Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3449 15 пікір 8 Қаңтар, 2021 сағат 15:30

Нақты іс пен нәтиже қайда?

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ АСПЕН ДЕ, ТАСПЕН ДЕ, БАСПЕН ДЕ, ЖҮРЕКПЕН ДЕ, БІЛЕКПЕН ДЕ ҚОРҒАУЫМЫЗ КЕРЕК!

немесе президенттің мақаласына қатысты бірер ой

Президент Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын біз де оқып шықтық.

Баз біреулер секілді билік өкілі жазған кез келген туындыны «бұлар не айтса да, дұрыс емес» деп, жоққа шығару әдеті менде жоқ екенін білесіздер.

Мойындау керек, Тоқаев мырза идеология саласындағы біраз мәселеге тоқталып, қоғамдық пікірмен үйлесетіндей түйдек-түйдек ой тастапты. Онысын неге жоққа шығарайық? Мемлекет басшысы жер, тіл, тарих туралы жазбаса не істер едік?

Қаншама оппозиционер болсам да, жалпыұлттық, мемлекеттік мүдделер тұрғысынан айтылған біраз ойымен Қазақстан азаматы һәм патриоты ретінде мен де келісемін, қолдаймын.

Десек те, мақаламен танысу барысында көкейге кейбір күмән мен күдік қонғанын да айтпасам тағы болмас.

Ең алғашқы әсер сол: мақалаға біздің билік 30 жыл бойына арыла алмай-ақ келе жатқан бір ауру тән. Яғни, өткенге, соның ішінде, өз қызметіне баға бергенде біздің президенттердің аузынан өздеріне қатысты бір де бір сыни пікір айтылмайды-ау! «Ешнәрсе істемеген адам ғана қателеспейді» демей ме? Осы уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктермен қатар, билік атқарған қызметке сәл болса да сыни көзбен қарап, қателіктер мен кемшіліктер мойындалып жатса, онсыз да билікті атарға оқ таба алмай отырған плюралистік қоғамның мақалаға деген сенімі басқаша болар еді ғой.

Екінші әсер мынау: шынын айту керек, мақаладағы біраз мәселе бойынша бұрын тұңғыш президент те мақала жазып еді. Кей жерде сол тезистер бар, бірқатары жаңаланған.

Бірақ нақты іс пен нәтиже қайда?

Меніңше, мақаланың президенттік мәртебесін танытып, оны жұртқа паш етуге шартты бір мықты жол бар. Ол мынау – автор жазған әрбір оң тезис сол мақаланың өне бойында не тиісті заң немесе президент жарлығына, не үкіметке нақты тапсырма ретінде жалғасуы тиіс.

Әйтпесе, мемлекет басшысының мақаласының біз секілді публицистің туындысынан еш айырмашылығы болмай қалады!

Мәселен, жастар мен патриотизм туралы айтқанда, президент еліміздің көрікті жерлерін тізіп береді. Меніңше, осы жақсы тезистен кейін: «Жастарымыз сол жерлерге көптеп баруы үшін, үкімет бір (немесе екі не үш) жылда сол нысандарға сапалы жол мен өркениетті инфрақұрылым (әжетханалардан бастап!) жасап тастауы тиіс» деп шегелеп айтса, бұл шынымен де басқаша жанр боп шығар еді!

Енді мақаладағы нақты тезистерге олардың жазылу ретімен өз ремаркаларымды жазайын.

Президент жазыпты: «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік».

Әрине, екінші президент тұңғыш президентке риза болар.

Өзінен кейінгі регент ретінде таңдау жасаған оған белгілі бір дәрежеде саяси реверанс жасағаны да орынды шығар. Бірақ, өзінің тұғырнамалық мақаласында бір адамды халықтан бұрын айтуы дұрыс емес. Халықтан биік ешкім жоқ! Жалпы, осындай, жеке басқа табыну үрдісінен бас тартатын уақыт келді деп ойлаймын!

Президент жазады: «Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн».

Дұрыс-ақ! Бірақ ол тарих бір адамның өмірбаяны боп кетпесін! 30 жыл ішінде ел Тәуелсіздігін нықтау үшін Назарбаевтан басқа да тұлғалар еңбек еткен жоқ па? Басқасын айтпағанда, билік соншалықты жек көретін оппозиция қатарында қаншама лайықты тұлғалар болды! Неліктен осындай мақалалар мен ресми ақпаратта сол жайсаңдардың аты аталмайды? Және де сол тарихты жазған кезде, мен жоғарыда айтқандай, осы кезеңдегі қате шешімдер мен істер туралы жазылуы тиіс. Бірақ сондай қатқыл қайта қарау, тарихи ревизия жасауға қазіргі президенттің саяси ерік-жігері жете ме?

Президент жазыпты: «Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді».

Бұл сөздің де астары түсінікті, яғни 70 жыл бойына Мәскеуден мұраға қалған тарихтың орнына қазақтың өзі жазған тарих керек. Ол да дұрыс. Бірақ, осы жерде алдын-ала келісіп алатын бір жәйт бар. Меніңше, шынайы тарих ешбір боямасыз, саяси конъюнктурасыз болуы шарт. Оның өн бойында бүгінгі билікке жақпайтын үлкен қателіктер, олқы тұстар мен тұлғалар, трагедиялық сипаттағы таңдаулар болуы мүмкін. Сол туралы еш бүкпесіз, ешбір тарихи тұлғаның бет-жүзіне, атақ-беделіне қарамастан жазу керек!

Президент жазыпты: «Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек».

Бұл сөздің мәнісі де айқын, «шымшықты сойса да, қасапшы сойсын» дегені ғой.

Бірақ біз реалист болуымыз керек, біздің кешегісі, бүгіні, ертеңгісі бұлыңғыр болмысымызға, соның ішінде, тарихымызға қатысты небір арандатушылық ой-пиғылдарды алыс-жақын елдің саясаткерлері (жеме жемге келгенде өз ішімізден шыққан шұбар жыландар да!) әлі де айта бермек. «Біреу тыйым салды екен» деп, олар айылын жия қоймайды. Сондықтан отандық тарихшыларымыз да, саясаткерлеріміз де тарихымыз төңірегіндегі идеялық, идеологиялық айтыстарға әзір болуы тиіс. Және де бұл күрестің алдыңғы шебінде билік өкілдері жүруі шарт.

Президент жазыпты: «Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады».

Меніңше, президент жариялаған «халық үніне құлақ асатын» тұжырымдама әлі де толыққанды жүзеге аса қойған жоқ. Байқауымша, президент өз халқына құлақ асқысы келеді де, оның осы тапсырмасына құлақ асып жатқан парламент те, үкімет те, әкімдер да жоқ! ҰҚСК те жақсы бастама болғанымен, әзірше кеңес беруші орган ретінде ғана қалып отыр. Ертең жаңа парламент келеді, сол кезде бұл кеңестің мәртебесі қандай болмақ? Оның үстіне, осы кеңес құрамында оппозиция өкілдері жоқ. Сондықтан оны қазақ тарихындағы ұлы жиындармен салыстыру дәл бүгін артықтау болар.

Президент жазыпты: «Бірақ, саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға және жалаң ұранға еріп, мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайды. Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз. Елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық».

Анархия туралы оймен келісемін. Бірақ, билікке қарсы айтылған кез келген ой мен әрекетті анархия деп тануға қарсымын.

Меніңше, билік бір маңызды манипуляция жасап келеді. Яғни, өзіне (елбасына, кезекті президентке) қатысты айтылған кез келген пікір не қимылды ол әп-сәтте, сол қалпында «мемлекеттің іргетасын шайқалтқысы келеді!» деп бағалайды да, өркениетті елде айтыла беретін сынды құбыжық, керек десең, террористік бастама деп айыптай салады. Сол арқылы жалпыдемократиялық пікір мен қозғалысқа жеккөрінішті ен тағып қойғысы келеді.

Түйін. Сөз соңында дүниетанымдық һәм стилистикалық тұрғыдан айтарым мынау. Біздің президентте бір белгісіз рефлекс бар секілді. Яғни ол оқиғаның соңында жүреді, әлеуметтік желідегі комментатор сықылды.

Менің пайымдауымша, президент процесс, тенденцияның соңында емес, алдында жүруі керек.

Әзірше осы.

Әміржан Қосанның желідегі жазбасы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401