Жұма, 22 Қараша 2024
Кеше мен бүгін 4234 12 пікір 1 Наурыз, 2021 сағат 11:41

Саяси репрессиялар Филипп Голощекиннен басталды

Репрессияның алғашқы толқынындағы жасанды айыптаулар...

26 ақпанда Нұр-Сұлтанда өткен «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: спецификасы және өзіндік ерекшелігі» дөңгелек үстеліне баяндама ретінде әзірленіп, негізгі уақыт шеңберінде кезек тимегендіктен,  пікір алмасуға қатысу үшін ықшамдалған сөз

Жасанды айып тағуға негізделген саяси репрессиялар республика басшылығына Филипп Голощекин келгеннен басталды. Ол Совет өкіметінің орталық қалалар мен губернияларда қолданған таптық күрес тәсілдерін  біздің елге – көшпенділік өмір салты басым, жұмысшы табы жоқтың қасындағы қазақ еліне – сол қалпында көшірді. «Октябрь революциясының дауылы қазақ ауылдарын айналып өткен» деп, «Кіші Октябрь» жасау ұранын көтерді.

Алайда халықтың тұтастығын көздейтін, «елді жаңа сілкіністер емес, білім, оқу-ағарту құтқарады» деп білген ұлт қайраткерлері кедей мен байды жауықтырмау, «азаматтық бітім» орнату идеясын  ұсынды. Бірақ Голощекин  керісінше, жұртты «қанаушы» мен «қаналушыға» жіктеп, араларында «азамат соғысы» өртін тұтату  жағында тұрды. Сөйтіп дәстүрлі қазақ ауылдарында ағайындар арасына таптық сына қақты.

Өзін қолдаушылар қатарын көбейту үшін ол «алашордашы» деп аталатындарды партия-совет қызметінен де, оқу-ағарту саласынан да аластады. Қызметкерлердің ой-санасын қырнап, тегістеп, біркелкілендіруді, өз тілімен айтқанда «нивелировка жасауды» мақсат етті. Пікірлері өзінікімен үйлеспейтін ұлттық кадрларға «рысқұловшылдық», «қожановшылдық», «сейфуллиншілдік», «сәдуақасовшылдық», т.с.с. айдарлар тағып, «партия бағытын бұрмалайтын» топшылдар,  ұлтшылдар деп айыптады. Олар «өздері озу үшін, өз адамдары үшін күрескенде ажырасады да, ұлтшылдар ретінде, байлардың идеологиясын, алашордашылардың идеологиясын жүргізушілер ретінде толығымен бірігіп кетеді», – деді.

Арнайы қызметтің қолымен «ұлтшыл» атаулының көзін біржолата құртуды ұйымдастырды. Қазақ Республикасының 10 жылдығына орай жасаған баяндамасында «кәмпеске де – жұт» деп білген «Байтұрсыновтың жойылған контрреволюциялық ұйымының ұлтшылдары» туралы әңгімелеп,  «қазіргі сәтте Тынышпаев, Ермеков пен Досмұхамедовтің тағы бір контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымы жойылуда» деп хабарлаған-тын. 1930 және 1932 жылдары репрессияланған осы екі ұйым жайын тәуелсіздік тарихшылары жан-жақты қарастырып, ұлт қайраткерлеріне жасанды айып тағылғанына көз жеткізді.

Мәскеуде ОГПУ алқасы Қазақстаннан әкелінген 43 тұтқынды мынандай төрт түрлі «контрреволюциялық ісі» үшін жазалаған-ды: а/ 1921–1922 жж. астыртын ұйым құрған-мыс; ә/ шекара сыртында жүрген Зәки Валидовпен байланыс орнатқан-мыс, б/ жастардың басын айналдыру, «Алқа» үйірмесін құру, байлармен байланыста болу арқылы антисоветтік күштер даярлаған-мыс; в/совет өкіметін құлату мақсатымен қарулы көтеріліс жасауға әзірленген-міс.

Торғай даласында Міржақып Дулатовтың ағасы Асқар басқаратын «байлар бандасы», сондай-ақ Сарысу ауданында «Әділовтің бандасы» болған-мыс. «Алашордашылардың» басқарушы тобы үлкен міндеттер артқан бұл «банданың» басында алғашқы Қазатком мүшелері  Байсейіт пен Дінше  Әділовтер тұрған, олар «тәркілеуге қарулы қарсылық көрсету үшін Сарысу ауданындағы барлық бандиттік элементтерді өздерінің маңына топтастырған»-мыс.  Алайда 1928 жылғы тәркілеу науқанында олар нақты қандай қарсылық әрекеттер жасады, бұл мүлдем айтылмайды.

Тергеу материалдарында ағайынды жеті Әділовтің есімі аталады, бірақ жазаланғандар ішінде үлкені жоқ. Ол, азаттық қозғалысына қатысушы, Ақмола облысында совет өкіметін орнатушылардың бірі Байсейіт Әділов, 1928 жылы тұтқындау операциясы кезінде оққа ұшып, Шу бойындағы аудан орталығы Кент-Арал ауылы маңына ОГПУ өкілінің бақылауымен жерленген-тін.

Оны жерлестері қатты қадірлеген. 30-шы жылғы Сарысу-Созақ көтерілісінен кейін жұрт ауылды тастап кетсе де, ұмытпай, 90 жыл өте, сүйегін Саудакент ауылына апарып қайта жерледі.

Елі қалтқысыз сүйген осындай азаматтарды «халық жауы» таңбасынан тазартып, толық ақтау үшін, және түрлі айып тағу механизмін дәл анықтау үшін жазалаушы мекеменің архивін мұқият саралау керек. Жалпы арнайы органның 20-30-шы жылдардағы жұмыс тәсілін жан-жақты зерттеу қажет. Тергеу және сот үдерістері материалдарымен еш шектеусіз, толық танысу ләзім. Сонда Президент Тоқаев алға қойған міндеттер ойдағыдай орындалады.

Бейбіт Қойшыбаев, 

Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308