Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2552 0 пікір 15 Ақпан, 2012 сағат 09:35

Жендеттің құпия хаты

Биыл саяси репрессияға - 75 жыл. Қазақ тарихының қанды да, қасіретте парақтары болып ұлт жүрегі мен жадына қаралы таңба болып түскен 1937-1938 жылдар бүтін халықтың бар асылы - зиялылары мен тұлғаларынан айырған қан қасап кезең болды.

«Абай-ақпараттық» порталы репрессия жылдарына қатысты тарихи құжаттар мен материалдарды беруін жалғастырады. Оның кезектісі - төмендегі НКВД қызметкерінің құпия хаты

«Абай-ақпарат»

Бұл хат 1939 жылдың тамыз айында жазылған. Осы кезде Кеңес үкіметіндегі 1937-38 жылдардағы «үлкен террор» бітіп, оны жүргізген ежовшылардың орнына берияшылдар келіп, ежовшыл орындаушыларды жазалау науқаны жүргізіліп жатқан кез.

Биыл саяси репрессияға - 75 жыл. Қазақ тарихының қанды да, қасіретте парақтары болып ұлт жүрегі мен жадына қаралы таңба болып түскен 1937-1938 жылдар бүтін халықтың бар асылы - зиялылары мен тұлғаларынан айырған қан қасап кезең болды.

«Абай-ақпараттық» порталы репрессия жылдарына қатысты тарихи құжаттар мен материалдарды беруін жалғастырады. Оның кезектісі - төмендегі НКВД қызметкерінің құпия хаты

«Абай-ақпарат»

Бұл хат 1939 жылдың тамыз айында жазылған. Осы кезде Кеңес үкіметіндегі 1937-38 жылдардағы «үлкен террор» бітіп, оны жүргізген ежовшылардың орнына берияшылдар келіп, ежовшыл орындаушыларды жазалау науқаны жүргізіліп жатқан кез.

Хатты жазған сол кездегі Куйбышев облысы бойынша НКВД-ның опер өкілі П.К.Филихин. Ол өзінің партиялас басшысы Ждановқа жазған хатында 1937-38 жылдары «халық жауларын» атқан, ұрған, азаптаған кезде ерекше жүйке шаршауында болса да, сол жұмыстарды ерекше жанқиярлықпен адал атқарғанын, сол кездерде жан тебірентерлік сезімдерде болса да партия мен үкімет үшін істеген адал қызметін берияшылдардың бағаламай жатқанын жазады. "Мені Куйбышев обкомының бірінші хатшысы Н.Г.Игнатовтың өзі айыптап отыр емес пе? Күніне пәленбай халық жауларын атамын деп шүріппені баса, баса қолым шаршайды, күні бойы қанға батқан қолым мен қан сасыған бойымды жуу үшін қызмет соңында осындай мақсатқа деп арнайы бөлінген спиртті ішкенім үшін мені маскүнем деп айыптайды. Бұл барып тұрған әділетсіздік емес пе",- дейді Филихин.

Иә, П.К.Филихиннің хатын оқыған кезде оны аяп та кетесің. Бірақ, осы филихиндар аяуға тұратындар ма? Ал, филихиндарға бұйрық берген ждановтар, игнатовтар ше? Нағыз қанішер жендеттер осы бұйрық берушілер емес пе? Осы ждановтар, игнатовтар сталиндік партия мен үкіметтің атынан өздерін бүкіл бір елдің, ұлттың ары мен ақылы, туы, көсемі санап филихандардан өткен қанішерлер, жендеттер болды емес пе?! 1937-38 жылдары екі жылдық «үлкен террорды» ұйымдастырғандар ізін суытпай дереу барлық кінәні Ежов пен оның қызметкерлеріне, нақты айтқанда бар кінәні шүріппені басушыларға аудара салды. Солар ғана сотталды, атылды....

П.К.Филихиннің хатына Ждановтың жауап бергені, бермегені белгісіз. Сірә, жауап болмаған. Оның тағдыры да белгісіз. Атылып кеткен болар немесе басқа жаза алса керек.

Бұл хат Ульянов облысының «Боздақтар» кітабында басылған.

 

Өте құпия   Серия «К»

Бүкілодақтық Коммунистік партияның (большевиктік) Орталық Комитетінің хатшысы Жданов жолдасқа

Құрметті Жданов жолдас!

Менің сізге айтайын деп отырғаным жалғыз маған қатысты емес. Дәл осы жағдай НКВД-ның көптеген қызмет­кер­лері­нің, әсіресе ескі чекистерінің басына төніп отыр. Біздерге кінәлі болмасақ та кінәлі деп айып тағуда. Басынан бастап айтайын.

Осы жылдың 25-шілдесінде мені Куйбышев облысы бойынша УНКВД-ң кадрлар бөліміне шақырды. 26-шілде күні алыстағы шеттен келген, күні бойы ұйықтамаған мені кадрлар бөлімінің кеңсесінде кешке дейін ұстап «ертең кел» деген бір ауыз сөзбен шығарып салды. Екінші күні, яғни 27 шілдеде кадрлар бөлімінің бастығы Неудобнов жолдас менің ВКП(б) обкомының бюросына шақырылғанымды айтты. 28 шілдеде обкомның бюросы маған мынадай 4 айып тақты:

1. Шіркеу старостасының баласы болғаным;

2. Ақгвардияшыл ағамның болғаны үшін;

3. 1933-1938 жылдары Ульяновскіде опер өкілі болып істеген кезімде революциялық заңдылықты бұзғандығым, яғни тергеу кездерінде тұтқындарды тұрғызып қойып азаптау амалдарын қолданғандығым;

4. Маскүнемдігім.

Бюрода менімен өте дөрекі, құдды өмір бойы түзелмейтін қылмыскер болған адам сияқты сөйлесті. Мысалы, Егоров жолдас маған: «ұсқыныңа қарап-ақ маскүнем екенің көрініп тұр» деді. Мельков жолдас: "өсек-жала жабушы" деді.

Мен ВКП(б) 1925 жылдан мүшесімін, ешқашан оның жолынан тайған адам емеспін, ешқандай партиялық жазам болған емес. Қызыл Армия мен ОГПУ-НКВД қатарында 20 жылдай адал қызмет істедім. Бірақ обкомның бюро мүшелерінің ешқайсысы осы ұзақ та адал қызметімді көзге де ілмеді, амалсыздан сізге осы хатты жазып отырмын.

Бірінші және екінші айыптауды есепке алмаймын, оларды майда-шүйда деп санаймын. Шыққан әлеуметтік тегім талай рет тексерілген, ешқашан өзінің жер телімі болмаған шаруа батрақтың баласы екенім айдан анық.

Обком хатшысы Игнатов жолдас маған қайта-қайта шүйіліп «тұтқын­дарды кім ұрды?» деп қадалып сұрап қоймады. Игнатов жолдастың осы сұрағына таң қаламын. Игнатов жолдас 1937-38 жылдардағы революциялық заңдылықтың қалай қорғалғанын бас­қа жұрттан артық біледі. Өзі ескі чекист, НКВД органдарының жұмысымен жақсы таныс. Тергеу жұмыстарында қаралған істердің барлығы үштіктің қарауымен, яғни өзінің қатысуымен (ВКП б-ң хатшысы ретінде) шешіледі.

УНКВД аппараттарында тұтқын­дардың ұрып-соғылатынын, бірнеше күндер бойы тұрғызып қойылатынын өзі жақсы біледі, себебі қалалық, аудандық аппараттардың қызметтері олардың көз алдарында өтеді. Мұның барлығы сонымен бірге облыстық және қалалық прокуратураларға да мәлім.

Тұтқындарды бірен-саран зұлым қанішер тергеушілер ғана азаптады деуге болмайды. Бұл жаппай облыстық басшылықтан бастап, ең төменгі НКВД қызметкерлеріне дейін қолданатын, осылай істегені үшін марапатталатын іс болды. Халық жауларынан тазарту үшін (оңшыл троцкийшілерден, фашистерден т.б.) қандай амал қолдансаң да еркің бар деген нұсқау болды.

Осы қолданылған әдістер дұрыс деп танылды. Біздің Ульяновск облысына Мәскеуден келген НКВД Басқармасы­ның өкілдері Журавлев, Бочаров, Подольский біздің алдымызға осы тапсырмаларды қойды. Олар Мәскеуде де осы әдістерді қолданамыз, талай адамдарды «сөйлеткенбіз» деп мақтанды. Дәл осы сөздерді кейінірек келген Андронов пен Кузнецов та айтты. Кузнецов «мен Бочаровпен Сібірде қызметтес болған кезімде талай кісіні атқанмын, тірілей көмгенмін» деп айтты.

Осындай ірі басшылардың не істегенін көріп отырған біз сияқты қарапайым орындаушылардан не сұрауға болады?

Партия ұйымы мені моральдық жағы­нан қолдаудың орнына менен сырт бе­ріп күту позициясын ұстанды. Филихиннің ісі немен аяқталады, оны ақтайды ма, әлде қаралай ма екен деп күтіп отыр. Менімен ешкім сөйлес­пейді. Андронов мені көрген сайын «достарың түрмеде отыр, жауап беріп жатыр» деп ылғи кекетеді. Күн сайын, минут сайын мені қашан ұстап өжіреге апарып атып тастайды деген үреймен жүрмін.

Менің үстімнен іс қозғалғанға дейін, ескі чекист ретінде біз қолданып жат­қан тергеу әдістерімен келіспей келдім, қолданған емеспін. Бірақ, осы ортаға түскеннен кейін күн сайын адам баласы көне алмайтын жүйке азабына түсуім (тұтқындайды, атып тастайды деген) менің моральдық күйіме әсерін тигізіп, мен де басқалар сияқты азаптау әдістерін қолдана бастадым. Осы жағдай басқа да ескі чекистердің басына түсіп отыр. Кейбір облыстардан келген хабарлар бойынша олардың біразы атылып тасталған.Енді бүгінгі күні сотталғандарға азаптау амалдарын қолданғанымыз үшін бізді кінәлайды. Біз партияның осы қызметті орындау үшін жіберген жәй адамдарымыз. Біздің мақсатымыз - партия мен Кеңес үкіметінің жауларын іздеп тауып оларды жою. Мейлі ол дұшпандар НКВД органдарының ең жоғарғы лауазымды орындарына кіріп кетсін, оның абыройын жойсын, біздің мақсатымыз ол емес, себебі біз сияқты жәй адамдар ол мәселені шеше алмайды. Осы жөнінде Епифанов деген чекист өзіне бюрода қойылған: «Сіз қанша күнәсіз адамды аттыңыз?» деген сұраққа, «мен үшін бәрі кінәлі, мен үкімді орындадым» деп берген жауабы нақты мысал бола алады.

Қазір обкомның бюросы мен НКВД басқармасы революциялық заңдылық­ты бұзғандарды іздеп, соған біреулерді кінәлі деп тауып оларды құрбандыққа шалып жатыр. Мен өзімді кінәлі деп санамаймын. Себебі біздің жоғарғы басшыларымыз, атап айтқанда Куйбышев облысы бойынша УНКВД бастығы Журавлев, одан кейінгі бастығы Бочаров (екеуі де обкомның бюро мүшесі, біріншісі КСРО-ң ЖК-ң, екіншісі РСФСР ЖК-ң депутаты) өздері тұтқындарды ұрып-соғуға тапсырма беріп тұрды, ал Подольский (УНКВД-ң партком хатшысы) біздің көзімізше талай рет тұтқындарды азаптап ұрған.

Бүгінгі таңда тергеу кездерінде жоғарыда айтылған азаптау әдістерін қолданғандарды соттау ғана дұрыс емес, сол кезде бүкіл НКВД органдарында қызмет еткендерді бірін қалдырмай соттау керек.

Обкомның бюросында мені жүйелі түрде арақ ішеді деп айыптады. Мен жоғарыда айтылған қызмет кез­дерімде жүйелі түрде арақ ішкен адам емеспін. Бірақ, үкім орындап болғаннан кейін өлім жазасын орындайтын қала аппаратының оперативтік құрамы түгелімен арақ ішетін, өте көп ішетін. Қайталап айтамын, үкім орындауға дейін ішкен емеспін, орындап болған соң ғана. Бұл жағдайдан облыстық, қалалық УНКВД басшылығы хабардар, осы мақсат үшін арнайы түрде спирттік ішімдік сатылып алынатын.

Жданов жолдас! Мен сізге 1937-38 жылдары атқарған кездегі қызметімді жақсы суреттеп айта алдым ба, біл­мей­мін. Қанша тырыссам да, мүмкін дұ­рыс суреттей алмасам керек, себебі қазір мен жүйкем ауырған адаммын, кей кезде туған тілімді де ұмытып қаламын.

Мен шағынып отырғаным жоқ, Жданов жолдас, ең жақсы он сегіз жылымды ОГПУ-НКВД органы мен әскеріндегі қызметке бердім. Өмірімде бірде бір рет курортта, демалыс үйінде демалмаппын, еңбек демалысымды да дұрыс пайдаланған емеспін. Адал және беріліп қызмет еттім. Үкімді орындау кездерінде, әсіресе соңғы жылдары жан тебірентерлік көңіл сезімдеріне берілсем де, менің осы қызметім партия мен кеңес үкіметіне қажет деген сенімнен таймадым.

Жданов жолдас, сіздің осы хатыма большевиктік сезімталдықпен қарап, менің қандай жағдайға түскенімді (менің ғана емес, көптеген НКВД қыз­мет­кер­лерінің) түсінерсіз деп ойлаймын.

Коммунистік сәлеммен ВКП(б) мүшесі Филихин (қолы)

1939 жылдың 8 тамызы

№20 р.п. Барыш, Куйбышев облысы

Көшірме дұрыс Шлейкин И.М.

№ 4067 мұрағаттық іс

Ықшамдап аударған -   Сағат  Есмаханұлы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470