Ардақ Нұрғазыұлы. «Солақайлардың» мәселесі
немесе Г.Грастың әңгімесі мен жаңа романындағы сабақтастық
немесе Г.Грастың әңгімесі мен жаңа романындағы сабақтастық
Солман Рашид («Сайтан жыры» романының авторы) неміс жазушысы Гюнтер Грас туралы былай дегені бар еді: "Реал дегенді қолдан жасауға болады екен. Реал жасалудан бұрын ол өмір сүріп тұрмауы да мүмкін, оның үстіне оны қолдан жасаған басқа заттар сияқты бұрынғыдан да жақсырақ жасауға, немесе жаман жасауға болады". Бұл сөздер біздің «Солақайлар» әңгімесін терең түсінуімізге түрткі болады. Өткен ғасырда, немістер екі реткі дүниежүзілік соғыстың бел ортасында жүрді. Бірінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіліс немістердің ұлттық намыстарын таптап, көкіректеріне шер болып құйылды, олардың бойындағы қорлану сезімін оятты. Тегін қуып келгенде А.Гитлер бастаған топ - немістердің бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ортаға шыққан осы ұрпағы сол қорлану сезімінің туындысы (А.Гитлерді немістердің тайлы-таяғына дейін қолдағанын, тіпті одан Хайдеггер сияқты философтарда қағыс қалмағанын білеміз). Бұл ұрпақ жиылып қалған қорлану сезімін өшпенділікпен, өш алумен тұтандырды. Оның ақыры жаңа бір алапат соғысқа ұласты. Ал бұл соғыс немістерді алдыңғы соғыстан бетер жермен жексен етіп күйретті. Германияны төрт аяғынан тік тұрғызамыз деген - тәсілі қате болса да, арманы дұрыс - бұл ұрпақ тұтас жоғалтылды; оларға ілесіп біртұтас Германия да келмеске кетті. Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң, немістерде - бір ұлт бір адамдай ойлады - қорлану сезімі болса; екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, оларды: "біз неге сүріне бердік?" -деген сұрақ толғандырды. Дәл осы дағдарған ұрпақтың өкілі ретінде Г.Грастың бастан ақыр: "бізге не болды?" -деген сұрақты айналсоқтай беретіні де әне сондықтан. Жазушы "солақайлықты" - жалпы адамзаттың 15 пайызында ғана болатын осы бір жай тума қасиетті ала отырып, оны үлкен қоғамдық мәселеге арқау етеді. Оқырманды жәй реалдықтан жоғары деңгейдегі реалдыққа жетелейді. Егер өткен ғасырдың алдыңғы жартысындағы Еуропаны "оң қолдар" десек, немістер бірден сол тұстағы Еуропаның "солақайлары" болып шыға келеді. Бұны өткен тарихтың өзі дәлелдеді. Ал, бұның неге бұлай болатынын ешкім де түсіндіріп бере алмайды, тіпті философтар көп шыққан сол немістердің өздері де оның шешуін тапқан емес. Егер оңқай мен солақайлық жаратушының қолындағы нәрсе десек, онда, немістердің көз жазбастан "солақай" болып шыға келуі де сол жаратушының қалауы болмай ма? Сонда оңқай деген не, солақай деген не? Г.Грас әңгімеде бүгінгі замандағы"солақайлардың" жан дүниесін терең ашқан, оның не ойлайтыны - өзі және өзгелер туралы; не істегісі келетіні; ақырында не істегенін тамаша образбен жеткізген. Жазушы "солақайлардың" басында бар мәселесін басқалар шеше алмайды, оны түптің түбінде "солақайлардың" өздері шешуге тиіс деп қарайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң, көршілері немістерді екіге айырып, оларды енді қайтып бас көтертпеудің қаразын қарастырғанымен, оның да уақыттық екенін, түптің түбінде немістердің қайтадан бас көтеретінін, сол тұста "солақайлықтың" да қайта бастан шешімін таппаған мәселе ретінде шыт жаңа болып оралатынын Г.Грас сияқты тұлғалар сезген. 1990 жылдардың басында, екі Германия бірлікке келген тұста, Г.Грастың "Шығыс Германияны Батыс Германияның жұтып қоюы" сынды бірігуіне неге қарсы шыққанында біз осы жағынан мөлшерлей аламыз. Жазушының ол қадамы жәй белсенділік емес еді. Әңгіменің соңында не оң қолдарына , не сол қолдарына сенім арта алмағандар ақыры жекпе-жекке шығып, бірін бірі атады (Жазушы "жекпе-жек" деген осы қимылға қоғамдық-психологиялық түс алатын өзгеше мағына берген.) Жекпе-жекке шыққан екеуі де қарсыласының сол қолын көздеп, жаралайды да, оны икемсіз оң қолдарымен таңа бастайды. Г.Грастың Нобель сыйлығын алғанан кейін жариялаған «Жылжу» (2002 жылы) атты жаңа романында да осы "солақайлар" мәселесі көтерілген. 216 беттен тұратын шығарма нақты тарихи оқиға "У.Густаф" маркалы кеменің апатқа ұшырау оқиғасы негізінде жазылған. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында немістер 25 миллион империя маркн жұмсап алып жолаушылар кемесін (суреттегі) жасайды. Бұл кемеге А.Гитлер өзінің үзеңгілес серігі, Швецария Фащистерінің көсемі, 1935 жылы қастандықпен өлтірілген У.Густафтың атын береді. 1945 жылы 30 қаңтар күні портында адам толған кемені Балтық теңізінде жүзіп бара жатқан жерінде Кеңес Одағының сүңгуір кемесі шабуылдап, суға батырады. Бұл қырғында 9 мыңнан астап адам құрбан болады, оның төрт мыңнан артығы сәби балалар болған. Роман осы апатты бастан кешкен, сәтін салып құтқаруға келген Германияның «Арыстан» маркалы кемесіне шығып өлімнен аман қалған бір әйелдің әңгімесі сабақтайды. Кітап еріксіз Кеңес Одағы сүңгуір кемесінің капитаны жәй бұқара отырған кемені теңізге батыруға шешім шығаруы адамгершілікке жат па, жоқ па? -дегенге жауап іздетеді. Кітаптың бұл тұсы "тарихта жеңгендердікі ғана дұрыс есептеліп кете береді!" деген байырғы қорытындыны тағы бір рет айқындай түседі. Романда қырғыннан аман қалған әйел балаларына сол бір апатты түнді үнемі ғибрат қылып айтып отырады, ол сонысымен "солақайлыққа" ұрынған тарихтың қанды кешірмесін ұрпақтарының ұмытпауын қалайды, ал, кейінгі ұрпақ - әйелдің баласы болса, өткеннен бұлай "кемшілік қана" іздемейді, қайта "немістер Освиссеннің елесінен құтылуы керек!", "біз басқалар айтқандай қылмыстарды істегеніміз жоқ!", "біз екінші дүниежүзілік соғыста қателеспедік!" -дегендей ұрандарға еріп, Жаңа фащистердің жалауын желбіретеді. . . Жазушының бұл жазып отырған жағдайы да бүгінгі неміс қоғамында болып жатқан жаңа өзгерістердің көрінісі. Аға ұрпақ екінші дүиежүзілік соғыстан кейін жеңгендер тұрақтандырған көзқарасты қабылдап, "біз ғана солай істедік, біз ғана кінәліміз, біз "солақай" болдық, әсілі сендер сияқты "оңқай" болуымыз керек еді" десе; ал , немістердің жаңа ұрпағы мүлде басқаша ойламайды. Олар: "солақайлар неге оңқай болуы керек, қайта, солақайлар солақай болып қала беруге тиіс!" -деген ойда. Мұның өзі "солақайлықтың" немістер үшін қарапайым мәселе емес екенін, ол әлі талай іске мұрындық болатынын аңғартатындай.
«Абай-ақпарат»