Жұма, 22 Қараша 2024
Талқы 8270 49 пікір 2 Қаңтар, 2021 сағат 15:46

Қазақ Республикасы ма, Қазақстан ба?

Қазақ хандығы 1465 жылы құрылды.

1917 жылы желтоқсанның 13-і құрылған қазақ-қырғыз Алаш автономиясының үкіметі жариялаған Алашорда автономиясы да «Қазақ» атауын негізге алды. Алаш – әлімсақтан қазақтың бір аты.

1920 жылдың 16 маусымында РКФСР құрамында құрылған, Орынборды астана еткен автономиялы республика да Қазақ (Автономиялы Советтік Социалистік) республикасы болды («қырғыз» атауы 1925 жылы 15 маусымда «қазақ» болып өзгертілді).

1936 жылдың 5 желтоқсанына қайта құрылған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының да атауынан «Қазақ» сөзі көзге ұрып, әйгіленіп тұрды.

Алайда, 1991 жылы дүниеге тәуелсіздігін жариялаған республика атауы Қазақстан республикасы болып шыға келді. Неге?

Сайлау науқанымен Түркістанға барған Азат Перуашев Қазақ Республикасының 100 жылдығы мен қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов туралы сөйлепті. Сөйлепті де:

«Биыл Қазақ автономиялық республикасына 100 жыл толды.

Ресейдегі саясаткерлер сандырақтап жатқанда, биыл Қазақ РеспубликасынА 100 жыл толды, мемлекетке тарихи «Қазақ Республикасы» атауын қайтадан қайтару керек! Иә, мемлекет атын «Қазақ Республикасы» деп, қылышынан қан тамған Кеңес империясы кезінде де аталғандай атауын қайтарса, Ресейдің тарихтан мақұрым «тарихшы» ғалымдарына, Думаның ойсыз депутаттарына, жалпы теріс пиғылдыларға жақсы жауап болар еді», - депті.

Жалпы мемлекеттің атауындағы «стан» деген жалғауды алып тастап, «Қазақ Республикасы» деп атау туралы бірінші рет айтылып отырған жоқ. Осыған дейін мүйізі қарағайдай-қарағайдай қаламгерлер де, осы «Ақ жол» партиясының депутаттары да, тіпті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та сөз бастаған.

Солардың бірлі-жарымы:

2009 жыл. Ғарифолла Есім:

«Қазақстан Республикасы» деген - біздің ресми атауымыз. Демек, қазіргі кезде осы атауды қолдану - азаматтық борышымыз».

2014 жыл. Нұрсұлтан Назарбаев:

«Орта Азиядағы мемлекеттердің атында бар «стан» бізде де бар. Алайда осы «станды» қойып «Қазақ елі» атансақ болады. Мысалы шетелдіктер екі миллионнан асар аспас халық жайлап жатқан Моңғолия мемлекетінің атауына қызығушылық білдіруде. Сондықтан бізде «станды» қойып Қазақ елі атануға қақылымыз. Бірақ бұл туралы халықпен ақылдасып, ойласып алу керек».

2014 жыл. «Ақ жол»:

«Кешегі кеңес империясы кезінде де, ел атында «стан» жалғауы болған жоқ. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» деп аталды. 1991 жылы «Советтік Социалистік» атауы тарихтан өшкенде «Қазақ Республикасы» болып қалуы керек еді... Кеткен қателікті жөндеу енді біздің еншімізде».

2015 жыл. Тоқтар Әубәкіров:

«Мен бұл идеяны қолдаймын. Себебі, қазақ болсын, орыс болсын, неміс болсын - Қазақ елінде тұрып жатыр. Сондықтан, Қазақстан емес, Қазақ елі болуы керек».

2015 жыл. Айдос Сарым:

«Біз кімбіз? Қазақпыз ба, қазақстандықпыз ба? Біз «қазақ ұлтын» құруымыз және «қазақ ұлттық мемлекетін қалыптастыруымыз» қажет. Тарихи, тіпті заңдық тұрғыдан (Мемлекеттік егемендік туралы Декларация және мемлекеттік Тәуелсіздік туралы заң) бұл – дұрыс».

2016 жыл. Расул Жұмалы:

«Қазақ» атауы дұрысы. Қазақ Республикасы – The Republic of Qazaq! «Стан» деген атаудың өзі кей кездері үлкен шатасуларға алып келеді. «Қазақ» бір бөлек, «Қазақстан» бір бөлек. Орыс тілділер «Қазақстан» дейді, қазақ тілділер «қазақ» дейді. Ақыры бұл қоғамның екіге жарылуына себепкер болады. Қазақ мемлекеті болған соң, қазақтың байырғы жері болған соң «Қазақ Республикасы» болуы керек-ақ».

2019 жыл. «Ақ жол»:

«Қараны – қара, ақты – ақ, қазақты – қазақ деп атауымыз керек! Тіпті тоталитарлық совет өкіметі мойындаған Қазақ атын Республикамызға қайтару – тек тарихи әділетті құрметтеу ғана емес, сонымен қатар, барша көпұлтты отандастарымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз».

2020 жыл. «Ақ жол»:

«Биыл Алаш автономиясынан бастау алатын және қазіргі Қазақстанның негізін қалаған Қазақ Республикасына 100 жыл толды. Алдымен қателесіп Қырғыз автономиялық республикасы деп аталып, бес жылдан кейін Сұлтанбек Қожанұлы, Сәкен Сейфуллин, Жалау Мыңбайұлы және басқа да тұлғалардың арқасында республикамызға ұлтымыздың төл атауы қайтарылды. Біз тарихи бірлігімізді білдіретін Қазақ Республикасы мемлекеттік атауын қайтаруды жөн деп санаймыз».

Қазақстан атауын өзгерту туралы ел саясаткерлерінің осыған дейінгі дегендерін еске түсірдік. Қазақ мемлекетінің атауы аумалы-төкпелі заманда, Совет билігінің саясаты салдарынан қазақ саны азайып кеткен тұсында «Қазақстан» болып өзгертілді. Ол кешегі тарих. Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл!

Рас, ел атауын өзгерту туралы мәселені кеш көтердік. Кеше көтергенде жұрт: «Әп, бәрекелді» деді де, ертесі ұмытып кетті. Бүгін тағы көтерілді. Тағы да сол жұрт: «Енді бұл популизм» деп отыр. Мейлі, қай партия, қай саясаткер айтса да, қазақтағы «стан» дегеннен арылып, «Қазақ Республикасы» - «The Republic of Qazaq» болуымыз керек! Бір анығы - қоғам тарапынан сұраныс пен талап-тілек болса, біздің парламенттің бір заңды екі рет оқып қабылдайтын әдеті жоқ. Бір оқиды. Басты изейді...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

49 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5317