Сенбі, 23 Қараша 2024
2214 1 пікір 13 Қараша, 2020 сағат 12:12

Лондонда Абай шығармаларының жинағы таныстырылды

Ұлыбритания астанасында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларының ағылшын тіліндегі тұңғыш толық жинағының таныстырылымы өтті.

Жинақты әлемдегі ең беделді және ғасырлық тарихы бар Кембридж университеті баспасы (Cambridge University Press) мен Ұлттық аударма бюросы (ҰАБ) қоғамдық қорымен бірлесе ұлы ақын, философ, ағартушы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында аударып басты.

Жоба аясында әйгілі британ ақыны, профессор Шон О’Брайен Абай өлеңдерін аударса, «Қара сөздердің» тәржімасын белгілі шотландық ақын, жазушы, профессор Джон Бернсайд жасады. Жинақ Ұлттық аударма бюросының Абай шығармаларын әлемнің он тіліне аудару жобасының бір тармағы болып саналады.

Covid-19 пандемиясының таралуын шектеу шараларына байланысты жиын Кембридж университеті баспасы мен Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі және Ұлттық аударма бюросының ұйымдастыруымен онлайн форматта өтті.

Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Ұлыбрианиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Кембридж университеті баспасының атқарушы директоры Питер Филлипс, Британдық Кеңестің Жаһандық желісінің директоры Кейт Юарт-Биггс, Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Абай өлеңдерін ағылшын тілінде сөйлету жобасына атсалысқан Ш.О’Брайен қатысты. Кембридж университеті баспасының ұйым істері бойынша директоры Кевин Тейлор конференция модераторы болды.

Бұрын-соңды болмаған бірегей жоба аясында Абай шығармалары бірінші рет қазақ тілінен тікелей ағылшын тіліне аударылып отыр. Бұған дейін ұлы қазақ ойшылының даналық ойлары мен идеялары ағылшынтілді ортаға оның орыс тіліне аударылған шығармалары арқылы жеткендіктен түпнұсқа мағынасының өзгеріске ұшыраған тұстары да болды. Бұл жобада қазақ-ағылшын тілін жетік білетін мамандардың жаңа буыны беделді британдық ақындармен бірлесе отырып, мағынасы түпнұсқа мәтінге жақын аударма жасауға тырысты.

Шараның алғысөзінде А.Райымқұлова Абайдың қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ретіндегі рөлін, сондай-ақ, Қазақстанның ұлттық бірегейлігін қалыптастырудағы ықпалын баса айтты.

«Қазақ ұлтының паспортына айналған ұлы тұлғаның өмірін, шығармашылығын терең зерттеп, оның тұңғиығына одан әрі бойлап, атын әлемге жария ету – біздің мақсатымыз. Қазақ жазба әдебиетін қалыптастырып, артында мәңгілік мұра қалдырған ұлы ойшылдың есімі әрбір қазақстандықтың жүрегінде», – деді ол.

П.Филлипс жиын барысында «Біз Кембриджде адамдардың қабілет-қарымын жетілдіріп, олардың өз қоғамын, айналасын білім мен ғылымдағы жетістіктері арқылы жақсарта түсуіне жол ашуға ұмтыламыз. Дәл осындай ұмтылысты Абай еңбектерінен таптық. Біздің бұл ұстанымымыз қазақстандық әріптестеріміздің де ойымен сәйкес келіп, соңғы он жылдағы серіктестігіміздің негізі болып қаланды. Біздің серіктестігіміз бүкіл Кембридж аумағына, оқытушылар мен зерттеу бөлімдерінен бастап, Кембридж университеті баспасы, «Кембридж Ассессмент» ұйымына дейін таралды. Серіктестігіміздің ары қарай да жалғасуын асыға күтеміз», – деді.

Елші Е.Ыдырысов жобаның барлық қатысушыларына алғысын білдіре отырып, жаңа аударма Абай еңбектерінің мазмұны мен мағынасын жеткізудің жоғары сапалы деңгейін қамтамасыз ететінін атап өтті. Ол сондай-ақ жоба әлемге Қазақстанның мәдениеті, тарихы, мұрасы, болашағы туралы айтуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

К.Юарт-Биггс өз кезегінде Абайдың Байрон, Гете, Пушкин, т.б. авторларды қазақ тіліне аудару арқылы қазақ және Еуропалық мәдениеттер арасындағы көпір рөлін атқарғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан сыртқы әлеммен тығыз байланыс орнатып, халықаралық кеңістікке тартылған мемлекет құруға ұмтылады.

«Ұлыбританияның осы маңызды жобаның негізгі серіктесі болғанына мен өте қуаныштымын. Қазақстан – Құрама Корольдік үшін маңызды ел, ал Британдық Кеңес Қазақстанның халықаралық өзара іс-қимыл стратегиясының ортасында болу үшін жұмыс атқаруда. Еліңіздің минералды және табиғи ресурстары мол екендігі сөзсіз, бірақ мен Қазақстан үкіметінің ең маңызды байлығы – өз халқына инвестиция жасауды жалғастыруға деген талпынысына ризамын», – деп атап өтті ол.

Ш.О’Брайен Абайдың шын мәнінде ұлы ақын, әлеуметтік реформатор және сыншы, жаңғыртушы және глобалист, сондай-ақ өзгеріс қажеттілігі сезімі бар патриот екенін атап өтті. Британдық ақын Абай өлеңдерін аудару жобасына қатысу ол үшін үлкен мәртебе, өте қызықты, сонымен бірге күрделі міндет болғанын айтты. Оның айтуынша, Абай тарих, дәстүр, өзгеріс, махаббат, лирика және комедия ақыны, сатирик, діни ақын және элегик болған.

Р.Кенжеханұлы өз кезегінде Абайды әлемнің 10 тілінде сөйлету жөніндегі ҰАБ жобасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Жоба аясында ұлы ақынның туындылары ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік және француз тілдеріне аударылды. Абайдың жаһандық мәртебесіне орай ағылшын тіліндегі аударма әсіресе маңызды болды.

Онлайн-тұсаукесерге әлемнің түкпір-түкпірінен, оның ішінде Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Қазақстан, Канада, Нидерланд, Пәкістан, Финляндия және т.б. елдерден 100-ге жуық көрермен қатысты. Facebook әлеуметтік желісінде аталған шараны 1 000-нан аса көрермен тамашалады.

Биыл ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігінің бастамасымен тұңғыш рет Абайдың ағылшын тіліндегі әнжинағын басып шығаруды жоспарланған. Әндердің ағылшын тіліндегі мәтіні музыкалық ладқа ыңғайланып, ноталарымен және әндердің дыбыстық жазбаларына QR-кодтармен қоса басылады. Әнжинақ таныстырылымында қазақстандық және британдық орындаушылардың қатысуымен онлайн-концерт ұйымдастырылмақ.

Сонымен бірге, атаулы датаға орай Елшілік британдық, америкалық және қазақстандық ғалымдардың басын қосып, онлайн-конференция өткізді, сондай-ақ, көрнекті британ қайраткерлерінің атсалысуымен Абай өлеңдерін оқудан челлендж ұйымдастырылды.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502