әселхан апайымның боталап тұрған жанарын көріп, өн бойымнан тоқ жүріп өткендей дір ете қалдым... Сол сәтте басыма бір қауіп төніп тұрғандай, өз-өзіме түсініксіз, алақұйын күй кештім.
Жалпы Әселхан, Әсия, Ерік, Қонысбай, Баянғали сынды ағаларымыз бен әпкелеріміз біз секілді соңдарынан ерген іні-қарындастарына үнемі қамқор болып, айтыста жүлделі болсақ бірге қуанып, жолымыз болмай қалған кездерде жігерімізді жанып, ақылдарын айтып жүретін. Олардың шынайы көңілден шыққан жанашырлықтарын ұмыту мүмкін емес.
Ыбырай Алтынсариннің құрметіне арналған аймақтық ақындар айтысының бас бәйгесі де бұл жолы маған бұйырды. Өйткені халықтың маған деген, менің өнеріме деген ыстық ықыласынан қазылардың да, айтысты ұйымдастырушылардың да, олай-бұлай бұрмалауға дәттері бармады.
Ақындарды марапаттау рәсімі аяқталмай жатып сахнада тұрған менің арт жағымнан келген бір жігіт ақырын жеңімнен тартып «Аға жүріңіз, ақырындап шыға берейік» деді. Түстеп қарасам, неше күннен бері біздерді қарсы алып, орналастырып, қызмет көрсетіп жүрген мәдениет басқармасының қызметкері екен. Сахнаның арт жағындағы елеусіздеу есіктердің бірінен шықтық та, әлгі жігіттің нұсқауымен әйнектері перделенген шағын автобусқа кіріп жайғастым...
Артынан естіп-білсем, сол жерде жүрген әлдебір бейтаныс адамдар мені шарқ ұрып іздеген көрінеді. Олардың ойларында не болды, нендей мақсатпен іздеді? Ол жағын аздап ішім сезсе де, анық-қанығына жете алмай-ақ кеттім.
Бұл оқиға 1991-жылдың шілде айында болған. Көп ұзамай Қостанай қаласынан пошымы бөлектеу хат келді. Алданыш ағадан екен. Ол кісі өзінің өмірбаянына қысқаша тоқтала келіп, өткендегі айтыстан бері Қостанай облыстық газетінің бетінде сол айтысқа, әсіресе павлодарлық ақын Серік Құсанбаевтың айтқандарына байланысты ұзақ уақыт дау-дамай туындап, соңғы нүктесін мені ақтап жақында ғана өзі фальклорист, орыс ұлтының азаматы қойғандығын жазып, газетте жарық көрген мақала қиындыларын салып жіберіпті.
Сол айтыста алдыңғы қатарда отырып хат жазған «жантық» ағамыз ертеректе ұзақ жылдар «үндеместер» комитетінде қызмет еткен көрінеді. Кім білсін, айтыстан кейінгі абыр-сабырды да сол «жазғыш» ағамыз ұйымдастырды ма? Ол жағы маған белгісіз әрине. Бірақ ондайлардың кез- келген облыста тіпті аудан-ауылдарда да бар екендігіне еш күмән келтірмеймін және ондай жантық әрі жансыздарды жырақтан іздеп әуреленудің қажеті жоқ, олар үнемі жанымызда жүреді...
«Абай-ақпарат»