Тіл ұлттың, жер ұлыстың негізі!
Тіл ұлттың жаны
ХІХ ғасырда чехтар Германияның отары болды. Азаттық үшін күрескен чех халқының рухын көтеріп, бостандық алуына жол ашқан мына жағдай ұлт тарихындағы тілдің маңыздылығын көрсететді. Чех тілінің ХІV ғасырда, ал Герман тілінің одан 2-3 ғасыр бұрын пайда болғаны белгілі. Бірақ, халқының азаттығы негізгі мәселе болып тұрған кезде, 1854 жылы Прага шіркеуінің монахы архивтегі көне кітаптың тіл тарихына байланысты бір цифрын өзгерту арқылы, чех тілі ХІV ғасырда емес, ІХ ғасырда яғни неміс тілінен бірнеше ғасыр бұрын пайда болған деп жариялады. «Біздің ана тіліміз немістен де бұрын пайда болған яғни біздің отар болуға құқығымыз жоқ», деп рухтанған чехтар отарлаушыларды елінен қуып шығып, азаттықтарын алды. Бұдан біз ана тілдің сол елдің намысы мен рухының негізі, азаттық жолындағы күрес құралы екенін көреміз.
Бүгінгі беларус халқының авторитарлық билікке қарсы төрт айға созылған жаппай ереуілінің негізгі себебі де ана тілдерінен айырылып, орыстануында және сол теріс саясатты жүргізіп отырған биліктің уақытылы ауыспауында.
Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы жариялап, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп қабылдағанымен, оның мемлекет институттарын қалыптастыруда шешілмеген мәселелері жеткілікті. 1992 жылы БҰҰ-мы Қазақстанды өзіне мүше қылып аларда оған «авторитарлық режимдегі ұлттық мемлекет...», деп анықтама бергенімен, бізде әлі күнге осы ұлттық мемлекеттің идеологиясы қабылданбады. Сондықтан, ол өзінің сара жолын анықтамаған яғни теңіздегі компассыз кемеге ұқсайды. Ол, Перу сияқты мемлекеттік тілде сөйлеп, ісқағаз жүргізбейтін әлемдегі мәңгүрт екі елдің бірі болып қалуда. Мезгілінде шешілмеген, қоғамның осындай ішкі мәселелері уақыт өткен сайын күрделеніп, ушыға береді.
2-ші дүниежүзілік соғыста қираған Германия фашистердің тіліне айналған ана тілдерінен бас тартып, ағылшынға көшкенімен, одан ел экономикасы дамымады. Ана тілі арқылы ғана ел экономикасын дамытуға болатынын түсінген мамандарды қолдаған мемлекеттің тиісті бағдарламасы жақсы қорытынды беріп, бұл елді ХХІ ғасырда әлемнің 4-5 экономикасына айналдырды.
1970-1980жж. «Теория – Z» сияқты ұлттық менталитет пен ана тіліне негізделген Жапонияның экономикалық жобасы әлі күнге әлемде ең озық жүйе болып қалуда. Менеджменттің немесе сауда-саттықтың жалпы заңдылықтары барлық елдерге ортақ болғанымен, әр ұлттық мемлекеттің дамуы оның ана тілі мен менталитетіне тікелей байланысты екені ғылымда дәлелденген.
Солтүстік Америка құрлығын отарлаған ағылшындар, даму көрсеткіштері өздерінен әлдеқайда төмен жергілікті үндістерден өздері құрып жатқан мемлекетке «пайда жоқ» екенің түсінгеннен кейін оларды жойып жіберді де (отарлаушылар сол құрлықта 49 млн үндістерді өлтірген), сол құрлықта жаңа өркениет құрды. Одан кейін Үндістанды отарлағанда саны өздерінен 80 есе көп үндістандықтарды жойып жіберу мұмкін болмағасын, оларды ағылшын тілінде сөйлетті. Оған дейін осы елді үш ғасыр билеген Ұлы моғолдар яғни түркілер олай істемеді не істей алмады?! Бұл жерде біз ұлттың менталитетіндегі айырмашылықты көреміз. Түркілер ырым, дәстүр т.б. сеніп, сонымен өмір сүрсе, ағылшындар белгілі ұстаным, принцип немесе заңмен өмір сүреді. Ағылшындардың басқа ұлттардан ерекшелігі немесе артықшылығыы осында. Құрылып жатқан АҚШ мемлекетінің Конституциясын қабылдау кезінде «қай тілді таңдаймыз» деген мәселе туындайды. Сол кезде елдегі немістердің үлесі 51, ағылшындардікі 34 пайыз болғанымен, АҚШ-тың мемлекеттік тілі болып ағылшын тілі қабылданды. Ұлттың басқаларға қарағанда үстемдігі осындайда көрінеді және оларды қоғам амытудағы үлесімен айқындалады.
АҚШ авиациясы мен ғарышты зерттеуінің жақсы дамуы да ағылшын тілінде 700 мыңнан астам жаңа терминдердің пайда болуымен қатар жүрді.
Ал, бір ұлтқа жататын батыс және шығыс Германия немесе екі Корей мемлекеттерінің дамулары әртүрлі болулары тілге байланысты емес дейтіндер,- ол мемлекеттің түпкілікті заңдарын түсінбейтіндер немесе қазақ тілінің дамуына мүдделі емес Әбілязов сияқты мәңгүрт алаяқтар. Сондайларға ергендер өздерінің ұлтына қарсы жұмыстанып жатқанын біледі ме екен?! 1994 жылы Әбілов, Әбілязовтар бастаған 97 кәсіпкер қазақ тілінің мемлекеттік болңына қарсы үндеу жариялаған еді. Біз бұдан, мәңгүрттердің өздері өмір бойы қазақтың жауы болып кетулерімен қатар, өздеріне ұқсаған ұрпақтар тәрбиелейтінін ескеруміз керек. Мәңгүрттік,- ол санадағы тұқым қуалайтын үрдіс. Сондықтан біз, «боданнан құл, құлдан жетесіз ұл туатын» кезді бастан өткеріп жатырмыз. Осындай, ана тілді сақтап, ұлтымызды дамытудағы жауапты кезде бізге жолбарысша жортып жүретін ерлер керек.
Себебі, Ана тіл, Атамекен (жер) және Ұлт тағдырының мәселесі сияқты мәңгілік категорияларды отарлаушылардың шоқпарының езгісінде өскен, жасық, жігерсіз, сатқын билікке сенуге болмайды.
Барлық қасиетті кітаптарда «Халық Құдайдың бір аты» дейді. Алдымен әр халық басқалардан бөлек ана тілімен ерекшеленеді. Халықтың болу, болмауы оның тілінде!
Ал, мемлекеттік жүйе екінші кезектегі маңызды мәселе. Оған тілді араластыру, - ол қоғамды адастыру болып табылады. Себебі, ұлт және оның тілі мәңгілік мәселесі болса, билік немесе саяси жүйені өзгерту, - ол биліктің өзі сияқты уақытша кездің мәселесі. Бұл мәселеге алдағы тақырыптарда тоқталамыз.
2011 жылғы Халықаралық Адам институтының Президентке жазған бағдарлама-хатында қазақ тілі елде адам капиталы, ғылым мен инновацияны дамытатын негізгі құрал екені дәлелденді және осы бағдарлама негізінде Үкімет 2012 жылы қазақ тілін 2020 жылға дейін қоғамда жүйелі дамыту туралы Қаулы қабылдады. Бірақ, ол Қаулыны орындауға биліктің білімі, жігері мен өресі жетпеді.
Тәуелсіздік жылдарында қабылданған 2400-ден астам заңдардың біреуі ғана мемлекеттік тілде дайындалған яғни ол заңдар ұлттың менталитетіне сай болмағандықтан, оны қоғам қабылдамайды. Бұл, аты бар да, заты жоқ және жұмыс істемейтін жартылай өлі заңдар.
ХІХ ғасырдың 90 жылдары азаттықтарын алған Оңтүстік Америка құрлығындағы елдер Конституциядан бастап барлық заңдарын АҚШ-тан көшіріп алғанымен олардың ешқайсысы дамымады. Керісінше, табиғи байлықтары Қазақстаннан да артық, халқы сирек орналасқан осы құрлықтағы елдер нашақорлық, коррупция, адам өлтіру, ұрлық т.б. өркениеттке жат қылық пен қылмыстан әлемнің алдында. Оның негізгі себебі, батыс менталитетінің негізінде ағылшын тілінде жазылған АҚШ-тың заңдары, шығыс менталитетіндегі испантілді мемлекеттерде қабылданбады яғни жергілікті халықтардың менталитеттеріне негізделмей, біреуден көшірілген бұл заңдар қоғамда кері әсер туғызып қылмысқа итермелеуде.
Осы құрлықтағы бірнеше ел жергілікті үндістердің «ана тілдерін мемлекеттік тіл қыламыз» деген талаптарына әрбір 5-10 жылда сайланытын диктаторлар тұрғындардың дауысын алғанша уәделерін береді де, оны орындамайды.
Тәуелсіздігін Латын Америкасы елдерінен бір ғасыр кейін алған Қазақстанның авторитарлық билігі 30 жыл бойы, түбінде қоғамды дағдарысқа апаратын солардың жолымен жүріп келеді. Осы мәселені біз 90-шы жылдардан бері көтергенімізбен («Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы» монографиясы т.б.) оны тыңдайтын, не ұғатын адам табылмады. Себебі, осы мәселелерді саралайтын Президент жанындағы стратегиялық институт, стратегиялық Агенттіктер мен билік органдары мәңгүрттеніп, мемлекеттік тілде тыңдау, ойлау, сөйлеу және ел мүддесі үшін күресу түйсіктерінен айырылып, тек ұрлау, елді сату т.б. сияқты тәуелсіздікке тікелей қауіп төндіретін күшке айналуда.
Түріктер латын алфавитіне 1926 жылы, Орта Азия мен Әзірбайжандар 1990 жылдардың басында көшті. Қазақстан бұл істе әлі күнге нақты шешім қабылдаған жоқ. 2016-2017жж латынға көшу туралы қабылдаған шешімнің орындалуын 2025 жылға қалдырды. Сонымен қатар, сол қабылданған шешім тек қазақ ұлтына қатысты. Қазіргі мемлекеттік т.б. мекемелер мен жарнамалардағы қазақшаның латын әрпімен, орысшасының кирилицамен жазылуы елдегі басқа диаспоралардың оны орындауы міндетті емес екендігін көрсетеді.
Мемлекетқұрушы қазақ ұлтының тілі, өнері... мәдениеті бұл елдегі азаматтардың барлығына ортақ болмай яғни қоғам бір тілде сөйлеп, бір моральды ұстанып, бір мақсат-мұратқа ұмтылғанда ғана немесе бір өркениетті дамытуға жұмыстанғанда ғана мемлекет жүйелі дамуын бастайды. Ал, биліктің елді латынға тек қазақты көшіреміз деген, артымен жүзген сасқан үйректің тірлігі, «қоғамды бөлудегі таптырмайтын құрал» болуда.
Енді, тіл білімі институтының Президентке жарыса жазған хаттарынан бұл істе әлі де шикіліктің көп екенін көреміз. Одан бұрын академик О.Сәбден бастаған «Қазақстан Альянсы» халықаралық Конгрессі латын алфавитін жетілдіруде төрт ұсыныс берді. Көш жүре түзелетінін ескеріп латынды енгізуді созбай бастау керек. Соза берген істің берекесі кетеді. Қазақтың, «құлдың ұйқысынан шығып» тындырымды іске көшетін уақыты келді?!
1991 жылы академиктер Әбуғали Қайдаров, Шора Сарыбайлардың басшылығымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының конференциясы өтіп, қоғамдық ұйым құрылды. Ол конференцияда Итван Қоңыр Мандокидің сөйлегені есімізде. Бірақ, оны соңғы 10-15 жылда басқарған, «түлкі алмайтын жетелеген тазылар» осы қоғамды мола күзеткен шырақшысының тірлігіне айналдырып жіберді. «Халықаралық» деген дырдай аты бар бұл қоғамның облыс-аудандардағы бөлімдеріне дейін ыдырап, басында тымтәуір басталған іс, оны құрған ақсақалдар кеткесін иесіз қалған киесіз тірліктің күнін кешуде. Бұл қоғмның жіберген негізгі кемшілігі, - ол мемлекеттік тілді дамытудың орнына биліктің жандайшабына айналып кетті де, соңында ешкімнен ештеңе талап ете алмайтын жағдайға жетіп, қожырады да қарияларды бақиға құрметпен аттандыратын «хосписке айналды». Олар үшін қазақ тілі далада қалды.
Қоғамның соңғы төрағасы болған Өмірзақ Айтбаев мөр соққан қағазын Сталиннің Голощекинге берген мандатындай қылып жүрген орынбасарлары, қоғамды жандандырудың орнына «бас пен жамбасқа таласқан» дүмшелердей таққа таласуда. Бұл жерде қазақ тіліне жүйелі еңбек етіп жатқан Құсман Шалабаевты айта кеткен жөн.
Қазақ тілі қоғамын отыз жылда жеке адамдар басқарғанда оны құртуға апарғанын ескеріп, бұл қоғамды бес жылда болатын Құрылтайдың арасында бес тең төрға кезекпен басқарсын дегенді ұсынсақ, оны қабылдайтын түрлері жоқ. Себебі, «ұрының арты қуыс» дегендей сол қоғамға мәңгі басшы болғысы келіп жүргендердің ішінде сол Тіл Комитетін басқарып жүргенде мемлекеттік тілге қарсы жұмыстанып, оны дамытуға бөлген қаржыны ұрлағандар да бар. Ал, сондайлардың шашбауын көтеріп жүргендер, - ол 30-шы жылдардағы «халықтың атынан Жамбыл болып» яғни пір бола алмай жүрген диуаналар. Менің ешкімнің жеке басында ешқандай шаруам жоқ. Бірақ, мемлекеттік тіл мәселесі көтерілгенде біліп тұрған шындықты айтпау, ол қылмыс. Себебі, біреулердің осындай әрекеттерінен қазақ қоғамының шындық пен ақиқаттың ауылынан әлі алыс, мемлекетқұрушы ұлт болуға дайын емес, әлі «қорқыттың көрінде» жүргенін көреміз.
Қайтадан құрылғалы жатқан «Халықаралық қазақ тілі қоғамының» құрылымы төмендегі мәселелерді шешуге дайын болу керек.
- Барлық деңгейдегі әкімдер, министрлерге ұлттық мәдениетті (тіл, өнер, әдебиет, мораль, дәстүр, білім, ғылым, ақпарат, журналистика...) дамуда талап қойып, ол орындалмаған жағдайда жұмыстан алу. Себебі, тіл өздігнен емес, мәдениеттің барлық салаларымен комплексті ғана дамиды;
- Қазақ тілін қоғамның 55 саласында дамытып, таратуға тиісті бағдарламамен жұмыстану;
- 2012 жылы қабылданған «Мемлекеттік тілді дамыту туралы» Үкімет қаулысын жаңартып, іске асыру;
- Конституцияға адам капиталы мен инновацияны дамыту, мемлекеттік тіл...туралы қосымша енгізу (АҚШ-та 240 жылда Конституцияға 26 қосымша енгізді);
- Қазақ тілін үйренетін заманауи әмбибап методика дайындап, 11 млн (5 млн шеттегі қазақ диаспорасы, 6 млн ҚР азаматтары) адамды оқыту;
- Әлем университеттерінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедраларын ашу...
Егер осы бағыттағы істерді атқаруға құзырлы, ешкімнен тәуелсіз қоғам құрылса, онда оны «Қазақстан Альянсы» Халықаралық Конгрессі жан-жақты қолдайтын болады.
Келесі мәселе, - ол, осы Қазақ тілі қоғамы мен құзырлы органдардың мемлекеттік тілді үйренуге байланысты ешқандай нақты ұсыныс жасап немесе бар ұсыныстарды іске асыруда жұмыстанбауында. Нәтижесінде, әлі күнге қазақ тілін үйренетін заманауи бір де бір методика жоқ. Оны дайындайтын мамандар университеттер мен ҒЗИ-де жоқ екеніне көзіміз жеткесін әмбибап методиканы дайындауды кәріс ағайындарға ұсындық. Ал, бізде қорғалған диссертациялардың көпшілігі А.Байтұрсынов кезіндегі деңгейден аса алмайды. Мысалы, тіл саласының классигі атап, кітаптары үкімет тапсырысымен жиі шығып жатқан Ісмет Кеңесбаев 30-шы жылдары репрессияға ұшыраған М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың педагогика, психология... салаларындағы еңбектерінен ұрлап жазылған диссертацияның арқасында «ғалым болды және өзі сияқты ондаған плагиат шәкірт дайындады». 1988ж. Г.Колбиннің кезінде қазақ тіліне қарсы шыққан осы Кеңесбаевқа Алматы қаласы, Таусамалы шағын ауданында көше берілген.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтан І.Кеңесбаев атындағы көшені өзгертіп, оның атын соған лайықты адамға беруді талап етеміз.
31 мамыр күні 1930 жылдардағы жаппай қырғынды еске алуға арналған пресс-конференцияда қоғам қайраткері Дос Көшім С.Қирабаевтың 1952 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б. Майлиндерді ақтауға қарсы екі бет мақала жазғаны туралы айтты.
Ұлттың рухани ортасы болып табылатын тіл білімі саласы әлі күнге осындай «қандыбалақ дәстүрден арылмай келеді»?!
30 жылда тәуелсіз елдің идеологиясы қалыптаспағанын яғни түпкілікті өзгеріс болмағанын Парламенттегі коммунистік партия, ел идеологиясының жаршысы «Казправда», азанама мен жарнама жариялаудан аса алмаған «Егеменнен...» көреміз. Н.Хрущевтің кезіндегі ұран «Кеңес халқы...» болса, қазір «Қазақстан халқы,,,» дегенді елдің миына сіңіру. Ресми идеология Грузия мен Балтық елдеріндегі сияқты уақыт талабына сай өзгерген жоқ. Жартылай тоталитарлық-кеңестік, жартылай авторитарлық-алыпсатарлық идеологияға негізделіп мемлекеттік жүйе қалыптаспаған қоғам «араб революциясын» күткен мұсылман елдеріндегі идеологиясының үлгісінде қалып қойды. Бұл, қоғамды мәңгүрттендіріп, рухани дағдарысқа және арсыздар билеп ақырзаманға апаратын жол.
Жер мәселесі
Б.д.д. ІІ ғасырда ғұндардың жерін сұраған Қытайға, «Жер мемлекеттің негізі...» деген Мөде қағанның жауабы барлық түркі елдерінің негізгі ұранына айналды.
Жерсіз мемлекет болмайтынына ұйғыр, ноғай, күрт т. б. тағдырлары куә. Ұйғырдың жерін осыдан үш ғасыр бұрын қытай жаулады. Себебі, ол құрылымы қалыптасып, толыққанды мемлекет болған жоқ және оны қолдайтын көрші түркі мемлекеті де болмады. Алтын Орданың негізгі жеріне ие болып қалған Ноғай елінің бір шеті Литвадан Арал теңізіне дейін, екінші жағы Қырымнан Сібір хандығына дейін созылып жатты. Малдың көптігін елдің қуаттылығы деп есептеген ноғайлар мемлекет құрумен айналыспады. Нәтижесінде оны Ресей патшалығы жаулап алды. Бүгінде солардың ұрпағы небәрі 300 мыңдай Ресейдің әртүрлі губерниясын мекендейтін ноғайлардың ана тілдерінде мектеп т.б. ұлттық институттар жоқ. Олардың мемлекет тұрмақ, ұлт болып сақталуы екіталай?!
Саны ұйғырлардай 20 млнға жуық күрттер кезінде бастары бірікпегендіктен өз мемлекетін құра алмай, бар жерлерінен айырылып қалды.
Уақытында дұрыс шешілмеген жер мәселесі, - ол көрші елдермен арадағы қақтығыстардың себебі болады. Оны Украин мен Ресей, Әзірбайжан мен Армян, Ресей-Грузия т.б. араларындағы соғыстардан көреміз.
Соңғы жылдардағы ел ішіндегі ереуілдердің негізі биліктің қытайға жер береміз дегенінен туындады.
2016 жылғы Үкіметтің Жер комиссиясында осы жолдардың авторы, «Жерді шетел немесе шетелдің үлесі бар компанияларға, әсіресе көрші елге сату, не жалға беру немесе өз жеріңде басқа елдің әскери полигондары мен шектеулі әскерінің болуы:
- Мемлекет жерінің яғни оның негізінің тұтастығын бұзады;
- Жер сатудан көрші елмен арадағы соғыссыз шешілмейтін мәселе басталғанмен, мемлекеттің қарызы бүтінделмейді;
- Белгілі уақыттан кейін көрші елмен екі арадағы қақтығыс не соғысқа әкеледі. Кешегі Карабахтағы соғыс осының бір мысалы???;
- Ел ішінде азамат соғысы немесе жерді шетелге берген билікті құлатуға бағытталған соғыс басталуының негізі;
- Мемлекет ыдырауының алды жердің белгілі бөлігінен айырылудан басталады...
Осыдан бірнеше ай бұрын «Қазақстан Альянсы» Халықаралық Конгрессі 2020 жылдың аяғына дейін Парламент және Президент қаулысымен, «Шетелдік жеке тұлға, компанияларға және шетелдік үлесі бар компанияларға жерді жалға беру және сатуға тиым салынатын шешім шығарылсын» деген талап қойды.
Тарих тағылымы
Осы уақытқа дейін қазақтың шешілмей келе жатқан мәселелері, - ол 1920-1930-шы жылдары халықты қолдан қыру мақсатында жасалған жапай аштықтың мемлекеттік деңгейде және Біріккен Ұлттар Ұйымында ресми мойындалмауы. Сонымен қатар, 1937-1938 жылдардағы репрессия кезіндегі архивтердің толық жарияланбай және Хан Кененің бас сүйегін елге қайтару жұмысының жүйелі жүрмеуі.
Бұл мәселелердің уақытылы шешілмеуі, - ол жаппай аштық, репрессия және Патшаның отарлау саясатын тәуелсіз мемлекеттің тарихында ресми мойындау болып табылады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Стамбұлда 1920-1930-шы жылдардағы жасанды аштық мәселесін көтергенімен, оның ақиқатына жету әзірге аяқсыз қалуда.
Жаппай репрессия кезінде 60 мыңнан астам қазақ зиялылары асылып-атылғаны белгілі. Соларды ұстап бергендердің көбінің ескерткіштері, көше аттары... қалалардың көркі болып, сатқын болған олардың өздері батырлардың қатарында жүр?!
Архивтерді түгелдей ашып, тарихи материалдарды жариялайтын кез келді!
Кеңес Одағының Екі рет батыры, Армия генералы Белобородовтың, «...фашистерді Москва мен Еділ бойында тоқтату Орта Азия мен Сібірден келген дивизиялар (якут, хакас...) және Еділ бойындағы түркі халықтарының ерлігінің арқасында іске асты және Ұлы Отан соғысында жеңісте олардың үлесі орасан зор болды. Себебі, оған дейін славяндар немістерге нақты қарсылық көрсетпей, көпшілігі беріліп кетті...» деген еді.
Мәскеуді қорғаудан бастап Рейхстагқа ту тіккенге дейінгі қазақ батырларының ерліктері толық жазылып, тиісті бағасын алған жоқ!
Интернетте, 1812 жылғы Наполеонның Мәскеуді алғаннан кейін, Ресей патшасы Александр І сұрағанда қазақтар бастаған (ішінде казактар да бар) жүз мың атты әскері француз армиясын Парижге дейін қуып барғаны туралы деректер толық зерттеуді талап етеді?!
Бұл аталған мәселелер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шешімін табу керек!
Ұлттың рухын жаңғыртудағы ОҚО және Жамбыл облыстарында әкім болған кездегі Асқар Мырзахметовтың атқарған істері барлық биліктегілер мен қоғам белсенділеріне үлгі бола алады. Мысалы, Шымкент қаласында Тәуелсіздік пен Волгоградтағы Мамаев қорғанынан саны екі көп ҰОС және сол өңірдің ХХ ғасырдағы ардагерлеріне арналған монументтер, қазақ әдебиеті мен тарихына арналған 500 томдық шығару, 600-ден астам ауылды ауызсумен қамтамасыз ету, Шымкенттің миллион тұрғыны бар мегаполиске айналып, Түркістанның заманауи, түркі халықтарының рухани орталығына айналуы және облыстың ЖІӨ 4,5 есе өсуі...
Асқар Исабекұлы Жамбыл облысында болған 2-3 жылда өңірдің экономикасы шарықтап, Тараз қаласында ондаған парктер, музей, Жастар үйі... салынып қала Азиядағы ең көрікті шаһар-біртұтас музейге айналды. Кім қалай қабылдаса да бұл атқарылған іс, нақты фактілер!
Біз бұл жерде мемлекет және оның өңірлері жүйелі даму үшін жан-жақты еңбектену қажет екенін түсінеміз.
Басқа өңірлер неге осылай жан-жақты дамымайды? Оның себебі, бізде жауапты қызметтерге ру-жүз, туыстық... принциптермен тағайындаудан аса алмағандықтан адам капиталы мен инновацияны, ғылымды, мемлекеттік тілді ғни мемлекеттік жүйені дамыту қажет болмай қалады. Ондай, жерде коррупция шарықтап, ұлт пен мемлекет мүдделері соңғы кезектерге қалады. Сондықтан да, Президенттер сайлаған шенеуніктердің 70-80%-і қылмыскерлер болып шығуда. Ал, жастар ғылым мен білім іздеудің орнына келесі жаназаны күткен дүмше молда, талибаншы болуға ұмтылады.
Үкіметте Мырзахметов, Тасмағамбетовтер сияқты оншақты іскер жігіттер болса экономика мен әлеуметтік сала түзелер еді. Ал, болашағы жоқ екені әлем тарихында дәлелденген саяси-авторитарлық жүйені өзгертуге ақылдары жетсе, алдымен билік мүдделі болу керек. Ол қоғамның келісімді, бейбіт жолмен дамуының кепілі. Оны түсінбеу уақыт өткен сайын қоғамды шиеленістіре береді. Ол соғыстың жолы. Оған кім және не үшін мүдделі?!
Армяндар, әзірбайжандардың қолынан саудадан басқа ештеңе келмейді, олар соғысуды білмейді (ол біздегі мәңгүрттердің қазақ жуас, жалқау... дегенінің сыңары) деп келген еді. Енді 44 күн соғыста тас-талқаны шығып, мемлекеттілігінен айырылу алдында тұр. Бар үміті, Қазақстан сияқты өзі де ыдыраудың алдында тұрған Ресейде. Бұл жердегі мәселе, тек ғана әзірбайжан әскерінің жалпы соғыс шеберлігімен қатар, ондаған жылдар алынбас бекініске айналдырған Шушаны ешқандай дрон, танк, самолет т.б. ауыр қарусыз жалаң қолмен алуы, олардың яғни түркілердің асқақ ұлттық рухы мен шексіз ерлігінің дәлелі.
Ал, біздің сайлауда халықтың дауысын ұрлаудан бастап, мемлекеттік тілді мойындамау, ел байлығы мен жерді сату т.б. елдің мәселесін түсінуден қалған және оны Нұрсұлтан қаласының сол жағалауы ғана деп түсінетін министр т.б. ұлттық мемлекет құрудағы жіберілген кемшіліктерді көрсетіп, болашақта қоғамда болуы мүмкін «араб, не қырғыз көктемдерін» алдын-ала ескерту. Себебі, Қазалы ауданының қай облыста екенін білмейтін министрлер бар?! Олардың қаншасы халқының 1/3 ауызсумен қамтамасыз етілмегендіктен, асқазан т.б. аурулары, бала мен ана өлімі ең жоғары осы ауданда болды? Абай жылы деп бүкіл Еуропаны аралап даурығып жүргендердің қайсысы, әлі күнге суицид деңгейі республикалық көрсеткіштен 10-12 есе (бұл көрсеткіштен ҚР әлемде 4-ші, 12-18 жасар қыз балаларда 1-ші орында) Абай ауданында болды? Үкімет мүшелері үшін резервация болып саналатын осындай аудандарға олардың ешқайсысы, Абайдың елі болмақ түгел, Құдайдың елі болса да бармайды... Ұлттың денсаулығы яғни қорғаныс қабілеті, экологиясы мен экономикасы, қоғамдағы келісім мен мемлекеттің тұрақты дамуы осындай аудандардың тұрғындарының тұрмысы мен мәдениетінен яғни елден басталады.
Біз, бұл жерде қазақтың беларустан гөрі қырғызға, армяннан гөрі әзірбайжанға жақын екенін ескеріп, «бұл елде қазақ деген ұлт жоқ» деп «Доктрина...» бағдарламасын дайындаған биліктің одан әрі мәңгүрттенуін тоқтату қажет.
Оны және елді біріктіруді Мағжан ақынның, «...тарап кеткен балаларыңды бауырыңа, Ақ қолыңмен тарта аларсың сен тілім» дегеніндей Ана тілі және Махамбетше «Ақырып теңдік сұрайтын» жастар шешеді!
Жанұзақ Әкім
Abai.kz