Қанағат Жүкешев. Өркениеттік омырылу және ұлттық рухани екіұдайлық
Қазақ тілі соңғы 20 жыл ішінде ең өзекті мәселе ретінде қоғам назарынан тыс қалып көрген емес. Ол туралы баспасөз аз жазған жоқ, түрлі конференциялар мен жиындарда аз айтылған жоқ. Бұл мәселенің түйінін шешуге тіл мамандары ғана емес, журналистер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, депутаттар, түрлі рангадағы шенеуніктер қатысты. Мол экономикалық ресурс жұмылдырылды. Әкімшілік пәрмен іске қосылды. Түрлі акциялар ұйымдастырылды. Бағдарламалар бірнеше дүркін қайта қабылданып, қазақша іс жүргізуге толық көшетін мерзімдер қайта бекітілді.
Ақыры бұқара Республика Президентінің ашулы пікірін де естіді. Мемлекеттік бюджеттен қыруар ақша бөлініп, барлық буындардағы тілге қатысы барлар сілкіленіп, оқулықтар қайта жазылды. Тілді оқытатын сағаттар көлемі ұлғайтылды.
Осыдан кейін де қазақ тілінде алға басу болған жоқ. Мекемелердің, кәсiпорындар кеңселерiнiң маңдайшаларындағы атаулар, көшедегi безендiрулер мен жарнамалар әлі грамматикалық қателерге тұнып тұр. Қазақ баспасөзінде де стильдік қателер өріп жүр. Теледидар арқылы сұхбат берушілердің сөздеріндегі нормадан ауытқу 80 %-дан 100%-ға дейінгі көлемде ұшырасады. Екі тілде іс жүргізу асқынған формалы үлгі тауып алды: есептер мен хаттамалар орыс тілінде жасалып, сонан кейін, тек көрсету үшін ғана қазақшаға аударылып, папкаға салынып қойылатын болды.
* * *
Қазақ тілі соңғы 20 жыл ішінде ең өзекті мәселе ретінде қоғам назарынан тыс қалып көрген емес. Ол туралы баспасөз аз жазған жоқ, түрлі конференциялар мен жиындарда аз айтылған жоқ. Бұл мәселенің түйінін шешуге тіл мамандары ғана емес, журналистер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, депутаттар, түрлі рангадағы шенеуніктер қатысты. Мол экономикалық ресурс жұмылдырылды. Әкімшілік пәрмен іске қосылды. Түрлі акциялар ұйымдастырылды. Бағдарламалар бірнеше дүркін қайта қабылданып, қазақша іс жүргізуге толық көшетін мерзімдер қайта бекітілді.
Ақыры бұқара Республика Президентінің ашулы пікірін де естіді. Мемлекеттік бюджеттен қыруар ақша бөлініп, барлық буындардағы тілге қатысы барлар сілкіленіп, оқулықтар қайта жазылды. Тілді оқытатын сағаттар көлемі ұлғайтылды.
Осыдан кейін де қазақ тілінде алға басу болған жоқ. Мекемелердің, кәсiпорындар кеңселерiнiң маңдайшаларындағы атаулар, көшедегi безендiрулер мен жарнамалар әлі грамматикалық қателерге тұнып тұр. Қазақ баспасөзінде де стильдік қателер өріп жүр. Теледидар арқылы сұхбат берушілердің сөздеріндегі нормадан ауытқу 80 %-дан 100%-ға дейінгі көлемде ұшырасады. Екі тілде іс жүргізу асқынған формалы үлгі тауып алды: есептер мен хаттамалар орыс тілінде жасалып, сонан кейін, тек көрсету үшін ғана қазақшаға аударылып, папкаға салынып қойылатын болды.
* * *
Тіл және оны меңгеру туралы сөз болғанда алдымен тіл нормалары және олар жазылған оқулықтар ойға түседі. Өйткені, оқулықта тіл туралы өмірлік практикада дәлелденген, уақыт сынынан өткен, бұлтартпас теориялардың жиынтығы қамтылуы және олардың білім алу жолына түскен жас ұрпаққа дәл және түсінікті тілмен жеткізілген хрестоматиялық нұсқасы ұсынылуы тиіс. Солай екені рас болса, оқулықтар арқылы ғана тілдің қазіргісі мен келешегін көз алдыға елестетуге болады.
Ал қазақ тілінің оқулықтарында ұшырасатын қателерді көрсеңіз ешбір елде, еш уақытта болмаған, құлақ естіп, көз көрмеген нағыз нонсенс осы деген болар едіңіз. Лингвистік категорияларды теріс түсіндіру, снтаксистік тұрғыдан дұрыс құрылмаған сөйлемдер, теріс тәрибеге құрылған мәтін, ақпараттық функция атқара алмайтын мысалдар 5-сынып оқулығының бірінші бетінен 9-сынып оқулығының соңғы бетіне дейін үзіліссіз орын алған. Бес оқулықты түгел ақтарғанда, оның ішінен «шіркін, қазақ тілі» дегізетін бес абзац табылмайды, керісінше, оқушыны мезі ететін, ойын бұлдырлататын, оны кеудесінен кері итеретін факторлар тұнып тұр.
Қазақ семантикасы осындай өрескел қойыртпаққа айналғандықтан мектепті ана тілінде бітірген адамның өзі дұрыс сөйлей алмайтын ахуал қалыптасқан. Енді осы шаруаға қатысты адамдарды Президент қалай сабаса да немесе бәрін қуып жіберіп, орнына жаңа адамдарды әкеліп, ақшаны үйіп беріп, тапсырманы Өзі беріп, орындалуын Өзі қадағаласа да, қазақ тілінің көші алға жылжымайтыны белгілі болып отыр.
Неге?
Бұл қазақ тілін оқыту үдерісін бұзып жіберетін диверсиялық әрекет шығар? Жоқ. Диверсияны жеке адам немесе адамдар тобы жасайды. Ал бұл жерде біз осы салаға қатысы бар адамдардың бәрінің қолтаңбасын көріп отырмыз.
Бұл құбылысты жалпы адам факторымен түсіндіруге болмайды. Өйткені, бұл шараларға кәсіпқой күштердің бәрі қатысты. Авторлардың қолынан шыққан жазбаларды баспа редакторлары, сонан кейін сарапшылар, сонан кейін «Оқулық» орталығында отырғандар, Министрліктің жауапты қызметкерлері, министрдің өзі мен орынбасарлары қарады. А.Байтұрсынов атындағы тіл білімдері институтының ғалымдары, Мемлекеттік Тіл комитетінің ғылыми және жауапты қызметкерлері, ҚР Президенті аппаратының тіл мен білім беруге қатысы бар лауазымды шенеуніктері де бұдан қалыс қалған жоқ.
Бұл құбылысты уақыт факторымен де түсіндіруге болмайды. Өйткені, қазақ тілі оқулықтарының күйі бұдан он жыл бұрын да, жарты ғасыр бұрын да солай болған. Бұл - ғасыр бойы созылып келе жатқан дерт. Бұдан былайғы кезеңде де белгілі бір уақыт өткеннен кейін жақсарады деп күттіретін, үміттендіретін сәуле жоқ
Бұл құбылысты саяси-әкімшілік, демографиялық, экономикалық, құқықтық факторлармен де түсіндіруге болмайды. Өйткені, бұған дейінгі кезеңде қазақ тілі үшін аталған бағыттардағы жағдайлардың бәрі жасалды: саяси шаралар жүргізілді, демографиялық ахуал қазақтардың пайдасына өзгерді, қаражат жеткілікті бөлінді, қазақ тіліне заңды мемлекеттік мәртебе берілді.
Кез келген кемшілікті жоюға, қатені түзеуге болады. Ал қазақ тілінің айналасында шоғырланған келеңсіздіктер қаз қалпында, тұрақты қалып отыр.
Неге?
Неге екені - бұл құбылыстың түпкілікті себебі басқа.
* * *
Дүниежүзілік тарихта қоғамдардың түрлі параметрлер бойынша жіктелуі болып жатады. Солардың ішінде халықтардың дінге қатысы жағынан немесе экономикалық-формациялық сипаттамалары жағынан жіктелуі басым көрініс береді. Жіктелген қоғамдар арасында қақтығыстардың болып тұруы заңдылыққа айналған.
Өркениеттер арасындағы қақтығыс мәселесін кеңінен зерттеген философтардың бірі С.Хантингтонның өркениеттердің омырылуы (ор.: цивилизационный разлом) теориясы бойынша омырылу сызығының бір жағында латын және герман тобындағы тілдерде жасалған, адам еркіндігін алға шығаратын құндылықтарды ұстанатын, католицизмнің айналасына топтасқан өркениеттер, екінші жағында - православие және мұсылман діндерін ұстанатын, адам құқығын толық мойындамайтын елдер тұр. Қазіргі геосаси кеңістікте болып жатқан қақтығыстар, негізінен, осы омырылу сызығының екі жағындағы қоғамдар арасындағы түсініспеушіліктен туындап отыр.
Америкалық зерттеуші Э.Тоффлер дүние жүзі елдерін әлеуметтік-экономикалық даму жағынан екіге бөліп қарастырды. Ол былай жазды: аграрлық қоғам адамдары «бұрынғы аталары сияқты өмір сүреді. Бұлар өткеннің адамдары,.. Дамыған өнеркәсіпті елдерде тұратындар заманауи өмір сүреді. Олар қазіргі күннің адамдары».
Омырылу бір елдің өз ішінде де болып жатады. Оған Ресей зиялыларының батысшылдар және славянофильдер болып аталған екі парадигманың айналасына жіктелуі мысал бола алады. С.Хантигтонның сипаттауы бойынша «Қырғи қабақ соғыстан кейін батысшылдар мен славянофильдер арасындағы классикалық күрес қайта жанданып, Ресей қайтадан «жыртылған елге» айналып отыр».
Қазіргі қазақтың рухани әлемінде болып жатқан құбылыстарға ұстанымында өркениеттер арасындағы антагонизмнің салдары болып табылатын ғаламдық тарихи қақтығыстардың тұйықталған бір буыны ретінде қарау керек. Ғаламдық және елішілік жіктелудің пайда болу себептері мен өту үдерісінде өзіндік ұқсастықтар мен ерекшеліктер бар.
Қазір көптеген елдерде аграрлық укладтан индустриялық укладқа ауысу кезеңінде ұлттың іштей омырылу құбылысы болып жатыр. Э.Тоффлердің саралауына салсақ, өнеркәсіпті қалаларда тұратын қазақтар «қазіргі күнмен», ал ауыл тұрғындары «өткенмен» өмір сүріп жатқандар болып шығады. Қазақтың «рухани омырылуы» ұлттың өз ішінде, әлеуметтік қоныстану және тілдік белгілеріне қарай болып отыр. Бұл жіктелудің өркениеттік, діни, философиялық-парадигмалық жіктелулерге қарағанда зардабы ауыр болып отыр.
Омырылу сызығының бір жағында ауылдарда тұратын қазақтілді қазақ әлемі, екінші жағында қалаларда орныққан орыстілді қазақ әлемі пайда болды. Өркениет сатысының түрлі баспалдақтарында жайғасуына орай, олардың интеллектуалды даму деңгейлері әр келкі, тиісінше, мәдениеттері де басқа. Екі топ елеулі саяси құбылыстарға түрліше көзқарастар ұстанады. Олардың ірі саяси қайраткерлердің қызметіне, мәдениетке, тілге, қоғамның келешегіне, ұлт қатынастарына, халықаралық саясат векторларына қатысты тұрғылары да өзгеше. Әр топ өзінің ойкумена кеңістігіндегі өмірлік тәжірибесінен қорытынды шығарады. Ойлау стильдері де әр түрлі бастаулардан алынған семантикалық жүйенің мазмұнымен анықталады. Былайша айтқанда, бір қазақ ұлтының ішінде екі маргиналдық топтан тұратын, екі тілде сөйлейтін, дүниетанымдары бөлек, екі әлемді құрайтын, екі мәдениет жасап отырған, екі «ұлт» өмір сүріп отыр.
Екі әлем өкілдерінің бетке ұстар құндылық бағдарлары, дүниені көруі, тануы басқа болғандықтан, олар бір құбылысты әр қайсысы өз қырынан көреді, бір сұраққа кереғар екі түрлі жауап береді, бір мәселе туралы қабылдайтын шешімдері де басқа. Екі әлем адамдарының талғамдары да үйлеспейді, тыңдайтын әуендері, айтатын әндері де басқа. Белгілі бір ауқымды мәселені шешуге келгенде ойлау стиліндегі және дүниетанымдағы алшақтық оларды баррикаданың қарама-қарсы жақтарына топтасуға итермелейді. Мұның арты рухани аялардағы мәселелердің бәрінің шешім таппай, аяғы бітпес дауға ұласып кету жағдайына тіреліп отыр.
Біріне бірі мәмбет және мәңгүрт деп сайқымазақ ат қойып алған екі әлем адамдарының арасында өзекті мәселелер төңірегінде баспасөзде бітіспес айтыстар жүріп жатады, оның арты шептесулерге де ұласып жатады.
Аңғал балаша қателесетін қазақ лингвистерінің тіл хақында айтып жүрген сөздері мен қылып жүрген қылықтарының бәрі үдерісті: «тіл туралы заң өзгерсе», «бәрін билік жасап берсе» деген сияқты,.. Тілдің рухани дүние элементі екенімен санаспаған академиктер оны рухани өмірдегінің бәрімен, әсіресе мәдениетпен тығыз байланыста қарастырмады. Адамдардың қазақ тілін үйренуге тырыспауының астарында қазақтілді мәдениеттің өзіне тарту күшінің жетпей жатқаны, қазақтілді контенттің сапасыздығы жатқанын аңғармады.
Эллин дәуірінде римдіктер гректермен, орта ғасырларда жапондар қытайлармен жақсы түсініскен. Мұның себебін белгілі Шығыс зерттеушісі Н.И.Конрад былай түсіндіреді: ол адамдардың "екі тілді білгендігінен емес, екі халықтың да сол кезде интеллектуалдық дамудың бір баспалдағында тұрғанынан, олардың мәдениеттерінің бір болғанынан,.. және ойдың мазмұнындағы ұқсастық, семантикалық жүйенің бірлігі оны бейнелеудегі форманың әр түрлілігіне қарамастан тілдің бірлігіне бастап әкелген».
Мінеки, гректер мен италиялықтар, жапондар мен қытайлар, ағылшындар мен француздар,.. бірін бірі жақсы түсінгенде, орыстілді қазақ пен қазқтілді қазақ түсініспейді. Өйткені, біздің мәңгүрттер мен мәмбеттер интеллектуалды дамудың түрлі баспалдақтарында тұр, олардың мәдениеттері басқа, олардың ойларының мазмұны мен семантикалық жүйелері үйлеспейді. Анклав жағдайындағы ауыл мәдениеті тұтас қоғам үшін рухани құндылық бола алмады. Рухани омырылу сызығының екі жағында қалудың салдары осыдан көрініс береді.
Ұлттық екідайлық қазіргі Қазақстан қоғамының рухани дамуы барысындағы аса күрделі әлеуметтік-психологиялық мәселеге айналып отыр.
Екі топтың өкілдері де ұлттық бірлік идеясын жақсы түсінеді, оған тырысады да. Отаншылдық сезімдерден кенде емес. Ел, жер, ұрпақ қамы тектес құндылықтар екеуіне бірдей. Ұлттың, қазақ тілі мен мәдениетінің келешегіне қатысты екі топ адамдарының да ниеттері ізгі, мақсаттары биік, құлшыныстары құптарлық. Солай болса да, арадағы рухани түсініспестіктің салдары оларды дамудың белгілі бір бағыттық мәселелерін шешу барысында маңыз аларлық қақтығыстарға соқтықтырып отыр.
Бір топтың екіншісінің тұрағына қарсы эмоциялық бұрқылдауының бәрі түсініспеушіліктен туындаған. Ал түсініспеушіліктің төркіні олардың дүниені тану әдістерінің және интеллектуалдық деңгейлерінің әр келкілігіне байланысты.
* * *
Ұлттық мемлекеттің тәуелсіз өмір сүруінің 20 жылдық тәжірибесі қазақ тілі мен мәдениетінің мәселелері тек қазақтілді қауымның күшімен шешілмейтінін көрсетті. Тілдің мемлекеттiк болуы немесе бола алмауы оған қатысты орыстiлдiлердің ұстанатын тұрғысы мен әрекетінің бағытына тура байланысты. Орыстілділер мәселенің мәніне белсенді араласуы, құбылыстың тереңде жатқан себептерін іздеуі, табуы, табылған дәйекті бағыттарды қолдауы және түйіннің түпкілікті шешілуіне селбесуі керек. Орыстiлдi қазақтар тіл үйренуші субъект рөлінде болуымен қазақ тiлiн созылған тығырықтан шығарып ала алатын маңызды күш ретінде көріне білуі керек.
Ақиқаттың екеу болмайтыны белгілі. Олай болса, ауылдың қазақтілді қазағы мен қаланың орыстілді қазағының ұстанатын тұрғыларының біреуінікі дұрыс екіншісінікі теріс.
Адамзат тарихы екшеп шығарған, уақыт сынынан өткен, дүниежүзін жайлаған адам атаулы санасатын, дауға түспейтін аксиомалар бар. Олардың кейбіреулері мыналар: әлсізді күшті жығады; шабаннан жүйрік озады; жеңілді ауыр басады; регресті прогресс жеңеді. Осы сарынмен саралай қарасақ, Аграрлы қоғамнан индустриялы қоғам жоғары тұр. Ауыл әр қашан артта, қала әр қашан алда. Сондықтан ауыл қаланың соңынан ереді. Дүние жүзінің барлық елдерінде, тарихтың барлық кезеңдерінде солай болған, қазір де солай, бұдан кейін де солай бола береді. Тарихи ақиқат - осы.
«Абай-ақпарат»