Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 10849 0 пікір 27 Наурыз, 2012 сағат 05:55

Бейбіт Қойшыбаев. Тіл тағдыры – ел тағдыры

 

Түсіндірме ретінде бірер сөз

Құрметті «Abai.kz» порталын шығарушылар!

«Рысқұловтың хаттары» жарияланғалы өзектерін рушылдық уы өртеп, жарияланым мақсатын көпе-көрнеу бұрмалаудан танбаған сыбайлас «қонақтар» менің тұрақты аноним «оппоненттеріме» айналды. Менің әр мақалама, тіпті,  интеллигенция форумындағы сөзіме де әдеттегілерінше қара бояу жағудан жалығар емес. Олардың өресіз пікірлері көңіл аударуға тұрмайтыны анық. Дегенмен, сайтқа өзге де келушілердің қатары мол екенін ескеріп, менің көзқарасыма қатысты бір жалаға қысқаша түсінік бермекпін. Тырнақ астынан кір іздегіштер бұдан ондаған жыл ілгеріде жазған қоғамдық-саяси кітапшаларымды («Ленин өсиеттерiне берiкпiз», 1974; «Интернационализм - бiздiң туымыз», 1976; «Комсомол ордендері», 1980 - бұл кітапшаның атын дұрыс көшірмей, «Комсомол өркендерi»  деп өзгерткен) өздерінше «әшкерелеген» болады. Әр ашылған пікір білдіру алаңына соларын қайта-қайта орналастыруда.

 

Түсіндірме ретінде бірер сөз

Құрметті «Abai.kz» порталын шығарушылар!

«Рысқұловтың хаттары» жарияланғалы өзектерін рушылдық уы өртеп, жарияланым мақсатын көпе-көрнеу бұрмалаудан танбаған сыбайлас «қонақтар» менің тұрақты аноним «оппоненттеріме» айналды. Менің әр мақалама, тіпті,  интеллигенция форумындағы сөзіме де әдеттегілерінше қара бояу жағудан жалығар емес. Олардың өресіз пікірлері көңіл аударуға тұрмайтыны анық. Дегенмен, сайтқа өзге де келушілердің қатары мол екенін ескеріп, менің көзқарасыма қатысты бір жалаға қысқаша түсінік бермекпін. Тырнақ астынан кір іздегіштер бұдан ондаған жыл ілгеріде жазған қоғамдық-саяси кітапшаларымды («Ленин өсиеттерiне берiкпiз», 1974; «Интернационализм - бiздiң туымыз», 1976; «Комсомол ордендері», 1980 - бұл кітапшаның атын дұрыс көшірмей, «Комсомол өркендерi»  деп өзгерткен) өздерінше «әшкерелеген» болады. Әр ашылған пікір білдіру алаңына соларын қайта-қайта орналастыруда.

Самодержавие тұсында ұлы Абайдың империя озбырлығынан қорғану үшін орыс тілін үйренуге шақырғаны мәлім. Сол секілді, Кеңестер Одағы тұсында ел билеген коммунистік партияның ұлт мәселесі хақында әр кезеңде қорытып жасаған теориясын да бізге жақсы білу қажеттігі туды. Мұны советтік дәуірдегі «дамыған социализм» практиктерінің ұлтсыздандыруға бағытталған  озбырлықтарынан қорғану үшін  оқып  үйрену қажет еді.      Аталмыш кітапшалар және өзге де жұмыстарым, тіпті, бірқатар көркем туындыларым сондай мақсатпен туған. Олардың баршасының өзегінде - коммунистік құрылыс теориясын ұлттық мүддені қорғай білу үшін әсіре большевизмнің қатыгез практикасынан сақтану үшін игеру керек деген ұстаным жатыр. Кезінде солардың барлығы менің шығармашылық жұмысшы фәлсафамды қалыптастыруыма негіз болды. Сондықтан да мен олардан ешқашан бас тартпаймын.

Советтік идеология  күшінде тұрған уақыттарда осындай ұстаныммен 70-ші жылдардың алғашқы жартысында Торғай облысы диқандары мен Баршатас қой өсіруші комсомол-жастар бригадасы мүшелеріне дәрістер оқығанмын (тезистері тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жарық көрді). Сондай әрекеттің 1976 жылғы бір көрінісін («Тіл үшін күрестегі балалар үлесі») «Abai.kz» интернет-пайдаланушылар назарына былтыр ұсынған. Енді, міне, ұлттық мүдде жолындағы күреске коммунизм қисындарын 1970 жылы қалай тартқанымызды көрсететін төмендегі мақаланы сайттың ойлы оқырмандары үшін жолдап отырмын.

Автор.

25.03.2012

 

Астанада қазақ тілінің - заң жүзіндегі мемлекеттік тілдің еңсесі көтеріле түсуіне «Азамат» газеті хал-қадерінше үлес қосып келеді. Жариялылық пен қайта қүру саясаты арқасында мүмкін болған осынау абыройлы шаруа тоқыраудың тоңы жібімей тұрған шақта да түрлі ретпен әр жылдарда көрініс беріп қалып жүрген-ді, 6ұл жайыңда кейінгі жылдары айтылуда ғой.

«Азамат» қызметкерлері маған ортақ күресімізге газет арқылы үн қосуымды өтінгенде - мен оқырмандар назарына осыдан жиырма бір жыл бұрын жазылған мына мақаламды ұсынғанды жөн көрдім.

Сол қалпында - тіліне де, стиліне де, сілтемелеріне де тиместен, уақытындағы өз иланымымызды, барша қайраткер басшылыққа алған, дұрысында - алуға тиіс деп есептейтін марксизм-ленинизмнен тірнектеп, тілге пайдалы тұстарын іздегенімізді дәйектер құжат есебінде ұсынбақпын. Өйткені, кейбір балаң пайымдарына қарамастан, мұндағы негізгі айтар ой әлі де зәрулігін жоғалтпаған екен.

Сондықтан, алдағы міндет хақында бір-екі ауыз пікір білдірмес бұрын, тіл мәселесі алпысыншы жылдар соңында біздің тұстастарымызды қалай толғандырғанына көңіл аударуларыңызды өтінемін.

 

Қазіргі мен келешек үшін!

 

Интернационализм дегеніміз - халықтардың тәуелсіздігі мен теңдігі, достығы, бар ұлттың жоғары бірлікте қосылуы.

Пролетарлық интернационализм идеясы дүниеге марксизммен бірге келді. Маркс пен Энгельс істерін алға апарушы ұлы Ленин өз еңбектерінде бұл идеяны дамыта түсті.

Біздің елімізде лениндік ұлт саясаты іс жүзінде жүзеге асты. Әрине, бұл ұлы іс жолында кедергілер болмай қалған жоқ. Совет өкіметінің алғашқы жылдарынан бастап великорустық шовинизм бой көрсетті. Ұлт мәселесіндегі бұл бұрмалаушылықтың мақсаты - ұлт мәдениетін, тілін, тұрмысын елемей, ұлт ерекшеліктерін жоюға тырысу. Олар Ленинге сілтейді, одан үзіп-жұлқып цитаттар келтіреді. Интернационализмді одаққа кірген ұлттардың бірігіп-қосылуында деп түсіндіреді. Лениннің аты мен интернационализмнің маскасын жамылған ұлт мәселесіндегі бұл бұрмалаушылық - великорустық ұлтшылдықтың  ең қауіпті, ең астарлы түрі еді. Ұлттардың жақындасуына великорустық шовинизмнен қорғанудан туған жергілікті ұлтшылдықтың да кесірі мол болды. Бұрмалаушылықтармен күресте партия дұрыс бағдар сілтеп отырды. «... орыс шовинизмімен күресу - орыс коммунисінің міндеті. Егер орыс емес, түркстан немесе грузин коммунистері орыс шовинизмімен күресті қолға алса, мұндай күрес антирустық шовинизм  деп бағаланар еді. Бұл бар істі шатастырып, великорустық шовинизмді бекіте түсер еді. Тек орыс коммунистері ғана великорустық шовинизммен күресті өз қолдарына алып, аяғына дейін жеткізе алады», - деді партияның ХІІ съезіндегі баяндамасында И. В. Сталин.

Ұлтшыл-бұрмалаушылардың бар түрін талқандап, партия халықты интернационализм рухында тәрбиеледі. СССР халықтарының мызғымас берік достығын орнатты.

Қазіргі ұрпаққа партия өзінің интернационализм ісіндегі бай тәжірибесі мен оны марксизм классиктерінің терең зерттеген еңбектерін ұсынады. Алайда марксизм догма емес, мәңгі дамып отыратын ілім. Одағымызға кіретін ұлттардың тілі, мәдениеті маңындағы ғылыми жұмыстардың, творчестволық айтыстардың жылдан-жылға көбейе түсу себебінің өзі осында. Әрине, әртүрлі көзқарастардың дұрыс-бұрыстығы марксизм-ленинизм ілімін меңгеру дәрежесіне байланысты.

Интернационализмнің алып мұхитына қосқан бір тамшымыз болсын деп біз осы жолдарды жазуды мақұл көріп отырмыз, себебі  «...қазірдің өзінде ұлттық проблема кей жағдайларда сырқат бағыт алып отыр, біз әлі күнгі ұлттық мәдениеттің даму перспективасының лениндік түсінігімен және халықтар достығы идеясымен біршама қайшылықтағы көңіл-күйлермен кездесудеміз». (М. Пархоменко, «Халықтар достығы» журналы, №1, 1967). Осындай көзқарастармен полемикаға кіру керек, өйткені сын - қоғамның қозғалтқыш күші.

Төменгі әңгімеміз Щербаков еңбегінің төңірегінде болмақ. (А. В. Щербаков, «Оқушыларға интернационалдық тәрбие берудің ғылыми-педагогикалық негіздерінің кей мәселелері». Кандидаттық диссертацияның авторефераты. Алматы. 1969).

Бізді ә дегенде автордың старты таңқалдырды. Ол: «В. И. Ленин өз еңбектерінде социализм тұсында ұлттардың тек жақындасуы емес, бірігіп-қосылуы (слияние) болатынын данышпандықпен көре білді», - дейді де Лениннен мына үзіндіні келтіреді: «Социализмнің мақсаты: адамзаттың ұсақ мемлекеттерге бөлшектеніп бытырауын және ұлттардың оқшаулану атаулысының қандайын болса да жою ғана емес, тек ұлттарды жақындастыру ғана емес, сонымен бірге оларды біріктіріп-қосу болып табылады». Одан әрі былай жалғастырады: «В.И.Ленин бұл  процестегі мектептің роліне нұсқады. Өзінің «Мәдени-ұлттық автономия туралы» жұмысында «өмірде жүзеге асырылып жатқан нәрсе мектепте дайындалатын болуы үшін ұлттардың мектеп ісінде бірігуіне қол жеткізу керектігін» атап айтты». Бұдан соң диссертант ұлттардың қосылуына Қазақстан мектептерінің материалдарын икемдеп, ойын өрбіте береді.

Диссертацияның соңғы беттерінде келтірілген пайдаланылған әдебиеттер тізімінен Ленин шығармаларының ұзын тізбесін көргенде көңілімізге автор олармен шын таныс емес-ау деген күдік ұялады. Рас, Ленин социализмді ұлттардың бірігіп-қосылу процесі болатын формация ретінде сипаттады. Бірақ ол бұл процестің көп ұлтты бір мемлекетте - біздің мемлекетте болуы мүмкіндігін айтқан жоқ қой. Керісінше, өмірінің соңғы жылдарындағы, көп ұлтты бір елде, біздің елде, пролетариат диктатурасы орнағаннан кейінгі жылдардағы жазылған «Коммунизмдегі «солшылдықтың» балалық ауруы» атты ірі еңбегінде  «халықтар мен елдердің арасында ұлттық және мемлекеттік айырмашылықтар тіпті бүкіл дүние жүзі көлемінде пролетариат диктатурасы орнағаннан кейін де өте көп уақытқа дейін бола бермек» екендігін жазған. Ал ұлт айырмашылықтары социалистік бір елде жойылады деген әрекеттерді «бос қиял» деп бөлген. (В. И. Ленин. Шығармалары, 31-том, 80-бет). Байыптап қараған болса, өзі үзінді келтіріп отырған «Социалистік революция және ұлттардың өзін-өзі билеу правосынан» мынадай жолдарды көрген болар еді: «Адамзаттың таптарды жоюға езілген тап диктатурасының өтпелі дәуірі арқылы ғана жете алатыны сияқты, адамзат ұлттардың сөзсіз бірігіп қосылуына да барлық езілген ұлттардың толық азат етілуінің, яғни олардың бөліну еркіндігінің өтпелі дәуірі арқылы ғана жете алады» (В. И. Ленин Шығармалары. 22-том. 150-бет).

Лениннің ұлт мәселесі жөніндегі ойлары бір-екі еңбегімен шектелмейді, сол себепті оның ілімінің желісін бөлшектемей үйрену керек. Олай етпей, әрі контекстен жеке цитаттар бөліп-жарып алып қарау - кейде Ленинді қате түсінуге әкеп тірейді.

«Орыс тілін оқытудың оңды ықпалы арқасында, - деп жазады диссертант, - қазақ балалары еш қиындықсыз, өз тілектерімен және ата-аналарының тілегімен орыс кластары мен мектептерінде оқытылуда, орта мектепті бітірген соң оқуларын сабақ орыс тілінде жүргізілетін вуздарда жалғастыруда. Бұл Қазақстан жастарына москвалық вуздарда да, еліміздің басқа республикаларының қалаларында да оқуға мүмкіндік туғызып отыр. Үстіміздегі 1968-69 оқу жылында оқушы қазақтардың 31,9 проценті орыс тілінде оқытатын кластар мен мектептерде оқуда. Қазақстанның жеке облыстарында мұндай балалардың проценті одан да жоғары болды».

Ол бұдан интернационалдықты көреді.

«Интернационалдық тәрбиеде «аралас» мектептің ролі зор. Мұндай мектептердің көбеюі онда оқушыларды халықтар достығы рухында тәрбиелеуге өте ыңғайлы жағдайлар жасалатынын дәлелдеп отыр».

«Аралас» мектепте екі оқу жоспары бар: қазақ тілінде оқытылатын кластың оқушылары қазақ мектебінің оқу жоспарымен, ал орыс, немесе басқа тілде оқылатын кластың оқушылары - сәйкес мектептердің оқу жоспарымен оқытылады. Орыс тілінде оқытылатын мектептерде ерікті түрде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту қарастырылған, ал тарих пен географияның жалпы курстарында Қазақстанның тарихы мен географиясы оқылады».

«Аралас» мектептерде, бір тілде оқылатын басқа мектептердегідей, бір педагогикалық коллектив жасалады».

«Аралас» мектептерде, бір тілде оқытылатын басқа мектептердегідей, бастауыш және жалпымектептік оқушылар коллективі жасалады».

«Аралас мектептерде қазақ, орыс оқушылар, басқа ұлттардың балалары жалпымектептік пионер және комсомол ұйымдарына біріктірілген».

Әрине, «аралас» мектептерде оқушылар коллективі де, мұғалімдер коллективі де сабақтан тыс мезгілде орысша сөйлейді, онысы қазақ кластары  оқушыларының орыс тіліне жетік болуына әсер етеді.

Орыс тілі совет халықтарының бәріне түсінікті. Оны баршаға ортақ еткен - орыс еркі емес, тарихтың өзі. Орыс тілін үйренуге жаппай құштарлана ұмтылудың сырының өзі осында.

Иә, қазақ балаларының үштен бірі орыс мектептерінде оқитын көрінеді. Осы жәй бізді қаншалықты қуантар екен?

Ана тілі - қанға шеше сүтімен бірге сіңген туған тіл, ұлт тілі - сол тілде сөйлейтін әр азамат үшін ең бағалы қазына, мақтаныш. Ендеше, әңгіме ана тілінің өмірде алатын орнына келгенде, мейлінше сабырлы, ойлы болған абзал.

Ұлт тілі не үшін керек?

«Дүние жүзінде пролетариат жеңіп, социализм тұрмысқа енгенде бір тілді жалпы социалистік (түрі де, мазмұны да) мәдениетке біріктіріп қосу үшін бір елдегі  пролетариат диктатурасы  кезінде түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетті құлпырту, міне, ұлт мәдениеті жөніндегі мәселені лениндік толғаудың диалектикалылығы», - деді Сталин партияның ХVI сьезінің мінбесінен.

Ұлттардың, ұлттар мәдениетінің жақындасуының басты шарты - құлпыру, өзінің бар мүмкіндігін айқындап, өркендеу, түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениеттің дамуы. Алайда, ұлт тілісіз қандай ұлттық мәдениет болуы мүмкін? Әдебиеттің, искусствоның бар шедеврлері ұлт тілі, ұлттық өрнек арқылы жасалған жоқ па? Ендеше «өмірде жүзеге асырылып жатқан нәрсе мектепте дайындалатын болуы» керек. Ұлттық мәдениетті түсініп, қадірлейтін, оның дамуына ат салысатын ұрпақты мектепте тәрбиелеу керек. Мектеп ұлттық мәдениеттің әрі негізі, әрі жаршысы болу керек. Кіші болсын, үлкен болсын, әр халықтың мәдениетін қадірлей білуге, шын сүйе білуге шақыру керек. «Интернационализм... ұлттылықтың кішіреюі мен кедейленуінен тумайды. Керісінше, ұлттық мәдениет қай жерде құлпырса, сол жерде интернационализм туады. Бұл шындықты ұмыту - жетекші жолды жоғалту, өз бетіңді жоғалту, тексіз космополит болу деген сөз... Өз отанының шынайы патриоты болмай... интернационалист болу мүмкін емес. Егер интернационализмнің негізіне басқа халыққа деген құрмет қойылған болса, онда өз халқын құрметтемей, сүймей - интернационалист болу мүмкін емес»... - деп қандай әдемі айтты А. А. Жданов бұдан 22 жыл бұрын.

Қазақ балаларының үштен бірі орыс мектептерінде оқитын көрінеді, таңырқайтын не бар, еліміздегі ұлтаралық қатынасты қамтамасыз ететін тілді балаларының жетік меңгеруіне әркім құмар. Осы тілекті әлі көп қазақ мектептері қанағаттандырып жүрген жоқ. (Қазақ мектебінің оқушыларын орыс тіліне жетілдіру - педагогиканың талай жұмыс талап ететін тармағы). Сол себепті балаларын ауылдық жердегілер ерікті түрде орыс кластарына береді. Қалада өскен балалар орыс тіліне былай да жүйрік, сонда да орыс мектебіне барады. Өйткені қазақ мектептері саусақпен санарлық та, ата-аналары күніне балаларын жердің түбіне жетектеп қиналғылары келмейді немесе мүмкіндіктері болмайды.

Ал орыс кластары мен мектептерінде, өкінішке орай, қазақ тілін оқыту өте төменгі дәрежеде. Үш-төрт жыл аптасына екі қырық бес минуттан ғана «ерікті түрде» оқыту, мойындау керек, орыс түгіл, қазақ балаларының сауатын ашуға жарамайды. Нәтижесінде, мұндай мектепте оқыған қазақ балаларының (автор атап көрсеткен барлық қазақ оқушыларының 31,9 процентінің) жартысынан көбі ана тілінде сауатсыз. Мұның салдарынан, әсіресе, үлкен қалаларда тұрғандар үшін ұлт ұғымы әншейін анкеталық белгі ғана.

«Тіл туралы айтып ұлтты түсіндіргенде ертеде аса қателесе қоймаған», - депті Ованес Туманян, тілдің әр халық үшін, әр халықтың тұрмысы мен күнелтуі үшін  басты фактор екенін айта келіп. Демек, тілін жоғалтқан адамның ұлт мәдениеті үшін пайдасы шамалы. Ол мәдениетін, мәдениеттің әдебиет, искусство, тіл сықылды аспектерін қоса жоғалтты.

Ойланыңызшы өзіңіз, оған ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша беріліп келген ғажап дастандардың, Абайдың, Мұқтардың ана тіліндегі есігі жабық, оған әрі мұңды, әрі әсем халық әндері түсініксіз, ол қазақтың жылдан жылға қанат жайып келе жатқан сахна өнерінен де ләззат ала алмайды, ұлт мәдениетінің өркендеуіне үлес қосудан тұл ол қазақ па? Жоқ! Ол бет-пішінінде ұлтының генетикалық белгілері ғана сақталған, ассимиляцияланған жан.

Дау жоқ, социализм тұсында кей ұлттардың біртіндеп ассимиляция процесіне ұшырауы жоққа шығарылмайды. Себебі ол басқа қуатты ұлттардың дамуына тіреледі де, пролетарлық жалпыадамзаттық мәдениетті анықтай түседі. Дегенмен, біздің мақсатымыз - ұлттардың ассимиляциялануын тездету емес (ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрдің бірнеше ондаған жылда түбірімен өзгеруі мүмкін деу марксизм-ленинизмнің бай қазынасынан ештеңе ұқпағандық болар еді), ұлт мәдениетінің, тілінің одан әрмен дами беруіне жағдай туғызу. Олай болса, жеткіншектерді ұлт дәстүрін құрметтеуге, тілі мен мәдениетін сүюге тәрбиелеу - нағыз интернационалдық іс, нағыз интернационалдық тәрбие, халықтарымыздың қазіргіден де тығыз жақындасуы мен достасуының айқындаушысы.

Диссертант орыс мектебін бітірген қазақ балаларының орысша оқытатын институттарда, москвалық вуздарда оқуын жалғастыруға мүмкіндік алғанын айтады. Орысша оқытатын институттар мен өз республикамыздан тыс оқу орындарында қанша қазақ мектебін бітірген жастар оқып жүргенімен оның әуестенбегені өкінішті-ақ.

Ол «аралас» мектептің маңызын уағыздайды. Сонысының көңілге қонымсыз екенін айтуымыз керек. Ұлт тілінде өткен пәннен басқа қоғамдық өмірінің бәрі бөлек тілде жүру - өз мәдениетін елеусіз ығыстыра беру деген сөз. Сөз реті келіп тұрғанда, Қазақстандағы жалғыз ұлттық институтта (қыздар педагогикалық институты) қоғамдық ұйымдар жиналыстарының ана тілінде өткізілмеуі үлкен қателік екенін атай кеткіміз келеді. Мұндай әдеттер ұлт тілінің, мәдениетінің өркендеуіне ешқашан жағдай туғызбайды. «Аралас» мектепке біз қарсы емеспіз. Ол өзін ірі қалаларда сөзсіз ақтай алады. Қалалық мектептерде ұлттық кластар тобын көбейту арқылы тәрбиеленушілердің туған халқына сүйіспеншілігін сақтауына көмектескен болар ек.

Партияның Х съезінде Лениннің басшылығымен жобаланып қабылданған резолюцияда «ана тіліндегі курс пен мектептердің жалпы білімдік түрін де, кәсіптік-техникалық түрін де кеңейтіп іске қосу» айтылған. Халық орыс тілін жеткілікті үйренді деп есептегендіктен бе, қазіргі қазақ ауылдарындағы кәсіптік-техникалық училищелерде сабақ орыс тілінде жүреді. Шынында, орыс тілінде жүреді деген аты ғана. Сабақ жүретін тіл коктейлін ести қалса - қазақша баламасы бола тұра, бөтен сөзді талғамсыз пайдалану тілімізді байытпайды, шұбарлай түседі - тілді құрметтей білетін кімде-кім болсын ызадан буға айналып кетер еді, егер ағартушы Ыбырай мәйітінен тұрып келер болса, ізінше қайта өлер еді. Қазақ ауылындағы училище курсанттарының дені қазақтың балалары болса да оқулықтардың, плакаттардың қазақшасы жоққа тән, программалар орысша келеді, журнал орысша толтырылуға тиіс. Мен өз тәжірибемнен білемін, мұндай жағдайда тұрған бірде-бір училище сапалы механизатор дайындадық деп мақтана алмайды. Училищеге 14-16 жасар, орысша сөздік қоры аз ауыл балалары келетінін біле тұра, олардың ана тілінің ескерілмеуі, менің ойымша, жіңішкеленген таяқтың бір түрі. Ана тілінде алған білім бекем болады. Ал «өзінің тұрмыс, жұмыс жағдайларына қарай орыс тілін білуге мұқтаж адамдар оны таяқтың күшінсіз де үйренеді» (В. И. Ленин. Шығармалары. 20-том. 62-бет).

«Коммунистік қоғам құруда және социалистік ұлттардың дабылдатқан қосылуында орыс тілінің ролі тіпті зор», - дейді диссертант. Соншалықты соны нәрсе емес. Оған дейін де ұлт тілін тастап орыс тіліне көшуге үгіттеушілер, коммунизмге бір тілмен келейік деп шақырғандар, ұлттық тілдердің жойылу графигін ұсынғандар табылған. Мұндай науқас ойларға шынайы интернационалистер терең аяныш сездіреді.

СССР халықтарының өміріне орыс тілінің жаппай енуінен талай желөкпе олардың сіңісу процесін көріп жүр. Щербаков болса орыс тілінде сөйлей алатын ұлттардың «дабылдатқан қосылуын» күтуде. Бұлардың марксизм үйрететін ұлттың негізгі белгілерін - ұлт дегеніміздің тілдің, территорияның, экономикалық өмірдің және мәдениетінен көрінетін психикалық сипатының тарихи қалыптасқан ортақтығы екенін ұмытқандары ақиқат.

Құрметті диссертантқа қазақ халқының Қазақстан жерін мекендеген үйсін, қыпшақ, арғын сияқты көптеген ру, тайпалардың қосылуы мен ассимиляциялануынан құралды деп түсіндірілетіні құпия емес болар. Білетініне қосымша қып, осыдан төрт-бес ғасыр бұрын сіңісіп кетті деп санайтын рулардың әлі күнгі ажыратылатынын, қазіргі ұрпақтың да руластарын туысқан тұтатынын, ең бастысы, әр рудың өзіндік кей психологиялық ерекшеліктерінің сақталғанын айтсақ, социалистік ұлттардың жақын мезгілде «дабылдата қосылуы» туралы қиялына диссертанттың өзі де шәк келтірер деп ойлаймыз.

Интернационализмнің лениндік түсінігінің негізінде ұлттардың жоғары бірлікте қосылуы жатыр. Егер терезелері тең келмей, бірінің шоқтығы биік, екіншісі жүдеулеу болса, онда ол пролетарлық интернационализм үйрететін қосылу емес, ірі ұлттың кішісін жұтуы болады. Тек Октябрь революциясы ғана қол жеткізген мүмкіндіктің арқасында ес білгелі тұншығып келе жатқан халықтар бой жаза бастады. Ең кішкентай деген ұлттардың өзінен әлемге әйгілі саңлақтар шықты. Сонда да, қай ұлтты алсақ та - болғаннан боладысы көп, үйткені бар асыл тасын жарқыратып шығаруға, артқа салған елу үш жыл қас қаққандай-ақ қысқа мерзім екені анық. Сол себепті біз ана тіліне, бергенінен берері мол, ұлт мәдениетінің негізі - ұлттық тілге ұқыпты қарайық дейміз.

Сонымен, ана тілінің пән ретінде ғана қалуы, сабақ кезінен басқа уақыттарда оның қолданылмауы - көздеген мақсатымызға жеткізбейді. Шәкірт өзінің тәрбие, білім алудағы әрбір қадамын көп ұлтты Отанымыздың қасіретті өткенімен, халқының жарқын болашақ үшін үздіксіз күресімен байланыстырғанда ғана ұлтаралық достыққа, интернационализмге үйрене алады. Тарихты үйретуден басқа тағы бір байланыстыру шарасы Щербаков еңбегінде көрсетілген, ол - мектеп оқушыларына Лениннің ұлт саясатын оқыту.

Міне,  оқушыларды интернационализм рухында тәрбиелеудегі бірден-бір дұрыс шешім!

Оқушыларға лайықтап жүйеленген Лениннің басты еңбектерін, партияның ұлт мәселесі жөніндегі съездерінің материалдарын оқытуға, оқытқанда да өзіне түсінікті, қанына сіңген ана тілінде оқытуға мен қос қолымды көтеріп дауыс беремін.

Көп ұлтты Отанымыздың әр азаматына интернационалдық тәрбие беріп, мазмұны социалистік, идеялық ұмытылысы бір ұлттар мәдениетінің жайын ойлаудан басқа не қам бар бізде. Бар жігерімізді социалистік ұлттардың бүгінгі толыққанды дамуы мен ертеңгі қуатты құлпыруына арнау - өміріміздің мәні ғой. Ендеше, бұл саладағы әр ғылыми еңбектің лайланбауына, кристалдай таза, мөлдір болуына ат салысу - парызымыз.

Сіз бен біз Щербаков жазған ғылыми еңбектің негізгі ойына ғана кішігірім талдау жасап өттік. Соның өзінде оның теориялық тірегі ленинизм емес, волюнтаризм екеніне көзіміз жетті. Болашақта ұлттардың қосылуын жақтайтын біздердің қазіргі кезде құлпыруына жақтығымызды, болашақта мемлекеттің құруына жақ біздердің бүгінгі мүндері қуаттануын қолдайтынымызды түсінбегендерді, өтпелі дәуіріміздің осы өзіндіктері мен «қайшылықтарын» ұқпағандарды Сталиннің «марксизм үшін өлді» деп санағаны мәлім. Халықтар достығы идеясын Щербаковтың ұлт әртүрліліктерін елеместен, еліміздегі социализмнің ұлы жеңісінің мақсатын ескерместен орыс тілімен өмір сүруге әкеп тіреуі, қатты айтсақ кешірім етер, Ресей патшасының отаршыл бюрократтары жүргізген орыстандыру саясатынан бір де кем емес. Тіпті, руссификаторлық әрекеттің патшаның дөрекі таяғынан да қатерлі, марксизммен тоқылған астарлы түрі.

Ау, ұлттық-отаршылдық езгіге қарсы не үшін алысты әкелеріміз? Не үшін телегей-теңіз қан төгілді? Не үшін бір жеңнен білек шығарып Ленин туын көтердік? Тезірек орыстану үшін бе, әлде, шаңырақ көтеріп, түтін түтететін, өз «мені» бар ел болу үшін бе? Әрине, соңғысы үшін! Солай еттік те!

Көпұлтты отанымыздың халықтарының достық қарым-қатынасына тілдері кедергі етеді деп кім айтады? Олардың интернационалдылығының өзі, достығының өзі біріне-бірі паш етер, тәжірибе алмасар тілі мен мәдениеті барлығында емес пе? Олай болса, ұлт мектебіне, ұлт мәдениетінің өсіп-өнер тамырына неліктен балта шабуға тиіспіз? Қайдағы бір маньяктың жақсы тақырыпты жалған іліммен былғауына, тәтті сөздермен халықтар достығын, интернационализмді дәріптеген боп, шын мәнінде бір кездері орыс шовинистерінің қолынан келмей қалған істі интернационализмнің жалауымен бүркемелеп өмірге қайтадан жетелеуіне қалай төзуге болады?

Коммунистік ұрпаққа тәрбие беруде Щербаков таңдап алған әдістің партиямыздың саясатына қайшы екенін көру, бәлкім, енді ешкімге қиын соқпас. Алайда, біздің төзіміміз ленинизмге осынша жат еңбексымақ иесіне ғылыми дәреже беруге дейін жетіпті. Ғалым деген соншама қадірлі лауазымды ойы бөтен әлдебір субъективистке беріп неге арзандаттық? Ненің салдарынан бұлай? Ғылыми Кеңестің партиялығын жоғалтқанынан ба, немесе, сол құрметті орында отырғандардың өресінің тарлығынан ба? Қанша көңілсіз болғанмен, бұл мәселе күн тәртібіне қойылып, дұрыс шешімін табуға тиіс.

Наурыздың 14-і, 1970 ж.

 

Міне осылай ашынған едік сонау алыстап бара жатқан жас кезімізде. Қазір бұған пәлендей түсініктеме берудің қажеті болмас, әйтсе де бәріміздің мемлекеттік тіл мәртебесі үшін күресімізде есте тұратын бір жәйтті ортаға салуға тиіспін бе деймін.

Қазақ тілінің қоғамдық-саяси функциясының тарылуына - республикада басқа халықтардың үлес салмағы күрт артып кетуі себеп болғаны белгілі. Алайда мүндай ахуалға қазақты сіңіріп, ерітіп бара жатқан орыс және басқа халықтар кінәлі емес, оларды сондай келеңсіз жағдайға - іс жүзінде қазақ тілін жоюшы фактор дәрежесіне түсірген саясатты жүзеге асырушы үкімет кінәлі.

Демек, қазіргі таңда тілдің әлі де тұмшаланып, қайта құрудың жаңаша тоқырауына ұшыраулы жағдайын - мемлекеттік дәрежедегі іс-шара жүйесін жүзеге асыру арқылы үкімет қана дұрыстай алады.

Үкімет өзіне қарасты барлық мүмкіндіктерді іске қоса отырып, бұрынғы тіл саясатында орыс тілді халықтар өкілдерінің, өкінішке қарай, қолшоқпар, қосындының еріткіші, ассимилятор ролінде болғанын мойындаса, күллі орыс тілділер мен сонау саясаттың ашық құрбандары - тілін жоғалтқан 40 процент қазақ - өздерін бұрмаланған саясаттың қандай күйге түсіргенін, яғни қазақ халқының тілін жоғалтуына өз еріктерінен тыс кінәлі екендігін сезінсе - бүгінгі күнде түрлі айла-шарғымен көрсетіп жүрген мемлекеттік тілге қарсылықтарын қояр еді.

28.06.1991.

«Азамат» газеті, № 8, 1991 жыл

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302