Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5909 0 пікір 29 Ақпан, 2012 сағат 14:42

Бекқожа Жылқыбекұлы. Даралықты тану үшін даналық керек

"Тәні сау болғанмен, жаны ауырмаған адамнан, дертсіз ақыннан классика тумайтын болуы керек. Ақын - өзінің ішкі дертін, жан ауруын інжуге айналдыратын жұмбақ жан" (Қадыр Мырза Әли). Жәркен Бөдешұлы - әне, сондай жұмбақ жандардың бірі. Кейбіреулер "ақындықты қойып кеттім дейді. Ақындық киесін ұстай алмадым, пенде тірілікпен болып кеттім деп мойындайтындар жоқтың қасы" (Мырзагелді Кемел). Жәркен Бөдешұлы пендешіліктің қаншама құрбаны болса да, ол ақындықты "қойып кете алмай жүр." Өйткені ол - азапты да ауыр жол есептелетін ақындықтың ақ сөйлейтін қайталанбас қасиетті киесінің тұтқыны. Сол себепті де біз оның өлеңдерін оқып отырып, қара өлеңнің қаймағынан дәм татып, Бұқар жырау сияқты жыр шыңына шыққан Ұлар жыраудың ұлылығымен тіл табысқандай боламыз.

Туған жерден кеткелi,

Сағынышым көп тегi.

Айға қарап ұлыған

Мен бiр жалғыз көк бөрi.

Айға қарап ұлысам -

Ай сарғайып батады.

Күнге қарап ұлысам -

Күн сарғайып батады.

Таңға қарап ұлысам -

Таң сарғайып атады.

Тауға қарап ұлысам -

Тау сарғайып қалады.

Суға қарап ұлысам -

Су сарғайып ағады.

Сарғаймайтын заман жоқ,

Адал аз да, арман көп,

Ұрлығы көп пәниде,

Ұлымасқа амал жоқ.

"Тәні сау болғанмен, жаны ауырмаған адамнан, дертсіз ақыннан классика тумайтын болуы керек. Ақын - өзінің ішкі дертін, жан ауруын інжуге айналдыратын жұмбақ жан" (Қадыр Мырза Әли). Жәркен Бөдешұлы - әне, сондай жұмбақ жандардың бірі. Кейбіреулер "ақындықты қойып кеттім дейді. Ақындық киесін ұстай алмадым, пенде тірілікпен болып кеттім деп мойындайтындар жоқтың қасы" (Мырзагелді Кемел). Жәркен Бөдешұлы пендешіліктің қаншама құрбаны болса да, ол ақындықты "қойып кете алмай жүр." Өйткені ол - азапты да ауыр жол есептелетін ақындықтың ақ сөйлейтін қайталанбас қасиетті киесінің тұтқыны. Сол себепті де біз оның өлеңдерін оқып отырып, қара өлеңнің қаймағынан дәм татып, Бұқар жырау сияқты жыр шыңына шыққан Ұлар жыраудың ұлылығымен тіл табысқандай боламыз.

Туған жерден кеткелi,

Сағынышым көп тегi.

Айға қарап ұлыған

Мен бiр жалғыз көк бөрi.

Айға қарап ұлысам -

Ай сарғайып батады.

Күнге қарап ұлысам -

Күн сарғайып батады.

Таңға қарап ұлысам -

Таң сарғайып атады.

Тауға қарап ұлысам -

Тау сарғайып қалады.

Суға қарап ұлысам -

Су сарғайып ағады.

Сарғаймайтын заман жоқ,

Адал аз да, арман көп,

Ұрлығы көп пәниде,

Ұлымасқа амал жоқ.

Өлең иесінің бұл өлеңдегi туған жерге деген назды сағынышы араласқан танымы оны дереу көк бөрiге айналдырып жiбередi. Ол өлең өзегiнде қалай қарап ұлыса да, сол болмыс пен құбылыс сарғайып қалады. Мiне, мұның өзi ақылдық танымның өлеңнiң құрылымында сезiмге айналуының айқын айғағы. Өлеңнiң соңғы "Ұрлығы көп пәниде, ұлымасқа амал жоқ" деген тармақтарында сезiмге айналған парасат қайтадан танымға айнала бастайды. Онда сезiмге айналмай қалған тармақтар да жоқ емес. Мысалы, "Туған  жерден кеткелi" деген тармақ өлең тiлi емес. Оны сезiмге айналдыру үшiн "кеткелi" деген шартты рай етiстiктiң тура мағынасын ауыспалы образды мағынаға ауыстыру шарт еді. "Сағынышым көп тегi" деген  тармақтағы "көп тегi" деген сөз тiркесiн "көктедi" деген болымды етiстiкпен ауыстырған ұтымды болар еді. Өлеңнiң соңғы "Сарғаймайтын заман жоқ, адал аз да, арман көп" деген екi тармағы бүкiл өлеңнiң өте серпiндi келе жатқан сезiмге толы тайпама жол жорғасынан ашық ақыл айтқандығы үшiн жаңылдырып, өлеңнiң өрттей жалынына су сепкендей әсер бередi. Сол себептi өлеңнің көркемдігі тұрғысынан бұл екi тармақты өлең бойына сыналанған, басы артық сөйлем деуге болады. Өйткені ақыл айту - өлеңге тән бейнелеу тәсіліне жат құбылыс. Өлең арқылы ақыл айтқан ақынды ақын емес, философ деу орынды. Қазіргі қазақ өлеңінің қасіреті ақын мен философты ажырата алмауымыздан туындап отырған сияқты. Бұған басылым беттерінде ақындық өлеңдерден гөрі ақылдық өлеңдердің жолы болып жүргендігі айқын дәлел бола алады. Марат Қабанбайдың сөзімен айтқанда: "Ақыл айтқан жерде поэзия өледі." Ал жыраулық поэзияның дәстүр жалғастығы тұрғысынан алып қарағанда, бұл табиғи құбылыс. Өйткені ақылдық сарын жыраулық поэзияның түп қазығы екендігі бәрімізге белгілі. Бұл - өлеңдегі сезiмдiк таным мен ақылдық танымның ақынның жасампаздық қиялы арқылы сергек сезiмге айналып барып, оқырмандардың ләззатану түйсiгiмен қиысып, одан соң олардың ой-қиялында парасатты таным болып қайтадан көрiнiс берiп тұрғандығы айдан анық. Мұндағы сезiмдiк таным өлеңдегi лирикалық "Меннің" көңiл-күй, мiнез-құлық жақтағы психологиялық өзгерiстерiнiң ақылға айналуы арқылы көрiнiс тауып отыр. Ал ақылдық таным түрінде қалып қойған ана бір тармақтар болса, осы бір философиялық көзқарастың сезiмге айналуын күтіп тұрған секілді. Сондықтан да бұл өлеңнің бойынан қазақ өлең өнерінің дәстүр жалғастығы мен жаңашылдығының қайшылықты көрінісінің бейнесін байқауға болады. Нақтылап айтқанда, біз күні бүгінге дейін жыраулық поэзияның табиғи жалғасы болған ақылдық өлең мен ақындық өлеңнің аражігін ажырата қарауға әлі де әлсіздік танытып келе жатырмыз. Өйткені қазіргі қазақ өлең өнерінде сыртқы түрі жыраулық ішкі мәні ақындық өлеңдерден мүлде аумайтын өлеңдер жиі кездеседі.

Жәркен Бөдешұлының өлеңдері соңғы кезде тіпті де шымырланып, тасқа қаққан шегедей орнығып, қадалған жерінен қан алатын қандауырдай даралана түскендігі оның өлең жасампаздығын бақылап жүрген байыпты оқырманға бірден аңғарылады.

Алматыдан -

Семейге ұшып түскенмін,

Тумысынан сыңар қанат құс көрдім.

Маған ешкім қарамады пысқырып,

Көз қиығы сол бейбаққа түсті елдің...

Құс жорғалап қарсы алдына келген-ді,

Балдақты адам оған жұмсақ жем берді.

Ақынның бұл өлеңі қас қағым сәттегі шынайы өмір көрінісін шеберлікпен сызып шыққан суретшінің ойлы суретіне ұқсайды. Ондағы "Семей" мен "Сыңар қанатты құстың" байланысы "Балдақты адам оған жұмсақ жем берді" деген тармақпен өте орынды сәйкестік тауып тұр. Бұнда "Маған ешкім қарамады пысқырып" деп отырған ақынның сыңар қанатты құсты Астанада көрмей, Семейде көруі өте ұтымды тапқырлық деуге болады. "Балдақты адамның оған жұмсақ жем беруі де" одан асқан шеберліктің жемісі екендігі көрініп тұр. Жәркен Бөдешұлының осы бір қысқа да нұсқа өлеңінің үлгісімен оның бұдан бұрынғы "Жұлдызға орын Ай бермес", "Емендер түнде бүрлейді", "Қасқырдың асығы" қатарлы өз бетін танытқан жыр жинақтарындағы өлеңдеріне көз салар болсақ, онда оның бірқыдыру өлеңдерінен өлеңнің сапасын емес, санын толықтырып тұрған бірқатар шумақтарды аңғарған болар едік.

Емен мәңгі тұрақтап,

Теріскейді, күнгейді.

Күн шыққанда шуақтап,

Ай туғанда бүрлейді.

 

Өлер ғасыр,

Өлер жыл,

Өнер, сірә, өлер ме?

Өркен жайған өлең-жыр,

Тағдырлас сол еменге.

Бұл өлең басқы бір-ақ шумақпен өзінің айтарын айтып, үлгірген өлең екендігі көрініп тұр. Оның "Өлер ғасыр, Өлер жыл, Өнер, сірә, өлер ме? Өркен жайған өлең-жыр, Тағдырлас сол еменге" деген соңғы шумағы - басы артық дүние. Оқырман ақынның түсінік беруінсіз бұл өлеңнің бірінші шумағын оқыған соң-ақ, баяғыда ой-қиял иіріміне сүңгіп кеткен болатын. Түпсіз терең ләззатты ой-қиял иірімінде сүңгіп отырған оқырманға түсінік берудің қажеті шамалы сияқты. Дәл осы бір өлең секілді мына бір керемет өлең де байқамай соңғы шумақтарын өзіне жалғап алғандығы көрініп тұр.

Ұзақ жолға алшаңдап жүргісі кеп,

Алшағыр ат белдеуде тұр кісінеп.

Шар айнадай көзінен жануардың,

Суретімді көрдім мен тұңғыш рет.

 

Тапса өмірден өзінің жарасымын,

Жасыра алмас ақ көңіл бала сырын.

Жанарынан ап-айқын көрініп тұр

Мөлдіреген мойылдай қарашығым.

 

Көрініп тұр көзінен дүйім дүние,

(Көріп тұрмын тіршілік күйін, міне).

Оның сол бір жайнаған жанарынан,

Көріп тұрмын тау, дала, үйімді де.

 

Ұзақ жолға алшаңдап жүргісі кеп,

Алшағыр ат белдеуде тұр кісінеп.

Ол да менің тұңғиық жанарымнан,

Көрді ме екен мүсінін тұңғыш рет?

Бұл өлең де басқы бір-ақ шумағымен мәңгі есте қалатындай ұлы өлең болуға тиіс еді. Бірақ ақын "Шар айнадай көзінен жануардың, Суретімді көрдім мен тұңғыш рет" деп, өте әсерленіп кеткендігінен болар, алшағыр аттың жанарына тағы да үңіліп, "Мөлдіреген мойылдай қарашығын", "Тау, дала, үйін" көруге тырысады. Ең сонында оған да қанағат етпей, "Ол да менің тұңғиық жанарымнан, Көрді ме екен мүсінін тұңғыш рет?" деп өз жанарынан алшағыр атқа өз мүсінін көрсетуге тырысады. Қанша дегенмен соңғы үш шумақтың алғашқы бір шумақтай табиғи ағылып тұрған таза лирикалық сезім емес екендігі көрініп тұр. Сол себепті де онда сезім ауысуы бар деуге болады. Өлеңде сезім ауысқан жерде оның немен тынатындығын Белинскийдің өлеңдік түсінігінен қарастырып көрейік. "Белинский лирикалы өлеңдердің оқырманды төзімнен айырып, жалықтырып жіберер ұзақ болуын ұнатпаған. Лириканың ұзақ болу себебін данышпан сыншы ақынның бір өлеңнің ішінде бір сезінуден екінші сезінуге ауысуынан, сондықтан амал жоқ, екі ұдай сезімнің жігін жымдастыру үшін ыстық сезімнен салқын ақылға көшіп, тілін безейді деп білген. Мұнда шындық бар ма? Бар. Сыршыл сезім орнына сырдаң ақыл қуалау - лирикаға шәлкес әрекет. Бір сезімнен екінші бір сезімге ауысу өлеңді шығарманың көлемін ұзартып жіберетіні де рас" (Зейнолла Ғабдолов). Жәркен Бөдешұлы бұл ақиқатты соңғы кездері қалыптастырған әрі қысқа, әрі нұсқа өлең үлгілерінде осы қағиданы терең түсінген көрінеді. Өйткені мынадай қарбаластық пен бәсекелестікке толы бәйгелер дәуірінде дәм-татусыз, ұзынсонар өлеңдерді оқып отыруға ешкімнің мұршасы келмей жүргендігі жасырын емес. Бұл күндері оқырман қысқа да нұсқа өлеңдерді өте талғампаздықпен саралап, оқиды. Сол себепті де ақын:

Қанаты алтын құс болып,

Ұшып, қонып жүремін.

Мұқағалиға түстеніп,

Жұмекенге түнедім.

Жолым ұзақ, түней кетпей, не етермін,

Өз қосыма арып ашып жетермін. -

деп өзінің бір кездері қара өлең үлгісімен өлең жазып, одан соң жыраулық поэзия сарынына ауысқандығын, түбінде өзінің Жәркенше бір жыр жәрмеңкесін елге әйгілі ететіндігіне сенім байлап отыр. Шынында да, "түнімен жыр жазып", өлеңдеріне "жарты айдан жақша ашып",  оған "жүлдыздардан нүкте қойып" жүрген ақынның өзінше бір сара жол салатындығына сенуге болады. Өйткені Жәркен ақын - өлең өлкесінде өршеленбей, даңқымен емес, дарынымен дараланып келе жатқан нағыз ақындық бейнедегі тұлға екендігін, әсіресе, еліміз егемендік алғаннан кейін, өз қолтаңбасымен дәлелдеп келе жатқан бірегей ақындардың бірі. Оның жырларындағы ұлттық рух Атамекенді аңсап, сол аңсаудың нәтижесінде "арғы беттен шегарадан қарғып өткен" ерлігімен ұштасып жатқандығын әлі де толық түсінбей келе жатқандығымыз өкінішті. Тіпті, іштей түсінсек те, мойындасақ та, мойындағымыз келмей қайқаңдап, жер шұқып, отырып қалатындығымыз да жасырын емес. Сайып келгенде, Жәркен ақынның өлең-жырлары оны қазіргі қазақ өлең өнерінде өзіндік беті бар бес ақынның қатарына ұялмай қоя алатындығына нық сенімді деуге болады. "Демек, стильді нақтылы талант, ұлы жазушылардың туындыларынан іздеген жөн" (Қажым Жұмалиев) деген сияқты, Жәркен ақын да - дарынды ақын. Оның өлеңдерін тілге алып, пікір білдіру өлеңдерінің өтімсіздігінен елеп-ескерусіз қалып жүрген ақындарымыздың жағасын ұстататындығы сөзсіз. Бұл арада бізге керегі де - осы. "Өлеңдері төгіліп тұр, құйылып тұр" дегеннен біздің ұтқанымыз шамалы. Ай бұрын мүшәйралар мен бәйгелердің жүлдегерлері анықталып жататын мына заманда Жәркен ақын сияқты өлеңде өз беті бар, дарынды ақындар мен жазушыларды жете тани алмай келе жатқандығымыз өкінішті-ақ!

Аңсайды құс- ұясын,

Құлан - қағын.

Дариға, орындалды ұлы арманым.

"Жайырдың ең құрметті азаматы"

Атандым жарлығымен бір Алланың.

"Ақындардың жүрегі - Тәңірінің  қазынасы" (Айгүл Кемелбаева) деген, міне, - осы. Алланың жарлығымен "Жайырдың ең құрметті азаматы" атанып отырған Жәркен ақынға "атағыңыз" құтты болсын айтайық, ағайын!

Бекқожа Жылқыбекұлы,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетiнің

доценті, ф. ғ. К

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969