«Қыз Жiбек»: Ел жадындағы елу жыл
Қазақ кино өнерінің қаншама уақыттан бері көрерменмен бiрге өмiр сүрiп келе жатқан және мәңгi жасай беретiн классикалық туындысының бiрi – «Қыз Жiбек» көркем фильмінің түсірілгеніне биыл 50 жыл толып отыр. Ол таспаланған кезде әлi дүниеге келмеген адамдар түгілі, олардың балалары да қазiр бұл фильмдi сүйiп тамашалайды. Яғни «Қыз Жiбек» – жас талғамайтын өмiршең дүние. Ұлттық кино өнерiнiң iнжу-маржаны қалай экрандалған едi?
Классиктер бас қосса, классика туады
«Қыз Жiбек» атты фильм түсiру туралы ой ХХ ғасырдың сонау қырқыншы жылдарында-ақ туындаған екен. Қазақ әдебиетiнiң классигi Ғабит Мүсiрепов «Гәкку» атты сценарий жазып, киностудияға өткiзген. Алайда, қандай себептермен екенi беймәлiм, ол сол күйi экрандалмай, сөреде жатып қалады. 1967 жылдың күзiнде «алдағы жылы өндiрiске жiберетiн дайын не бар?» деген сұрақ туғанда, «Қазақфильмнiң» сол кездегi директоры Камал Смайыловтың есiне баяғы Ғабеңнiң сценарийi түсе кетедi. Ол кезде қай іске де Мәскеудің рұқсаты керек, сценарийдің орысша нұсқасын бүгінде Ресей астанасы саналатын алып шаһардағы одақтық кинокомитетке апарып көрсеткенде, ондағы мамандар оқып шығып, «Өз тарихтарың екен, жақсылап қойып шыға аламыз десеңдер, қарсылығымыз жоқ, қолға ала берiңдер», – деп құптапты. Сценарийдi бекiттiрiп, елге оралған директор бiрден Ғабеңе барады. Қуанышты хабарды естiген жазушы: «Одан берi қаншама уақыт өттi, мен сценарийдi қайта қарап, жаңалап жазып шығайын», деп екi-үш ай мұрсат сұрайды. Сценарий дайын болған соң, түсiру жұмыстары басталады.
Ғ.Мүсiрепов: «Кино тек Төлеген мен Жiбектiң махаббатын ғана арқау етсе, көп мелодраманың бiрi болып қалады», – деп, сценарийге елдiң татулығын, тұтастығын сақтаудың қаншалықты маңызды екенiн көрсетер патриоттық сарын қосқан. Туындының негiзгi лейтмотивi – Төлегеннiң «Сыймай жүрсек екен-ау, сыйыса алмай жүрмiз ғой» деген бiр ауыз наласында жатыр. Өзара ру-ру боп қырқысқан халық түбi сыртқы жауға жем болмақ. Мұны авторлар фильмге енбей қалған ақырғы кадр арқылы аңғартқысы келген (өзенге батып өлген Жiбектiң суда жатқан сәукелесiн жау әскерi найзасымен iлiп алып, дар-дар айырады да, қарақұрым қалың қол онсыз да Төлегенiнен айырылып, құса боп жатқан қазақ ордасына тұтқиылдан тиiспек оймен Жайыққа түседi, бiрақ бұл эпизод «жамандық шақырмаңдар!» деген ескертумен цензурадан өтпей қалған). Сондай-ақ, жазушының пiкiрiнше, бұл фильм қазақ халқының бүкiл салт-дәстүр, әдет-ғұрып, этнографиясын көрсететiн, ұлт тұрмысының панорамасын жасайтын эпикалық дүние болуы қажет едi. Сондықтан орта ғасырлардағы қазақ өмiрiн бейнелейтiн реквизиттерге өте көп көңiл бөлiндi. Эпоста суреттелетiн сән-салтанатты көш, Сырлыбай мен Базарбайдың бай да әсем ауылдары, басты кейiпкерлердiң, олардың серiктерiнiң сәндi де көркем киiмдерi, тарихи жәдiгерлер, балбал тастар, тау жақпарындағы ежелгi жазулар – бәрiн де экраннан көрсету керек болды. Бұған қарапайым халық та өз үлесiн қосты: бiреу ер-тұрман әбзелiн әкелсе, бiреу киiз үй жабдықтарын, тағы бiрi көне әшекей бұйымдарын киностудияға жолдап жатты. «Қыз Жiбектiң» нағыз халықтық кино болып шығуына осы халықтың ыстық ықыласы да себеп болды-ау деген ойдың жаны бар.
«Қыз Жiбектiң» «ұлттық киноның классикасы» атануының бiр сыры – оның экрандалуына қазақ мәдениетiнiң кiл майталмандары атсалысқан. Бұған көз жеткiзу үшiн мына тiзiмге назар аударсаңыз-ақ жетiп жатыр: Ғабит Мүсiрепов (сценарий авторы), Асқар Сүлейменов (фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасының редакторы), Олжас Сүлейменов (орыс тіліндегі нұсқасының редакторы), Нұрғиса Тiлендиев (фильмнің композиторы), Қадыр Мырза Әли (фильмдегі әндердің өлеңін жазған ақын), Асхат Әшірапов (фильмнің бас операторы), Гүлфайруз Ысмайылова (фильмнің бас суретшісі және Жібектің анасы – Айгөздің рөлін орындаушы), Сәбира Майқанова (Қамқа), Фарида Шәрiпова (Кербез), Ыдырыс Ноғайбаев (Қаршыға), Кененбай Қожабеков (Сырлыбай), Кәукен Кенжетаев (Базарбай), Қанабек Байсейітов (тұтқынға түскен батыр), Асанәлі Әшiмов (Бекежан), Әнуар Молдабеков (Шеге) – Құдай-ау, кiл классиктер емей, кiмдер?! Осыншама өнер тарланы бас қосып, бiрлесе еңбек еткен жерде классика тумағанда қайтедi?.. Ал қазiр өнердегi iрi тұлғалардың басын бiр жоба арқылы бiрiктiру мүмкiн бе? Қайдам. Егер мүмкiн болса, осы уақытқа дейiн неге «Қыз Жiбек» сынды кесек дүние шықпады? Бүгiнде майталмандар бөлек-бөлек жарқырап көрiнгiсi келе ме, әлде оларды ортақ iске жұмылдырар тұлға табылмай жатыр ма?..
Алыстан iздеген Жiбек Алматыдан табылды
Алайда басты рөлдерге жас актерлердi табу керек едi. Түсiру тобының ең басы қатқан жерi де осы болды. «Жiбек бейнесiн сомдайтын көрiктi бойжеткен керек» деген хабарландыру «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш»), «Ленинская смена» (қазiргi «Экспресс К») газеттерiнiң 1968 жылғы 1 қаңтардағы сандарында жарияланды. Халық бұл өтiнiшке де айрықша ықыласпен атсалысты. «Осы қыз нағыз Жiбек бола алады-ау» деген арулардың суретi киностудияға қарша борады. 500-ге жуық қыздың арасынан 40 шақтысы сұрыпталып алынып, олардың 15-i киносынақтан өтуге шақырылды. Құрамында Ғабит Мүсiрепов, Сапарғали Бегалин, Мәжит Бегалин, Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Камал Смайылов сынды марғасқалар бар көркемдiк кеңес Жібек рөлінен үміткер арулардың бәрiн қарап шығып, «Жiбектiң құрбыларын ойнауға жарайды екен, бiрақ Жiбектiң өзi бола алмайды» дестi. Содан тағы iздеу басталды. Режиссер Сұлтан Қожықов (ол туралы әңгiме сәл кейiнiрек) өз көмекшiлерiн Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне аттандырды.
Бiрақ алыстан iздеген ару Алматының өзiнен табылыпты. Осы қаланың №66 мектебiнде 10-сыныпта оқитын қарақат көздi, аққұба өңдi, сүмбiл шашты, келбеттi қыз Меруерт Өтекешованы режиссердiң ассистентi киностудияға ертiп келiптi. Тiптi оның жас шамасы да (17-де) сценарийдегi Жiбектiң сипаттамасына дөп келе кетсе керек. Әйтсе де, әуелде «қалада өскен қыз, қазақылығы қаншалықты, сөз жағы қалай, атқа отыруға икемi бар ма, жылап-егiлетiн, езiлетiн трагедиялық эпизодтарда үдеден шыға ала ма?» деген күмән-күдiктер туындаған. Оның бәрiне С.Қожықов: «Дәл қазiр атпен зулап шаба алмайды, бiрақ түсiру басталғанға дейiн үйретемiз, оған ықыласы да, ыңғайы да бар», – деп жауап қайырған. Жасыратыны жоқ, бұл рөлге таныс-туыс актрисаларын тықпалағандар да аз болмаған көрiнедi. Тiптi Ғ.Мүсiреповтiң өзi Жiбектi танымал актриса Рая Мұхамедиярованың ойнағанын қалаған екен. Бiрақ режиссер жазушыны «менiңше, Жiбектi өз жасына сәйкес өрiмдей бойжеткен Меруерттiң ойнағаны жөн» деп көндiрген деседi.
– Киностудия алдынан бiрiнен-бiрi өткен керемет сұлу қыздарды көргенде, «мынадай арулар тұрғанда, мен неменеге келдiм?» деп ойланып қалдым, – деп еске алады актриса Меруерт Өтекешова. – Егер «қойшы, бұлар емес, бәрiбiр мен өтемiн» деп мұрнымды шүйiргенде, iрiктеуден өтер ме едiм, өтпес пе едiм, кiм бiледi… Өнер – өте нәзiк әлем, ол ешқандай астамшылықты көтермейдi. Жiбектiң бейнесiн сомдау үшiн тек әдемiлiк қана емес, талант та керек қой. Сол жағынан әлгi қыздардан басымдау түскен болуым керек, режиссер менi таңдап алды…
Төлеген рөлiне үмiткерлер аса көп болмапты, оған он шақты ғана адам шақырылған көрiнедi. Соның бiрi – кейiн Шеге рөлiне бекiтiлген Әнуар Молдабеков екен. Бұл кезде ол белгiлi актер едi. Режиссер «Жiбектiң бейнесiн ешкiмге белгiсiз жас қызға сенiп тапсырғасын, Төлеген де соған сәйкес болсын, оны сомдайтын адамды жас жiгiттердiң iшiнен iрiктермiз» деген шешiмге келедi. Сөйтiп, Ә.Молдабековтi Шегенiң рөлiне бекiтедi. Актердiң жары, актриса Баян Имашева бiр сұхбатында: «Фильмге дайындық кезiнде ол домбыра үйренемiн деп сабалап, төрт домбыраны сындырған. Түк шығара алмаған соң Нұрғиса араласты ғой. Фильмнiң түсiрiлуi барысында әуелде Әнуарға Төлеген рөлi, сонан соң Бекежан рөлi берiлдi. Кейiн Шегеге лайық актер табылмай, соған бекiтiлдi. Әнуардың ақынжандылығын әрiптестерi жақсы бiлетiн. Шегенiң рөлiне нәзiк әрi ақынжанды адам керек болғанда, Әнуардың таңдалуы да сондықтан», – дейді.
Ал Төлеген рөлiнен дәмелi оншақты үмiткердiң iшiнен жастайынан аттың жалында өскен көркем жiгiт Құман Тастанбеков таңдап алынады. Ол кезде театр институтында оқитын жас актердiң бойы да, келбетi де өзi сияқты өрiмдей ару Жiбекке өте сәйкес келiп, екеуi жараса кетедi. Бiрақ Төлеген – қыз iздеген серi жiгiт қана емес, ел қамын ойлайтын ер ғой. Азаматтығын, батырлығын қаншалықты таныта алады? Бұл күмән Төлеген мен Бекежанның алғаш ұшырасып, шекiсiп қалатын тұсында тiптi үдей түскен. Асанәлi Әшiмовтiң ойнауындағы Бекежан әуелде Төлегеннен әлдеқайда мықты көрiнген. Дегенмен, түсiрiлiм барысында Қ.Тастанбеков өжет жiгiттiң образына бiрте-бiрте шындап енiп, рөлдiң кiлтiн тауып, ақырында өте шынайы ойнап шығады.
Экранда – ажыратты, өмiрде – қосты
Төлеген мен Жiбектiң экрандағы махаббаты көп ұзамай өмiрде де жалғасқан.
– Меруерттi мен алғаш «Қыз Жiбекке» актерлер iрiктеу басталғанда, «Қазақфильмде» көрдiм, – деген еді марқұм актер Құман Тастанбеков бір сұхбатында. – Қарасам, жанарының оты бар екен. Iшiмнен «осы қыз өтедi» дедiм. Болжамым дөп келдi. Мен оның бiрден көзiне ғашық боп қалдым. Жiбек рөлiне бекiтiлетiнiне сенгенiм де сондықтан. Маған ұнаған қыз режиссерге де ұнауға тиiс деп ойладым. Расында да, Меруерт өзi секiлдi сұлу қыздардың iшiнде дарынымен де ерекшелендi. Жiбектi ойнау үшiн түр де, сымбат та, талант та, iшкi сезiм де, жан дүниенiң байлығы да қажет едi. Осы қасиеттердiң бәрi Меруерттiң бойынан табылды.
– Алғашында Құман екеумiз түк те сөйлеспейтiнбiз, – деп жалғастырады М.Өтекешова. – Бiрақ күнде түсiру алаңында кездесiп қалатындықтан, көп ұзамай бiр-бiрiмiзге бауыр басып, жақын араласып кеттiк. Екеумiз де жаспыз, екеумiз де әдемiмiз. Сөйтiп жүрiп ғашық боп қалғанымызды бiлмеппiз.
Қос ғашық 1970 жылдың 6 қарашасында неке қидырған (бұл кезде «Қыз Жiбек» экранға шығып үлгерген-дi, Құман мен Меруерт «Бiздiң Ғани» фильмiнде ерлi-зайыптылардың бейнесiн сомдап жүрген болатын). Жас жұбайлардың тойларында Әнуар Молдабеков домбырамен жас келiннiң бетiн ашып, Асанәлi Әшiмов асаба болған. «Кинода қос ғашықты бiр-бiрiнен айырған Бекежан өмiрде, керiсiнше, бiз құрған отаудың тұңғыш тойын жүргiзiп, қуанышымызға тiкелей қызмет еттi» деп еске алады ұл-қыз өсіріп, немере сүйген жұлдызды жұп. Бiр қызығы, үйлену тойында М.Өтекешова – Жiбектiң, Қ.Тастанбеков – Төлегеннiң, А.Әшiмов – Бекежанның, Ә.Молдабеков – Шегенiң фильмдегi киiмдерiн киiп жүріпті.
О баста сенiмсiздiк танытылған актерлердiң бiрi – марқұм Кененбай Қожабеков болыпты. Әрине, тәжiрибелi сахна тарланының талантына ешкiм шәк келтiрмеген, мұндағы күмән оның атқа отырып, көш бастай алатынына байланысты туындаған. Өйткенi, содан бiрнеше жыл бұрын ол көшеде бiреудi бұзақылардан ажыратып алмақ болғанда, әлгi оңбағандар бұған пышақ жұмсап, соның салдарынан актер мүгедек болып қалған едi. Бiрақ режиссер көркемдiк кеңес алдында К.Қожабековтiң кандидатурасын қорғап қала алды. Ардагер актерге арналып, оған ыңғайлы, өзгеше ер-тұрман жасалды. Сөйтiп, ол көш бастайтын көрiнiстерге түсу үшiн ерге еркiн отыра алатын болды. Ақырында Кенекең Сырлыбай рөлiне бекiтiлдi. Бұл – Сұлтан Қожықовтың табандылығы ғана емес, аталмыш образды сомдауға айрықша ықылас танытқан актердi қолдай бiлген азаматтығы да едi.
«Сұлтанға сәлем айтыңдар, мен оған ризамын!»
Режиссер Сұлтан Қожықов – көзi тiрiсiнде өз еңбегiне сай лайықты баға ала алмаған талант. Тiптi қайтыс болғаннан кейiн де ол туралы жеткiлiктi деңгейде жазылған жоқ. Сондықтан да, бүгiнгi жас буын ол туралы онша бiле бермейдi. «Қыз Жiбектi» түсiрген Шәкен Айманов деп ойлайтындар арамызда әлi де аз емес.
Шын мәнiнде, Сұлтан Қожықов – тектi әулеттен шыққан тұлға. Оның әкесi Қоңырқожа Қожықов (1880-1938) – кезiнде Мұстафа Шоқай бастаған Алаш арыстарымен пiкiрлес болған, «Әлiппе» оқулығын жазған ағартушы, ғалым, қоғам қайраткерi, «халық жауы» ретiнде тұтқындалып, ату жазасына кесiлген, 1957 жылы ақталған. Анасы Ләтипа Қожықова – сән және қолданбалы өнер шеберi, КСРО және Қазақстан Суретшiлер одағының мүшесi. 1925-1936 жылдары Қазақ драма театрында, 1936-1958 жылдары Абай атындағы опера және балет театрында қызмет еткен. Қожахмет және Құлахмет есiмдi қос ағасы да белгiлi суретшiлер болған.
Осындай өнерлi шаңырақта 1923 жылдың 10 наурызында Таразда дүниеге келген болашақ режиссердiң толық есiмi – Сұлтанахмет екен. Анасы мен ағаларының жолын қуып, сурет өнерiне қызыққан ол Отан соғысынан оралғасын өз туындыларын мерзiмдi баспасөзге жиi жолдап, каррикатурашы ретiнде таныла бастайды. Бiрақ Бүкiлодақтық мемлекеттiк кинематография институтының режиссерлiк факультетiн тәмамдаған соң (әйгiлi украин киногерi Александр Довженкодан дәрiс алған), кино саласына бiржола бет бұрады. 1952 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясында режиссер, 1974 жылдан көркемдiк жетекшi болып қызмет iстейдi. Сонда жүрiп өз сценарийi бойынша жас ұрпақ тәрбиесi мәселесiн қозғайтын «Ана мен бала» (1955), тарихи және заманауи тақырыптарда «Бiз Жетiсуданбыз» (1958), «Егер бiздiң әрқайсымыз…» (1961) картиналарын түсiрдi. Үшеуiнiң де сценарийiн өзi жазған. Кейiн «Шыңдағы шынар» (1965), әйгiлi балуан Қажымұқан туралы «Бiздi бiлiп қойыңдар!» (1985) фильмдерiн таспалады.
Алайда оның ең әйгiлi туындысы – «Қыз Жiбек» едi. Ол осындай фильм түсiрудi сонау 50-жылдардан берi армандаған екен. Бiрақ оны С.Қожықовқа сенiп тапсыруға бiраз адамдар қарсы болған көрiнедi. Әуелде бiр серияға ғана ақша бөлiнiп, кейiн «Қазақфильмнiң» директоры К.Смайылов республика басшысы Дiнмұхамед Қонаевқа кiрiп жүрiп, қосымша қаражат қосқызыпты (бұл туралы Камал Сейiтжанұлының «Қыз Жiбек» неден басталды?» деген естелiгiнде толығырақ баяндалады). Түсiру жұмыстары кезiнде де кедергiлер көп кездескен. Дайын картинаның өзiн «дап-дала» еткiсi келгендер де аз болмапты.
«Фильмдi тапсырар кезде оған сын қарша борады, – деп еске алыпты бiр сұхбатында белгiлi режиссер, марқұм Дариға Тналина. – «Бұл көркем фильм емес, ғылыми-көпшiлiк фильм болып кетiптi», «бастан-аяқ қазақтың киiм-кешек, әшекей-бұйым, тұрмыс жабдықтарын көрсететiн этнографиялық шығарма ғой мынау», «әртiстердiң шаш қойысы, киiмдерi тарихи шындыққа сәйкес келмейдi», «Тiлендиев – композитор емес, кәсiби бiлiмi жоқ, оның фильмге жазған музыкасы – нағыз бұзақылардың музыкасы» деген сияқты «кемшiлiктер» қаздай тiзiлдi. Мұндай «сынның» талайын түсiру барысында-ақ естiп, зәрезап болған Сұлтан жүрек талмасына ұшырап, фильмдi тапсыруға келе алмай қалған едi. Нұрғиса маған: «Сен көркемдiк кеңестiң мүшесiсiң ғой, бар да, фильмдi қорға!» – деді. Ақыры әлгiндей «айыптауларға» шыдай алмай, «Ғылыми-көпшiлiк дейсiздер ме? Сонда не, ғылыми-көпшiлiк фильм түсiруге болмай ма? Неге дұрыстап қарамайсыздар?Жiбектiң абайсызда моншақтарды шашып алатын эпизоды – нағыз философиялық көрiнiс қой! Бұл отау iшiнде Төлегенмен оңаша қалған Жiбектiң алай-түлей болып жатқан iшкi сезiм арпалысының нышаны емес пе? Нағыз көркемдiк шешiм осындай-ақ болсын!» деп айтып-айтып тастадым. Менi кейiн көркемдiк кеңестен мүлде шығарып жiбердi, бiрақ «Қыз Жiбек» секiлдi картинаны қорғап қалуға үлес қосқанымды мақтаныш тұтамын».
Бастапқыда режиссердiң кей шешiмдерiне көңiлi толмаған Ғабит Мүсiрепов те фильмнiң соңғы дайын нұсқасын көрген соң: «Мен бүкiл түсiрiлiм барысында Сұлтанға оппозициялық көзқараста болып келiп едiм. Ендi, мiне, тамаша фильмнiң дүниеге келгенiн көрiп отырмын. Сұлтанға сәлем айтыңдар, мен оған ризамын!» – дептi (картинаны тапсыруға С.Қожықовтың ауырып, бара алмағанын жоғарыда айттық)…
***
«Қыз Жібек» фильмі – әрі жоғары деңгейдегі өнер туындысы, әрі қазақ тарихы мен мәдениетінің экрандағы көркем бейнесі. Мұндай ұлттық үлгідегі туындылар халық жадынан ешқашан өшпейді.
Айтпақшы…
*Фильмді түсіру жұмыстары Семей, Көкшетау, Ақтау өңірлері мен Алматы облысының сол кездегі Күрті ауданында, Жаркент маңында, Іле өзенінің жағалауында жүргізілген.
*Төлегеннің ақсауыты мен Жібектің бүрмелі көйлегі бұл күнде «Қазақфильм» мұрағатында сақтаулы.
*Бішкек қаласының хайуанаттар бағынан киноға түсіру үшін арнайы аққулар әкелінген.
*Түрлі себептермен киноның 500 метрлік лентасы қиылған. Түпнұсқада фильм ұзақтығы 3 сағаттан асады.
*Фильмге сегіз, он, он алты қанатты жалпы саны отыздан асатын киіз үйлер арнайы тігілген.
*Фильмнің бас суретшісі Гүлфайруз Ысмайылова киноны көркем безендіру үшін мың жарымнан астам эскиз жасаған.
Түпнұсқа: qazaqadebieti.kz
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz