Ғарифолла ЕСІМ. Келін
Бәріміз келіннің «аяғымен» дүниеге ендік. Сонда келін деген кім? Келін деген келген кісі. Қазақ солай бола тұра келінді қонақ демейді. Керісінше, қыз баланы қонақ деу дәстүрі қалыптасқан. Келін қонақ емес, ол отбасыңызға енген бақ, береке. Келін дүниеге ұрпақ әкелуші, демек, ол отбасының ырысы мен өрісі. Бұл деген керемет мағына. «Қыз өссе елдің көркі», деген мәтел осындай мәнге орай айтылса керек. Келін тастай батып, судай сіңу ниетінде бөгде үйдің есігін ашқалы отыр, онысы ерлік...
Бұл мәселенің өте нәзік екі қыры бар.
***
Бірі, ол, сәби кезінен әлпештеп, қазақша айтқанда, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, алақанға салып, аялап өсірген, өзегіңнен өсіп-өнген қыз балаң. Қыз бала - бақ құсы. Ол ұядан ұшарда, әрине, жүрегің сыздайды, бірақ табиғат талабы, ата-баба дәстүрі бар, қыз бала «жат жұрттық». Амалға көнгенмен, барар жері қандай екен деген көңіліңнен күдік кетпей, мазасыз күндерге, түндерге тап болатынымыз тағы бар. Ол болса, бағына еріп, «жат жұртқа» аттанбақ. Барған мекені құтты болса игі еді деп тілейсің. Бұл ұрпақтан ұрпаққа Адамата - Хауаана заманынан үзілмей келе жатқан дәстүр, солай бола тұра әр ата-ана үшін тас түскен жеріне ауыр.
Қыз ұзатуға қатысты жастық шақтағы бір оқиға есімде қалыпты.
Бәріміз келіннің «аяғымен» дүниеге ендік. Сонда келін деген кім? Келін деген келген кісі. Қазақ солай бола тұра келінді қонақ демейді. Керісінше, қыз баланы қонақ деу дәстүрі қалыптасқан. Келін қонақ емес, ол отбасыңызға енген бақ, береке. Келін дүниеге ұрпақ әкелуші, демек, ол отбасының ырысы мен өрісі. Бұл деген керемет мағына. «Қыз өссе елдің көркі», деген мәтел осындай мәнге орай айтылса керек. Келін тастай батып, судай сіңу ниетінде бөгде үйдің есігін ашқалы отыр, онысы ерлік...
Бұл мәселенің өте нәзік екі қыры бар.
***
Бірі, ол, сәби кезінен әлпештеп, қазақша айтқанда, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, алақанға салып, аялап өсірген, өзегіңнен өсіп-өнген қыз балаң. Қыз бала - бақ құсы. Ол ұядан ұшарда, әрине, жүрегің сыздайды, бірақ табиғат талабы, ата-баба дәстүрі бар, қыз бала «жат жұрттық». Амалға көнгенмен, барар жері қандай екен деген көңіліңнен күдік кетпей, мазасыз күндерге, түндерге тап болатынымыз тағы бар. Ол болса, бағына еріп, «жат жұртқа» аттанбақ. Барған мекені құтты болса игі еді деп тілейсің. Бұл ұрпақтан ұрпаққа Адамата - Хауаана заманынан үзілмей келе жатқан дәстүр, солай бола тұра әр ата-ана үшін тас түскен жеріне ауыр.
Қыз ұзатуға қатысты жастық шақтағы бір оқиға есімде қалыпты.
Кеңестік заман, бірақ Леонид Брежнев басқарған кеңқолтық кез. Думанды бір той басталды. Той қызығы тарқамай, енді ол құдаларды жолға шығарып салуға жалғасқан. Ойын-қалжыңымыз ұзаққа созылып кетсе керек, құдалар жағы барар жерлері шалғай болғандықтан мазасыздана бастады. Бірақ олардың бұл жайын түсінгелі тұрған біз жоқ. Кенет той үстінде де оқыс сөздерімен көзге түскен ақсары келіншектің:
- Әу, құдалар, несіне жетісіп тұрсыңдар, алар дәнді алдық, сендерге қауызы қалды, біз енді кеттік, - деп қойып қалмасы бар ма.
Құдаша келіншектің сөзі мағыналы. Шынында біз қауыз, ал дән дегені ұзатылып бара жатқан аяулы қызымыз. Қолдарына «дән» тигендердің сөзі өктем.
Көп кейін осы хал өз басыма түскенде, шайпау келіншектің сөзі санамда қайта жаңғырды. Мұндайда «қыз бала - қонақ», - деп көңілді жұбатасың да қоясың.
***
Екінші мәселе, келіннің босаға аттауы. Қыз бала өз үйінен ұзап шықты, енді өзге үйге келін болып енбек.
Келген адамды қалай қарсы алуымыз керек. Келіннің аяғынан дегеніміз, оның осы алғашқы қадамы емес пе? Алғашқы қадам алысқа бастамақ. Ақ келіннен ақ әжеге дейін жүріп өтетін ұзақ жол жатыр. Бұл жол кімге жеңіл болған. Тағдырдың әр келінге сынақ даярлап қоятынын кім білген. Қуаныш деген серпілген бір қайғы. Шіркін, қуаныш сағым болмай, қайғы сағым болсайшы. Мен, ақ келін (шынында да ақ, әдемі еді) болып түскен шешемнің қилы тағдырын көз алдыма елестетемін. Үйелмелі-сүйелмелі, қарасаң көз тоймайтын сүп-сүйкімді екі қызы өсіп келе жатқанда күйеуін «халық жауы» деп ұстап (ол ақын еді), түрме азабына төзе алмай опат болды. Ақ келіннің жесір, екі қыздың жетім қалуы жазу ма, әлде заман қасіреті ме? Бұл сауалға жауап қайда ол кезде? Кім жесір қалған келіннің жан азабын түсінбек? Осындай әңгіме болғанда шымкенттік бауырым, өз қайғысын қоса айтып еді.
- Әкем соғыста, неміс тұтқынына түсіп, елге кейінірек оралды. Шешемнің қолында әкемнің соғыста қаза болғаны туралы «қара қағазы» бар. Бірақ, ол «қағазға» сенбепті. Ол тірі, тірі, - деп ешбір сөзге көнбей, 1947 жылға дейін туған сіңлісімен бірге ауыл шетіндегі жұпыны үйде өлместің күнін көре берген. Ешқайда қоныс аударып көшпеген, себебі ол үйді күйеуі салған. Ол өз үйінен соғысқа кетті, қайтқанда да өз үйіне енсін дегеннен таймапты. Айнала ағайын әкемнің өлгеніне сенген, көнген, тек үміт шешемде ғана сақталған. «Бірде түн ауа, «есікті біреу қағады», - дейді шешем. - Ол кезде үй қорығандар бар, жастық астына балта жастап жатамыз. Балтаны қолға алып есікке барсақ, бір таныс дауыс: - Есік ашыңдар, - дейді. Шешем шыдап сыр білдірмей тың-тыңдап тұрса, сіңлісі, апа, бұл көкемнің үні ғой», -деп болмайды.
Ашайық, ашпайық деп тұрғанда әкемнің шешемнің есімін айтып жылап тұрғанын естіп, есікті ашса, өлдіге санаған адам аман-сау келіп тұр. Қызық оқиға содан кейін басталды. Шешем әкемнен бес жас үлкен болатын, ол әңгіме өз алдына бір тарих, - деп әңгімешіл бауырым бір жымиып, сөзін әрі қарай жалғастыра берді.
Араға екі-үш жыл салып, шешем бір әңгіме шетін шығарыпты.
- Ел өлдіге санап еді, аман-есен оралдың, басың олжа, мен болсам бала көтерер емеспін, саған салар қолқам бар, мені тыңда. Мына сіңлімді сенің шаңырағыңа келін қылып түсірем.
Әкем оқымаған, момын адам болатын, бұл сөзге көнбей азар да безер болады. Бірақ шешем қайтсе де көндіріп, содан үш ұл, бес қыз өмірге келдік. Олардан өскен ұрпақ, құдайға тәубе, қара орман десек те болғандай. Бәрімізді тәрбиелеген де үлкен шешеміз, сондықтан оны «шеше» деп кеттік, - деп әңгімесін аяқтады.
Бұл не, көрегендік пе, әлде өзі сіңген отбасына деген ерекше құрмет пе?
Қазақтың осындай келіндері көп болған.
***
Ойыма жорық кезінде болған бір аңыз оқиға оралды. Шапқыншылық заманы. Қала үшін қырғын соғыс болыпты. Бірде екі жақ келісімге келіп, қираған қаладан әйел, бала-шағаны босатпақ болады. Жаулап алушылар үкім шығарыпты:
- Әрбір келіншек өзіне ең қажеттісін дорбаға салып арқалап өтсін, оларға тиіспейміз, ал қалғандарына рақым жоқ, - деп.
Бұйрық орындалады. Келіншектер бір-бір қап арқалап шығып кетеді. Жау ішке енсе, қалған өңшең бала-шаға, әйелдер қапқа ерлерін салып алып шығып кеткен көрінеді. Келіншектердің күйеулеріне деген мұндай құрметіне тәнті болған жау жағы қаланы қиратуды, бала-шағаны қыруды тоқтатыпты.
Халық дәстүрі бойынша келін барған жерінен ешқашан қайтпаған. Сірә, қазақтың тастай батып, судай сің дегені сол ма екен. Келін ырысымен келеді, енді ол ырыс шашылмауы, шайқалмауы керек. Осындай жағдай Оспан дүниеден өткен соң, Еркежанның басына түсті. Әмеңгерлік деген салт бар, қайтар жол жоқ. Тағдыр сөйтіп Еркежанды Абайға жар болуға жеткізді.
***
Халықтың «тастай батып, судай сіңу» дегені қазақ келіндеріне қатысты философия. Қазақ келіндерінің мінезі де уақытқа ұқсас, қайтымы жоқ.
Есіме сенатор Хусейн досымның айтқаны оралып отыр. Ол қарт апасының бір қылығы туралы айтып еді. Әже өніп-өскен ұрпақтарына:
- Балалар, туып өскен жерім, төркінім Сыр бойы, Сыр елі. Бармағалы ұзақ жылдар жүзі болды, сағындым, апарыңдар, - депті.
Олар ана өтінішін екі етпей Сыр өзені бойына апарып:
- Міне, дария, - дейді.
Әжей өзен бойына келіп жайғасып алып, беті-қолын жуып, ұзақ ойланып отырып, орнынан тұрып, балаларына:
- Кеттік, - депті.
- Қайда, - деген балаларына:
- Қайда болушы еді, үйге кеттік, - депті ертіп келіп абдырап тұрған оларға.
***
Күні кешегі басымыздан өткен ХХ ғасырдың 90-жылдарғы елдегі тұрмыстық қиыншылықтарды жеңудегі келіншектердің ерлігі өлшеусіз болғаны бәрімізге мәлім. Елімізді экономикалық тығырықтан алып шыққандардың бірі - әйелдер қауымы десек, артық айтпағанымыз. Себебі осындай істердің талай куәгерлері болдым. Соның бірі мынадай оқиға.
Жол түсіп, ағам Нығмет екеуміз Кереку қаласына сапарға шықтық. Екі кісілік кең купеге билет алдық. Бұл 1992 жылдың күзі. Көрсетілген орынға жайғасып отыра бергенімізде, есікті оқыс ашып екі келіншек жамыраса:
- Ағайлар, пойыз жүргенше, уақытша жүктерімізді сіздердің купеге қоя тұруға бола ма, - деді. Мен ағама, ол маған қарады, екеуіміз амалсыз:
- Иә, - деуіміз мұң екен, ала қаптарға купе іші тола бастады.
Ағам:
- Біз шыға тұрайық, - деген соң, былай барып тұрдық.
Ала қаптар купеге ағылып келіп жатыр. Бір кезде пойыз қозғалды. Купеге кірсек, екеуміз отыратын ғана орын қалыпты, қалғанының бәрі иық тірескен жүк, бұл несі дегендей сыңай білдірдік.
- Ағайлар, сәл-сәл сабыр. Қазір пойыз орнынан қозғалысымен жүктерімізді реттейміз, кешірім өтінеміз, - деген соң, көндік.
Айтқандарындай, көп кешікпей купені жүктерден босатты. Байқап отырмыз, кешке қарай қытай кеспесін жылытып, тамақ ішті. Менің оны алғаш көруім, жылдам даярланатын тағам екен. Біраздан соң, ақырындап көңілдері жайланды-ау деймін, келіншектердің үндері шыға бастады. Енді байқадым, олар оншақты. Жол болған соң, ағам екеуміз жөн сұрастық. Сонда олардың айтқаны:
- Шет елден тауар алып қайтып келеміз, бала-шаға қамы үшін, - дейді.
Мен:
- Неге мұндай ауыр жұмысқа күйеулеріңді жібермейсіңдер, - десем, келіншектер қалжың-шыны аралас былай деді:
- Күйеулеріміздің қолдарына осыншама ақша беріп тауарға жіберсек, екі жағдай болады. Біріншісі, арақ ішіп, ақшаның көзін құртып, өтірік айтып оралады, әрине, тулап-тулап, ақыры оған да көнесің. Екіншісі, біреулермен көңіл қосып, солармен мүлдем қалып қоюлары да мүмкін. Бұл - қауіпті. Сондықтан мұндай жұмыста біздер, келіншектер жүреміз, - дегендеріне өзге айтар лаж таппадым.
Мәселенің ең қызығы, ертеңінде келіншектер тұрысымен бет-ауыздарын жөндеп, боянып, сәндене бастады. Неге олай болды десем, бұларды перронда қарсы алып күйеулері тұр екен. Байқасам, бәрі шетінен етжеңді, беттерінен шыбын тайып жығылмаса да тамақтары тоқ сияқты. Өңдерінен жоқшылық белгісін таба алмадым.
Шіркін, келіндер, келіншектер-ай! Рахмет сендерге!!!
***
Алысты жақындататын да келін. Осы жайға тоқталсақ, айтпағым, қазақ халқының даналығы, оның әлемдегі көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын алып атажұртқа иелігінде деп әділ айтып жүрміз. Бұл істе, әуелі Жаратушы иемізге, содан соң ата-бабаларымызға шексіз қарыздармыз. Алайда осы мәселеде келіндердің үлесі де ерекше. Дана қазақ жеті атаға дейін қыз алыспайтын болып бір замандарда өзара келісімге келген. Бұл дін жолы емес. Діннің дуылдап тұрған жері Сауд Арабиясының өзінде мұндай тәртіп жоқ. Тіптен, өзбек елінде де дәстүр басқаша. Қазақ жеті атаға дейін қыз алысқанды көргенсіздік, жүгенсіздік деп мейлінше жазғырған. Әркімнің жеті атасын білу қажеттілігі де содан. Шәкәрімнің «Қалқаман - Мамыр» жырының мазмұны да осы жайға арналған. Қалқаман ата-дәстүр салтын бұзғаны үшін жазықты болған. Сонда бағамдап отырсақ, жеті атаға дейін қыз алыспау дегеніміз әр атаға орташа отыз жыл берсек, 210-250 жылға дейін ел ішінде құдаласу жоқ. Демек, құданың алыс атадан болуы шарт. Ал, қазақта құда болсаң, ең жақын туыс болғаның. Келіннің алысты жақындатуы деген осы емес пе? Алысым жақын болса, «қарға тамырлы қазақ» болмағанда кім боламын. Бұл жерде екі жағдай бар. Бірі, жеті атаға дейін бәрі туыс, яғни туыстық жеті атаға дейін суымайды. Екіншіден, осы жеті ата болып ұйысып отырған қауым, екінші бір жеті атамен құда болып туысады. Қарға тамырлықтың тереңдігі де осы емес пе?
Ойды әрі қарай өрбітсек, кең даланы, ана тіл дегенді бүгінгі күнге дейін таза түрінде сақтаушы да келін десек, артық емес. Шындығында, келінмен бірге ағыл-тегіл өлең-жыр, той-думан келмей ме? Дәстүрлі заманда батыс қазағы шығыстан, оңтүстік қазағы солтүстіктен дегендей қым-қиғаш құда болып, ол құдалық ескіріп сарысүйектенсе, «құдалық жаңғырту» деген болып отырған. Ол да келіндердің өз туыстарымен қайта қауышу ниетінен шыққан іс болса керек. Сөйтіп, Қазақ елі ортақ кең даланы игеріп, бір тілде, бір дінде қаймағы бұзылмай ғұмыр кешкен. Бұл әуелі Құдай, одан кейін кемеңгер келіндердің арқасында. Кемеңгер келін десе, Жиренше шешеннің алған Қарашашы есіме түседі. Қарашаштың парасаттылығына тәнті болып, шіркін, одан асқан қазақтың келіні болған ба дейсің. Қарашаштай келіндердің бірі - Домалақ ана, есімімен ру аталып кеткен Абақ келін, тағы басқалар. Қазақтың келіні Зере - Құнанбайдың анасы былай деген екен: «Мен Құнашты бір күн дәрет алмай емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісмиллә деп айтпай емізген мезгілім болған жоқ» (Дүкенбай Досжан. Абайдың рухы (Ғұмырнамалық ойтолғау). Астана «Фолиант», 2008. - 432 б. 8-б.). Бұған не айтуға болады. Хакім Абай осы Зере әжесінің тәрбиесінде өскен.
***
Ел ішінде Ысты келін деген аңыз бар. Димекеңнің атасы Қонайдың үлкен атасы Жалмамбеттің Сыланды деген келіншегі қымыздың сабасын тобылғы, қарағай бүршігімен ыстап, сақтауға шебер екен. Үлкен кісілер келіп: «Сіздің сақтаған қымызыңыз неге бұзылмайды, ашымайды?» деп сұрағанда, ол кісі: «Сабаны өңездендірмей қайта-қайта бұлақ суымен жуып, желге ұстап барып ыстаса болды», деген екен дейді. Содан ел: «Әлгі Ысты келіннің үйіне барып қымыз ішіп келейік», - деп айта берген соң, «Ысты келін» аталып кетіпті. Келе-келе ру да Ысты деген атқа ие болыпты деген аңыз бар.
Қазақ санасында аңыз бен ақиқат аралас жүретінін мойындасақ, Ысты келін туралы сөз тегін шықпаған.
***
Бала кезімде естіген әңгіме. Жетінші бабамыз Кенебай би баласы Қараманға Қаз дауысты Қазыбектің немере қарындасы Шекер есімді қызды айттырады. Мезгіл жеткен соң, Шекер қыз ұзатылу үшін басына сәукеле киюі керек екен. Бойжеткеннің адуынды мінезін жете білетін жеңгелері, оның басына сәукеле кигізуге батылдары жетпей тұрса, оны жеңгелерінің қолынан жұлып алып:
- Несіне болбырап тұрсыңдар? Әйтеуір киетін нәрсе емес пе, бұл, - деп өзі киіп алып, әке-шешесіне барып:
- Қайран әке, қош, аман бол! Ана, сіз де аман бол! Ал мен кеттім, - деп онысымен қоймай:
- Әй, әлгі мені алатын Қараман қайда жүр өзі, - депті.
Келін түсетін ауыл Малыбай көлін жағалай қонған екен. Ауыл адамдары келінді күтіп, қарсы алу қамында жүрсе, біреу келіп:
- Келін көлде әрі-бері малтып жүр, - депті.
Жеңгелері барып, келіннің ерсі қылығына қысылып тұрса, Шекер анамыз:
- Әй, келіншектер, көріңдер, құнан қойдай малтимын ба, әлде дөнен қойдай малтимын ба, - депті.
Осындай да мінезді келіндер болған.
***
Келін деген мағына қай кезде өзге күйге өтпек?
Сондай жағдай сірә, өзі бола ма екен?
Ойлаймын, «келін» деп айтатын үлкендер қалмағанда.
Ол әжеден қарияға айналғанда.
...Тастай батып, судай сіңіп, құтты мекенінде мәңгілік жай-күйін тапқанда...
Мүмкін... Иә, сонда.
Солай дегенмен, келін болып ғұмырын бастап, ақ әжеге, айналған асыл ананың қилы-қилы тағдырын, құпия жан-сырын кім біліп болған. Бәрін білуші тек қана бір Алла!
Ғарифолла ЕСІМ, философия ғылымдарының докторы, академик.
Астана.
«Егемен Қазақстан» газеті