Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3600 0 пікір 13 Желтоқсан, 2011 сағат 12:53

Алтай Тайжанов. Абзал азамат

Адам бола білу, адам атына лайықты болу оңай емес. Адамгершілікті, кісілікті неғұрлым терең ұғынған сайын әр адам өзіне жақсы төреші бола алады. Оған біздің кейіпкеріміздің өмірі куә. Әкесі Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан ардагер еді, 1977 жылы 53 жасында дүниеден өтті. Баланың үлкені Бижан бар-жоғы он бес жаста, бауырлары Жолжан, Бауыржан, Гүлжан, Айжан, 46 жаста жесір қалған анасы Жұмаштың қамқорлығында өсіп-өнді. Әз ананың арқасында олар қиындықты көрді, бірақ жетімдікті көрген жоқ. Барды бар деп, жоқты жоқ деп бағалай білді. Ең бастысы - адам болуға ұмтылды.

Бұл туралы анасының 80 жасын атап өткенде ақындықтан да құр алақан емес Бижанның: «Баяндасам бәрі жырға сыя ма,

Көкірекке бір сазды әуен құяды, ә?!

Біз сары ауыз балапан ек, ал өзің,

Қарлығаш ең жем тасыған ұяға!» - деп тебіренуі де шындық.

Адам бола білу, адам атына лайықты болу оңай емес. Адамгершілікті, кісілікті неғұрлым терең ұғынған сайын әр адам өзіне жақсы төреші бола алады. Оған біздің кейіпкеріміздің өмірі куә. Әкесі Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан ардагер еді, 1977 жылы 53 жасында дүниеден өтті. Баланың үлкені Бижан бар-жоғы он бес жаста, бауырлары Жолжан, Бауыржан, Гүлжан, Айжан, 46 жаста жесір қалған анасы Жұмаштың қамқорлығында өсіп-өнді. Әз ананың арқасында олар қиындықты көрді, бірақ жетімдікті көрген жоқ. Барды бар деп, жоқты жоқ деп бағалай білді. Ең бастысы - адам болуға ұмтылды.

Бұл туралы анасының 80 жасын атап өткенде ақындықтан да құр алақан емес Бижанның: «Баяндасам бәрі жырға сыя ма,

Көкірекке бір сазды әуен құяды, ә?!

Біз сары ауыз балапан ек, ал өзің,

Қарлығаш ең жем тасыған ұяға!» - деп тебіренуі де шындық.

Бижан сегізінші сыныпты аяқтап Атыраудың № 101 кәсіптік-техникалық училищесін токарь, дәнекерші, ағаш шебері мамандығы бойынша үздік бітірді. Жұмысқа кірісіп, анасына көмектесе бастағанда әскер қатарына алынып, екі жыл Отан алдындағы міндетін атқарды. Армиядан кейін Қарағанды қаласындағы индустриалды-педагогикалық техникумды тәмамдап, 1984 жылдан 1991 жылға дейін Ақтөбедегі арнаулы білім беретін оқу орындарында ұстаз-шебер болып қызмет етті. Кейін заң саласы бойынша жоғары білім алды. Сөйтіп, бірнеше мамандықты бойына сіңіруге ұмтылыс жасады. «Қарапайым адамдардың бәрі - өздерінің адам екенін шын мәнінде сезініп, өдерінің адамшылық абыройын шын мәнісінде құрметтей білген кезде ғана болашақ өмір бүгінгіге айналмақ», деген қағидалы сөзді басшылыққа алып, еңбекке араласты. Әкеден ерте қалған ұл аға-інілеріне, әпке-қарындастарына көмектесу үшін күні-түні жұмыс істеп, өнжеулі табыс тапқысы келді. Онысы зая кеткен жоқ. Өзі еңбек еткен жерлерде абыройлы, іскер, ынталы маман ретінде моральдық және материалдық марапаттауларға ие болды. Ең бастысы, қандай жұмысты да талғамай істеп, әбден ысылды, өмір көрді.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы мен 90- жылдарында бұрынғы Кеңестік мемлекет көлемінде саяси-әлеуметтік салада, экономикада өткенді ой елегінен қайта өткізу, бағалау жүріп жатты. Сондықтан да, әлеуметтік-экономикалық салада тұрақсыздық болды. Оның соңы «мәңгілік» деп жүрген КСРО-ның ыдырауына әкеліп, бұрынғы Одақ елдері үлкен дағдарысқа ұшырады, егемендікке қол жеткізген елдер әлемдік саяси-экономикалық кеңістікке кіріп, өз жолдарын таңдады. Міне, осы кезде жас Бижан да заман талабына орай шағын бизнеске бет бұрыс жасап, 1991 жылдан бастап Үкіметтен несие алып кәсіпкерлікпен шұғылданады. Бұл іске анасы Жұмаш та қарсы болмай, дұрыс ақыл-кеңесін берді.  Шағын және орта бизнестің дамуына Ел Президентінің бұл саланы ұдайы назарынан тыс қалдырмауы да себеп болса керек. Соның арқасында елімізде кәсіпкерліктің осы жүйесі дамып,  үлкен абыройға ие болған Бижан сияқты азаматтар көбейді.

Бижан Қуанышкерейұлы ұжымының негізгі жұмыстары - тұрғын үй құрылысын жүргізу. Соңғы бес-алты жылда олар бұл салада жақсы нәтижеге қол жеткізді. Тек тұрғын үй ғана емес, басқа нысандарға да қол ұшын берді. Құрылыс ісі оңайлықпен жүрмейтіні белгілі жай. Адамдардың сеніміне кіру, олардың тапсырысын уақытында орындау - аса мұқияттылықты талап етеді. «Дүние қызыл түлкі бұлаңдаған» деген өлең жолдарына мән бермей, мен білемдікке салынсаң, «алтын көрсе, періште жолдан таяр» дегенге жол берсең, абыройдан бір сәтте айырылып, масқараң шығатыны айдан анық. Адам үшін ең ғажабы, ең қымбаттысы өмірдің өзі. Ал сол өмірдің тірегі - жан-жақты да жігерлі еңбек болуы шарт. Адамның адал еңбегі тоқыраса, оның тіршілігінің де мән-мағынасы жойыла бастамақ. Абай: «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы секілді тез суалар» - демей ме?!  Бұл Бижанның үнемі аузынан тастамайтын сөзі, яғни тәжірибелік теориясы.

Бұл күндері Бижан Қуанышкерейұлы басшылық жасайтын «ЗапКазСтройИнвест» ЖШС облыс көлемінде, тіпті көршілес облыстарда құрылыс жұмыстарын жүргізіп, біршама беделге ие болды. Мұны серктестік салған, күрделі жөндеуден өткізген ғимараттар иелерінің кәсіби мереке қарсаңында, басқа да уақыттарда мекемеге жолданған құттықтаулары мен алғыс хаттарынан байқауға болады. Аталмыш серіктестік құрылтайшысы Бижан Қалмағанбетовтың «Кто есть кто?» Республикалық құрылысшылар энциклопедиясына енуі де біраз жайдан хабар берсе керек.

Жақында бұл ұжым тағы да үлкен алғысқа бөленді. Осы ұжымның арқасында жарты ғасырға жуық тарихы бар Сазды ауылы тұрғындары көптен бергі армандарының бірі - ауыз суға қол жеткізетін болды. Екі мыңдай тұрғын тұратын Сазды ауылы қалалық тіркеуге жатады. Қаладан қол созым жерде жатса да,  ауыз су мәселесі жылдар бойына өз шешімін таппай келген еді. Енді село тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп, ауыл сыртынан ағып жатқан  ішуге жарамсыз суға тек көкөніс өсіретін болды.

Бижан Қуанышкерейұлы қазіргі әлемдік дағдарыс туралы айта отырып жалпы бізде қазір дағдарыстан гөрі, сәл де болса ілгерілеу бар. Мен: «Апырай, ендігі күнкөрісіміз не болмақ, «шықпа жаным шықпа» деп отырғанда мына дағдарыс деген пәлекет бізді тұралатып тастайтын болды ғой», деп заржақтанған бірде-бір адамды кездестіргенім жоқ. Әрине, бес саусақтың бірдей еместігі сияқты, жұрттың бәрі тең емес. Біреу - бай, біреу - орташа, біреу-жарлы. Заман солай заман ағысы солай екен деп бей-берекеттенуге, өзіңді өзің кемсітуге, бар пәлені ел басшыларына үйіп-төгуге болмайтынын жұрт түсінген. «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен, тағдыр қылды деулерді, шығарамын сөзімнен» демей ме, көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров. Адамның ең қымбаттысы - өз өмірі ғой. Ол адамға бір ақ рет беріледі. Сондықтан оны мархабатты етіп өткізуге барлық күш-қуатымызды жұмсап, кейін өкінбейтіндей болуымыз қажет деп ойлаймын - дейді. Дұрыс әңгіме.

Бүгінгі күндері іскер, жағдайы жақсы азаматтарымызға қайырымдылық жасау жағы жетіспейді. Қолда жағдай барда неге көмектеспеске?! Атын атап, түсін түстемей ақ қояйық, Бижан біраз отбасыларға қол ұшын берді, қаржылай да, материалдық та көмектесті, әйтеуір маңдай тіреп келгендердің меселін қайтарған жоқ.   Әр түрлі деңгейдегі ұлттық мүддені көздейтін шараларды өткізуге, атқаруға талай рет демеушілік жасады. Әсіресе, қазақ қаламгерлері мен өнер адамдарына барлық уақытта бүйрегі бұрып тұрады. Оған басқасын айтпағанда өмірден ерте кеткен, қазақтың бард-әншісі және ақыны Табылды Досымовтың компакт-дискісін шығарып таратуы сияқты үлгілі істері дәлел. Бижан Қуанышкерейұлын ерекше толғандыратын мәселе елдік, бірлік, тәуелсіздік мәселесі. Әсіресе, ұлттық мүдденің қайнарында жатқан құндылықтар - ана тіліміздің бүгінгі күйі. Әлбетте, тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы бағытында көп нәрсе жүзеге асты. Алайда біз бұл мәселеге түбегейлі бетбұрыс жасауда тайғанақтық танытып келеміз, тілді өз тұғырына қондырмағанымыз былай тұрсын, бірқатарымыз онымен шаттанудың орнына, шатасып жүрміз. Бижан: «Мен қазақ болып туғаныма мақтанамын. Қазақ тілі, яғни ана тілімде сөйлегеніме шаттанамын. Өйткені, бұл тіл Асанқайғы тілі, Шалгез, Бұқар жырау, Шоқан тілі, Абай тілі, Мұхтар тілі, әрілеп айтсақ, ата-баба, қазақ тарихының тілі. Атақты Бауыржан Момышұлының: «...Қазақ тілі өткірлігімен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-дүниеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымыңа қонымды, жүрегіңе тиімді...қысылтаяң қатал жағдайда қайрап, егеп, «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін ерге, елге медет болып, адам түгілі басқа жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл» деп тебіренбей ме?! - дейді.

Бижан барлық уақытта достары туралы мәдени орталарда, зиялы қауым өкілдері бас қосқан жерлерде оң пікір айтып, тіпті сырттай таныстырып жүреді. Өйткені ол халықтың: «айдын көлге жарасар - жағалай қамыс, қоғасы, азамат ерге жарасар - айнала жолдас, жорасы!... -  деген сөзін берік ұстанған жан. Өзіне жақын тартқан досы, танымал әнші, ақын Табылды Досымов қазасына ол қатты қайғырды. Тек дос, жолдас деп емес, барша ұлтымызға, қалың қазақ жұртына қадірлі жанның, алда әлі бергенінен берері көп шығармашылықты тұлғаның өмірден ерте кеткеніне қынжылады. Ақын-сазгер жөнінде нақты көзқарасын білдіріп, ел ішіндегі бір ерке ақынын аялап, алақанға сала алмаған кейбір шенеуніктерге ренжиді, олардың «алтынның қолда барда, қадірі жоқ» дегендей әділдік ауылынан алшақтап кеткеніне өкінді. Досына арнап жазған мақаласында: «Бәріміз де пендеміз ғой, бірақ солар (жергілікті шенеуніктер - А.Т.) керемет талант иесінен, өз туған жерінің қадір-қасиетін аспандатып, айдай әлемге паш еткен, сөйлесе сөз мәйегін ағызған, бәйгіге салса талай жабыларға шаң жұттырған саңылағынан көз жазып қалғанын бір сәт те болса еске алар ма екен? Әй қайдам?!» - деп көңіл күйзелісіне түседі. Кісіні тірісінде бағалаудың, құрметтеудің қажеттігін еске салып:

О дүниеде даңғаза дүрмегің де,

Қажет емес жайлы өмір сүргенің де.

Ақын деген жүрегі нәзік халық,

Бағалайық жер басып жүргенінде! - деп ақылмен таразылауға, байыбына баруға шақырады.

Өзіміздің бірімізге іні, бірімізге аға журналист-ақын Сағындық Ниянқұлов пен Бижанның жекжаттықтары бар, сондықтан да, оны жақсырақ біледі. Сол Сағындық Бижанға қаратып:

Жатырқамай ханды да, қарасын да-ай,

Жұбатасың қар демей, баласынбай

Жайыласың достарға дастархан боп,

Жазира Миялының даласындай...

 

Жүйрік деп сөзге өзіңді топшылармын,

Жыр жазып, арнау өлең көп шығардың.

Жадырап жүргеніңді жиі көрем,

Жанында жайсаңдар мен жақсылардың - деген екен. Шындығында да орнымен жасалған құрмет пен ізгілік жігіттің шырайын шығарады, абыройына абырой қосады.  Айтса, айтқандай әрісі Алматы мен Астанадан, көршілес Орал, Атырау облыстарынан жол түсіп, Ақтөбеге келетіндердің көпшілігі Бижанды іздейді, Бижанмен хабарласады. Менің өзімді де ол бұрын атын естіген, сырттай білетін азаматтармен талай таныстырған. Қай кезде, не себепті айтылғанын кім білсін, ол жағын талдап жатпай-ақ қоялық, бірақ, қазақта қалың жұрттың аузында жүрген «жауда да бір үйің болсын» деген сөз бар. Қазіргі жаһандану заманында оны өзімізден діні, ділі, болмысы бөлке елдер десек, біздің Бижанның ол жақтарда да таныстары мен жолдастары жеткілікті, ол Ресей мен Қытайдан, Башқұртстаннан, басқа да алыс-жақын шет елдерден өзіне достар, пікірлестер тапқан азамат, олармен үнемі хабарласып тұрады.

Бірде мынадай жағдай болған. Әдеттегідей аңқылдаған көңілмен Бижан өзіне Қытайдан бір әріптесінің келгенін, сонымен бірге болуымды сұрады. Ойда ештеңе жоқ бардым. Барсам алдын ала келісілген аудармашы ауырып қалып келе алмапты, қытайлық азамат бұрын Қазақстанда көп болмаған, орысша да, қазақша да білмейді. Бірақ, Бижан екеуі көптен таныс екен, құшақтасып жатыр, көз жанарынан, кеуілдерінен бір-бірін ерекше сыйлайтындықтары көрініп тұр. Ас мәзірін алып, тапсырыс  берді. Бижанның білетін бірнеше қытайша сөздері бар екен, сол біраз отыруымызға жетті. Кейін кешке қарай мейрамханада адамдар да көбейді. Олардың ішінде де көпшіл Бижанның аздап ағылшынша білетін таныстары бар болып шықты, қонақты әңгімеге тартты, биледі, көңілденді, арадағы кедергі кетіп,  тым жақсы отырыс болды.  Әрине, адамдарды жақындастыратын алдымен - тіл. Алайда, бұл отырыс шын пейіл, риясыз көңіл арқылы да өзара тіл табысуға болатындығының бір айғағы сияқты болды маған.

Әдетте өмірде атқа мінген азаматтарды сынаудың екі түрлі жолы бар. Біреуі қолына жоғары лауазымды қызмет, ал екіншісі мол дүние беру. Бижан болса бұл сындардан сүрінбей өтіп келеді.

Байырғы қазақ қауымында: адамның ең жаманы досына жамандық жасайтын адам. Адамның ең жақсысы дұшпанына жақсылық жасай алатын адам - деген сөз бар. Осы ретте Мұхтар Әуезовтың: «Жақсылыққа-жақсылық - әр кісінің ісі, жамандыққа-жақсылық - ер кісінің ісі» - деген ұлағатты сөзі ойға оралады. Ал Бижан осы жарты ғасырлық өмірінде бірде-бір жолдасынан, досынан қол үзбеген, алшақ кетпеген, ажырамаған, бірде-бір досын ұятқа қалдырмаған, бірде-бір досын сатпаған, достығын саудаламаған, сертіне, уәдесіне берік, кейде оны түсінбей, «дұшпанындай» санап жүргендерге де жақсылық жасай алатын азамат.

«Кемшілігі жоқ адам - адам емес» -деген екен Бауыржан Момышұлы. Кез-келген адам кемшіліксіз емес. Қарақан басының қамымен ғана келіп, соны түсінбедің деп өкпелейтіндер де, ештеңенің байыбына бармай байбалам салатындар да, әдейі жоқ жерден жау тауып, ілік іздейтін, аңысын аңдап, есеппен келетін «ақкөңілділер» де болады.

Бұл күндері Бижан өзіне жетер мапақасы бар азамат, соған қарамастан кішіпейіл. Алайда біздің көріп, түсінгеніміз бойынша қазіргі заманның барлары мен байларының образы, жүріс-тұрысы, айналасына деген көзқарасы басқаша қалыптасқан. Аз күндік дәулетке мастанған соларды көре-көре санамызда «бұлар байлықтың балалық ауруынан шыға алмай қалған екен» - деген пікір орныққан. Өйткені, елдік те, ерлік те, өрлік те, серілік те бір бойынан табылатын азаматтар аз. Ойды ойлайтын, тойын тойлайтын, бильярды мен басқасын да қоймайтын, қысқасы өз дәуренін өзінше өткізіп, үлгілі өмір сүретіндер де арамызда көп емес. Ал Бижан ініміз басқаша. Ол өзгелердей шіренбейді, біреуге міндетсінбейді, мені неге білмейді деп те реніш білдірмейді. Ұстанымы: «Ұлық болсаң, кішік бол». Жүріс-тұрысы іскер адамдікі, көзінде  - нұр, жүзінде - мейірім, қарапайым, қағілез, әнді де салады, әзілін де айтады - ортаның адамы. Алдыңды аршып, артыңды қымтап жүретін інілердің болғаны қандай жақсы.

Абай: «ісің өнсін десең, тетігін тап!» -дейді. Бижан көркем әдебиетті, газет-журналдарды өте көп оқиды. Сондықтан да ол зиялы қауым өкілдерімен әлеуметтік, саяси, мәдени-рухани салалардың бәрінде де еркін сөйлесіп пікір аласып отырады. Адамдармен қарым-қатынаста көрегендік, көргенділік, сыпайылық, сөз саптауынан биязылық самалдай есіп тұрады. Осының өзі кез-келген адамда, әсіресе бүгінгі басшылар мен қалталыларда бола бермейтін мінез-құлық. Бижанға бұл өзі өскен ұядан, әсіресе әкеден сіңген мінез екендігі аңдалады.

Қазақтар ежелден ер-азаматтың орнын ерекше бағалаған. «Әкесіне тартыпты, азамат» деп басталатын әңгімелердің дені отағасының отбасындағы орнын айқындаған. Қанына тартпаған ұлды қалжың араластырып, шешесіне теліп қойып, әкесінің атына кір келтірмеуге тырысқан да қазақ. Осылайша халқымыз әкелердің атын аспандатып келді: оларға арнап қаншама жыр шығарды, ән тудырды. Бірінен бірі өтеді. Алайда жылдар жылжып, заман өзгерген сайын әкелер де аспандағы қол жетпес жұлдыздар секілді мәңгі әдемі қалпында қала алмай барады: «адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деген осындай-ақ болар. Құндылықтарды насихаттау құрғақ сөзге айнала бастаған заманда жігіттің жаманы көбейіп, жақсысы азая бастағандай. Бірен-саран болса да жалқау, маскүнем, ұры-қары атанған отағаларын көргенде, көңіл шіркін жабырқап-ақ қалатыны шындық.Бір қызығы көптеген зиялылар ұлтымыздың рухын көтеруге шама-шарқынша атсалықанымен, олардан қалған тұяқтар арасында әкелерінің аманаттарын орындай алмағандары да баршылық. Бүгінде туған тілінен айырылып, дүбәра күй кешіп жүрген соларды көргенде, жаның күйзеледі. Тіпті тәуелсіздік алған, егеменді ел болған бүгінгідей заманда да олар қазақ деген ұлттың ұрпағы екенін мақтан ете бермейді. Өкінішті....

Адам баласының өмір жолы бұралаңдарға толы сүрлеуден басталатыны ақиқат, аспаннан алтын түспейді. Еткен еңбегіңнің, көрген бейнетің зейнеті де болады. «Жігітті ел мақтаған - қыз жақтаған», деп Абай айтқандай, Бижанды Ақтөбе қаласының көптеген азаматтары, сонымен бірге өзі туып-өсен Тайсойған өңірінің азаматтары мақтан тұтатынына талай куә болғанбыз. Бижан үшін де өзінің туған жері - Қызылқоғасы әр уақытта қымбат. Сондықтан да ол:   «Ауданымының ілгерілеген көшінде, туған ауыл - бәрі менің есімде» дейді. Бижан қайсы біреулердей өзін «қайран елі қазағынан» бөлектеген де, бөлінген де емес.  Ол өз тілін, дінін, ділін өте жақсы құрмет тұтады. Бижан басқа бизнес өкілдеріндей емес, күнделікті газет-журналдар оқуға да ерекше көңіл бөледі, бірқатарын жаздырып алады. Бұл тұрғыдан алғанда оны бұқаралық ақпарат құралдарының бизнестегі өкілі десек болады. Кәсіпкердің тек кәсібін ғана емес, ұлттың рухани бесігін де ойлап жүргені қандай жақсы.

Бижан екеуміз бір топырақтың түлектеріміз. Мен мектеп бітіргенде ол 6 жасар бала екен. Бір аудан көлемі болғанымен, бұрын мен оның ата-анасын, ағайын-туысын, тіпті өзін де танымаушы едім. Бижанмен осы Ақтөбеде таныстым. Дәлірек айтсам, ол мені іздеп, тауып өзі танысты. Сонан бері қарай қай жерде де, қай кезде де өзінің ұстамдылығымен, сабырлылығымен, іскерлілігімен, қайраткерлігімен, қазақтың жанын ұғатын ұлтжандылығымен көзге түсіп, көңіл көншітіп жүрген азамат. Ол өзі жақсы көрген біз сияқты үлкендерге кішіктік көрсетіп, ағалап жүреді. Кезінде Асан қайғы кейінгі ұрпағына: «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа, күнінде өзім болдым деп, кең пейілге таласпа, артық үшін айтысып, достарыңмен санаспа» -деп өсиет еткен екен. Осы дәстүр ізімен келе жатқан, жақсы іні,  Бижандай  өз қолдары өз аузына жеткен, ештеңеге тарықпайтындай жағдайы бар азаматтарға ағалыққа жарау да өз қадірін білген адамға бақыттың бірі болса керек. Аман жүр абзал азамат.

АЛТАЙ ТАЙЖАНОВ,
философия ғылымдарының
докторы, профессор.
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512