Абайтанушылар өзара араз ба?
Атынан ат үркетін абайтанушы Тұрсын Жұртбай ағамыздың «Атамұра» баспасынан 2023 жылы 1000 данамен шыққан «Толық адам» атты екі томдық кітабы қолымызға түсті. Сыртқы мұқабасы қатты ұнады. «Рухани азыққа ашығып жүрген жанымыз бір тояттанар» деп, мазмұны мен әдебиеттер тізіміне көз жүгірткенімізде, оқуға тәбетіміз тартпай қалды.
«Толық адам» кімнің меншігі?
Жалпы алғанда, автор қазіргі қазақ қоғамы мен абайтану саласында екінің бірінің тісі бата бермейтін, әрі өресі жете бермейтін өте өзекті әрі маңызды мәселені көтерген. Осы тұрғыдан алғанда, «Адамның адамшылығы істі қалай бастағанынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес» (Абай) қағидасымен қалай мақтасақ та жарасады; тіпті мұны қазіргі абайтану мен қазақ әдебиеті танымындағы ерлік деп те бағалауға болады. Алайда, қарапайым оқырманға түсінікті тұшымды тұжырымдардан гөрі көп сұрақ пен дау туғызатын туындыға айналғандай көрінді бізге.
«Кішіге ізет, үлкенге құрмет» қағидасын ұстанып, абайтанудағы мүйізі қарағайдай ғалымдардың өздері бара бермейтін тақырыпқа батыл қалам тартқан еңбегіне құрметпен қарап, қатты сынға бармай, қарапайым сұрақ қоюмен шектелуді жөн көрдік. Бәлкім, ағамыздың ширек ғасыр бойы пайымдап ұсынған Абайды жаңаша тану парасатына біздің ой-өрісіміз әлі жете бермейтін де шығар. Өйткені өзіміз де теология ғылымының маманы емеспіз, білгенімізден білмегеніміз көп екенін жасырмаймыз.
Сонымен, «көп айтып сөз созбайық, әдептен озбайық, көңілді қозғайық». Сұрақтың әлқиссасы қашанда әдептен басталмай ма? Абайдың «Толық адам» ілімін алғаш жүйелеп, ресми ғылыми айналымға енгізген тұлға - филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы. Бұл ілімге қатысты ғылыми мақала жазатын философия, филология, педагогика, психология, мәдениеттану, әлеуметтану сияқты салалардың ғалымдары, әдетте, оның еңбектеріне міндетті түрде сілтеме жасайды. Сіздің әдебиеттер тізіміңізден ол кісінің еңбектерін көре алмадық. Сондықтан заңды сұрақ туады: ресми ғылыми айналымда мойындалған Абайдың «Толық адам» ілімі мен Сіздің танытуға тырысқан туындыңыз бір дүние ме, әлде басқа ма?
«Даналардың ой-пікірі осы тариқатта тоғысып, мағрифатта кемелденіп барып, Ақиқатқа беттейді.
Бірақ Ақиқатқа жеткен Дана жоқ.
Ол үшін ақыл-ойыңның өзі «сеулеге айналып» (Эйнштейн), Алланың дидарын көруі шарт. Ақыл-ой тарихындағы даналардың барлығының пәлсафасы осы Тариқат пен Ақиқат арасында тоғысады. Ежелгі түркі ойшылдарының арасынан бұл деңгейге жеткен:
-Шариғат базарында сайрандадым,
Мағрипат бақшасында жайрандадым.
Тариқат сарайында тайраңдадым,
Ақиқат есігін аштым, міне [44, 171], -
деп барып қылуетке кірген Қожа Ахмет Яассауи.
Ал қазақта бұл деңгейге жеткен, мүмкін, жалғыз Абай дана шығар» дейсіз. Бұл жерде өзінен өзі екі үлкен сұрақ туындайды. Біріншісі, «Ақиқат деңгейіне жеткен жалғыз Яасауи және мүмкін жалғыз Абай шығар» деген тұжырым. Яасауидің Ақиқат деңгейіне жеткеніне ешкімнің таласы жоқ, сондықтан да ол кісіні бүкіл құдайдың сүйгендері «Құтб* ул-ақтаб» (құтыптардың құтыбы, темірқазығы), әулиелердің сұлтаны деп таниды. Руханиятта Шариғаттан Тариқатқа, одан ары Мағрифат пен Ақиқатқа жетудің өзіндік жолы бар. Тариқатта ұстаздан шәкіртке жалғасатын «силсила» (тізбек) жолы болатынын жақсы білесіз. Сол жолмен жүрген адам адаспай шыңға жетеді; ал өзге сүрлеуге түссе, шыңға жетуге кепіл жоқ. Таудың шыңына жету үшін ең алғаш жүріп өткен адамның салып кеткен соқпағы – силсаласы әдетте сол адамның атымен аталады. Алланың Ақиқатын іздеп, Тариқат жолына түскен адамға міндетті түрде сол жолды көрсетіп, рухани кемелденудің қыр-сырын үйрететін ұстаз қажет. Себебі «Ұстазы жоқтың ұстазы - шайтан» деген қағида бар тариқатта.
Яасауи бабамыздың салып кеткен жолы «яасауи тариқаты». Қазақтың ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі діні дегеніміз – бүкіл салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың, дүниетанымымыз бен мәдениетіміздің іргетасы - осы яасауи тариқаты. Әртүрлі діннің жетегінде адасып жүрген қазаққа қажет тура жол, ақиқат дін – осы Яасауи бабамыздың салып кеткен сара жолы. Тариқат пен Ақиқатты айтып тұрып, неге осы жол туралы тарқатып айтып кетпедіңіз? Дарияның жанына барып тұрып, мына жақта шөліркеп жатқан жұртына бір жұтым су ала келмеген жолаушыға не айтуға болады?
Абай қай тариқат өкілі?
«Софылық тақуалық жол – он екі тариқатқа бөлінеді. Оның екеуін, яғный, түркі дүниесіне кең тараған Яассауия мен Нақшбандия тариқатын Абай өте жақсы білген» дейсіз. Ал енді Абай Тариқаттың қай жолын ұстанғанын, Мағрифат деңгейіне қандай әдіс-тәсілдермен жеткенінінің дәлелдерін айтпай, «Ақиқатқа жеткен жалғыз қазақ Абай шығар» деп Айды аспанға бір-ақ шғарғаныңыз қай қазақтың болса да ақылына сыймайды деп ойламыз. Олай болатын болса, «Сайрамдағы сансыз бап, Отырырда отыз бап, Түркістанда түмен (мың) бап, баптардың бабы – Арыстан бап», «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет, Жетісуда Райымбек», «Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңғыстау», «Қоңыр әулие үңгірі», «Мұқым қазаққа мәшһүр Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы», т.б. қазақтың даласындағы саны жоқ құдайдың сүйген құлдарын қай санатқа жатқызамыз?
Абайды Ақиқат деңгейіне қимай отырғанымыз жоқ. Болса қане, «алақайлап» бөрігімізді аспанға атар едік. «Платон – менің досым, бірақ ақиқат одан да қымбат» демекші, Абайдың қазақ үшін ғана емес, адамзат үшін ұлы тұлға екені даусыз (Ол туралы мақаламыз: abai.kz/post/204357 ). Алайда, «Істің басы – ретін танымақтық» деп Абайдың өзі көрсеткендей барлық нәрсенің өз реті бар емес па?
Мекемтас Мырзахметұлы 2021 жылы жазған «Абайдың «Толық адам» ілімі» атты кітабында мынадай ілімдерді жүйелейді:
«Ақи ілімі» (б.з.д. VІІ ғ.)
Әл-Фараби, «Парасатты адам ілімі» (ІХ-Х ғ.)
Жүсіп Баласағұн, «Жауанмәртлік ілімі (ХІ ғ.)
Яссауи, «Хәл ілімі» (ХІІ-ХІІІ ғ.)
Абай, «Толық адам ілімі» (ХХ ғ.)
Шәкәрім, «Ар ілімі» (ХХІ ғ.)
Сосын былай деп тұжырымдайды: «Мұндай жүйелі ілім әлемде жоқ, біздің қолымызда бар. Бірақ біз бұны кеш қолға алдық, енді ғана жан жақты дамытып жатырмыз». Мекемтас Мырзахметұлының жүйелеген бұл ілімдер тізіміне жетіншісі етіп біз Ақжан Машановтың «Жар ілімін» (ХХІ ғ.) қостық. Бұл жүйеге Мәшһүр Жүсіптің, т.б. ілімдерін де қосу - қазақ ұлтының қамын жеп жүрген ғалымдардың міндеті деп білеміз. Бұл ілімдер жүйесі - қазақ ұлтының идеологиялық ұстыны, қала берді бүкіл адамзат үшін азғындық жолынан тура жолға апарар шамшырақ деуге болады.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тауып бар қалан» демекші, Абайдың да осы рухани ілімдер жүйесіндегі орнын дұрыс көрсетіп, өзінің лайықты төріне жайғастыру – ар мен әділеттің ісі емес пе? Абйдың рухани дәрежесіне көз жеткізу үшін оны Шәкәрімнің «Ар ілімімен» қатар қарау керек деп ойлаймыз. Шариғат шеңберінде қарайтын болсақ Шәкәрімнің ұстазы ретінде Абайдың дәрежесі қашан да шәкіртінен биік, ал Тариқат деңгейінде Шәкәрімнің әулиелік дәрежеге жеткені анық деп айтуға болады. Себебе оған Шәкәрімнің мына сыр сөзі дәлел:
Иесіз өзім кестім кіндігімді,
Зорға аштым тар қапаста түндігімді
Сүрген өмір жайымды түгел ұқсаң,
Сонда анық білерсің кімдігімді.
Әулие деп тариқаттың тауқіметін тартып, жүрек көзі ашылған, «өлмей жатып өліп», Алланың сүйген құлына айналған жандарды айтқан емес пе қазақ. Олардың ерекшелігі сол, Алланың нұр шарабы мен махаббатына мастанып, дүниені місе тұтпайды, екі дүниені қатар көргеннен есі шығып құдайына еркінше еркелейді. Сол «еркелік» қылықтарын түйсіне алмаған шариғат өкілдері оларды діннен безген деп тәрк еткен мысалдар өте көп тарихта: «Құранның шын мағынасын шатақ ұғып, Молдалар маған қоймақ кәпiр деп ат» (Шәкәрім). Олар не айтып, не жазса да үшінші жақтан емес, бірінші жақтан сөйлейді. Бірақ еш уақытта әулиемін деп айтпайды, жай ғана ишарамен, сырмен жеткізеді: «Кіріп кеттім мен кабаққа таза арақты мақтап» (Шәкәрім).
Осы келтірген талдауларға не айтасыз? Біздің пайымымыз қаншалықты дұрыс? Егер қате болып, дәлел келтіретін болсаңыз, алғыстан артық айтарымыз жоқ.
«Түркі дүниесіне кең тараған Яассауия мен Нақшбандия тариқатына» қатысты мына ақиқатты білетін шығарсыз? Орта ғасырларда дүркіреп, әлемге әмірін жүргізіп тұрған Алтын Орданың ыдырауы тікелей тариқаттардың тартысына байланысты болды. Өзбек ханның қазасынан кейін таққа келген Жәнібек хан яассауи негізіндегі идеологиялық басқару құрылымын бұзуға бағытталған саясат жүргізді. Дала демократиясының кепілі болған ясссауи тариқатынан бас тартып, ханға абсолютті билік беретін нақшбанды тариқатын қабылдады. Нәтижесінде, Алтын Орда ыдырап, түбі бір түркі жұрты қазақ және өзбек деген екі ұлтқа жіктеледі. Тариқаттарға сипаттама бергенде, олардың тек сыртқы формасына ғана емес, олардың ішкі мән-мазмұны мен айрмашылықтарына да тоқталсаңыз қазаққа көберек пайда болар ма еді? Сол кезде бәлкім алашордашылардың арасындағы алауыздық пен қазақ таңының атуы мен батуының сыры белгілі болады ма деген ой. «Оңашада жатқанды ұнатамын, елімнің ел болмасын ерте сезіп» (Шәкәрім).
Тән азығы мен жан азығы.
Негізі қоятын сұрақ өте көп, оның бәрін тізіп отырудың мәнісі жоқ, сондықтан негізгі іргелі ұғымдарға қатысты сұрақтарға ғана тоқталайық. «Тән азығы - тариқат, жан азығы - шариғат» деген ұғымдарды еш түсіне алмадық. «Сонымен, сопылық триқаттың тақуалары: «Аллаға деген махаббат - барлық деңгейдің ішіндегі ең биік шегі, болып табылады» [37,169], -деп есептеді және мына ұстанымдарды өзінің өмірлік-пенделік, мұсылмандық мақсаты, жан азығы ретінде жан тәнімен беріле мінәжат етеді. Аса нәзік түйсіктер мен жүйкеге шүйкеленген осынау бір күрделі де тарау-тарау тариқаттардың баршасына ортақ міндетті түрде орындалуы тиісті негізгі мақсатты қағидалар мыналар» деп 22 қағиданы келтіресіз. Алайда ол қағидалардың ешқайсысында да тәннің азығы болатын нышанды таппадық. Олардың барлығы да «жан азығы ретінде жан тәнімен беріле мінәжат» ету қағидалары.
Ал енді шариғатқа келер болсақ: «Шариғат жолы – барлық таными ғылымдарының мәйегі. Өмір сүрудің - адал, таза, әділетті, арлы жолы, қиянатсыз мүһмин (таза адам) боп өмір сүрудің басты шарты» дейсіз. Бұл жан азығынан көрі, ереже, тәртіп, заңдылық, шарт түріндегі тәннің дұрыс жүріп-тұруын қадағалайтын, яғный тән азығына жақын келетін сияқты. Абайдың өзіне жүгінетін болсақ: «Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді». Жанның тамағы, жанның азығы – жан құмары- «Аллаға деген махаббат» пен «жан тәнімен беріле мінәжат» ету емес па?
Ақыл, Қайрат, Жүрек.
Ең күрделі, әрі ең шатақ мәселе: Ақыл, Қайрат, Жүрек мәселесі. Тереңге бармай, бір екі ғана мысал келтірейік: «Сөйтіп, ақылдың көмекшісі, қайраттың қормалы – Жүрек боп шықты» дейсіз. Абай болса керісінше айтады: «Жүректің ақыл суаты, махаббат қылса тәңірі үшін». Он жетінші қара сөзінде де үшеуін айтыстырып, жүректі жоғары қояды.
«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» Сіз Жүректің харекетіне тән үш һал-күй деп түсіндіресіз. Бір адам жүрегінің мысалында алып қарасақ, Сіздің пайымыңызша адамның жүрегі бір мезетте осы үш күйдің біреуінде ғана бола алады деген сөз. Ал Абай болса оларды адамның бойында болатын үш қасиет дейді: «Үш ақ нәрсе адамның қасиеті». Осы қарама-қайшылықтарды қалай түсінуге болады? Біз мүмкін Абайды Сіздей түсіне алмайтын шығармыз. Егер түсіндіріп бере алсаңыз, алғысымыз шексіз.
Ары қарай жан мәселесіне бармадық. Бұл сұрақтар кітапты түгел оқымай, бір сыдырғы қарап шыққандағы көзге көрініп тұрған қарама-қайшылықтар. Сәл үңіліп, дереккөздерге жүгінуді қажет ететін қарама-қайшылықтарға да тоқтамадық. Себебі осы сұрақтардың жауабын алсақ, қалған сұрақтарға өз бетімізше жауап таба алатын әдіске, Сіздің Абайды тану тәсіліңізге тәнті боламыз деп ойлаймыз.
Қойған сұрақтарым қисынсыз, көңілге оғаш болып жатса, айып етпеңіз. «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» дейді емес па ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Абайды тануда абайтанушылар арасында қарама-қайшылық болмауы керек деп ойлаймыз. Болған күннің өзінде түсінісіп, ортақ мәмілеге жетуіміз шарт. Олай болмаған жағдайда абайтанушылар арасындағы алауыздық одан ары өрши беретіні анық. Одан ешкім ұтпайды, ұтылатын тек қазақ ұлты.
Ақиқат біреу емес па? Егер Абайды зерттеп жүрген абайтанушылар арасында өзара түсіністік болмаса, қарапайым қазақтың балалары Абайды қалай танымақ?
Ерұлан Жиенбаев
Abai.kz