Қуандық Шамахайұлы. «Әзілің жарасса...»
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деседі, қазақ баласы. Расында, адам сезімі мен жүрегінің түбіне терең бойлай отырып, көңілдің нәзік те сырлы күйін асқан шеберлікпен шертетін, табиғат ананың бізге берген тамаша бір сыйы - сатира мен юмор. Өркениетті әлемде алдына жан салмай дамып келе жатқан АҚШ секілді елдердің жұмыс берушілері командаға енуге ұсыныс жасаған адамның әзіл-қалжыңға қаншалықты жақындығына аса назар аударып, егер ойларынан шықса, ол шынымен де әзілқой әрі қалжың түсінетін жан болса, міндетті түрде артықшылық беретіні кездейсоқтық болмаса керек.
Әзіл-сықақ дегеніміздің өзі айналып келгенде, дарындылық пен көркемдік ойлаудың, өткір де ұтымды сөздің, теңіздей терең ақыл-парасаттың, жібектей әсем сезімнің жиынтығы. Бұл тұрғыдан келсек, оның адам баласына дарыған аса бағалы құндылық екендігіне көз жеткізесің. Әзіл жоқ жерде әзәзіл мен ашу-ызаның орнайтыны белгілі. Сондықтан да шығар, ұлы жазушы Ф.М.Достоевскийдің «сатира - терең сезімнен туатын өткір ой» десе, ғұлама философ И.Канттың «сатира дегеніміз жайма-шуақ көңіл-күйге дарын-қабілеттің өз жөнімен оралуы» - деп, анықтама бергені.
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деседі, қазақ баласы. Расында, адам сезімі мен жүрегінің түбіне терең бойлай отырып, көңілдің нәзік те сырлы күйін асқан шеберлікпен шертетін, табиғат ананың бізге берген тамаша бір сыйы - сатира мен юмор. Өркениетті әлемде алдына жан салмай дамып келе жатқан АҚШ секілді елдердің жұмыс берушілері командаға енуге ұсыныс жасаған адамның әзіл-қалжыңға қаншалықты жақындығына аса назар аударып, егер ойларынан шықса, ол шынымен де әзілқой әрі қалжың түсінетін жан болса, міндетті түрде артықшылық беретіні кездейсоқтық болмаса керек.
Әзіл-сықақ дегеніміздің өзі айналып келгенде, дарындылық пен көркемдік ойлаудың, өткір де ұтымды сөздің, теңіздей терең ақыл-парасаттың, жібектей әсем сезімнің жиынтығы. Бұл тұрғыдан келсек, оның адам баласына дарыған аса бағалы құндылық екендігіне көз жеткізесің. Әзіл жоқ жерде әзәзіл мен ашу-ызаның орнайтыны белгілі. Сондықтан да шығар, ұлы жазушы Ф.М.Достоевскийдің «сатира - терең сезімнен туатын өткір ой» десе, ғұлама философ И.Канттың «сатира дегеніміз жайма-шуақ көңіл-күйге дарын-қабілеттің өз жөнімен оралуы» - деп, анықтама бергені.
Әр адамда тіл үйірер дәмдіні, сарайды ашар жұпар иісті сезінуі санқилы болатыны секілді әзіл-қалжыңды түсінуі де тума жаратылысына, сезім-түйсігіне қатысты болатыны бар. Таланттың өзін еңбекпен нәрлендіріп ашатыны секілді әзіл сезіну қабілетімізді де жетілдіріп, жоғарылатып отырмасақ, талғамсыздыққа ұрындырмақ. Қазіргі таңда қазақ қоғамы әзіл-сықаққа шөліркеп отыр. Осы сұранысты сезгендіктен шығар, елде әзіл-сықақ театрлары мен КВН атты шоу көріністер қаптап кетті. Әрине, оның көбейгені жақсы-ақ, сатираға деген талғамды төмендетіп, талапты босаңсытып жібермес пе екен деген күмәнді ойға жиі жетелейтіні болмаса.
Негізі, сатираға деген талғам мен талап күшейген сайын ой-өрісіміз кеңейіп, өнерге деген танымымыз тереңдей түспек. Жалпы, ойы жүйрік, санасы сергек, ақылы терең жандар ғана шебер әзілдей алатын көрінеді. Өмірде әзілдеспек тұрмақ оны ұқпайтын қабағы қату адамдар кездеседі. Қазақ ондайларды «аузында әзілі жоқтың белінде шоқпары жүреді» деп аса сақтықпен қарағаны кездейсоқтық емес. Зерттеушілердің мәлімдеуінше, әзіл-қалжыңды сезіну қабілеті артқан сайын сатираны түсініп қабылдау мен оны айтып, жазып жеткізу мүмкіндік жетілдіріле түседі екен.
Сатиралық туынды шынайы өмірден негіз алған іргесі берік, мазмұны тиімді тәсілмен айшықталған нанымды, бір деммен оқып шыққанда немесе тыңдағанда тез ұғылатын жеңіл әрі көңілге қонымды болғаны абзал. Бұл жерде қысқа да нұсқа болуы да таланттың өлшеміне айналмақ. Тауып атылған әзіл ғана соны жеткізушінің дарын-қабілетін айғақтайтыны, оны естіген немесе оқыған адамның көңілін жайландырып, жадыратыны белгілі. Сонысымен де ол жүректі иландырар ем іспетті. Әзіл-қалжыңның да өзіндік уақыты мен кеңістігі, көздейтін нысанасы болмақ. Мерзімін дәл тауып, орнын дөп басқанда ғана ол шынайы әзіл-сықақ. Егер олай болмаса, әлденені бүлдіріп, басқа пәле болып жабысуы мүмкін.
Қалай десек те, әзіл-сықақ адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғаны ақиқат. Әр саналы азамат айналасын әзіл-қалжыңсыз елестете алмайтын шығар. Психологтардың мәлімдеуіне, адамның қуанып күлгенінен гөрі әзіл-сықақтан туған күлкі денсаулыққа анағұрлы пайдалы көрінеді. Сол сияқты ресми тұрпатта айтылған он сөйлемнен әзілдеп айтқан бір сөйлемнің әлдеқайда салмақты әрі адамға терең ой салатыны анықталған. Әзіл-сықақтың құдіретін айта берсек, көп-ақ. Ренжіскен ағайынды татуластыратын да, булыққан ашу-ызаны тарқататын да, арасы ашылған достарды жақындататын да қасиеттері баршылық.
Алайда, күлдірудің де санқилы жолдары бар. Адамның екі қолтығының арасына қолды тығып жіберіп қытықтап күлдіру үшін асқан данышпандық пен әсіре таланттылықтың қажеті жоқ. Ал, адамның ішкі әлеміне терең бойлап, көңілді тербеп-тебіренте отырып күлдірудің жөні басқа. «Жігіттер, ойын арзан күлкі қымбат» деп ұлы Абай айтпақшы, ол үшін ақыл, сезім және дарын-қабілеттің айырықша шешімі қажет етіледі.
Мистер Бин, Бенни Хилл, Юрий Никулин, Чарли Чаплин секілді әлемге әйгілі болған, бітім-болмысы, жүріс-тұрысының өзі күлкі тудыратын жандар, айтқан сөзімен, жасаған іс-әрекетімен халқын күлкіге қарық қылатын, сан жүздеген жылдар өтсе де күні бүгінге дейін аңыз болып ел аузынан түспейтін Қожанасыр, Алдар Көселер тек әзіл үшін жаралған адамдар болса керек. Кейбір дәстүрлі діндердің қағидасы бойынша да «күлкілі нәрсеге күлу күнә емес» көрінеді.
Дегенмен, әзіл-сықақтың миссиясы тек қана күлдірумен шектелмейтіні белгілі. Оның қоғамда атқаратын өзге де қызметтері жетерлік. Қоғам өміріндегі былық-шылықты, жемқорлық-парақорлықты, масылдықты, надандықты және өзге де моралдық жағымсыз әрекеттерді әшкерелеп, оны күлкімен емдеудегі сатираның рөлі орасан. Сол арқылы сатира бізді ұятты істерден, жат қылықтардан құтқарады. Әр істі орнымен, жөн-жосығымен дұрыс жасауымызға бейімдейді. Сатираның көзі өткір, тілі удай ащы болғанымен тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Сонысымен адам баласының жадында ұзақ сақталады және тәрбиелік мәні өте зор.
Сатира арқылы көрініс тапқан әр ұятты істерден сабақ алып, жамандықтың құрсауына түспеудің психологиялық қорғанын жасап беретіндігімен әзіл-сықақтың маңызы аса жоғары әрі иігілігі көп. Біреудің мінін бетіне тура айтсаң сол сәтте жанжалдасып, өре түрегеледі. Ал, астарлы әзілмен, сатиралық туындының кейіпкері арқылы жеткізсең, күле отырып, ойланады, қатесін біліп түзеуге көшеді. Сонысымен ол пенделер үшін нәпсіні тиюға, жамандықтан бойларын аулақ ұстауға бейімдейтін шынайы әрі адал дос. «Сатира дегеніміз - өмірдің асау толқынында сені су түбіне кетуіңнен сақтайтын, жаның мұрныңның ұшына келгенде қармайтын тал іспетті» деп бір ойшылдың тауып айтқаны бар.
Шындыққа ең жақын тұратын да осы әзіл-сықақ. Мейлі, ол қатты айтылса да көңілге терең ой салатындығымен, мініңді түзеп, мінезіңді жөнге салатындығымен әрдайым тәтті. Өмірден алшақ, шындықтан қашық әзіл-сықақ неше жерден күлкілі болса да көңілге қонбайды.
Күлкіге қалудан қорқудың өзі адамды шындыққа қарай жетелейтін көрінеді. Арамдық ойлап, оны іште сақтаудың соңы іріп-шіруге әкелмек. Сондықтан, сатираны оқу арқылы әркім көңілін сергітіп, арын тазалайды. Дегенмен, ол үнемі тың ойды қаузап, жаңалықты іздемесе, бұрынғысын қайталап, бір ғана шеңбердің аясынан шыға алмаса күлдіру қабілетінен айырылып, жұртты жалықтыра түседі. Бұл туралы атақты жазушы Эрнест Хэмингуэй «Егер сатириктің әзіл-сықағы қайталана бастаса, жұртты мезі етіп жалқаулыққа қарай жетелейді» деген.
Сондықтан, қолына қалам алған барлық сатирик оқырманның есінде қалып, жадында сақталатындай атақты түрік сықақшысы Әзиз Несиннің әңгімелері секілді нанымды кейіпкерлерді сомдай білсе ғой. Кезінде дүниежүзілік «Алтын кірпі» сыйлығын жеңіп алған атақты сатириктің әңгімелерінде жұртты күлдіру үшін сөз қуушылықтың ізі де жоқ. Қарапайым ғана сыпайы баяндап отырады. Біздегі бәзбіреулерше сөздің ұйқасын қуып, арамтерге түспесе де әңгімелерінің оқиғасы бірінен бірі өтіп, шырқау шегіне жетеді. Осыдан 20-30 жыл бұрын оқыған әңгімесін де кез-келген ойлы оқырман жатқа айтып бере алады. Тіпті, оның кейіпкерлерін өткен ғасырдың 70-80 жылдардағы Түркиядан іздеудің қажеті жоқ. Сіз оны дәл бүгін де өз қасыңыздан күнде көре аласыз. Сатираның өміршеңдігі де осында болса керек.
Бір ғұламаның айтқаны бар екен: «әзілді түсінбегендерді өлгендер тізіміне қоса салыңдар!»-деп. Тірідей өлуді кім қалайды дейсің. Қазақ бабаларымыздың мынандай бір ғажап сөзі бар: «Иә, Алла тағала, мүлкімді алсаң да, күлкімді алма»! Расында, тауып айтылған нағыз мірдің оғындай-ақ сөз. Егер осы жолы өткен сайлауда дауысын ұрлатқандар болса, оларға да басу айтамыз. Сайып келгенде, ешкім сіздердің күлкілеріңізді, талғамы биік сатиралық туындыларыңызды ұрлай алмайды. Жаңадан жасақталған Мәжіліс пен ескілі-жаңалы депутаттарымыз қаламы жүйрік сықақшыларға тың ой мен өткір сықақ сыйласын.
"Абай-ақпарат"