Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6582 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 19:28

Нәзира БАЙЫРБЕК. Неміс автономиясы

 

 

Алаң десе, талай құпиясы мен қайғы-қасiретiн iшiне бүккен ана дегендей естiледi. Қуаныш та, шаттық та, мұң мен зар да, уытты уайым да, бүкiл көрген азабы мен ғажалы ананың әжiм басқан жүзiнде қалың қатпарлар арасында жасырынып жатады. Алаң да сол сияқты... Бетiн қанша тегiстеп, әрлеп, әдемi гүлдер көмкерiп, сәндеп, тiптi мәрмәр төсесе де, оның құпиясы алаңқайдағы терең қатпарда сақталып қала бередi. Көк тас ешқашан да қасiрет-қайғыны кетiрiп, шердi шайып тастай алмайды. Ол сонысымен құнды. Сонысымен қастерлi. Жұрттың орталық алаңға шыққанда кең жазық далаға шыққандай кең тыныстап, ой көкжиегiн кеңейтiп, көкiректi кермек бiр күйге бөлейтiн тылсым сезiмге бөленетiнi де сондықтан. Яғни, кез келген алаң, қаланың орталық алаңы – сол жердегi халықтың, ұлттың қастерлi сезiмдерi мен бұлқыныс, буырқаныстарының куәсi.
Мұндай естелiктерден Астананың ескi орталығындағы алаңқай алаң да кенде емес. Бұрынғы Ленин атындағы орталық алаң осыдан отыз жыл бұрынғы алғаш рет ұлт намысы буырқанып, бой көтерткен жеңiстi оқиғаның куәсi болды. Ол жеңiс жәй жеңiс емес едi. Ол жеңiс – қазақтың ұлттық намысының және халықтар достығының, көксеген демократияның жеңiсi. Ал бiлгенiне басып, ойына келгенiн iстейтiн отаршыл билiк үшiн, әрине, жеңiлiс.
Әңгiменi әрiден бастасақ, елiнiң мәдениетi мен iлiмiн оңтайландыру мақсатында орыс билеушiлерi немiске iш тартуға мүдделi болатын. Соның нәтижесiнде сонау император I Петр тұсынан бастап Ресейге келе бастаған немiстерге 1924 жылы Лениннiң нұсқауымен Поволжьеде Немiс автономиясы құрылды. Арада ширек ғасыр өткенде соғыс оты тұтанды. Артынша 1941 жылдың тамызында КСРО Жоғарғы кеңесiнiң Калинин қол қойған жасырын жарлығы қабылданды. Жарлық бойынша Едiл бойындағы немiстер диверсанттар мен шпиондар деп танылып, қуғындала бастады. Көбi Сталиннiң шешiмiмен Сiбiрге, Қазақстанға жер аударылды. Поволжьедегi немiс автономиясы жойылды.
Солай болса да, сұрапыл соғыстан кейiн де Ресей немiс халқымен санасуға мәжбүр болатын. Оның бiр себебi, Қазақстанның солтүстiгiндегi тың игеру саясатын күшейту үшiн немiстердi Германияға жiбермей ұстап тұруға мүдделi болса, екiншi жағынан Ұлы Отан соғысындағы Германия жеңiлiсiнен кейiн iштей күйзелiске түскен КСРО немiстерi өз құқықтары тапталғанын айтып, Поволжьедегi немiс автономиясын қайта құрып берудi талап ете бастаған.
Сонымен... КСРО немiстерiн жарылқау мақсатында 1979 жылдың 31 мамырында Қазақстан Компартиясы ОК Қазақстанда немiс автономиясын құру туралы құпия қаулы қабылдады. Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарының бiрнеше ауданын бiрiктiрiп, Ерейментауды немiс автономиясының орталығына айналдыруды көздеген қаулы жария етiлмесе де, оның дайындық жұмыстарын жүргiзу қолға алынды. Құпия шешiм 1979 жылдың 15 маусымында әшкере болды. Өйткенi сол күнi Қазақстан Компартиясы ОК немiс автономиясын құру туралы шешiмiн бекiту тұрғысындағы ұсынысын КОКП ОК-iне жолдаған болатын. Бұл, әрине, жергiлiктi халықтың наразылығын тудырды. Лезде Целиноград қаласы наразылық шеруiне үндеген парақшалардың «астында» қала бердi.
1979 жылдың 16 маусымында таңғы сағат сегiзден бастап Ақмола көшелерiне топ-топ болып бас бiрiктiргендер шыға бастады. Қала көшелерiн кесiп өткен олар Ленин атындағы орталық алаңға жиналды. Қолдарына қазақ және орыс тiлдерiнде «Халықтар достығы жасасын!», «Қазақстандағы совет халқы iшкi шекарасыз өмiр сүредi!», «Қазақстан бөлiнбейдi!», т.б. ұрандар жазылған плакаттар ұстанған.
Н.Петровичев, М.Георгадзе, В.Чебриков 1979 жылдың 28 маусымында қол қойған архив дерегiне сүйенсек, Ленин алаңына жиналғандардың көбi студент қазақ жастары болған. Алайда олардың арасында арандатушы топтар да болды дейдi мұрағат дерегi. «Өйткенi олардың арасында немiс халқын қорлайтындай лозунг ұстанғандар да бар едi. «Фашистерге жер бермеймiз!», «Барлық немiстi Сiбiрге айдау крек!», «Олардан машиналары мен үйлерiн тартып алу керек!» деген сияқты сөздер жазылған плакаттар болды. Ал партия комитетiнде автономия құруға қарсылық бiлдiрiлген хаттар толастамай келiп жатты...» – дейдi мұрағат дерегi.
Расында да, алаңға жиналған демонстранттардың талабы үй iшiнен үй тiгiп, автономиялық облыс құру туралы қаулының күшiн жою болатын. Ал айтқан уәжi «егер немiстiң мемлекеттiк құрылымы қазақ жерiнде өмiрге келетiн болса, жергiлiктi екi халықтың арасына сына қағылады. Ұлтаралық қырғиқабақтық туып, алауыздық белең алады, бұрынғы достық дұшпандыққа айналады» болды...
Қазақ жерiнен немiс автономиялық облысын құру идеясының құпия жүргiзiлгенi соншалық, бұл шешiмнен сол кездегi обкомның екiншi хатшысы Зейнолла Шайдаров та хабарсыз қалған. Ал Дiнмұхамед Қонаев болса, мазасызданып, өзiне хабарласқандарға: «Саспаңдар, немiс автономиясын құру туралы әлi ССРО Жоғарғы кеңесiнiң жарлығы жоқ», – деп сабырға шақырып отырған көрiнедi...
Сонымен Қазақстан Компартиясы ОК-нiң құпия қаулысына қарсы 16 маусымда алаңға шыққан жастар Кремльдiң құтын қашырды. «Автономия құру туралы шешiмнiң күшiн жоймайтын болса, бiз аянып қалмаймыз», – дестi олар. Сөйтiп билiкке өз шешiмiнен бас тарту туралы талаппен үш күн уақыт бердi. Яғни маусымның 19-ы күнi тағы да алаңға шығамыз, егер билiк шешiмiн өзгертпейтiн болса, маусымның 22-сi күнi «шырақты төңкерiс» жасауға дейiн барамыз дестi...
Жайшылықта моп-момақан жатқан елдi жуас, намыссыз деуге болмайды. Қитығына тигенде, ашуға мiнгенде кез келген халықта қасық қаны қалғанша ел намысы үшiн күресетiн азаматтар табылады. 1987 жылғы атақты партиялық қаулыда «ұлтшылдықтың бой көрсетуi» деп сипатталған «Ақмола көтерiлiсi» де сондай елдiк, ұлттық намыстың қайнаған көрiнiсiне айналды. Тiптi, «Автономия құрудан бас тартпайтын болса, осында өзiмдi-өзiм өртеп жiберемiн», – деп ашынғандар да болды дейдi көргендер...
Қазақстаннан немiс автономиялық облысын құруға немiстердiң өздерi де қанағаттанбаған едi. Сондықтан да болар, алаңға жиналғандардың арасында немiс халқының өкiлдерi де болыпты. Кейбiр дерек көздерiне қарағанда, алғашқы күнi алаңға шыққандар саны бес жүзден бес мыңға дейiн жеткен. Өйткенi сол күннiң өзiнде алаңда ғана емес, көше-көшелерде, тiптi үй-үйдi аралап, автономия құру мәселесiне қарсы көптi тiзе қосуға шақырған шерушiлер жүр едi. Ал маусымның 19-ы күнi алаңға жиналғандар қатары әлдеқайда көбейiп, еселене түстi. Олардың санын кейбiр деректер он мыңнан асты деп көрсетсе, ендi бiрi жиырма мыңға жуықтады дейдi. Арасында соғыс және еңбек арагерлерi, жұмысшылар, қазақ, орыс, немiс жастары да болған.
Осылайша көптiң толқуынан сескенген Целиноград обкомының бiрiншi хатшысы Николай Морозов пен облыстық атқару комитетiнiң төрағасы Жұмахметов трибунаға көтерiлдi. Морозов Мәскеумен тiкелей хабар ала отырып, немiс автономиясы құрылмайтынын мәлiмдедi... Бұл тiзгiнге алынған елдердi қалауынша билеп-төстеген Кремльдiң тұңғыш жеңiлiсi едi. Дұрысы, ұлттық намысы буырқанған халық алдындағы алғашқы шегiнiсi болатын...
Айта кетерлiгi, ереуiл кезiнде Қазақстан Компартиясы ОК-ның екiншi хатшысы А.Г.Коркин демонстранттарды тарқату үшiн қарулы күшке жүгiнудi ұйғарған. Тiптi, сол кездегi МҚК (КГБ) төрағасы Шевченко IIМ мен жергiлiктi әскердiң және МҚК қызметкерлерiнiң толығымен жасақталып, төтенше жағдайға дайын болуын талап еткен де көрiнедi... Алайда көптеген деректерде көрсетiлгендей, көтерiлiс қантөгiссiз өткен. Тiптi, «көтерiлiстi ұйымдастырғаны үшiн ешкiм жауапқа тартылып, жазаланған да жоқ» дейдi «Ақмола көтерiлiсi» туралы бiрiгiп жазған кiтабында бұрынғы МҚК офицерi, отставкадағы полковниктер М.Омаров пен А.Кәкен. Керiсiнше, жазаға компартия қызметкерлерiнiң өздерi тартылған: Компартия ОК-нiң екiншi хатшысы, iстiң басы-қасында жүрген «бастамашы» А.Коркин қызметтен шеттетiлiп, облыстық Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң басшылары Н.Маринкин мен И.Ахмедин жауапқа тартылған.
Осылайша, құпия түрде басталып, құпия аяқталған қозғалыс бүгiнге дейiн құпия болып келедi. Кейбiр деректерге сүйенсек, «ереуiл ұйымдастырды» деген күмәнмен тергеуге алынғандар қатарында Целиноград инженерлiк-құрылыс институтының кафедра меңгерушiсi де болған. Ол тiптi ереуiлге бару үшiн студенттердi сабақтан босатты деп айыпталған көрiнедi. Ал ендiгi бiр ақпарат көздерiне жүгiнсек, ереуiлшiлердi басу үшiн жiберiлген компартия қызметкерлерiнiң арасында да алаңда көпшiлiктi басудың орнына, автономия құруға қарсы күресуге үгiттеген азаматтар болған.
***
Қалай болған күнде де, желтоқсан оқиғасынан жетi жыл бұрын болған «Ақмола көтерiлiсiн» көпшiлiк КСРО-ны құлатып, тәуелсiздiкке жол ашқан алғашқы қозғалыс деп бiледi. Қыр-сыры ашылмаған осы оқиғаға байланысты кереғар ақпараттар да өрiп жүр. Мәселен, «МҚК және билiк» атты еңбегiнде сол уақыттағы МҚК 5-басқармасының бастығы Филипп Бобков: «Қазақстанда автономия құруға және олардың әкiмшiлiк шекарасын анықтауға өздерi қатыса тұра Қазақстан Компартиясы ОК де, Қазақстан Үкiметi де Целиноград педагогикалық институтының студенттерiн айдап салып, өздерi соларға қолдау көрсетiп отырды»,-деп мәлiмдейдi. Ал Ф.Бобков болса, өзi 1945 жылғы Германия жеңiлiсiнен кейiнгi саясаттың салқынынан сақтау үшiн немiс автономиясын құруды қолдағанын айтады.
Сол секiлдi Ф.Бобков өз естелiгiнде, Немiс автономиясын құруға дайындық барысында Д.Қонаевтың қарсылық бiлдiрiп: «Немiстердiң өздерi де автономияны қалап отырған жоқ, сiздер, Мәскеу оны немiстерге зорлықпен таңып отырсыздар!» – дегенiн және өзара әңгiмеде керiсiп қалғанын айтады. Ал Д.Қонаевтың бұрынғы көмекшiсi Владислав Владимиров «Бастығым автономия құру мәселесiнiң мақұлданғанын қалады» деп жазады...
1990 жылы болса, зейнеткерлiкке шыққан Димаш Ахметұлы «Freundshaft» атты немiс басылымына берген сұхбатында: «1979 жылғы Целиноград оқиғасы туралы мен мынаны айта аламын: КОКП ОК саяси бюросының бастамасымен, менiңше, онымен мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң жетекшiсi Андропов айналысты, Ерейментауды орталық ете отырып, немiс автономиясын құру туралы бастама көтерiлдi. Бiрақ немiстер оны қалаған жоқ. Олар Едiл бойындағы өзiнiң бұрынғы автономиясын қалпына келтiргiсi келдi. Сондықтан олар өз пiкiрiн бiлдiру үшiн көшеге шықты. Нәтижесiнде билiктiң Қазақстаннан немiс автономиясын құру туралы өз шешiмiнен бас тартуына тура келдi», – деп айтыпты...
Ақпарат кереғарлығы туралы тағы бiр дәлел: мұрағаттағы және басқа да бұқаралық баспа өнiмдерiнiң көпшiлiгiнде «Ақмола көтерiлiсiнде» қан төгiлмегенiн, бәрiнiң заңды және бейбiт жолмен жүзеге асқаны айтылады. Ал кейбiр ақпарат көздерi 22 маусым күнi төрт немiстiң қаны төгiлдi дейдi.
Қалай болғанда да, осыдан отыз жыл бұрынғы Ақмоладағы маусым оқиғасының құпия басталғаны секiлдi құпия сақталып отырғаны анық. Тiптi бұрынғы Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi М.Омаров пен А.Кәкен өздерiнiң Ақмола көтерiлiсi туралы жазған кiтабында да 1990 жылы КСРО МҚК талабымен мұрағаттағы Ақмола көтерiлiсiне қатысты жүргiзiлген тергеу құжаттарының бiразының көзi жойылғанын жазған. Мұның бәрi, әрине, қандай да бiр мүдде мен қорқыныштан шындықты бүркемелеу әрекетi.
Шындық қанша бүркемеленсе де, бiз бiлетiн бiр шындық: кез келген халық, кез келген ұлт өз тағдырын өзi шешуге құқылы. Өз жерiнде, өз елiнде әрбiр қазақ та өзiнiң мүддесiн, құқығын, намысын қашанда қорғай алады. Ал бодандықтың қамыты мойнында тұрғанда Ақмолада автономия құруға наразылық бiлдiруi, жоғарыдан билеп-төстеген билiктiң өз дегенiнен бас тартуына мәжбүрлеуi – бұл шын мәнiнде ұлттың жеңiсi. Өз еркiн өз қолына алғысы келген халықтың ұлттық намысының жеңiсi.

 


Нәзира БАЙЫРБЕК
«Астана ақшамы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371