Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
3801 2 пікір 31 Тамыз, 2020 сағат 11:18

Министр: Мұғалімдердің құқығын қорғайтын ұйым құрылады

Қазақстанда қоғам назарына іліккен бір мәселе педагог мәртебесін көтеру болатын. Ал, бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстаздар мәртебесін көтеру үшін қандай жұмыстар атқарылатынын айтты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Білім және ғылым министрлігіне "Педагог мәртебесі туралы" заң нормаларын іске асыру бағытында істеліп жатқан жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Аталған заң нормаларындағы маңызды ереженің бірі – педагогтарды өз міндетіне жатпайтын жұмыстардан, орынсыз есеп беруден босату. Аталған құжат жаңа оқу жылының қарсаңында өте өзекті» ,- деген болатын министр Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені қашанда назарда ұстап келеді. Алайда, бұл мәселеде әлі де ережелерді бұзу фактілері кездесетіні рас.

Мәселен, бірнеше күн бұрын Түркістан облысындағы Ленгір мектеп-интернатында педагогтердің тікелей жұмысына, міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартып, сол үшін әкімшілік іс қозғалған еді. Аталған министрліктің білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті оқиға орнына барып, қызметтік тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, шағым бойынша фактілер расталып, мектеп директорының міндетін атқарушы адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.

Сонымен қатар, осы уақытқа дейін Түркістан облысының Кентау қаласындағы М.Мұса атындағы мектепте тексеру жүріп, ереже бұзылғаны анықталған. Аталған мектепте педагог мектеп жөндеу жұмыстарына тарытлған. Тексеріс барысында аталған факті расталып, мектеп директорының міндетін атқарушы адам мен Кентау қалалық білім бөлімінің қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, аз ғана уақыт ішінде Білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаментіне жүздеген өтініш түскен. Нәтижесінде, оқушылардың ата-аналары мен лауазымды тұлғаларға қатысты 30-дан астам әкімшілік жаза қолданылыпты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіліп отыратын болады. Сонымен қатар, мұндай заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларға қатысты жаза тек әкімшілік жазамен шектелмей, жұмыстан босату жайлы шешімдер де қабылданатын болады.

Педагогтардың құқығын қорғау мектеп директорларының да, жергілікті аймақтық мекеме басшыларының да тікелей міндетіне жатады. Әрине, бұл тұрғыда педагогтар да өздерінің кәсіби міндеттерін адал орындау мәселесіне ден қоюы тиіс. Себебі жаңа Заңның талаптары да басқаша.

-Ұстаздықпен айналысатын әрбір адам жас ұрпаққа үлгі болып, кәсіби қызметінде моральдық құндылықтар мен адамгершілік қағидаларды негізге алуы тиіс. Оның ішінде адамның қадір-қасиеті мен ар-намысын құрметтеу, мінез-құлық мәдениеті, адалдық пен әдептілік ұстаздық этиканың негізі. Осы қағидаттардың сақталуы үшін біз педагогтерге қатысты құқықбұзушылықтар мен педагогикалық этиканы өрескел бұзған даулы мәселелерді қарастыратын арнайы орган құру бастамасын іске асырып жатырмыз. Аталған орган мұғалімдердің құқытарын қорғау және педагогикалық этика жөніндегі кеңес болып табылады,- деді Білім және ғылым министрі.

Аталған орган пилоттық режимде алғаш рет осы жылдың тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында өз жұмысын бастаған. Алайда, келешекте әдеп бойынша кеңестер еліміздің барлық аймағында құрылмақ. Институт министрлік жанындағы білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жанынан жұмыс істейтін болады.

-Біз мемлекеттік қызметкерлердің этика жөніндегі кеңесінің тиімді жұмыстарына куә болдық.Ал, жаңадан құрылған Кеңес қызметі де солардың үлгісі бойынша жүзеге асады. Және бұл үлкен бастама. Яғни, әр мұғалім өз мәртебесін мақтан тұтуы тиіс. Сапалы білім беруі үшін ыңғайлы жағдайда жұмыс істеуі тиіс. Себебі, білімді ұстаздардың қолында біздің балаларымыздың білімі мен әл-ауқаты бар,- деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Педагог мәртебесі туралы Заңға қол қойған болатын. Аталған Заңда мұғалімдердің этика мәселелеріне баса назар аударылған. Сонымен қатар ұстаздара дәптер тексергені үшін төленетін қосымша ақы көлемі екі есеге ұлғайтылған еді. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдар 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мұғалімдерге қосымша ақы төлеуге құқылы екені айтылған.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963