Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3499 0 пікір 27 Наурыз, 2012 сағат 05:31

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

 

VII

 

Қораға қасқыр шаппаған бір сенбінің кешінде Қуат үстіндегі қара кенепті тастап, өз киімін асыға киіп жатыр еді.

- Көшеге шығайық! - деп маған сыбыр ете түсті, - сен де киін! Ақан ағаңдікіне барамыз... Бұрын көріп пе едің өзің?

- Кішкене кезімде көргенмін.

Мен де киіндім. 1934 жылғы Шәуешек тас жолындағы ашаршылықта жәрдемдескен Ақан Қондыбайұлы көз алдыма елестей қалды. Қазір өлкелік қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымында екенін естігенмін. Үрімжіге жүрерде әке-шешем де «алдымен Ақан ағаңды тауып ал» деп көп тапсырып еді. Ұйымның өз ауласында екен, құлдай келіп сұрап таптық. Бірақ ең қатерлі кезеңде тауыппыз, апақ-сапақта іздеуіміз мұндай абырой болар ма. Қолға алыну кезеңі - бүгін түн ортасы екенін байланысты адамдардан естіп, кешкі сағат тоғыздан қалмай Совет елшілігіне кіріп алуға келісіпті. Біз кіргенде үй саймандарының керектісін жиыстырып жатыр екен.

Шәуешекте - аймақтық ұйымда тұрғанында қолында өскен Қуаттың таныстыруымен мені құшақтай алған Ақан маңдайымнан сүйді.

- Қап! - деп қалды ойлана қарап. - Кеше келсеңдер тым болмаса ақша жағынан көмектесіп кететін едім. Қалғанын бүгін орналастырып болғанмын... Әке-шешең аман ба? - деп сонан соң сұрады. - Ал, біз... дереу кетіп құтылуымыз керек! Туысқан-туған, аға-жеңге, бауырлардың бәріне сәлем айтыңдар!...

 

VII

 

Қораға қасқыр шаппаған бір сенбінің кешінде Қуат үстіндегі қара кенепті тастап, өз киімін асыға киіп жатыр еді.

- Көшеге шығайық! - деп маған сыбыр ете түсті, - сен де киін! Ақан ағаңдікіне барамыз... Бұрын көріп пе едің өзің?

- Кішкене кезімде көргенмін.

Мен де киіндім. 1934 жылғы Шәуешек тас жолындағы ашаршылықта жәрдемдескен Ақан Қондыбайұлы көз алдыма елестей қалды. Қазір өлкелік қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымында екенін естігенмін. Үрімжіге жүрерде әке-шешем де «алдымен Ақан ағаңды тауып ал» деп көп тапсырып еді. Ұйымның өз ауласында екен, құлдай келіп сұрап таптық. Бірақ ең қатерлі кезеңде тауыппыз, апақ-сапақта іздеуіміз мұндай абырой болар ма. Қолға алыну кезеңі - бүгін түн ортасы екенін байланысты адамдардан естіп, кешкі сағат тоғыздан қалмай Совет елшілігіне кіріп алуға келісіпті. Біз кіргенде үй саймандарының керектісін жиыстырып жатыр екен.

Шәуешекте - аймақтық ұйымда тұрғанында қолында өскен Қуаттың таныстыруымен мені құшақтай алған Ақан маңдайымнан сүйді.

- Қап! - деп қалды ойлана қарап. - Кеше келсеңдер тым болмаса ақша жағынан көмектесіп кететін едім. Қалғанын бүгін орналастырып болғанмын... Әке-шешең аман ба? - деп сонан соң сұрады. - Ал, біз... дереу кетіп құтылуымыз керек! Туысқан-туған, аға-жеңге, бауырлардың бәріне сәлем айтыңдар!...

- Аға, біздің Сәдуақас ағаның қайда екенін білесіз бе, - деп сөзді Қуат бөлді. Өзінің үлкен ағасын Шәуешектен қара машинемен кеткенін маған осы жолда келе жатқанда ғана сыбырлаған болатын.

- 18-ші түрмеде деп естігенмін, қазірше аман. Тұра тұр, мен бір қағаз жазып берейін! - деп Ақан кішкене үстеліне отыра қалды. Шекелі кең маңдайынан бұршақтаған терін орамалымен сүрте салып жаза жөнелді. Семіз қара жеңгеміз бір-екі чемодан буыншақтарын дайындай салып, пальтосын кие тықыршыды. Дір-дір қағады. Сұраған Қуатқа жалғыз қызын күндіз жөнелтіп қойғандай жыламсырай тұрып айтты. Ақсары Ақанның қалқиған үлкен құлағы да, кесек кеңсірікті мұрны да қып-қызыл. Өмір мен өлім арасындағы жанталас «қызылтанау» деп аталатын нағыз қарбалас кезең осы-ақ болар деп ойладым мен. Ірі денесі сонда да сабыр сабын міз бақпай сақтағандай, асықпай жазып шықты, - Құндақбай дейтін жігітті сыртынан сұрап анық біліп ал да, осы хатты бер! Өзі де құндақталғандай тас түйін киініп жүретін, тап-тұйнақтай шағын ғана сары жігіт! - деп Қуатқа анықтап ұқтырып жатты. Мен ести отырып Қуаттың енді табатыны дәл өз сыңары екеніне әуестендім. Жалғыз-ақ  парқы сұрғылт сары Қуаттың басының ерекше жуандығы ғана сияқты, - Бұл хатты алда-жалда қате танып басқа біреуге беріп қойсаң өзің де дереу қолға алынасың! - деп Ақан қайталай түсіндірді, - Құндақбай сол Сәдуақастар жатқан бірқатар түрменің кілтшісі. Ағаңның халін содан толық ұғуың мүмкін. - Оған көрісіп те тұрасың! Өздеріңнің осы мектепке түсулерің бір ойдан жақсы болыпты. Өмірді толық түсіндіретін мектеп, жаңа келген әрі жассыңдар ғой, сақ жүрсеңдер, қазірше сендерді жей қоймас! - деп Ақан сағатына қарады, - ал, ауланы қоршамай тұрғанда кетіп алайық! Аман болсақ, әлі-ақ көрісерміз, қарашықтарым!.. Хош-сау тұрыңдар!

Ақан үні дірілдеп, көңілі босай қоштасты да, біз көзімізді бір-бір сығып тастап, шыға бердік. Қақпадан шығып, көшемен сәл өрлегенімізде арт жағымыздан жеңіл машинаның үні естілген соң, қайырыла қалып едік, кішкене сұры машина сол қақпаның алдына келіп тоқтай қалды. Чемоданды, буыншақты екі адам келіп кірісімен қайта бұрылып - сырғи жөнелді.

- Аман кетті, құтылды! - деді Қуат, - алдыңдағы анау сары дуалды қызыл қақпа - Совет елшілігі, соған кіре салады!

- Қара машина ағаларды құрту үшін ұрласа, сұры машина құтқару үшін ұрлайды екен, ә! - дедім мен.

Күлгенде екі езуін екі құлағына жеткізе күлетін әдеті бойынша, Қуат жымың-жымың күлді:

- Үрімжі ұрлыққа қолайлы қала екен, қарашы, басып тұрған көк тұманын, бұған электр шырақтары қалай сай келген!... Ал біз де ұрлыққа кірейік енді, ұрлықсыз іс бітпейді, шырағым!

Екеуміз сәл өрлеп келіп, Совет азаматтары ауруханасының қарсысына тоқтай қалдық. Аға сабақтастардың ұқтыруы бойынша анық тауып келіп тоқтадық. Совет кітаптары жақыннан бері осы аурухананың түп жағындағы бір үйде жасырын сатылатын болыпты. Мұнда тіпті, химия, физика, анатомия, математика, астрономия сынды біздің кепкен кенеземізге зәру ғылым кітаптары да өз каридарларына үкіметтен ұрланып өтеді екен. «Жалғыз-ақ аңдып жүретін тыңшылардың көзінен сақтану керек!» деген тәжірибелі ақылгөйлеріміз. Біз жан-жағымызды толық барлау үшін бір-бірімізді түйгіштеп «қалжыңдаса» тұрдық.

Үрімжінің «қасқырды» көп көрген «қылмысты» халқы өздерін-өздері ұрлап бара жатқандай көшеде бірден-екіден ғана бүрісе жорғалап өтіп жатыр. Тіпті біріне-бірі қарамай тұқыра құнжыңдайды. Жан-жағына алара қарап, асықпай теңселетін ешкім көрінбейді. (Мұндағы «қасқырлар» осылай жүреді десетін). Біз «қылмыс» қақпасына зып беріп кіре жөнелдік. Көріспей тұрып-ақ түстаныс болған қара мұртты егделеу өзбек, айтулы үйден көзімізге оттай басылды. Жұмсақ үнмен «не керек» деп сұрасымен-ақ, керегімізді төрт-бестен тізе айтып едік, алдымыздағы үстелге қойылып та үлгерді. Мұндағы адамзат санасының гауһарлары біздің мектептің сабан қағазынан да арзан екен, жарым-жарым сәрі тастап ала жөнелдік. Жөнелгеннен жөнеліп, сырт көшеге бір-ақ тарттық та, жатақхана дуалының артындағы суы қатып қалған арыққа жетіп, ағаш қадалардың арасынан бір-бір ышқынып қана кіріп алдық. Білімді «қылмыспен» табу, шыңтыңжаңша айтқанда, «өзіміздегі жоқты іздеп табу» осылай өз жолына түсті.

Іздейтініміз әлі көп еді, жексенбінің таңертеңі Қуат екеуміз ерте тұрдық, таласып ішетін тамағымызды күтсек, кешігетін сияқтымыз. Ақанның қағазы бойынша, Құндақбайға жерлес, сабақтастан айтқан сәлемі бойынша, қалыңдыққа кездесуіміз керек еді. Тілеухан қудың кеше кешкі тамақтан ұрлап шыққан бөлкесін екеуміз ұрлап жедік те, қала ішіне тарттық. Сөйтіп, бұл жолға да қылмыспен аттануға тура келді. Қыңыр-қиғаш тар көшелердің бірінен 18-ші түрменің қара қақпасы табылған соң Құндақбайдың өзі де табылды. Қақпаны қағып, іште тұратын құралды күзетшіден сұрап едік, әлден уақытта құндақталып шыға келді өзі. Қуат сәлем беріп, атын сұрады да, байыздай қарап хатты ұстата қойды. Жан-жағына жаймен қарап қойып оқыған Құндақбай ойлана қалды да, жалма-жан күлмің қағып қолымызды алды. «Мен сендерді інім деп таныстырамын» деген күбірін ұқтық. Менің малақайымды ала, басымды сылап, дыбыстап сөйледі енді:

- Өзің жігіт болып қалыпсың ғой! - дегенде күліп жіберіп едім, ол да бетімнен сүйген болды. Қақпаға қайырыла ханзушалады сонан соң, - менің інілерім келді!.... Жүріңдер, жатақханам осының ішінде!

Түрменің суық сырлы ауласына тұңғыш рет осылай кірдік.

Үстінен тікенді сым жүргізілген биік дуалды түрменің ауыз қорасындағы бір бөлме - Құндақбайдың жатақханасы екен. Алдымызға бір-бір шыны шәй құйып қойып, іздеп келген ағамыздың жайын қысқаша айтты:

- Ағаларың аман, - деп бір күрсініп алды өзі, - тергеуі біткеннен бері денсаулығы оңалып қалды. Қазір жеңіл қылмыстылар қатарында жұмыс істеп жүр, сәті түссе қазір сырттай көрісіп те қаласыңдар.

- Өзін не қылмыспен қолға алыпты? - деп Қуат ентіге сұрады.

- Алтайдан көтерілген Оспандармен болған байланысын көп тергеді ғой әйтеуір. Бір кісі тікесінен әрең сыятын темір қапастағы шегеге бір сөтке жалаң аяқ тұрғызып қойғандықтан, мойындап қол қойып беріп еді. Сонда да «байланысқан» адамы дұрыс шықпай, қайтадан қинай, әйнек қиыршығына тізерлетіп бір түн тергегенде басқа біреуді мойындады. Бірақ, шындығында  көрмеген тағы бір «сыбайласын» дұрыс түстеп бере алмаған соң көзін өткір тоқ нұрына қаратып отырғызып еді, жығылып түсті. Бірнеше адам бұл жазадан өліп те кеткен. Әйтеуір бұл кісі «қайта тіріліп» байланысқан қарақшысын үш-төрт рет суреттегенде ақыры бір түстеуі сәл ұқсаған сияқты. Тергеу сонымен тоқтады. Сайып келгенде өзінің оқымаған қарапайым адам болғандығынан ғана тірі қалып тұр.

- Япырамай, титтей де қисыны жоқ қылмыс қой мынау! -деп мазаланған Қуаттың құйрығы қоныс таппай, қоқшақтай берді, - Оспанды ғана емес, бүкіл Алтай елін янаттайтын рушыл, надан адам еді. Оспанмен қалай байланыс жасамақ ол!

Құндақбай сыртынан қарағанда момақан-аңқау адамдай көріне білетін озық оқушы екендігін қақпа алдында көрсетіп еді. Сергек ойлы, тым жатық сөйлейтін, білімді адам екен.

- Інішек, «ренжу», «өкпелеу» досқа ғана көрсетілетін жай, - деп жымиды, - ренжу бұл тергеушіміздің теңі емес... Сәдуақасқа артылған бұл жала - барлық жалалардың ішіндегі ең нанымдысы. Ал көпшілігіне тіпті тергеушінің өзі де сенбейтін, тек жанын алу үшін ғана зорлық-сылтаулар айтылып жатыр. Шыңдубан атаңның өзі «Тергеу қанауында өлтірілсе сұраусыз» деген бұйрық түсіріп отыр ғой, - деп ол терезеге қарады. - Анау еңбектеп келе жатқан шал қинаудан ақылы ауысқан жынды болғандықтан осы қорада еркін сүйретіле береді ол. Өзінен сұрап көріңіздерші, не қылмысы бар екенін.

Басында жалба-жұлба түлкі тымағы, тозған саптама етігі бар, қурап кеткен ұйқы-тұйқы ақ сақалы сары ала тартып күйген бір қарт қазақ жер бауырлап есік алдына жетті де:

- Нан!... Нан! - деп айқай салды, - момаңнан бер! - Құндақбай бір момы алып барып берді. Қуат есікті жартылай ғана ашып сәлем беріп еді, қарт аузына кептеп алған нанын жұтқанша бажырайып, бізден көз алмай қадалды да, - е, мұсылман екенсіңдер ғой, әлекісәлем! - деп үңіле түсті.

- Ата, қай жерден келіп едіңіз?

- Іле бойынан, Күнестен келгенмін. Қызаймын.

- Не қылмыспен келдіңіз?

- Адам қылмыспен келе ме мұнда, - шал ақырып жіберіп еді, екі көзі шоқтай шашылып ту сыртымыздан өте шыққандай болды.

- Жаламен, пәлемен келгенмін, білдің бе?

- Білеміз ата, білеміз! - деп Қуат иіле түсті. - Сөйтсе де қандай жала екенін білгіміз келіп еді!

- Е, онда... Онда жөн!... Мені «неміздің» дей ме, «кәрмәнның» дей ме, бірдеменің шпионысың деп неше өлтіріп, неше тірілтті. Қарағым, бәріміз бір құдайдың құлымыз ғой, Аллаға сенсең, сол кәрмен деген немісінің кім екенін әлі күнге дейін білмеймін, соны түсіндіріңдерші маған, немізі кім, кәрмәні кім осыларыңның?

- Оған мойындадыңыз ба?

- Е, мойындамасаң мойыныңды үзе салмай ма бұлар, айтқанына мойындатпай қоя ма?! - деп қарт оң бармағын шошайтты, - мына бармағымды қайырып отырып шығарып еді, қағаздарына өздері басып алған! Ал мен кеттім, көп сөйлесем, анау төбеде тұрған қара төбеттері талап тастайды.

Қарт жер бауырлаған күйі сүйретіле жөнелді. Қалған жарты момысын қатты сығымдап түйілген жұдырығын көтере екі шынтағымен «адымдап» бара жатты. Неміске шпион болуды былай қойып, тіпті неміс пен герман атаудың да не нәрсе екенін әлі білмеген қарапайым қарттың белден төменгі жарымы қымырлауды да білмей қалыпты!

- Белі үзілген! - деп күрсінді Құндақбай.

- Шегелі тақтайға жалаң аяқ бір сөтке тұрды. Кептеліп қалған табанын шегенің жұмыр бастарынан төрт жігіт күшеп жұлып алғанда да үн шығармаған асқан шыдамды шал еді. Шықшытынан қармақ іліп ұшыратын «аэроплан» тергеуінен де, патефон инелері қағылған жылжымалы тақтайға тұрғызып жүгіртетін, «тәңкі» тергеуінен де қатты зақымдалмай аман өтіп еді. Екі-үш күн жатып есін жиған соң әйнек қиыршықтарына тізелетіп қойып, белінен тепкенде күйреп түсті. «Қылмыс» болмысы әлгі өзі айтқандай! - деп Құндақбай басын шұлғып-шұлғып қалды. Сағатына қарап атып тұрды сонан соң, пальтосының жағасын көтеріп құндақтала қойды да, екі қолын жан қалтасына салды.

- Сәдуақастардың жұмыстан қайтатын уақыты болды, мен барып айтып, осы қораға әкелейін, бірақ оған сендерді жақындатпайды да, сөйлестірмейді де, алыстан болса да көрісіп алыңдар! Айтқан сәлемін мен жеткіземін...

Бет-аузына қап-қара сақал өскен үш жыл алдындағы нардай Сәдуақас бүкшиіп семіп кетіпті. Түп қораның тар есігінен шыға келіп тұрып қалды. Біз Құндақбай есігінің алдында сәлем ишарасымен қолымызды кеудемізге апардық. Ол да солай етіп басын изеді. Тым кәртейген адамдай бүкірейіп тұр. Қуат солқ-солқ ете түсті. Сәдуақастың үңілген үңілісіне, көзін сипалай беруіне қарағанда анық көре алмай тұрғаны, тоқтан көзі зақымдалғаны байқалады.

- Мен, аға, мен Қуатпын! - Қуат маған сөйлегендей қарап дауыстады, - оқуға келдім, үй іші аман!

Сәдуақас үш рет бас изеді де, артына қайырылып қайта берді. Оның киіз байпақ пен табылғанынша тамақ әкелуге тапсырғанын Құндақбай айтып келіп еді, тамақ алып беріп тұру жөнін Қуат оның өзіне өтініп көндірді де, ақша өткізді. Сәдуақасқа хат жазып, үй ішінің амандық жайын баян еткенде, мен де әке-шешем атынан сәлем жазып қол қойдым.

- Аға, осы кісілер аман шығар ма екен? - деп Қуат жыламсырай сұрады Құндақбайдан.

- Сәдуақас пен әлгі шал сияқтылардың аман қалуы мүмкін. Бұларды бүкшеңдеуі мен еңбектеуі тірі қойып отыр ғой. Әлі де сақтар, ал аман қалса қатер тудырады деп күдіктенетін қайрат-қабілеті бар адамдарды көміп жоғалтып жатыр. Бұл әрекет герман фашизмі Совет Одағына басып кіргеннен кейін былтырғы июньде басталған. Әр күні кешке жақын әр түрмеге нөмерленген брезент дағарлар (қап) келеді. Іңірде әр дағарға сол нөмерлі қылмыстыны тіркей «қаптап» қояды да, түн ортасында машинамен әкетеді. Дағарға бір кіргенін екінші көре алмаймыз. Сол нөмерлі дағар да жоқ, сол нөмерлі адам да жоқ болады.

Мен түршігіп, тітіреніп алып сұрадым.

- Ағай, Дөрбілжін ауданынан келген Елсадық дейтін кісіні білемісіз?

- Естігенмін. Екінші түрмеде еді... саған... Елсадықтың қандай жақындығы бар еді?

- Ұстаз еді. Дөрбілжін халқының ең құрметті адамы еді.

Құндақбай аз ойланып барып, соза күрсінді.

- Халықтың ең құрметтісі болса, бұл үкіметтің ең ауыр қылмыстысы болғаны ғой. Ол кісіні осы биыл тамыз айында болуы керек, ауырып өлді деп ұқтырды. Мен өзім ауырып өлді деген хабарды «ауыртып» өлтірді деп ұғатын болып жүрмін. Себебі биыл күз басында Чын Тән Чу, Мау Зымин, Қожанияз, Шәріпхандай мықты жауларына әсіре аспирин беріп өлтірген.

- Осынша неліктен жауықты?! - деп ширықты Қуат та. Ал, Құндақбай өзінің үйреншікті мұзындағы түлендей міз бағар емес.

- Жаулықтан қорқыныш туылады, қорқыныштан жаулық туылады, інішек, -  деп күлімсіреп қойды өзі, - ішінде жаулығы бар адам қауіптенгіш-секемшіл келеді. «Сезікті секіреді, қорыққан бұрын жұдырықтайды».

- Үкімет басына шыққаннан-ақ «данышпан көсем», халықшыл деген сөздер осы кісінің меншігі сияқты болып келіп еді, сол «халықшылдығы» қайда қалған?! - дедім мен.

- Халықшылдық - өзін суға батырмайтын қайығы ғана шығар. «Халықшылдықты» халықтың төбесіне шығатын баспалдақ етіп пайдаланды да, шығып орнығып алған соң онысын теуіп құлата салмады ма, - деп күлімсіреді Құндақбай, - қатарыма біреу шықса жазым етер деп құлатқан. Сонда да жармасады-ау деп қауіптенгендеріне тас домалатып, қылыш сермеп, құныперен-көктүтек болып отыр. - Мына суреттеуге Қуат екеуміз қарқылдап күліп кетіп едік. Шешеннің өзі жай ғана мырс-мырс етіп қойып, сөзін қайта бәсеңдей жалғастырды, - халықшылдық, халыққа қамқорлық ежелден Шың Сысайдың емес, мұнымен шарттасып үкімет құрамына қатынасқан коммунизмшілердің ісі болатын. Халықаралық ауқымның қазіргі түнек боранында оларды жеп болған соң ғана өзінің ежелден кім екенін көрсетіп отырмай ма. Ағасы Жаңкәйшінің аяғын құшақтай алды ғой!... Осы сынды «халықшыл көсемнің» өз ындынына ең лайық «құрметті» Шынжаңда, Алтайдың ақсақ қабыланы Оспан ғана көрсетіп келеді, ха-ха-ха... Әр шатқалдан бір ыршып жүріп, зәресін әбден алып болды өзінің. «Данышпанымыз» жиып алған барлық тасын соған домалатып тауысты... Жә, бауырлар, - деп Құндақбай ресми бір салқын шырайға енді, - бұл сөз осы жерде қалсын, мақұл ма, сыртқа бір ауыз шықпасын!

- Түсінеміз, ағай, жас демей, бала демей сенгеніңізге мың рахмет! - дедім мен де.

- Ақан ең жақын көретін ағайын еді. Соның тапсыруымен ғана таныстық беріп отырмын. Екеуіңе ішкі жағдайды түсіндіріп, қатерден сақтаныңдар, - деп жазған екен, - қолымнан келгенінше жәрдемдесейін деп көп сөйлеп қойдым. Әйтпесе мына көк пальтоның жағасынан тұмсығын да көрсетпейтін кірпі оңайлықпен ашыла қоя ма! Қатер деген қазір қас пен көздің арасында, інішектер, менімен таныстықтарыңды ешкімге білдіре көрмеңдер!

Біз екеулей сенім беріп, қос-қостан серт айта шықтық.

Сыртынан қарағанда өз кәсібіне лайықсыз, құр кербез, қуыс кеуде, тұйық әлемнің бір жануары кейпіне кіріп алған осы түрме кілтшісінің тым сорлы адам емес екенін түсінгендейміз. Неліктен құндақталып жүретіндігі бізге енді мәлім болды.

Үрімжіге келгелі көрмесем де, қалыңдық қыздар институтының қай нөмерлі жатақханасына орналасқанын естігенмін. Түс уақытында жетіп, жазбай таптық. Өзі тұратын ғимараттың алдында келбетті бір ұйғыр офицерімен сөйлесіп тұр екен. Қазіргі Үрімжі қыздары жан береді дейтін сары погон бұл офицердің екі иығынан бірдей тартылып, көкірегін мұздай сірестіріп алыпты. Менің көкірегіме де мұздай бір нәрсе домалаң ете түсіп, дереу қайта жөнелгендей болды. Мұның қызғаныш екенін қапелімде қайдан білейін, көрінгеннен-ақ қалыңдыққа аңтарыла қараумен болдым. Басын төмен салып тұрған ол, бізге жалт қарады да, бес-алты қадам қарсы жүріп келіп амандасты. Қызара қалған ақ сұры жүзі ағарып барып, қайта қызғылт тартты.

- Үй, өздерің нағып мұнша қымбаттап кеттіңдер! - деп үнін мұрнына жібере сөйлеп, зорлана күлімсірегендей болды. Мұнысы анау мырзаның алдында бізге жарқылдаудан қысыла сөйлегендіктің белгісі екенін сезгендеймін.

- Біз, көбе жеп, көңіл көтеруден босай алмай жүрдік, - дедім әлгі бір таралып жүрген өлеңді меңзегенім еді. Қалыңдық түпкі мәнін түсінбеген рай білдірді.

- Сендер де қаспақ жедіңдер ме?

- Үрімжідегі қаспақ «Сыпан шөян таздарына» ғана тән емес пе!

Бұл сөзіме офицер күлімсіреп бетін әрі бұрып алды. Қалыңдық оған бір қарап қойып, біздің жайымызды тақауырлай сұрады.

- Денсаулықтарың қандай? Үрімжінің ауасы жағатындай ма? Тұрмыстарың қалай?

Қуат екеуміз кезектесіп жауапты ыңғай «жақсымен» қайтара бердік те, өз тұрмыс күйінен қысқаша сұрастық.

- Жә, біз амандасып шығуға ғана келдік, - дедім мен ұзаққа созылған амандасуды аяқтай бере, - жолда бір жұмыспен кешігіп қалыппыз. Енді қайтып жеткенімізше уақытымыз бітеді. Кейін және келерміз, қайттық.

- Үй, жатақханаға кірмейсіңдер ме?!

Алдымыздан тосып, осынша амандаса берудің өзі - осы жерден қайтара салайын дегендік екенін түсініп едім.

- Кірмейміз! - деп күбірлей қайырдым жауабын, - анау кісіңіз тосып қалды!

- Кісің не, ол да шәуешектік, ол да, сендер де кіріңдер!

- Жоқ, рахмет, кеш қаламыз! Ал шәуешектік «кісі» емес пе екен, - деп мен үнімді офицерге жеткізе қайырдым, - меніңше, кісінің талайы Шәуешектен шығар!

- Ал, сау тұр! Келесі жексенбіде көрісерміз.

Ойлана күлген қалыңдық біз жөнеле бергенде күлкісін тез жиып, қарап қалып еді.

- Ей, тоқташы ей! - деді іле-шала, ол лыпылдай басып, артымыздан қуа жеткенде, мен де қарсы аяңдадым, - не болды ей, саған? - деп күбірлеп қадала қарады.

- Не болушы еді, кешігіп қаламыз ба деп асығып тұрмын. Не болған сияқты?

- Сөздерің бір түрлі ғой өзіңнің?!

- Сөз деген екі түрлі болушы ма еді?! - Қалыңдық сақылдап күлді.

- Сылқымым, осы сөзіңнің өзіңде де қыршаңқылық тұрмай ма?

- Сүйікті қатқан терім, өзің қуыстанып тұрсың! - Қалыңдық бұған да сақылдады.

- Онда, солай-ақ болсын... Алдағы жексенбіде кел, иә?!

- Мақұл! - деп жөнеле бердім. Әлі қақшиып тұрған офицерге қарай бұрала басып қалыңдық жөнелді. Осы бір ақ жарқын, өткір де өжет әнші қызға мен әдемі гүлге қарағандай ғана қарап, үнін бұлбұлдың үніндей ғана тыңдайтынмын. Алғашқы әуесім соншалық қана дәрежеде еді. Гүлге адамның көзі көп түседі. Бұлбұлға құлағы ұйиды. Бірақ, адам жүрегін екеуі де дәл ғашық жардай құмарлық отына тартып түсіре алмайды ғой. Жол бойында мен оған эстетикалық сезімнің сондай ғана тарту күшімен бағынып, тербетіліп келгенмін, сонда да бірер айдан бергі жолығыспаудан сағыныш сезімі де күшейді. Құштарлығым ер жеткендей болды. Бірақ кітаптардан оқығанымдай, әйел жөнінде күйдіріп өлтіретін құмарлық, өз жаныңнан кештіретін құштарлық бар дегенге сенбейтін күйде болатынмын. Ал, құштарлыққа қызғаныш қосылса ғана сонда апатқа көндіруі мүмкін екеніне осы екінші рет жолығысқанда ғана - қалыңдықты сұлу офицердің қасынан көргенімде ғана бір сәт мойындағандай болдым. Бірақ қызғаныштың өзі жарымес сезімнен пайда болғанын білген жанға ондай апат мүлде жоқ сияқты. Бұл түйінге мен былай келдім:

«Өзімнен әлдеқайда артық сақа жігітпен оңаша сөйлесіп тұрған қалыңдық сол сәтте менің көзіме жер бетіндегі бірден-бір қимасым болып жарқ ете түсті. Жүрегімді мұздатып барып, дереу қайнай жөнелген әлгі бір сезім қызғаныш еді. Мен іштей тек осы қызғанышымды ғана қыжырта жөнелдім: «бұл көріп тұрғаным - қимасымның өзін қинай өлшейтін таразы емес пе, қимасымның өзі айтқандай, рас қимасым болғысы келсе, бұрын өзі қалаған мен жаққа өздігінен-ақ басып түсе бермей ме. Әр жақтан соққан желге ұша жөнелетін қаңбақ болса, оның несі қимас. Ендеше, бұл қызғанышымның есі дұрыс емес, албырт жастықтың, аңқау да жарымес сезімнің қызғанышы болса керек».

Жатағына кірмей де килікпей, «тазымды» ашып тастап тарта беруім - осы кесімнің нәтижесі. Бұрын өзім бастан кешіріп көрмеген мұндай сезімдерге секіріп басып айтқан бұл төрелігім әділдік пе, әлде әділетсіздік пе - өзім де толық айыра алмай қуатқа үнсіз ере бердім.

Тергеушім, осы бір «данышпан көсемнің» дағарлап ұйып жатқан «ұлы табыстарын» қалай көргенімді айттым ғой. Мұным құпиялықты ашып, үкімет құйрығына үңілу ғой. Мұндай құпиялықты көре білген қылмысты үшін, әрине, ойып тастаудан басқа шара жоқ екені белгілі. Ал сіз мына махаббат жайлы сөзді тегін көрмеңіз. Қылмыстар дүниесінде қысыр әңгіме болмақ емес. Бәрі де қанға жерік, қылмысқа жүкті. Қалыңдыққа берген осы еркіндігімнің құйрығынан дәл сол мезетте бір алып қылмыстың басы шығып тұрғанын кейінірек жерге топ ете түскенде бір-ақ білдім. Ол кейінгі тарауда айтылады.

 

VIII

 

Бір кешкі демалыс кезінде Әлмен біздің жатақхананың есігінен мені шақырды. Қара қоңыр жүзі сұрланыңқы, тым ширақ көрінді маған.

- Ертең таңертең чи далуда[1] пәндихұй мүшелерінің жиыны бар екен, - деп күбірледі, - таңертеңгі қоңырауда біздің тамақ дайын тұрады. Тәуірірек киініп, таза жуын да, сапқа тұрмай, тура асханаға кір!

- Чи далу қай жерде еді?

- Дубаң мекемесінің мәжіліс залы, ондағы жиын дубанның өз шақыруымен ашылатын.

Әлменнің райына баққан менің де жүрегім тынышсызданып, сол түні таңды тағы ұйқысыз атқыздым. «Бұл ұйымға кіргеніме екі-үш-ақ ай болған. Жаңа оқушымын ғой, қазірше маған қатер жоқ шығар» деген медеумен қаншалық тынышталайын десем де, бір орнықсыздық түрткілей берді. Сабақтастарым арасында жершіл, рушыл жік күшті еді. Осы себепті біріміз бен біріміз жиі-жиі айқасып, шайқасып қалып жүретінбіз. Мұндай дүрдараздықтың салдарынан астыртын көрсетіндіге өзімнің де бір нысана екенімді байқайтынмын. «Алдыңғы жылғы Ораз сақауды шалғандай шалдуар көрсетінді осындағы бір тыңшыға жеткен болып, батыс сарайға барғанда желкемнен бас салып жүрер ме!» деген күдік ұйқымды келтірмеді.

Үкімет үйінің темір қақпасына Спан мектебінен сұп-сұры болып елу шақты ғана адам жеттік. Екі жақ босағада тізіліп тұрған он-оннан жиырма күзетші бізді санап, көзбен ғана тінтіп өткізіп еді, ішкі қақпадағы оншақты күзетші оуып жіберердей үңірейіп, бір-бірден «аймалап» - сипалап кіргізді. Сұғанақ қолдар сумаң қағып жамбасыма бара бере, тіпті жанды жерімді бір жалмап өте шықты. Тінтуге көз ілестірмес спор қолдар екен. Адам санатына қосылып, алғаш тінтілуім осы болар. «Міне, пәндихұй  мүшесі болып, ардақты сенімге енді жетіппін!» дедім ішімнен.

«Асқақ мәртебенің» буымен алқына кірдім іш қораға.

Бір-бірден тізілген бойы кіре, сол жаққа бұрылып, батыс сарайдың есігіне жеткенімізде одан да зор «бақытқа» кенелгенімізді білдік: тағы да жақсырақ тінтілу кезегі бар екен. Қарама-қарсы тұрған сап-сары ала погонды екі офицер мені де екі жағымнан «құшақтап-көрісіп» алдыңғыдан да бетер «аймалай» жөнелді. Дәрежелі адамдар емес пе, бұл екеуінің қолы жұп-жұмсақ тиіп, кіндіктен төменгі жақты көбірек айналдырды.

«Қазіргі қыздар шуйянының (институтының) оқушылары погондыларға неліктен сонша қызығатын болды?!» деп таңданып жүрсек, бұл «ғашық жарлардың» қолына киелі қасиет иісі көбірек сіңіпті ғой! Сонысын көріп, соны жұмбақты шешкендей төменгі ауыз залға терлеген маңдайымды сүрте кіріп едім. Үстіңгі қабатқа өрлейтін баспалдақ қарсысына қойылған қып-қызыл сырлы зор тақтаны айналып алдынан өткенімде бір «нұр» көзіме жарқ ете түсті: сол зор тақтаның ішкі бетіне бізді осы «бақытқа» жетектеп әкелген тегіс қара мұртты «данышпан көсемнің» суреті сызылыпты. Ұшқандай зымырап шауып келе жатқан ақбоз тұлпардың үстінде шірене шақшиып, керемет айбын мен қылыш үйіріп келеді. Шынжаң халқының басына төнген қара бұлтты тілгілеп, барлық жау біткенді жалғыз жайпап қырып келе жатқандай. Шебер жағымпаз жасаған асқан сайқал сурет екен. Алдымда тінтіліп кіргендер шыбындай үймелеп, сол зор суретке қарап тұрыпты.

«Көсемдердің кереметіне» әрқайсысы әртүрлі кескінмен үңіледі. Көбі көз қуаты жетпеген адамша сығырайып, мұрнын тыжыра қадалады. Кейбіреулерінің тісі сыздап ауырғандай, азуын қатты басудан шықшыттары бүлк-бүлк етеді. Үн қатқан бірі жоқ.

Көсемнің батырлығын көріп, баспалдақпен жуаси өрлесін деп орнатқаны ғой, осы суретке қарай-қарай өрлеп, өрлеген сайын қарап, қараған сайын өрмелеп, екінші қабаттағы үлкен клубқа кірдік те, мектебіміз атына белгіленген орындыққа келіп отырдық.

Бумен жылып, желдеткіш желпіп тұрған осы жәннаттай кең клубта отырған төрт-бес жүз шамалы ғана адамның тары қауызына кіргендей бүріліп, қақаған аяз сорғандай дірдектеп отырғаны байқалады. Тырс еткен үн жоқ, көбі орта мектеп пен институт оқушылары, біразы оқу-ағарту қызметкерлері сияқты. Дубаңның офицерлер мектебінің оқушыларына да, басқа сала адамдарына да бөлінген орын жоқ. Бұл жиын оқу-ағарту саласындағы пәндихұй мүшелеріне ғана қаратылғаны, ал бұл орындардан да толықтанып келмегені сыбыр-күбірлерден естілді.

Мен ішкі жаққа қарай терезелердің бірінің алдындағы орындықта отыр едім. Бұл терезеден үкімет ордасының біз жете алмайтын ішкі жағы толық көрінеді екен. Орданы қорғаушы иіңнің[2] машық алаңынан бастап қорғанның арт жақ қабырғасына дейін тас кірпіш дуал, күзет үйлері, шағын-шағын жатын үйлер, тіпті мықты-мықты бекіністер салыныпты. Машық алаңының батыс терістік шетінде тағы бір темір қақпа - ең ішкі, ең ерекше есік болып көрінді. Ол тас кірпіштен қаланып, үстіне электр сымы тартылған ішкі қорғанның қақпасы екен. Қорған ішіндегі бұл қорған - күмбез порымындағы жасыл шатырлы шағын ғана жалғыз ғимарат. «Ертек-аңыздардағы жалғыз көзді ғаярлардай шексіз үкімшіміз сонда ма екен» деген оймен көбірек қарап отыр едім. Дәл солай болып шықты.

Сол ерекше қақпа қақ айырыла ашылды да, екі жақ ішкі босағасындағы он екі күзетші қатып қалғандай сіресті. Ыңғай жеңіл пулеметпен қаруланған жиырма шақты қорғаушы жалаңдап шыға келді де, жапа-тармағай жүгірді. Оларға әскери тәртіппен жүрудің керегі жоқ сияқты. Жау шаһарына басып кірген шапқыншылардай, кірекеш тонайтын қарақшылардай алақ-жұлақ тінтіп келеді. Сол ерекше қақпадан осы сарайға жеткенше алаң шетіндегі жол бойына қатар салынған қорғаушы әскер үйлерін түгел тінтіп шықты. Бір-біріне сенбейтіндей, бірі кіріп шыққан үйге тағы бірі кіріп пулеметтерін кезене үңіліседі. Өздерінің күзет үйлерін өздері мұнша тінтетіндей бұларға не болғанына таңданып, көз алмай қараумен болдым. Ерекше қақпадан тағы бір топ қорғаушы көрінді де, артынан іле-шала маңғаз басып, бұлғын  ішік жамылған біреу жалғыз шықты. Артында отыз шақты әскер, басында қоңыр шляпа, тіп-тік жүретін адам екен. Үңіле түстім, суретіне қанықпын ғой, тегіс қара мұртты «халықшыл көсемнің» дәл өзі екен.

Алаңда машық қылып доп ойнап жүрген қорғаушы әскерлер өзді-өз орындарында ізетпен сіресіп тұра қалысқанда, бүкіл тіршілік тылсыммен байлағандай, бар маңы өлі дүниеге айналды. Жаңа ғана бір топ қорғаушысын шығарып жолды арши тексерткен «халықшыл көсем» алдындағы қорғаушыларына тірсектей еріп, саса сақтанғанмен, салтанатын да ұмытпай басып келеді. Қанша айтқанымен «данышпан» емес пе. Жан-жағына мұқият бағдарлап, зерттей қарайды. Алдындағы он шақты қорғаушысы да, артындағы отыз шақты қорғаушысы да «көсемнің» көңіл күйін баққандай әр терезеге бір үңіліп, әр есікке бір сұғынып, «зерттеген» бойы біз тінтілген қақпа жаққа өтті. Осындай «халықшыл көсемнің» дәретханаға кіріп-шығуы қаншалық машақат күреспен орындалатынын түсінгендей болдым мен. Бұл жиынға «халықшыл көсем» келмейтіндей көрініп, көңілім бір сәт жайшылық тауып орныққандай болып еді. Іле-шала елең ете түстім: қарсымыздағы клуб сахнасының арт жағынан үрмелі оркестрдің жеңіс күйі сарнай жөнелді де, әскери жүрістің сарт-сарт аяқ дыбысы естіліп, сахна сыртына келе сақ етіп тоқтады. Пулеметтерін кезей ұстаған екі қорғаушы екі жақтан кіріп сахнаның екі жағына бізге қарап тұра қалысып еді. Бүкіл залды дүр еткізіп, көпшілік атып тұрды да сіресе қалды. Жерге сүйретілген бұлғын ішіктің етегін екпінмен шалқыта, шақ-шұқ басып кіріп келген «көсем» оркестр ырғағына сәйкескендей ішігін шынтағымен серпе салып еді, артындағы біреуі жерге түсірмей тазы итше қағып әкетті. Көпшілікке қадала қараған күйі шляпаны артына лақтыра салғанда, дайын тұрған тағы бірі қағып алды.

Осы «фокустерді» қарсы ала шатырлаған көпшіліктің қол шапалағын жақтырмағандай көсемнің сілке салған сол қолы шорт тыя қойды да, өзі қара көк китель - сыммен ең төрдегі серіппелі орындыққа барып сылқ ете түсті. Жеңіл күйі енді тоқтаса да, «көсемнің» жеңісті әрекеті әлі тоқтамағандай, тоқпақтай берді өзі. Бұл күйді біз орындық серіппесінің күшінен көріп едік, олай емес, «көсемнің» дәл өз жүрегінің күйі екен. Тақытына құйрығы тоқтамай, қайта-қайта сырғып, қайта-қайта орынға отырғандай немесе астынан бірдеме батып, өз салмағын екі құйрыққа кезек-кезек алмастырып салып отырғандай, байыз табар емес.

Тайқылау маңдайынан бастап артына жатқыза таралған ақбурыл шашын екі алақанымен желкесіне дейін сылайды. Сұқ саусағын ғана сұғып, шашының астын тінте қасиды да, қайта сылайды. Екі сұқ саусақ екі шекесін кезек-кезек тінтеді. Бұл саусақтары құстың тұмсығынан да епті екен, дәл басып барып сұғылады да, бір сұғылған жерінде тұрып-ақ талай шаштың астына кіріп, талай түпкірін тінтіп шығады. Осы бурыл шаштың да қопсып көтеріліп кетуінен қорқатын сияқты. Мықтап жатқызылған шашын соншалық шеберлікпен тінтеді де сылайды.

Шатырлаған қол шапалақтың тасқынымен тұрып үстел үстіндегі микрофон алдына бара екпетіндей сөйлеп кеткенде де, қолының осы шеберлігі тоқтаған жоқ. Зал толы пәндихұй мүшелеріне екі жақтан кезеліп отырған екі пулеметтің тұмсығындай төңген екі сұқ саусақ екі шекесіне маза бермеді. Мұндай уақиға тұрғанда құр сөзді қайтпекпін. Менің көзім екі пулемет пен сол екі саусақта ғана болды.

Тып-тыныш жатқан осы ақбурыл шаш біраз зерттеуді талап ететіндей көрінді. Кейбір шаш ауыр қайғының қызуынан, кейбір шаш өткір ашудың қызуынан, кейбір шаш халық тағдырына болған үлкен күйініштің қызуынан күйіп ағаруы мүмкін ғой. Ал бұл шаш неден ағарды деші?! Ауыр қайғы бұл басқа түскен емес, таққа жаңа шыққанында қазіргі мұртындай қап-қара еді ғой. Таққа шыққан соң, өмірдегі бар арманына алдампаз-жағымпаз екіжүзділігімен жетіп алған соң қара бастың ғана қамындағы қожаға, ол қамын әмірімен ғана шеше салатын шат тұрмыстағы қожаға қаншалық қайғы үйірілмек? Енді өткір ашудан десек, ол ашуын өткір қылышымен, от ауызды мылтығымен қайтара салып келе жатпай ма? Ал халық тағдырына күйіну - мұндай саяси саудагердің көкейіне кіріп шығар ма? Бұл шаш - ыстық қанды көп ішкендіктен ғана күйіп ағарған шаш. Менің әкем: «Бұғының мүйіз қанын денсаулығы толық адам ішсе, шаш ағарып кетеді» дейтін. Ал бұл бас Шынжаңның маңдайына басқан барлық «бұғылардың» мүйізі тұрмақ, өзін де жұтып болмады ма? Неше мыңдаған сол бұғыларды жұтудың тәсілін мылтығының «аузымен» ғана ойлап тапқан «данышпан көсемнің» басы ғой бұл, қалай ағармасын. Үрпіне қызған сым темір жүгірту, тырнақ көбесіне қамыс тығу, шегеге жалаң аяқ тұрғызу, әйнек қиыршығына тізерлету, «танкі тергеу», «аэроплан тергеу», көзін электр тоғымен суыру, қапқа салып тірілей көму сынды адамды қинаудың ең «асыл» ғылымдарын сапқа тұрғызып, «тергеу қинауында өлтірілсе сұраусыз» деген бұйрықты түсірген осы бас емес пе? Бұл «ғылымдарды» тапқаны үшін өшіккен бір «надан» осы бастың өзіне «ыстық кәмпит» сыйлап қояр ма екен деп анау пулеметтермен, анау сұқ саусақтар қалай шошаңдамасын. «Данышпан басым аман ба екен?» деп дәміл-дәміл қалай сипап көрмесін өзі. «Тосын бір қатерден ышқыну туылса қалай шыдармын» деп құйрығы неге бүлкілдемесін? Осындай ішкі қорқыныш әурешілігінің сүйкеніс қызуынан бұл шаш қалай ағармасын! Алтайдан басқа жерлерден де бұрқ етіп, ғайып болып тұрған көтерілістердің бір сиқырлы қанжары осы залдан жарқ ете түспеуіне кім кепіл. Ендеше - «данышпан көсемнің» бұл далбаса тыштаңдауын да «данышпандық» есебіне қоспау надандық болар.

«Сахна сыртында жасырынып тұрған лян[3] мен мына екі пулемет бекер қойылған жоқ-ау» деп қорқа отырсам да, анау жылдары «Профессор Мамлюк» кинофильмін көргендегі бір ойыма өкініп те, өзіме-өзім ренжіп те отырдым. «Шыңдубандай данышпан көсем басшылық етіп отырған қоғамда оған қарсы төңкеріс жүргізу қылмыс емес пе» деп ойлаппын-ау сонда. Неткен ақымақтық еді! Сол ақымақтығыма міне «көсемнің» барлық сиқын өз көзіммен көргенде ғана опық жеп, өзімнен-өзім ұялып отырғандаймын. «Данышпан» атап, сонша асқақ-асқар көріп келгеніміз осы албасты екен ғой! Қас албастыны хас данышпан етіп бояп көрсететін жағымпаздықтан жиіркенішті қылмыс жер бетінде бар ма екен?

Осы албастыны он жылдан бері мадақтаған жареуке тіл, жарамсақ жыр аз болды ма? «Шынжаң газеті» бетіндегі мұны жер-көкке сыйғызбай, өңеші үзілгенше шырқатқан өлеңінің бәрін жайып салсаң Шынжаңның жер аумағына сыяр ма? Алал еңбектен туып, арамға айналған неткен сорлы поэзия еді?

Сахнадағы қимылы арқылы «тебірентіп», осы әсерді қозғап тұрған «көсемнің» ең кесек «батырлығы» енді көрінді:

Бұл реткі сөзін ұйғыршаға аударуға Махмұджан деп аты шыққан кексе тілмаш шақырылып, сахнаға шыққан еді. Ол дубаң үстелінен үш-төрт адымдай ғана айырым құйылған бір кішкене үстелде аударып тұрған болатын. Өз баяндамасының бір тармағын сөйлеп болған «көсем» сол тілмашқа жалт қарады да, қайта сырт беріп тезистің бір бетін (қолы жетер жерге тұрып-ақ) лақтырып жіберді. Жалт қарағаны - «дайындал» дегені екен де, сыртын беріп лақтырып қалғаны - «қасыма келмей қағып ал!» деген ишарасы екен. Ішік емес, шляпа емес, жұқа қағазы құрғұр тура ұшпай, бұра ұшты. Жапалақша жалпылдап қаша жөнелді. «Көсем» жалт қарағанда-ақ лап беріп бір аттаған Махмұджанның қолы жеткенше лақтырылған қағаз бір жаққа кетті де, Махмұджанның созған ұзын қолынан үркіп, «көсем» шегінді. «Халықшыл көсемнің» бұл қорқуынан үрейі ұша қорыққан тілмаш жалт беріп, қағазды қуа жөнелді.

Құдіретті қолдан ұшып, желдеткіштің желімен құтырған қағаз еңгезердей ұзын Махмұджан қанша секірсе де ілдірмей үркіп, сахнадан шыға қашты да, айналып барып, сахнаның екінші шетіндегі пулеметтің дәл алдына қонды. Аласұрып қуған атақты тілмашты құтырғандай көрді білем, пулемет дәлдеп кезеніп қалып еді, Махмұджан қағазды кәрі көкжалдай бас салып, іле қашты. Елпілдеп жүгіріп, орнына ентіге жетті де аудара жөнелді.

Залдағы өлі тыныштық тұншыға түскендей, неше жүздеген адамда жыбыр еткен бір үн жоқ. Адамзат сенімінен айырылудан туылған осы бір комедияға езу тартудан бәріміз де қорыққандаймыз, күлкі көңілімізге де кіріп шықпады. 1933 жылдың күзінде Ергейтідегі бір әйел өз іш киімінің бір балағын жыртып алып, қызыл ту етіп көтеріп шыққан еді ғой, менің есіме сол уақиға түсті. Сондағы қарсы алғанымыз осы «көсемнің» үкіметі емес пе. «Сақалына қарай іскегі, сабасына қарай піспегі» дегендей, жайына қарай жалауы болсын да. Бұл кісінің жеке өз басын қарсы алуға аса әділ көтерілген ең лайық ту сол екен!» дедім ішімнен.

Қорқытушының сөзін қос құлақпен тыңдасам да, ұқтым дерлік бір түйін таба алмадым. Пәндихұй мүшелері жиянгерлікке тек гомендаң майданында тұрып қана қарауға  тиісті дегендей бір емеурін бар да, іс жүзінде қарсы тұру-тұрмауымыздан дерек жоқ. Басқа сөз алтайдағы Оспан  бандысын жойып, оның арқа тірегіне соққа беріп, іштегі сыбайластарын қорқыту» жайында болды да, «арқа тірегі» мен «сыбайластарының» аттары мүлде жұмбақ күйінде қалды.

Осы «данышпан көсем» өзінің жегісі келгендерін үлкен жиынға шақыру арқылы жиып алатынынан ғана қауіптеніп отыр едім. Оркестр жеңіс күйін тартып, «көсем» соның екпінімен сарт-сұрт басып шыға жөнелгенде де, нөкерлері қуып жетіп, бұлғын ішігін жаба, шляпасын басына қондыра жорғалағанда да сол қаупім кетпеп еді. «Сәндіхұй»[4] деген бір қайырымды сөз саңқ ете түскенде ғана көңілім жарқ ете түскендей болды. Екі қақпадан екі-ақ қарғығандай шапшаңдықпен жапырлап көшеге шықтық. Бұл жолы аман құтылғанымызды сонда біліп, «Махмұджанның қылмысына» сонда күлістік.

Осы күлкі шығысымен Әлмен менің қолымнан тартып, жүрісін баяулата түсті. Көпшіліктен бөлініп, артта қалдық. Ол жан-жағына қарап алып тіл қатты:

- Махмұджан сол қағазды жерге түсірмей, қолынан алмақшы болған осы «қылмысы» үшін-ақ қолға алынса, қапқа оңай түсер еді.

- Қалай?... Өзіне көрсетіліп тұрған жақсы ниет үшін жаза қолдана бере ме?!

- Жоқ, ол «жаныма келсе жарып салады» деген қауіппен шегінбеді ме. Өзі арамдық ойлаған сайын басқаны арамсына түсу - арам ниеттің диалектикасы. Үш жылдың алдында осы Махмұджанды да қолға алған болатын. Тек Бурхаң Шаһиди, Дубек Шалғынбаев сияқты мықтылардың барлығын қолға алып, жетік тілмаштан ешкім қалмаған соң, лажсыздан мұны шығарып пайдаланып отыр. Өзіне зәрауаты қалмаған күні қайта қамата салады. «Қастық істемек болған деп» осы ұмытылуын сылтау етсе, қапқа түсті дей бер.

Біз «Нәнлян» көшесін өрлеп, Совет елшілігі тұрған жерге жақындағанымызда кабинкасының желкесіне ауыр пулемет құрылып, құралды әскер тиеген бір жүк машинасы артымыздан келіп қалып еді. Оның соңынан ерген дәл сондай бес пулеметті бес машинаның үсті брезентпен жабылып, мықтап таңылған екен. Бұлардың пулеметтерінің далдасында төрттен ғана әскер отыр.

- Мынаған анықтап қарашы! - деп қалды Әлмен.

Алты машина іркес-тіркес өте шықты.

- Бұл не? - деп аңырдым мен. Әлмен жауап қатпай, артына қарап тұра берді. Желкесіне пулемет құрылып, тағы да әскер тиеген бір машина біраз кейінірек өтті.

- Бұл артқы қорғаушысы! - деп күрсінді Әлмен. Оған үнсіз түксие қараған күйі біраз кідіріп барып жалғады сөзін. - Анау бес машинаға ыңғай алтын тиелген! Шынжаңды гомендаңға өткізгендегі тоқтамы бойынша, Шынжаңнан әлгі қанқұйлы сатқынға тиген үлес. Осылай тасығалы жиырма күндей болды!...

- Қайда апарады?

- Шың Сысай қайда кетпек болса, сонда апарады да! Қазірше Шұңшіңге тасылар.

- Кете ме өзі!

- Мұнда енді қамсыз тұра алар ма, кетпесе тірі қала да қоймас. Онысын өзі жақсы түсінеді екен, кетер-ақ!

«Көбелек келіп көлп етіп,

Көбігін ішіп ол кетті.

Жапалақ келіп жалп етіп,

Жарымын ішіп ол кетті.

Қарға келіп қарқ етіп,

Қалғанын ішіп ол кетті.

Сауысқан келіп саңқ  етіп,

Сарқынын ішіп ол кетті».

Осы ертек тақпағын сен де, оқыған шығарсың, көптен бері-ақ осылай болып келе жатпай ма?

- «Жарымын» әкетсе де «қалғаны» мен «сарқыны» қалар ма?

- Халық сарқылмас қайнар ғой, бірақ мына келгеннің ниеті тіпті жаман.

Өршіл талабымен өсіп шыққан осы бір саясатшы алғаш мен көргенде тым сақ жігіт сияқты еді. Сөзі де сап принцип бойынша ғана шығатын, қоңыр салқын мінезді еді ғой, міне енді қызып, енді қайнап келе жатқандай, «қара қазандағы су таусыларда быжылдап қайнамай ма. Қара Әлменнің сабыры таусылып келеді-ау». «Қалғаны» мен «сарқынын» бір құртып тыным тапқысы келгендей, осындай бірер ай өткенде бір ау тосын құрылды.

Мен бірінші рет көрген сол жеті машина содан бері пулеметін мүйізіндей шошайтып үш рет өткенін көріп едім. Ұзын жолға ұшқан кесек алтындай күн шары да биіктеп жарқырай түскендей, 1943 жылдың көктемі бізді үкімет сарайы алдындағы алаңға шақырды. Білікті мұғалімдеріміз бір-бірден ұрланып біткен кез болатын. Бұл жолы мектеп бойынша бар оқушыны бір-ақ шақырыпты, жиын барын бұрынғыдай алдын-ала хабарламай таңертеңгі сағат 9-да тосыннан тізіп ала жөнелді. Мен тосын шақырудан үрейлендім. Сабақтастар сапқа тізіліп жатқанда «дәретке» жөнелдім де, дәретхананың артындағы бір кетіктен аттай зыттым. Жүгіре басып жоңышқалықтан өтіп, мектеп сыртындағы сайда өскен бір топ қара ағашқа сүңгіп едім. Әлмен сонда отыр екен. Жайбарақат қана күлімсірей қарап сұрады:

- Сен неге қаштың?

- Сіз неге қаштыңыз?

- Жете бергенде желкеден қиятын әдетінен қорқып қаштым мен. Мектеп бітіруіме бір ай қалып еді, кезегім бүгін келген-ақ шығар, ал сен бірінші жылдағы жаңа оқушысың ғой, әлден қашсаң кейін не оңар екенсің!

- Қашып жүріп ағасы оңса, сол ізбен інісі де бірдеме болар... Ал, Әлеке, бүгінгі жиыннан қалған-ақ шығармыз, бірақ ертең мектептен тауып әкетпей ме?

- Менікі далбаса, сенікі қыз алып қашқанмен бірге қашу шығар деймін! - деп күлімсіреді Әлмен қоңырқай ернінің ар жағынан көрінген аппақ тісі жарқырап, менің көкейіме біраз сәуле түсіргендей болды. - Ал мұндай жиында жиып алу көбінесе балық сүзген аудай ғана өте шығушы еді. Аудан қалған шабақ асыр салып, сол өз суында - өз мекенінде қала беретін. Ауды екінші рет салғанша тағы бір жөнім табылар ма екен деген дүмбілез бар.

- Қолға алынатындардың тізімі бойынша қузап-қуалап ұстамай ма?

- Ондайы ғой болатын. Болса ірірек шабақ деп мені іздер, бірақ, бұл қаңқұйлының кететін уақыты болды ғой. Өйткені Шынжаңның алатын алтынын тасып болып, кетуге қопақтап отыр, оның үстіне қолға алынатындардың тізімі өте жасырын, мектептегі көп адам ұқпайды оны... Жүр енді, жатақтан киімді ауыстырып барып, жиынның сыртынан көрейік, не болар екен. Аудың сыртында қалған балыққа қазірше қатер жоқ. Жиыннан неге қалғаныңды сұраушыға, «дәрігерге кеткенмін» дей сал.

Екеуміз киім ауыстырып жиын алаңына жеттік. Алаңның көше жақ шетінде халық иінтіресіп тұр екен. Ыңғай ақ киім киген сақшылар ығыстырып, кетуді бұйырса да халық міз бағар емес.

Барлық орта, жоғары мектеп оқушылары алаңнан қозғалмастай болып шектелген көрінеді, ақ-қара киімді сақшылар мен бұқараша киінген әскерлер мықтап қоршап алыпты. Ақ-қара киімділер тіпті оқушылар тізбегінің ара-арасынан да сыналап кіріп алған екен. Бір ғажабы, қоршаушылардан да, сұғынып тұрған ақ-қаралардан да шошайған бірер мылтық көрінбеді. Жанқалта мен жеңдерден жанқұралдары ғана байқалады.

Сахнада бірдей киіммен тұрған көк-ақ кительділердің арасында біреуін Әлмен маған иегімен нұсқап көрсетті. Шың Сысайдың өзі басқаша киіммен елеусіз ғана келіп қарап тұрыпты. Қоршап тұрған сақшылардың шақылдауынан басқа қоршалғандар да, сырттан қарап тұрған халық та үнсіз. Сахна алдында қыбыр-қимыл көбейе түсті, соған үңілдік.

Әлмен «әне!» деп қалды: оқушылар арасынан бір-бірден жетектелгендер сахнаға қарап тізіліп жатыр екен - ала сауысқан сақылдай қаптап, сарқынына төніпті...

- Сахна алдына апарып тізген үш жүз шақты оқушыны сол теріс қаратқан бойы мойнын бұрғызбай айдай жөнелді. Айдалғандар әр түрлі қияпатта. Кейбірінің сабақтастары жаққа жалт қарап жіберіп, жылай жөнелгенін де, кейбірінің аузын баса, нық адымдап кеткенін де, «қош!» дегендей қолын сермеп кеткендерін де мүлт жібермей көріп тұрдым. Жиылған халық жұтынып, тұншығып бара жатқандай, демігу, ышқыну, жөтелу, тістің шықырлауы көбейе түсті.

Бет-аузы жыбырлап, сұрланып алған Әлмен білегімді қатты қысып тұр еді. Қолға алынғандар сахна артына айналып кетісімен мені сыртқа тарта жөнелді. Қарсысындағы тар көшенің аузына тақай бере қос-қолымен бір қолымды қатты қысып сілкуінен қоштасу екенін түсіндім.

- Қош, аман тұр, бауыр, мен кеттім, - деді бір сәтте, - маған енді бұл мектептің куәлік қағазы да, қызметі де керек емес! Сауанда бір аға, бір іні, әрі шешем бар, жандарын бағар!

- Қайда барасыз?

- Алтайға! Олпы-солпысы болса да, батыр Оспанға! Халық кегі үшін! Алданудан арманда өткен ағалар үшін! Туа сала тұтқындалып жатқан інілер үшін! Қызыл қанымды арнадым!

- Мен қайтсем екен?!

- Сен... Гомендаң болмаса... бұдан енді аман қаларсың, оқи бер! Жас шамаң да, жаңа келген жайың да бар. Тек осы сергектігіңді сақта! Қош!.. Көрісерміз!

Мен булығып тұрып қалдым да, ол зытып барып тар көшеге кіре жөнелді.

Жұрт көзіне ширап ала қоймаса да, қалай жүрерімді білмедім. Қалыңдық есіме түсе кетті. Оған жексенбі демалысында бір-екі рет жатақханасынан жолығып, ақ жарқын күлкісімен көңілденіп қайтқанымның да, кейінгі бір демалыста таба алмай қайтқанмын. Қалған оқушылар тарап бара жатыр. Алаңның шығыс терістігіндегі соның мектебіне қарай тарттым.

Қақпаның артына барып, артыма қайырыла қарап едім, жарқ ете түсті тағы бір сұмдық. Деңгейлес сұмдық. Қалыңдықты сол әдемі офицер қолтықтап келеді екен. Қалыңдық бұрыла келіп, еркелей сөйлеп келе жатыр еді, мені көрді білем, томсара қойып, төмен қарағанда аузы жыбыр ете түсті. Екеуі кілт бұрылып, қиыр көшемен кете барды. Көрмеске салып кеткеніне қарай қуа жетіп көрінгім келгендей сезім бар, олар өткен көшенің мүйісіне жебей басып жеттім де, арттарынан қарап тұрып қалдым. Мені адам деп елер де, ескерер де құлқы жоқ. «Ғашық жарының» қолтығында тағы күліп, тағы бұрылып барады қалыңдығым.

«Осы кәрі қыздың менің қасымдағы бұралуы мен күлуі де дәл осылай еді ғой, баяғы сол кәрі қылық!... 1933 жылдың соңғы маусымында Шың Сысай да Шынжаңға келе өздігінен жабысып, өздігінен «жарылқап», халық сұрамай-ақ өз аузынан серт беріп еді, мынау соның қызы ма, өзі ме!» деген қызу ой ызамен қатар шарпыды. «Бірақ, бұл қыз менің аға-бауырларымды қырмады ғой, мені қорқытпады да, қанқұйлыдан мұның парқы осы. Ал келісі де, кетісі де аумаған сол опасыз сатқын тәрізді, Шың Сысай Шынжаңды алтынға айырбастады да, қалима мені алтындай сары погонға айырбастады... Несі бар, әркім өз әлінше істейді, опасыз жар кетсе, опығы да бірге кетпек. Кетсін-ақ!»

Осы ой мені тез айықтырды да, тез бекітті. Мектепке тура тарттым. Қарсы бетімнен саяпыл желі үдей соқты. Аспанды сары тозаңмен бояп, көше топырағын аузы-мұрныма бұра соқты. Боран үдеген сайын егесіп, егескен сайын бекіп, бекіген сайын күшейе адымдадым.

Құрметті «тергеушім», осымен қылмысымның алғашқы томы аяқталды. Шың Сысай торынан яғни алғашқы тордан қағыс қалған элемент екендігім нақ фактімен толық дәлелденген шығар. «Тордан қағыс қалған» деген сөз қазіргі кезде қылмыстының арты қылпылдап кететін, бұлтартпас ажалды қылмыс қой. Сол ажалдан да қиын айыбым - қаршадайымнан қатынталақ болып қалуым. Әлден осы дертке душар болған қылмыскер сақа жігіт болғанда сау қалар ма! Бұдан да зор-зорларын әлі-ақ әшкерелермін. Тапсырамын да дерттен тап басып құтқаратын қанды дағарыңызға өзім-ақ түсіп, барлық қылмыстан, қылмысты қоғамдардан, өзімнің қылмысты тіршілігімнен біржола құтылармын.

 

Бірінші кітаптың соңы

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

 

 



[1] Чи далу - Батыс сарайы

[2] Иің - Қытайша - батальон

[3] Лян - қытайша рота

[4] Сәндіхуй - ханзуша мәжіліс жабылды деген сөз

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1532
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3312
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5987