Сәрсенбі, 6 Қараша 2024
Біздің шенеунік 9644 12 пікір 23 Қаңтар, 2021 сағат 11:22

Асқар Мамин көптің сөзіне неге құлақ аспайды?

10 қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі сайлауынан кейін ел Үкіметі қайта жасақталды. Мұндағы «қайта жасақталды» деген сөз айтарға ғана. Әйтпесе, жаңа үкіметте екі-ақ министр жаңадан тағайындалды. Ал өзгелері… өзгеріссіз орындарында қалды.

Осыған қарап ел арасында «Асқар Мамин үкіметінде кадрлық дағдарыс жалғасуда» деген әңгіме тараған. Тұтас үкімет құрамынан екі-ақ министрдің ауысуын басқалай қалай қабылдауға болады?

Ел үкіметінде министр қызметіне ғана емес, кіші министрлікке тағайындайтын да оңды кадр қалмаған секілді. Бұлай деуімізге Ғабидолла Әбдірахымовтың Мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалуы себеп болып отыр.

Ғабидолла Әбдірахымов

Мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалатындай Ғабидолла Әбдірахымов деген кім? Оның мамандығы, осы уақытқа дейін атқарған қызметі аталған министрліктің құзыретіне сай келе ме? Жоқ, келмейтін сияқты. Өйткені ол – аграрлық саланың маманы.  Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін 1996 жылы экономист-бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдаған. Біздің кейіпкеріміз әр жылдары әртүрлі қызметтің басын шалып жүрді. Сөйтіп көзге түскен. Ал Әбдірахмановты әйгілі еткен оқиға – Шымкент қаласында әкім болған кезі.

Еліміздегі үлкен шаһардың, Нұр-Сұлтан мен Алматыдан кейінгі ірі қаланың әкімі бола тұрып ол бірде туристік агенттіктің жалдамалы өкілі құсап қарапайым халықты әлемді кезіп, шарлауға шақырды. Егер ол қарапайым халықты әлемді шарлауға шақырған сөзін Шымкентте отырып айтса, сәл-пәл ақылға қонар ма еді.., олай болмады. Сондағы әкіміміз Лондондағы өзіне тиесілі аппартаменттің алдында, көзіне таққан қымбат көзілдірігіне көлденең өтіп бара жатқан бикештің сұлбасын түсіріп тұрып, елге деген махаббатын паш етпек болған-ды, алайда онысы басынан бейнеті арылмаған шымкенттіктердің ашу-ызасын тудырды.

Ол ол ма, Ғабидолла мырза әкім кезінде аңғармай сөйлеуден алдына жан салмайтынын талай аңғартқан. Мәселен, Арыс қаласында жарылыс болып, халық Шымкент қаласына ағылып келгенде алдынан шыққан әкім Әбдірахымовтың жігіттерге «әйелдеріңе ие болыңдар» деп, айқайлағыны есімізде. Ашынған жұртты мешіттің ауласына шақырып, келеге келтірмек болған әкімнің қазақтарға орысша сөйлеп әкіреңдегені де есімізде. Тағы бірде ол «Шымкент зың-зың қала» деп, көше жастарының тілінде сөйлеп, айды аспанға шығарды. Сонымен тоқтамай, елге жақындаған сыңай танытып, қоғамдық көлікпен жүріп те көрген болды, көшеде велосипед те тепті. Біз әкім қаралар қоғамдық көлікке аяқ артпасын, велосипед теппесін демейміз, бірақ соның бәрі хайп қуу, өтірік бет көрсету болған соң амал не?.. Халықшыл, іскер әкім автобусқа мініп, көшеде шайтан арбамен сейілдемес де, жақсыны жұрт айнытпай таниды. Жасаған жұмысын, елге сіңірген еңбегін бағалайды. Сөйтіп қана құрметтейді.

Ендеше мемлекеттік қызметкердің этикасына пысқырмайтын, мәдениет деңгейі түсініксіз Ғабидолла мырзаның мәдениет вице-министрі болуы қалай десек те ақылға қонбайды-ақ.

Мәдениет министрлігі – елдегі ең маңызды үкіметтік органның бірі. Елдің ел болып тұруы экономикаға ғана емес, мәдениетке де байланысты. Осындай маңызды салаға халық пен биліктің сенімін ақтай алмаған адамдар қалай басшылық етеді?!

Ғабидолла Әбдірахымовтың мәдениет деңгейі мен қызметтік этикасы жайлы айтпаған күннің өзінде ол мәдениет саласында жұмыс істемеген адам. Оның еңбек жолына қарасақ, президент әкімшілігінде, премьер-министрдің кеңсесінде жүрген және қала әкімі болған. Бірақ мұның бірде-бірі мәдениет вице-министрі қызметіне жол ашатын қызмет түрі емес.

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жас кадрлардың басшылық қызметке келгені жөн делік. Бірақ әркім өзі білетін саласында жұмыс істегені оң. Кеше әкім болып, халық наразылығынан кейін креслосынан айырылған адам бүгін мәдениет вице-министрі болғаны түсініксіз. Ел болса – анау, есерлерден әбден шаршады. Олардың ноқалай әрекетін күнде сынап, жұдырық түйіп отыр. Әйтсе де, халықтың сыны, талап тілегі түкке тұрғысыз болып барады. Тіпті, күні бүгінге дейін үкіметте не тындырғаны белгісіз Асқар Ұзақбайұлы Мамин көптің сөзіне құлақ асуды қойған секілді. Әлде, Үкімет басшысы Асқар Мамин мырза халықтың сөзін естімей ме?

Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі қызметінен шулы жағдайға байланысты кеткенде, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Әбдірахмовқа қатысты «оған берілген сенім кредиті таусылды» деп мәлімдеген еді. Әйтсе де, Әбдірахымов қайтадан атқа мінді. Шамасы, министрліктің лауазымды қызметіне қайта тағайындалу үшін жалғыз Асқар Мамин мырзаның «сенім кердиті» жеткілікті деп ойлаған болар...

Тақырыпқа тұздық

Ермек Тұрсынов, режиссер: Елімізді рухани апат күтіп тұр

Ермек ТҰРСЫНОВ: Салт-дәстүрдің мазмұнында не жатыр? (Видео) | “Адырна” ұлттық порталы

«Жаңа Үкіметтің құрамына қарадым. Дұрысы: ескі һәм «жаңа» Үкметтің... бәрі орнында. Райымқұлова да – орнында. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің Үкіметті Мәдениет мәселесі толғандырмайды дегенді білдіреді.

Елімізде шығармашылықпен шұғылданатын зиялы қауым кедейленіп барады. Сахна мен экраннан ұят кетті. Кино мен театрды найсаптық жайлап алды. Бізді алдағы күндері рухани апат күтіп тұр».  

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1093
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1872
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1849