Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Тіл тұтастығы – ел тұтастығы!
Таяуда ғана жарық көріп, бүкіл алаш жұртын Тәуелсіздіктің 30 жылдық арайлы мерейтойын лайықты қарсы алуға үндейтін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында сөз етілген 30 концепция ШҚО көпұлтты аудандарының тұрғындарын да бей-жай қалдырған жоқ.
Кезінде дүйім қазаққа әйгілі айтыскер ақын Қалихан Қалиасқарұлы Алтынбаев ағамыз өзінің кезекті айтысы кезінде:
Бородулиха мен Шульба бар,
Неміс, кәріс, орыс бар,
Небір түрлі жеміс бар,
Бірақ қазақ тілінде кеміс бар, - дейтін жыр жолдарындағы сөз болған Бородулиха ауданындағы қазақ елінің біртұтастығы, мызғымас халықтар достығы мен қазақ тілі мәселесі қазіргі аудан әкімі Кенеғұл Қашкенұлының арқасында оң шешімін тауып жатқанына көз жеткіздік.
Бұл ауданда кеңестік дәуірден мұраға қалған жер-су атауларын қазақтандыру бағытында соңғы жылдарда бірталай жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Арбузовка – Қарағайлы, Романовка – Жақсылық, Песчанка – Құнарлы т.б. өздерінің ежелгі атауларын иеленді. Осы орайда, Президентіміздің: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» дегенінде көп мән-мағына жатыр.
Иә, қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері жергілікті ұлт саны 35,77%-ды құрайтын өңірде жетіп артылады. Олардың арасында басшы қызмет атқарып, депутат болып сайланып, ел үмітін ақтап жүргендер де жоқ емес. Біз Бородулиха ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Индира Юрьевна Бельская, VІI шақырылған Бородулиха аудандық мәслихатының №10 Дмитриевка сайлау округі депутаты болған Виктория Анатольевна Мокроусова және Бородулиха аудандық мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының директоры Мейрамгүл Балабайқызы Атаеваны Қазақстан Республикасының Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында сөз етілген 30 концепцияға қатысты сөзге тарттық. Енді аталған мақалаға қатысты олардың әрқайсысының жеке пікірлеріне кезек берейік.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Индира Юрьевна Бельская: «Биыл еліміздің өз Тәуелсіздігін алғанның 30 жылдығы, оны барша қазақстандықтандықтармен бірге біздің ауданда лайықты қарсы алады деген ойдамыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған мақаласында еліміздің басты құндылықтарына баса назар аударды. Егемендігіміздің мәңгілік үш құндылығын сипаттады. Солардың бірі, мемлекеттік тіліміз. Қазақстандықтар тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік тілімізді толығымен меңгерген жоқ, осы тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлының, ол әр азаматтың өзінің жеке ниеті мен ынтасына байланысты деген сөздерімен толық келісемін. Бүгінгі таңда қазақ тілін оқып-үйрену үшін елімізде барлық жағдай жасалған, атап айтқанда біздің Бородулиха ауданында да мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығы жұмысын жалғастырып келеді. Ең бастысы, осы сындарлы жылдар аралағында мемлекетіміздің буыны бекіп, ел ішінде ұлтаралық дүрдараздық орын алған жоқ. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерімізді көзіміздің қарашығындай сақтау әрбір қазақстандықтың парызы. Сөзімді осы мақаладағы мына бір «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі», деген ұлағатты сөзбен аяқтағым келеді деді Индира Юрьевна.
Бородулиха ауылының Абай атындағы мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Виктория Анатольевна Мокроусова: «Осы мақаладағы: «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты» деген жолдар біз сияқты қазақ тілінің қадіріне жеткендерге қарата айтылғандай. Өзім ұстаз болғандықтан өзге ұлт басым аймақтарда қазақ тіліндегі танымдық сайттар, ютуб арналар, аудандық телеарналар ашуды қолға алатын кез келді деген ойдамын. Егер осы жұмыстар қолға алынатын болса, біздің өңірде оны жүзеге асыратын мамандарда жоқ емес.
Президентіміз: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары», дейді.
Біздің өңірден қазақ әдебиетінде фэнтези жанрын өмірге әкелген қаламгер Таупық Рымжанов шықты. Жалпы, ШҚО Тайыр Жомартбаев, Сапарғали Бегалин, Марат Қабанбай және Толымбек Әбдiрайым сынды қазақ балалар әдебиетінің классиктері шыққандығы әдебиет тарихынан белгілі. Енді аталған қаламгерлердің туындыларын өзге тілге, оның ішінде орыс тіліне аударын кез туған сыңайлы.
Мен өзімді тәуелсіздік құрдасы санаймын. Президентіміз мына пікірі бізге қаратыла айтылып отыр: «Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек».
Бородулиха аудандық мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының директоры Мейрамгүл Балабайқызы Атаева: Президентіміз өз мақаласында: «Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар» дейді. Шығыс Қазақстан облысын «Тұран» деп атауды кезінде өзім редакторы болған «Аудан тынысы» газетінде аймағымызға белгілі ақсақал, жергілікті қаламгер, алаштанушы Сейітмұхамет Тәбәрікұлы көтерген еді. Осындай қазақ жерін оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлмей, тарихи атаулармен атайтын болсақ, ел іргесі мызғымастай бекемделе түсер еді.
Бізді қуантқаны осы мақаладағы: «Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық», деген тағылымды пікір. Бұдан шығарып айтарымыз, біз сияқты орыс тілді аудандардағы мекемелерге жеке ақша бөлінсе, не болмаса арнайы грант қарастырылса, әлемге әйгілі киноалпауыттары саналатын Netflix, HBO, Amazon, Showtime, FX, Hulu және BBC-лердің телехикаяттары мен деректі фильмдерін әм балалар мультфильмдерін қазақша сөйлетер едік» деп ой толғайды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан Қазақстан үшін бұл он екі ай толымды істерге толы болуы тиіс. Осыны айқын аңғарған мемлекет басшысы ұлтының алдына атқарылуға тиіс айқын міндетті нақты белгілеп беріп отыр. Оның қалай жүзеге аса бастағанын ШҚО Бородулиха аудандағы қарышты істерден бағжайлай алдық.
Әбіл-Серік Әлиакбар
Abai.kz