Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4118 0 пікір 6 Ақпан, 2012 сағат 08:26

Серікбол ХАСАН. Қабірқала

Әруақтар әлемі
Күн сейсенбі. Көкбазардың жанынан жүретін сары автобусқа отырдым. Бағытым - Кеңсай зираты. 60-нөмірлі автобус асықпайды екен. Әбу Сәрсенбаев көшесінен түсіріп кетті. Алдымда екі айырылған жол. Оң жақтағысымен жүрсең 1-Кеңсайға кіресің. Сол жақтағы жол 2-Кеңсайға апарады. Солай қарай беттедім...
Табиғаттың тамашасы осында. Жапалақтап жауған қарды айтсаңшы? Жер иіскемей жоқ болады. Өрге көтерілген сайын, өкпең қысылады. Табан астындағы еріген қар былш-былш етеді. Алдымнан біріне-бірі тізбектелген көліктер шыға келді. Олардың шашыратып өткен шалшығынан шалбарым әбден бүлінді. 2-Кеңсайдың қыр-жотасына дейін зират қаптапты. Өткен жылы аздау сияқты еді. Қазір сай-саланың бәрі - ай белгілі қабір. Анау-мынау емес, еңселі бейіттер. Құдды бір қабірқала сияқты. Бұрын зираттар қарапайым болушы еді. Қазір Кеңсайда қабіржарыс өтіп жатқандай. Сәулетін асырып тұрып салған мазарлар. Бірінен-бірі асады. Құлпытасы өз алдына, қоршауына да жылтыр тас жапсырылған. Арасында саңылау жоқ. Үлкенді-кішілі зираттар бір-біріне жапсарласып салынған. Біріне ұлтарақтай, енді біріне көлемді жер бұйырған. Соған қарағанда, енді бейіт те бай-кедейдің бөлісіне айналғандай.

Әруақтар әлемі
Күн сейсенбі. Көкбазардың жанынан жүретін сары автобусқа отырдым. Бағытым - Кеңсай зираты. 60-нөмірлі автобус асықпайды екен. Әбу Сәрсенбаев көшесінен түсіріп кетті. Алдымда екі айырылған жол. Оң жақтағысымен жүрсең 1-Кеңсайға кіресің. Сол жақтағы жол 2-Кеңсайға апарады. Солай қарай беттедім...
Табиғаттың тамашасы осында. Жапалақтап жауған қарды айтсаңшы? Жер иіскемей жоқ болады. Өрге көтерілген сайын, өкпең қысылады. Табан астындағы еріген қар былш-былш етеді. Алдымнан біріне-бірі тізбектелген көліктер шыға келді. Олардың шашыратып өткен шалшығынан шалбарым әбден бүлінді. 2-Кеңсайдың қыр-жотасына дейін зират қаптапты. Өткен жылы аздау сияқты еді. Қазір сай-саланың бәрі - ай белгілі қабір. Анау-мынау емес, еңселі бейіттер. Құдды бір қабірқала сияқты. Бұрын зираттар қарапайым болушы еді. Қазір Кеңсайда қабіржарыс өтіп жатқандай. Сәулетін асырып тұрып салған мазарлар. Бірінен-бірі асады. Құлпытасы өз алдына, қоршауына да жылтыр тас жапсырылған. Арасында саңылау жоқ. Үлкенді-кішілі зираттар бір-біріне жапсарласып салынған. Біріне ұлтарақтай, енді біріне көлемді жер бұйырған. Соған қарағанда, енді бейіт те бай-кедейдің бөлісіне айналғандай.
Күміс күмбезді кесене алыстан көз тартады екен. Тәні топыраққа тапсырылған мазар иесінің кім екенін білгім келгені. Солай қарай аяңдадым. Айнала аппақ қар. Қардың қалыңдығы соншалық, қабірдің қоршауы қайсы, құлпытасы қайсы екенін айырып болмайсың. Марқұмға зиян келтіріп алмайыншы деп келем. Бұрын әжем: «Қабірді басуға болмайды. Астында жатқан адамға ауырлық болады», - дейтін. Мына ауыр тастарға қарап аза бойым қаза болды. «Тас астында бастырылған әруақтар қандай күйде екен?».
«Бісімілләмді» айтып, бір бейіттің жанына жақындағам. Сол аяғым бір шұңқырға сүңгіп кетті. Шұңғырдың тереңдігі соншалық, отыра қалыппын. Жүрегім зірк етті. Әлгі шұңқырдан Көрұғлы шыға келетіндей... Аяғымды дереу тартып алдым. Аздап ауыратын сияқты. Сонда да алға жылжыдым. Аппақ қар алдыңды көлегейлейді. Жерге төселген жылтыр тастарға жығыла жаздайсың.
Күміс күмбезді мазар иесін әуелде әулие кісі шығар деп топшылағам. Олай болмай шықты. Соған қарағанда, енді кесенені кез келген адамға орната бастаған сияқты. Бір бейітте қылышын құшақтаған батырдың мүсіні тұр. «ХХ ғасыр қорымында адасып жүрген бұл қай батыр екен?» - деп жанына жақындағам. Сөйтсем, тірлігінде батырдың рөлін ойнаған актерге қойылған ескерткіш екен. Енді бір мазарға тасты ойып тұрып, Қазақстанның картасын салғызыпты. Бәлкім, бейіт иесі географ па екен? Сол сияқты гитара, кітап, қауырсын қалам сияқты ескерткіштер марқұмның мамандығынан сыр шертіп тұрғандай. Алдымнан тағы бір түсініксіз мазар шықты. Қоңыр құлпытас үстіне құстың қос қанатын қондырыпты. Енді бір бейітте биіктігі екі метрдей ұзынша тастың ұшына адамның қолы қашалған. Ал алақанда - ақ қызғалдақ. Жүйрік ой не істетпейді? Бірақ мұндай тас мүсіннің өлген адамға қандай қажеттілігі бола қойсын? Әудем жерден зираттың қарын күреген бір кемпір көрінді. Платинадан жасалған күмбезі бар кесенені күзетіп тағы біреу жүр. Шамасы, бұлар да нәпақасын осы жерден айырып жүрсе керек.
Қабір құны
Жақын маңнан біреулердің күлген дауысы естілді. Қабіршілер екен. Ажалдың арқасында ақша тапқандар. Олардың күле сөйлегені, жүрегіңе инедей қадалады. Мені көріп, біреуі бері бұрылды. «Бауырым, темекің бар ма?». «Жоқ». Таныстық осылай басталды. Мен ойлағандай олар тасжүрек емес екен. Бар болғаны бұйырған кәсібін атқарып жүр. Қабір қазу - күн көрісі. Пешенеге жазылған соң, амал бар ма? Біреуінің есімі - Тайыр. Жасы қырықтан асқан. Бригадирі - осы. Екеуі - көмекшісі. Бақытжан және Сәрсен. Жас шамалары - жиырма бестің айналасы. Қолдарына ломтемір, күрек ұстаған. Қабіршінің табиғатын жақынырақ танығым келіп, ілесіп алдым. Тайыр менен қашқақтаған жоқ. Әңгімешіл екен, сөйлеп келеді. Қалған екеуі жұмған аузын ашпайды. Тайырдың айтуынша, Кеңсайда 7 бригада жұмыс жасайды. Бірі - қабір қазады, бірі - мазар салады. Әзірге қабіршілердің қызметі жүріп тұр. Бір қабір үшін 1-2 мың теңгеден алады. Оларды күс-күс болған алақаны асырайды.
Кеңсайдың бір адамдық жері 50-60 мың теңге тұрады екен. Ал мазарын көтеру бұдан да қымбат. «Күн суық болғандықтан, мазар құрылысын көктемде бастаймыз», - дейді Тайыр. «Бір мазарды тұрғызуға шамамен қанша қаржы қажет?» - деп қалдым қарапайым ғана салынған бейітті нұсқап. «Енді тасы, топырағы, құрылысшылардың қызметі бар, 3000 доллардай болады», - деп жауап қатты ол. Ең жұпынысының бағасы осындай болса, сәндісіне шашыңның талы жетпейтін шығар. «Көрдің бе, ақшасы барлар келгенде аяғым бұлғанбасын, крутой біреу «әкеңнің басын көрейін» дегенде масқара болмайын деп, тас төсетіп тастаған», - деді зираттарды көрсетіп. - Жаңа ғана бір қабірді қазып келдік. Енді мына шыршаны ауыстыруымыз керек». Тайыр мола жанындағы сарғайған ағашты нұсқады. Алғашқыда байқамасам керек, қабірдің айналасына шырша отырғызылған екен. Бәрінің бойлары бірдей. Біреуі ғана бәкелтек. «Еріккен байлар не істемейді? Шыршалардың бойлары бірдей болу керек деп мынаны алдырып жатыр. Орнына жаңасын отырғызамыз енді», - деді. Жүзінен әлдеқандай жабырқаңқылықтың табы сезіледі. Қыстың көзі қырауда топырақ тоңға айналыпты. Бақытжан шыршаның қарын күресе, Сәрсен жерін тегістеуге кірісті. Тайыр екеуміз қара темірді қатқан топыраққа қадап келіп жібердік...
Қабіршіден қабір қазудың түрлерін сұрадым. «Жері сазды жақтарда «сақ қорғаны» ақымына ұқсатып қаздырады. Яғни алдымен жерді тік қазып, бір жақ шетіне ақым оямыз. Кезінде сақтар сол ақымға сексеуіл жаққан. Сексеуілдің қызуымен ақымның топырағы қышқа айналады. Кейін ол жерді су алып кетсе, қабір жұмыртқа сияқты су бетіне шығып кетеді. Қышты жарып, сүйекті қайта жерлеуге болады. Қазір «сақ қорғанын» қазу өте қиын. Сондықтан, қымбатқа түседі. Сосын жан ақым, яғни бір қабырғасын тұтас лақат етіп қаздыратындар бар. Оны бізде «татарский вариант» дейді. Мұны көбіне құмдауыт жерлерде жасайды. Ал тікжарма көбіне шөлейт аймақтарда жасалады. Қабірге тік қылып ақым жасап, құм сусып түспес үшін бетін ағашпен өреді», - деді.
Шыршаны айналдыра жердің тоңын жарып, топырағына жеттік. «Осынша әуреленіп жаңа шырша отырғызудың қажеті қанша?» - деп қалдым. «Балалары тірісінде қолғабыс қыла алмаған соң, ең құрығанда, басына тал отырғызайық деп шешкен ғой. Оның үстіне, сәндік үшін», - деді Тайыр. Ағаштың түбіндегі тоңға лом темірді қадап, сілкілей бастадық. Шыршамыз оңай суырылып шықты. Үшеуі оны тамырындағы топырағын бұзбай, көлікке тиеді. «Түстен кейін жаңасын отырғызамыз», - деп кете берді.
Құлпытасшы подполковник
Кеңсайдан қайтып келемін. Қабірші, құрылыс-шы, қарауыл... Бәрінің тіршілігімен танысқан болдым. Ендігі ойым - құлпытасшымен пікірлесу. Райымбек даңғылының бойындағы Орталық зиратқа тарттым. Мұнда да қазақтың марқасқалары жатыр. Бірақ, қазір инешаншар орын жоқ. Тек зиярат етушілерге ғана ескі ашық. Қорым маңында маңдайшасында «Салттық қызмет көрсету орталығы» деп жазылған шеберханадан көп нәрсе жоқ. Біреуіне бас сұқтым. Шеберхана иесі - Пайым Каримов деген адам. 35 жылдан бері құлпытас жасаумен айналысады екен. Райымбек батырдың 300 жылдығы қарсаңында ескерткішін қайта жөндепті. Қазір отставкадағы подполковник. Құлпытас қашау кәсібін дөңгелетіп жүр.
Ағаның құлпытастары да әртүрлі. Қарасы, қоңыры, жасылы бар. Бағалары да әрқалай. Шеберхана ауласында 20 мың мен 500 мың теңге аралығындағы құлпытастар қаз-қатар тұр.
- Қара тастың құнын қалай айырасыздар?
- Ол енді тастың туған жеріне байланысты. Біз құлпытас жазған кезде тасқа әріптер, бейнелерді ойып саламыз. Содан кейін тастың құрамында темір болады. Құлпытасқа жаңбыр тиген кезде, тастағы темір бөлшектер эрозияға ұшырайды. Әсіресе, сурет тұрған беті бүлінеді. Сондықтан, тас таңдағанда темірі азына көңіл бөлеміз. Олар бірақ қымбат тұрады.
- Байқаймын, қазір қолыңыз бос сияқты.
- Бұрын осы Алматыда 3-ақ шеберхана болатын. Қазір олардың саны 300-ден асады. Сондықтан, бәсекелестік көп.
- Тапсырыс болмаған кезде, «адамдар неге өлмей кетті» дегендей «қайғырмайсыз» ба?
- Енді ол табиғаттың заңдылығы ғой. Біреу - келеді, біреу - кетеді. Алланың құзырындағы нәрсе - бұл.
- Шеберханаңызда қанша шебер бар?
- Топ болып жұмыс жасағанды ұнатпаймын. Құлпытасқа бейне салу, әріп ою да шығармашылық ой ұшқырлығын талап етеді. Жанымда бір көмекшім бар. Негізінен, барлық жұмысты өзім жасаймын.
- Марқұмның аты-жөнін тасқа қашап отырған кезде, «бұл адам өмірде қандай жан болды екен» дегендей сезім бола ма?
- Әрине, ондай ой жиі болып тұрады. Тағдыр иесінің ішкі сырына үңілесің. Әсіресе, тасқа суретін қашап отырып, осы адамды өте жақсы танитын сияқтанамын. Ол енді көңіл-күйдің әсері шығар.
- Көңіл-күй демекші, құлпытас қашау да көңіл-күйге байланысты жасала ма?
- Көңілің көтеріңкі болса, керемет ән туады. Бұл да солай. Мейірлене кіріссең, көңілдегідей аяқтайсың. Тағы бір нәрсе, кейде жұмыс қарқыны қайтқан адамдардың мінезіне де байланысты болады екен. Марқұм өмірде жақсы адам болса, құлпытасы да жеңіл жасалады.
- Қазір туыстары құлпытасқа көбіне не салдырады?
- Көбі аяттар мен дұғаларды жаздыратын болды. Әсіресе, әшекейлі каллиграфия салдыратындар көп. Өзім тәжуидті жақсы білем. Сондықтан әріп харакаттарын дұрыс қоямын. Ал енді құлпытасты «супер-пупер» етіп жасатқысы келетіндер тастан гүл, басқа да өрнектер ойдыртады. Енді ондай құлпытас қымбатқа түседі.
Подполковник құлпытасшының әңгімесі таусылар емес. Дегенмен, пайымы жоғары адам екен. Қол бұлғап шеберхана қақпасынан қимай шығарып салды.

Cөз соңы
Сонымен... Не түйдік, нені айтқымыз келді? Айтқымыз келгені заманға сай жаңа кәсіптер қарыштап келеді. Оған жүгініп жатқандар да жоқ емес. Анықтауымызша, Алматыда осындай өлікке қызмет көрсететін ондаған мекеме бар. Біреуіне хабарластық. Жіңішке үнді орыс әйел: «Келіңіз, көріңіз!» - деді. Бардық, көрдік. Қызмет құнымен таныстық. Табыт - 10-200 мың, темір қоршаулар - 10-20 мың, катафалк қызметі - 20-300 мың, мәйітті тоңазытқышта сақтау - 5-10 мың, жуындыру - 7 мың, қабіршілер бригадасы - 15-30 мың теңге. Тіпті Кеңсайдан жер алып бере алады екен. Түйгеніміз, Алматының күншығысы қабірқалаға айналып кеткен. Бара-бара орын қалмайтын түрі бар. «Бір күндік сәулесі» (Мұқағали) таусылғандардың тулақ тәні енді қайда бұйырар екен? Орталық зиратта орын жоқ. 1-Кеңсай да қабірге толып. 2-Кеңсай жыл санап кеңейіп келеді. Осыдан 2 жыл бұрын сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов Кеңсайдың басқа жаққа көшірілетінін айтқан еді. Бірақ, тым-тырыс. Ал ұзынқұлақтан естуімізше, 3-Кеңсай қорымы ашылады-мыс. Бірақ қай маңнан, қай уақытта? Ол жағы әлі белгісіз...
«Жас қазақ» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373