Қажығұмар Шабданұлы. Ала бүлік (2-нші том. Жалғасы)
АЛА БҮЛІК
І
Құдыретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Алғашқы маусымдық, жарым жылдық сынаулар алынып өткен кезде, әсіресе гоминдандық мұғалімдер келіп, өтірік күлкіге жари бастаған кезімізде өз арамыздағы алалық та асқындай түсті. Әр жерден келген сабақтастар білім, сауат, сана жағынан недәуір парықты еді. Бәсекелестік, күншілдік қоздырған бұл жәйтті Гоминдандық тәрбиешілеріміз немқұрайды күлкісімен әдейі шектеусіз, тізгінсіз қоя берді.
Қуантатын сөздері біреу ғана - «Жұңхуа Минго1 үкіметі жастарды, әсіресе оқушыларды Шың Шысай үкіметінше түрмелемейді», «бізде Санминжуий бар, Шың Шысай қамаған адамдардың барлығын азат етеді!» - дейтін жарылқау сөздер айтылып жатты.
Жаңа жылда келген қасқа бас сұр мүдірі (директоры) осыны айта жүре жергілікті қарт ұстаздарымыздың түрмеден қалғандарын ауыстырып, айдап болған. Бұрынғы мүдір Дәй Рынбу Шың Шысайдың соңғы торына түсіп кеткен де Сәду қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымына ауысқан. «Ұлттық мұғалімдер» етіп тек жас тілмаштарды ғана қалдырды. Өздері езу көбіктерін бұрқырата сөйлеп-сөйлеп алады да, түсіндір дегендей, сол «атқосшыларына» иек қаға салады.
АЛА БҮЛІК
І
Құдыретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Алғашқы маусымдық, жарым жылдық сынаулар алынып өткен кезде, әсіресе гоминдандық мұғалімдер келіп, өтірік күлкіге жари бастаған кезімізде өз арамыздағы алалық та асқындай түсті. Әр жерден келген сабақтастар білім, сауат, сана жағынан недәуір парықты еді. Бәсекелестік, күншілдік қоздырған бұл жәйтті Гоминдандық тәрбиешілеріміз немқұрайды күлкісімен әдейі шектеусіз, тізгінсіз қоя берді.
Қуантатын сөздері біреу ғана - «Жұңхуа Минго1 үкіметі жастарды, әсіресе оқушыларды Шың Шысай үкіметінше түрмелемейді», «бізде Санминжуий бар, Шың Шысай қамаған адамдардың барлығын азат етеді!» - дейтін жарылқау сөздер айтылып жатты.
Жаңа жылда келген қасқа бас сұр мүдірі (директоры) осыны айта жүре жергілікті қарт ұстаздарымыздың түрмеден қалғандарын ауыстырып, айдап болған. Бұрынғы мүдір Дәй Рынбу Шың Шысайдың соңғы торына түсіп кеткен де Сәду қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымына ауысқан. «Ұлттық мұғалімдер» етіп тек жас тілмаштарды ғана қалдырды. Өздері езу көбіктерін бұрқырата сөйлеп-сөйлеп алады да, түсіндір дегендей, сол «атқосшыларына» иек қаға салады.
Сөйтіп математика сабағын өтетін Казен атты жас мүғалімнен басқа, мұғалім аты бар «тек жүр» дерлік ұстаз қалмаған. Оның өзі де жұттан қалған жалғыз тоқтыдай жуас, биязы жігіт болды.
Кластағы өзара түсінбестік, ала көз бәсеке, рушылдық, жершілдік үлкен жікке айнала бастады. Басым сан алтайлық бен тарғабағатайлық болғандықтан сабақтастар осы екі топқа қақ жарыла бөлінген сыңай бар еді. Осы ала көздікті бір күні ақыраңдаған өштікке айналдырған тағы да мен болып шықтым. Сынып бойынша апталық «тұрмыс тексеру» жиыны ашылып жатқан еді, екі-үш сабақтас бағаланып болған соң менің атым атала қалды.
- Биғабыл сабақ уақытында басқа кітап оқиды,- деп салды Ынтықбай атты сабақтас. Көпшілік тына қалды. Ешқандай топқа да шықпай, «шақсыз, жақсыз етістік» күйінде жүргендігімнен, сынау нәтижемнің одан жоғары болуынан басқа жазығым жоқ шығар» деп бейғам отырғанмын.
- Өзі ешкімді көзге ілмейтін такаппар! - деп қосты оның жерлесі Салық. Қоңырша қызыл жүзі шиқандай талаурап, дөңестеу тоқ мұрны «жанжал қайда?» дегендей едірейе түсіпті. Менің жерлестерімнен Өмірбек пен Бексапа атымды шулатпай тез тындырғысы келгендей болды.
- Мұғалім кірмеген сабақта бәріміз де ерікті оқимыз ғой, сабағын толық игерген соң неміз бар онда?
- Такаппарлығы емес, өз мінезі осылай оның, көп сөйлемейді!
Бұл жауаптарға Ынтықбайдың шүңіректеу өжет көзі тұна түсті. Тапжылдырмайтын салмақ тапқандай күжірейіп, кең маңдайлы, жуан басын сүзеген бұқаша тұқыртып алды. Мұндай райға келгенде сөзі тым ұтқыр шығушы еді.
- Өз сабағын оқымай, ыңғай Совет кітаптарын оқыса да шатағымыз болмай ма?!- деп жіберді.
Қыл мойнымызға тұзақ түскендей, бәрімізді де шошытты бұл сөз. Көзім жарқ ете түсті. Жаңа келген Жаң фамилиялы тәртіп меңгерушісі отыр еді, соған бір қарап қойдым. Оралқан банжаң1 мұны қытайшаға аударып жеткізбей, сөз тыңдағансып отыра берді. Ынтықбай мен Салық тағы соқтықты:
- Ылғи Совет кітабын жияды!
- Ұрлап сатып әкеледі, соны қайдан алатынын айтсын?
Қуат оларға бүкіл бет-аузымен күле қарап, күбірлей қайырды жауабын:
- Шырақтарым, өздерің Биғабылдан қалыспай-ақ сатып алып отырсыңдар ғой, бас жаққа барыспасақ болар! Бәрімізді бір-ақ шарпып, бар қазынамыздан түгел айрылмалық!
Әр партадан тағы да сондай күбірлер туылған соң, Ынтықбай өз сөзін басқа тақырыпқа бұра, орнынан тұра тұқырды. Мықтап сүзер нақ фактысын енді қоймақ сияқты. Тәртіп меңгеруші оқушыларының өзара өштік шырайларына сүйіне ыржиды.
Гоминдан тәрбиешілері келе салысымен-ақ бізге жаңа бір рәсім дәстүрін үйретіп еді: ұзын-ұзын үш-төрт сырғауылды жалғап, дене тәрбие алаңына зәулім биік бағана орнатқан. Сол бағананың ұшар басындағы шығыршыққа өткізілген кендір арқанның екі ұшын екі оқушыға ұстатып, әр күні құзғын сәріде гоминдан туын ілдіреді. Бұл мезетте оқытушы, оқушы біткен барлық тағат-ғибадатымен намазда тұрғандай сап түзеп, шұбалшаңдай созылған «Санминжуий» өлеңін озандатамыз. Бірте-бірте көтерілетін ту сол өлең айтылып болғанша бағана басына шығып болуға тиісті. Ол туды күн бата түсіргенде де осы ғибадат дәстүрі орындалушы еді.
Алдыңғы күні кешке жақын сырғауылға қаққан әлде бір шегеге ілініп қалған ту өлеңіміз айтылып болғанша түспей, екінші рет қайталап айттық. Бұл жолғы «дұғамызға» да түспейтін пиғылы көрінген соң, мектептің бар оқушысы ду етіп бір-ақ күлген. Бұл бұзақылығымызға алдымыздағы қасқа бас меңгерушісі ақырып қалып еді.
Ынтықбай «тұрмыс тексеру» жиынында осы зор қылмысты жалғыз маған арта қойды.
- Биғабілді жаңа үкіметімізге - Гоминданға қарсы десем артық болмайтынын дәлелдейін: бірінші, біз ту шығарып, ту түсіргенде, Биғабілдің мазақтап күлмейтін күні жоқ. Алдыңғы күні ту шегеге ілініп қалғанда, алдымен масқаралап күлген осы Биғабіл!
Әр партадан наразы дабырлар шықты:
- По....!
- Алдымен күлген өзің едің ғой?!
- Бәсе, сүзіп өлтірші, бәлемді!
- Тоқтаңдар, пікір айтқызбайсыңдар ма? - деп Салық шақ ете түсті. Айтылған сөздерді Оралқанға аудартып, сұрлана тыңдап отырған меңгеруші үстелді ұрып, дабырды тоқтатты да, көзілдірігін алып Ынтықбайға күле қарады. Сұр костюмының жеңін түріп, ақ қолғапты саусағын шошаң еткізді сонан соң. Мұнысы - сөйлей бер дегені еді.
- Екінші, бізге жаңа келген маман ұстаздардың сабағын тыңдамай, қайдағы бір программада жоқ кітаптарды оқып отырады. Үшінші, кейбір үлкен жиындар ашылғанда, тосыннан жоғалып кетеді. Қайда жүреді сонда?.. Мәселен, өткен жексенбіде ашылған үлкен алаңдағы зор жиын уақытында Әлмен екеуінің көшеде жүргенін көргендер бар, артынан Әлменнің қашып кеткенін естідік. Қасындағы Әлмен қайда кетті? Осы пікірлерге өзі жауап берсін!
Биғабіл деген мен екенімді Оралқаннан сұрап алғандай болған меңгеруші маған да ыржия күліп қарады. Сұқ саусағын маған да шошаң еткізді. Бірақ, көзілдірігін алмай шошаңдатты. Күлсе де ақ сұр жүзінде ызғар барын байқай түрегелдім:
- Жауап берейін бе?.. Бірінші пікіріне жауап: көпшіліктің бәріне аян, ту шегеге ілініп қалғанда күлкі алдымен ханзу1 сабақтастар жақтан шыққан. Қазақ кластарында алдымен қарқылдап күлген Ынтықбайдың өзі. Мен жымиып қана тұрғанмын. Екінші пікіріне жауап: жаңа мұғалімдердің сабағы маған өте түсінікті. Нанбасаңыздар осы екеумізден сынау алып көріңіздер де игермегенімізді ит екенсің деңіздер! Өзіме қиын сезілетін сабақты іздестіруім қателік емес! Үшінші пікіріне жауап: мен зор жиындардың өткен жексенбідегі біреуіне ғана қатынаса алмай, ауырып дәрігерге барғанмын. Алған дәрім міне, қағазы мынау,- деп бұлаңдата көрсеттім (Әлмен кеткен күні түстен кейін, мектепке жақын ауруханадан тымау тиді деп алған дәрімді де, оның счетын да сақтық үшін сақтап жүргенмін). - Әлменді көргенім жоқ!
- Көшеде бірге жүр едіңдер ғой!- деп Ынтықбай тағы да сүзе қарады.
- Оны сен қай жерден көрдің?- деп мен өзін сүзе қарадым.
- Ырдашаузыда2 жүр едіңдер ғой!
- Онда сен қайда тұр едің?
Бексапаның көк көзі төне түсті Ынтықбайға.
- Бұл кісі сонау Дашызының3 сыртындағы алаңда зор жиынға қатынасып тұрып, мына Ырдашаузыдағы қашқындарды көріп қалған болды ғой!
- Осы бұқаның өзі қашып, Ырдашаузыда қалған ғой тегі,- деп Өмірбек мырс-мырс күлді. Жымиғанда Қуаттың езуі құлағына шапты:
- Тергелуші Биғабілдің ауруханадан алған документтері бар екен, шырақтар, ал енді, тергеуші мықтының зор жиыннан өзі қашпағанын дәлелдейтін документін, Әлмен қашқынға өзінің кезікпегенін дәлелдейтін документін көрелік!
Көпшілік наразы үнмен дуылдай жөнелді. Мәз-майрам ыржиып күлген бойы қол ишарасымен бәсеңдетіп меңгеруші отыр. Біріне бірі қарсы дуылды жара Салықтың дауысы шаңқылдады енді. Қуат пен Өмірбекке қарсы атылған оқтай от алып, шиқандай қызарды.
- Сендер Биғабілға қойылған мәселені Ынтықбайдың өзіне артпаңдар, мақұл ма?!
- Өзінен өзі артылып отырмай ма?!- деп зор дауысты Оралқан банжаң зірк ете түсті. - Сен неге шыжық болып күйе қалдың?
Айғай шыққанда танауының екі бүйірі екі тостағандай теңкейе қалатын, томпақ бет жуан Шақан шәугімдей жұдырығымен партаны періп жіберді.
- Қайтып артпақсың, қане?!
- Алдыңғы күні ту түсіргенде біздің кластан алдымен күлген Ынтықбайдың өзі еді ғой, Биғабілға бұл артқаны өзіне артылмай ма?! Ынтықбайдың зор жиыннан өзі қашқаны рас болмаса, Ырдашаузыдан Әлменді көре ме, бұл өзіне артылмай ма?!... Қуат пен Өмірбектің пікірі дұрыс. Сендер килікпей отырыңдар!
Оралқан осы сөздерді тәртіп меңгерушісіне аударып, түсіндіре берді.
- Сендер пікір айтушының өзіне жабысып киліккенде, біз адам емеспіз бе, араласатын ақымыз жоқ па?!- деп Салық шаңқылдағанда, Ынтықбай отыра кетті.
- Ендеше, пікір айтпай-ақ қойдық, сөйлейтін жерде сөйлерміз!
Ынтықбайдың басқа да жерлестері шабуылға бірге шықты, оның дал болған пікірлерін ұсақ-түйек жамаулармен жамап, жұлмалады. Мен отырмай, түрегеп тұра бердім.
- Биғабілда оқушылық мінез жоқ. Қыз-келіншектерге қылжақтап жүреді.
- Қашқан Әлмен мұнымен ыңғай жасырын сөйлесетін.
- Сонда не сөйлесіп жүрді, айтсын қазір, Әлменді шығарып салғаны рас!
- Осы монтаныны қорғаштайтындардың барлығы бір орманның қасқыры! Ыңғай оңаша сыбырласып жүреді. Қалай да жасырын сыр бар!...
Ынтықбайдың жерлестері арасында менімен сырласып, тым жақын жүретін бірнешеуі бар еді. Үнсіз отырған соның біріне - Қабен деген сұңғақ бойлы, ақсары сабақтасыма қарай бердім. «Мыналарыңды бердеме айтып, тоқтатсаңшы!» деген раймен қарадым. Ол маған бір қарап, шарасы кең ойлы көзін бір төңкерді де, иегін көтеріп қалды. «Ештеңе етпейді» дегені сияқты. Ақылы мол жігіт екені осы көздерінен байқалып тұратын. Іле-шала тамағын кенеп қойып, сөзге кірісті.
- Сабақтастар, анық дәлел-ыспаты болмаған пікірлерді қоя тұралық. «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» деген. Біздің өз арамызда жеке келіспестіктер барын, ағайын ара бас араздықтар барын қайдан білсін... Бұралқы, қоспа сөздерді тастап, әңгімені насырға шаптырмай, фактыны, шынын ғана айталық.
- Қабен, сен былжырамай отыр, кісім! - деп дүңк ете түсті Шақан. - Осы айтылып жатқан пікірлер дәлелсіз бе?
- Биғабілдің қыз қуып жүргені өтірік пе?... әуелдесең, Нүй шуеюанның1 бір қызы аузына ұрып та кетті мұның!
- Әлмен мен мұның сырластығы дәлелсіз бе?
- Бұлардың ымы-жымы бір екенін көрмей жүрмісің?... Біреуі «банды» десе, біреуі «қарақшы» дейді бізді!... Мына Биғабіл, жарым жылдық сынауда Ынтықбайды «бұқа мінездес» деп шатып, мінездемеден түсіріп жібергенін көрмеп пе едің?!
Бұл сөзге қызай сабақтастың бірі - Серәлі сап ете түсті, «банды», «қарақшы» деп жүретін сол еді.
- Е, «Найман асырағанша, жылан асыра» деп бәрімізді бір-ақ иянаттап жүрсеңдер, біз оны айтпайтын тоқал қатыннан туып па едік?!
- Қызай тоқал қатын емей, бәйбіше ме еді?!- деп Шақан дөйдала көсіп жіберді. Қызай ананы қыжыртқанына Серәлі қыза түсті.
- Ей, батбиған балшық бас!.. қысып отыр!
«Балшық бас» аталуға Шақан көне ме, орнынан атып тұрды:
- Қыспағанда қайтесің, қызыл сиыр?
- Сен қайтпексің?
Серәлінің жерлестері дүрсе қоя берді:
- Құйдай өтірік пәлені сапырып, бәсе, сендер қайтпексіңдер осы?!
- Кеуделеріңде ненің буы бар сен өлгеніңді с...дердің?!
Тұс-тұстан адуындаған айғайға ыржыңдай түскен тәртіп меңгерушісі орнынан тұра, екі қолын бірдей ербеңдетті. Менен басқа сабақтастардың бәрін отырғызды.
- Отырыңдар, отырыңдар!... Бір-бірден тұрып сөйлеңдер!... Пікір деген әрқашан бір жерден шықпайды, бұл жақсы! Бірақ, бір-бірден анықтап, ұқтырып сөйлеңдер,- деді ол.
Меңгерушінің сөзін Оралқан шертие тұрып, қатқыл үнмен аударды. Өзі де асау ызаға мініп алған тәрізді. Парталас отырған Өмірбек маған күле қарады:
- «Отырған адамды ит қаппайды» дейтінің қайда, ей, сенің, түрегеп тұрып талатып болдың ғой, отыра қалсаңшы!
- Ей, май басқан шошқа көз, кімді ит деп отырсың?!- деп Салық Өмірбекке шаңқ ете түсті.
- Қара шашыңды майлап алған соң адаммын деп жүрмісің, нағыз ит сенсің!
- Мен ит болсам да тісім бар деп ұяласын талай бермейтін есті ит болармын,- деп Өмірбек ашуланғандағы дағдысынша, талпақтау мұрнының етегін делдите күлімсіреді. - Сенше шәуілдемей, балпиып отырғанымды көрмеймісің?!... Банжаң, меңгерушіге Биғабілдің «отырған адамды ит қаппайды» дейтін сөзін аударып берші, өзі тып-тыныш жүретін момын сабақтас еді, отырсын!
Оралқан аударып отырғанда, Қабен өз жерлестеріне үлкен көзін төңкере қарап сөйлеп қалды:
- «Ауыл иті ала болса бөрінің бағы», бәрің де иттік қылып отырсыңдар!
Қабен басқа жерден келген болса, Салық пен Шақан оның меңгерушіні «Бөріге» теңеп отырғанын әшкерелеп, қарнын бір-ақ жарар еді. Өз жерлесі, өз туысы болғаны үшін оның сөзін елеусіз қалдырып, Өмірбектің сөзін азулай берді. Ынтықбай Өмірбекке сүзе қарап, орнынан тағы да атып тұрды.
- Оралқан, сен Өмірбектің бар сөзін жеткіз меңгерушіге, пікір айтқан адамның бәрін итке айналдырып отыр!... Бұлардың жамандықтарын әшкерелегеніміз үшін бәріміз ит болдық па енді?!
- Солай,- деп қалды «қызыл сиыр» аталған Серәлі. - Мәселенің өтірік-шынына қарамай, бірің тұрғанда, бәрің өре тұрсаңдар не демекпіз?
Ынтықбайдың он екі жерлесінің бірнешеуі орындарынан атып-атып тұрысты:
- Біз бәріміз итпіз бе, меңгеруші?!
- Ит аталып оқи алмаймыз!
- Пікір айтқызбай шәуілдегендер ит болмай, өз пікірін ашық айтқандар ит аталса, мұндай мектепте оқи алмаймыз!...
Өмірбек те түрегелді орнынан:
- Үй, менің өзімді шошқа, ит деп тілдеген соң, ит болсам да жуастау итпін деп мойындадым ғой!... Талақтарың неғып тарс айрыла қалды?!
- Сендермен бірге оқыған мен де итпін ендеше! - деп Боғда баурайынан келген Тілеуқан қу да атып тұрды орнынан, құмалақтай домалақ мұрны делдейе қалыпты.
Оралқанның аудармасын көпшілікке күле қарап отырып тыңдаған меңгеруші маған келгенде сыздана кідірді. Орнынан тұрып, менен басқасын қол ишарасымен тағы да отырғызды.
- Мұнан соң бір-бірден қол көтеріп, рұқсатпен сөйлеңдер! - деді де, түрегеп тұрған маған қайта бағдарлай қарап, сұрау қойды. Оралқан да орнынан тұрып аударды.
- Сен қай жерліксің?
- Тарбағатайдың Дөрбілжін ауданынанмын.
- Әлмен қай жердікі еді?
- Білмеймін!
- Сауандық,- деп Салық кірісті. - Ол да тарбағатайлық.
- А - һа... ол да тарбағатайлық па еді? - деп қалған меңгерушінің көзі көзілдірік астынан жарқ ете түсті. Сұр жүзі ақшуландана қалғанынан қанын ішіне тарта қойғаны байқалса да күлімсірей сұрау тастады. - Өз жерлесіңді қалай білмей қалдың?!
- Сұрамаппын. Ешкімнің де қай жердікі, қай рудікі екенін сұрамағанмын.
- Анау қай ұлт?- деп меңгеруші Ынтықбайды нұсқады.
- Қазақ.
- Сен қай ұлтсың?
- Қазақпын.
- Оның әлгінде айтқандары рас па?
- Өтірік, бағана жауап бердім ғой, құйдай өтірік!
- Қазаққа қазақ жала жаба ма?
- Өшіксе жарып та тастайды!... Өшіккенде ханзуды ханзу аяушы ма еді?... Жарым жылдық сынау қортындысында мен Ынтықбайдың мінезіне пікір айтқанмын. Мінезін сүзеген бұқаға теңеп қойып едім, Ынтықбай соныма өшігіп қалыпты. Мұндай жалған пікірлерді сол кегін алу үшін ғана айтып отыр.
Меңгерушінің көзі жыртиып, езуі сол жағына қисая түсті.
- Қайсысы өтірік?- деп ашты үнді Салық шаңқ ете түсті. - Факт әлі көп! Бір-бірден тізіп қойып береміз мойныңа!
Шақан партасын ұрғылады.
- Әлменді қашырғаныңнан есіктің көзіне шаптырғаныңа дейінгінің бәрін мойындатамыз, көресің әлі!
- Онан да «аузыма жіберіп қойды» десеңші!- деп қалды Серәлі.
Меңгеруші маған қарап жыртия түсті. Сойдиған аппақ қасқа тісі ақсия көрінді.
- Мына көп қазақ та жала жауып тұр ма саған?
- Бұлар жерлестігімен Ынтықбайдың сойылын соғушылар ғана.
Мені жақтаушылар түгел қол көтеріп, шу ете түсті.
- Мен түсіндірейін меңгерушіге!
- Мен сөйлейін, мен!
- Анығын мен білемін, мен!
- Ха-ха-ха...,- деп рақаттана күліп алған меңгеруші маған тосын алара қарады. - Мына қазақтарыңның бәрі жала жаба ма саған?... Сенде мәселе көп!- деп тастады да, көпшілікке ыржия күлімсірей, сөзге кірісе берді.
- Жоқ, жоқ, бұлар жала жабушылар емес! - деп қолын ентелей көтерген Бексапаға қараған да жоқ, өз сөзіне өзі мәз болып, ақпа жорғадай, ақ көбік атып, танаулатып барады.
- ...Бұл кластағылардың рухы өте жақсы екен! Бұзақы адамдарды жасырмай әшкерелейтін ашық көңілді, ақ ниетті сабақтастар көп көрінеді!... Мына рухтарыңмен бүкіл мектепке үлгі болатындықтарыңа сенемін!... Ал «жік», «жікшілдік», «рушылдық» деген сөз дұрыс емес, ол жоқ мәселе! Біз оны мәселе деп танымаймыз. Бұл - кейбір бұзақы адамдардың өз қылмысын жасыру үшін айтатын сылтауы. Одан қорықпаңдар!... Кісінің бұзақылық істегісі келгенде, бір қолы бір қолын ұстай алса, мәселе туыла ма? Бұл істерің өте жақсы! Шынайы Санминжуиишыл, нағыз отан қайраткерлері сендердің кластан көп шығатынына сенемін! - деп көбіктеніп алған езуін ақ қолғапты қолының сыртымен сүйкей сала ыржаңдап, Ынтықбайға қарады. - Сенің атың - Ән... Тыкі... Бәй... А... сен жақсы! Сендер пікірлеріңді айта бер, не болса соның бәрін айтыңдар!... А... бәрің жақсы, бәрің де жасырмай айтыңдар!.. Бірақ, рұқсат алып, тәртіппен, бір-бірден, түрегеліп, ресми сөйлеңдер, міне сонда жақсы!... Мына банжаңдарың бәрін жазып маған тапсырып берсін!... Жиын тәртібін кім бұзса жазаланады, ә, қатты жазаланады!
Тәртіп меңгерушісі осыны айтып, ақ сұр шұға костюмінің түрілген жеңін түсіріп шыға берді. Майлап таралған қою қара шашын артына сілке тастап жөнелгенде, Бексапаның шегір көзі жайнап, сары жүзі нарттай жанды.
- Бұл кісіден табар әділетіміз осы болғаны ғой! - деп күрсінді. - Жікшілдік, рушылдық деген мәселе емес, біріңді бірің мұжып жей бер, ең жақсы іс осы деді-ау!
Тәртіп меңгерушісі өсиеттеген бұл тәлімнің мәнін сабақтастарға түсіндіре түсу үшін Өмірбек томсарып, баяу ғана қосымша айтты:
- Бұл кісінің ағайынара жікті, алауыздықты тәуір көретінін біз боқ мұрын қайдан түсінейік. Мәселенің расын айтуға қол көтергендерді де мұжушылар деп түйсініп, қуанышы қойнына симай кетті өзінің.
- Ал батырлар, мен жөніндегі пікірлеріңді айта беріңдер, өзім де жазып алайын! - деп отыра қалдым.
- Сабақтастар, - деді Қуат күлімсіреген жұмсақ шырайға келіп, ұзын жақты жуан басын сипай түсті, баспен ойлаңдар дегені еді. - Бірімізді біріміз қисықтан түзеу үшін қойылатын пікірдің бәрі дұрыс. Қирату үшін ғана қойылса, жаппай қиратыса беруден басқа нәтиже шықпайды. «Еккенің тікен болса, орарың балауса болмас» деген осы. Жайлаудың тұнық суын ішкен бауырлар тұнық-шыншыл пікір айтысалық!
Қабен барлық сабақтастарына тегіс қарап сөйледі:
- Бауырластар, біздің бәрімізді жайлаудың тұнық суын ішіп өскен деп түсіне бермеңіздер, рушыл жіктің уын ішіп өскеніміз де бар. Несін жасырайық, сендермен айтысқанда жерлестігімізбен бірігіп отырғанымыз болмаса, өзара тебісіп, жарғыласып өскенбіз. Алтайдың тұнық суына ылайық адамдары осылар сияқты екен деп ойлап қалмаңдар, ыңғай тағы аңдары ғана келіппіз!
- Тарт, тіліңді!- деп Шақан ақырып жіберіп еді, Қабенге сүзе қарап, сыздана тыңдап отырған Ынтықбай оған тоса тұр дегендей басын шайқап қалды. Қабен жалғастыра түсті сөзін:
- Біздің класта жікшілдік ауруынан ең аманы осы Биғабіл еді ғой, бүгін осының миына қаншалық микроб құйдық?!... Біраз әділдік ойласақ болмай ма, сынағандағы қаттырақ тиген сөзін оның әділдігі жуып кетпеп пе еді?! Жақсы оқып жүргендігі үшін ғана жала жабу, етегінен тартып, аяғын тұсау - кімнің ісі?
Ынтықбай ырғала түсіп, тұқыра түйілді Қабенге:
- Кісім, етектен тарту қай жақ бастаған іс?
- Тым өтірік пікір айтылмаса, етектен тарту деп аталмас еді!
Күбірлі бәсең үнмен Қабеннің өзін тергей жөнелді Ынтықбай.
- Кісім, кімнің ісін ақтап, кімді жағаттап отырсың, сен?! Кетісер жеріміз осы болсын ба?!
- Егер жазықсыз жанға құйдай пәле жапсырмақ болсаң, кетісер жеріміз осы болса, болсын-ақ!
- Ішшу, ей, кісім!- деп Салық Қабенге өне бойымен ұмтыла түсті де, сыбырлай жөнелді. Бірақ күйгелек Салық сыбыр сөзін бірнешеуімізге естіртіп алды. - Кісім, тыңдашы, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп, енді өзара жарғылассақ, басқалар не демек бізді, досқа күлкі, дұшпанға таба болмаймыз ба! ... Мыналар жеп қоймай ма бізді! Өзара ынтымақты болайық!
Қабен бұрынғы әуенмен саңқылдай жауап қайырды:
- «Жейді» деп адамның бәрін жау санасақ, біз өзіміз не болғанымыз? Адамгершіліктен аулақ жатқан біздейлерді жеп жіберсе, сауапты іс болмай... ма! Шықтым мұндай жікшіл одақтарыңнан!
- Қане, шық, солардың артын жала!- деп Шақан кіжінді. - Мұрныңды бет қып жіберейін бе, адамнан туған ит!
Қабен оның сөзін елемей, Ынтықбаймен аңдыса қарап отыр. Ынтықбайдың жерлестерінің кейі тілін шық еткізіп, кейі бастарын шайқасып, өзара қынжылысты, кейбіреуі Қабенді жазғыруда.
- Япыр-ай, тәп-тәуір кісілігі бар кісіден де осындай қара қасқа туылыпты-ау!
- Тиыннан басқа қуары жоқ, жемеңгер саудагердің қаншалық кісілігі бар еді, бір қу тірсек болатын ол да.....
- Қалада өскен адамда қан бола ма?!
- Бұрыннан осылай қыңыр тартатын қырсық неме болатын бұл!...
- Кісім, атыңның басын бері бұрсаң қайтеді!- деп Ынтықбай тағы да күбірлей сүзілді.
- Қай жаққа бұрылайын, адам жаққа ма, аң жаққа ма?!
- Ішшу, ей, кісім,- деп Шақан шалқалай түсті. Жұдырығы тоқпақтай түйіле қалыпты. - Адам деп қай жақты айтып отырсың?! Анау сүзеген қызыл сиыр мен мынау шашты жыландарды айтып отырмысың?!... Дәл әкеңнің аузын.... ендеше!
- Қызыл сиыр деп Салығыңды айт ей, батпаққа аунаған доңыз!
- «Жылан» деп тағы да бізді қауып отырсың-ау, иттің баласы, е!
- Тегі шашы бар адамның бәрін де жылан деп отыр,- деп жатып атар Өмірбек сілтеген жақты Бексапа тауып, Бопай қорқытқа басып қалды.
- Онда, меңгерушіні де жылан қатарына қосқаның ғой?!
Тілеуқан қу Ынтықбайдың сабақтастарының шаш қоймағандықтарын пайдалана қойды.
- Жоқ, жыланда шаш болмайды. Ол мырзалардың бастары тап-тақыр болып жалтырап тұратын.
- Сабақтастар, біз араласпай, ушықтырмай қоя тұралық,- деп Қуат күбірледі, - өзара сөйлесіп, бір жөнге келсін.
Салық қарсы жақтың дәлелдемесін ұстай алып, Қабенге төндіре қойды.
- Ей, кісім, естідің бе, «Жылан мырзалардың шашы болмайтын» деп, сенің өзіңді де жыланға санап отырмай ма? Жағаттап отырғаның жарылқап болды!
Қабен мұны да тыңдамады. Аңдысып отырған Ынтықбай оған, күрсініп алып, зілдене үн қатты.
- Кісім, енді кетістік қой?... Өзің жауап беріп көр ендеше.... Осы сенің үкіметке қарсы адамды қорғаштап, әшкерелеушілерге өлердей өшігіп отырған себебің не? Гоминдан партиясын қорғау жақта екендігіңді көрсете ала ма осың?
- Жоқ мәселені бар етіп айт деп үкімет зорлай қоймас деп сенемін!
- Кісім, ендеше көпшілік естіген, меңгерушіге аударылып жетпей қалған әлгі бір-екі мақалаңды талқылап көрейікші қане!... Мен Биғабілді әшкерелеп сөйлегенімде «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» дедің ғой, бұл, «меңгеруші отыр, әшкерелеме» деген сөзің ғой!... Ал, «Ауыл иті ала болса, бөрінің бағы» деген сөзіңдегі «бөрі» кім болмақ?...
- Қабеннің мұндай мақал айтқанын естімедік!- деп сөзді Серәлі бастады да, менің жерлестерімнің бірнешеуі шу көтерді.
- Жоқ сөз!
- Айтылмаған сөз!
- Тағы да жала жауып отыр!...
- Жаңа ғана меңгерушінің алдында Қабен айтпап па еді,- деп, Салық ушыққан шиқандай талауырап, ышқына шаңқылдады. - Жалғаннан жаралғандар!
Шақан орнынан атып тұрды.
- Жаңа ғана бәрің естіген сөзді қалай өтірікке шығарасыңдар, ей, бет бар ма сендерде?!
- Е, бар бетті Құдай Тағала үйіп-төгіп саған ғана берген ғой!
- «Бет» деп балшықты жапсыра берген соң, көзіңнің, құлағыңның,... тіпті мұрныңның да қайда екенін таба алмай жүрмейміз бе?!
Ду күлкі көпшілікті Ынтықбай сүзеген шүңірек көзімен түгел тінтіп, тесірейе түсті де, өз жақтастарына қарап сөйледі:
- Біздің рас дәлелімізді жабылып өтірікке шығармақ қой!... Бұл класта көргенімізді айтудан қалыппыз, кісілерім! Бұл жерде бекер жаман ауыз болып сөйлеудің керегі жоқ екен, көрген-білгенімізді тәртіп бөліміне төте айтармыз, қоя тұралық енді.
- Сен кісім, маған да мүйізіңді көрсеттің ғой,- деп Қабен Ынтықбайға тағы да бұрыла қарап отырды. Шаралы қой көзі от алып, тұна түсті. - Қадасуға тура келсе, менің мүйізім сенің тұла бойыңнан ұзын екенін ескермей отырсың!
- Ондай мықты болсаң, сүзе бермеймісің енді!
- Сенің маған сөйлегенің аз болды ма!... Бірақ, «Сыпыра батыр, бәле шақыр, болдың ақыр тап-тақыр!» деген Абай сөзі біздің басымызға аз түсіп пе еді!
- Бәсе, сол батырлық кімнен шығып отыр, бірге туып, бірге өскен, бір бұлақтан су ішкен туыстарыңды тап-тақыр етіп, жерге қаратпақ болып отырсың!...
- Сабақтастар!- деп Оралқан қысқа шашты жуан басын қос қолымен қасып-қасып қойды да, балпылдай сөйледі. - Жаңағы меңгерушінің тапсырмасына не жазайын енді?!... Тиянақты бір пікірге келейік! Сөз Биғабілдің үстінде еді ғой, жаңа пікір бар ма, қане, сөйлеңдерші!
- Жоқ, енді бұл жерде сөйлемедік!- деп Ынтықбай тұқыра түсті. Қара қоңыр, толық жүзі күреңітіп, ісініп алыпты.
- Алдыңғы пікірлерімізді жаз ендеше,- деп Ынтықбайдың орнына Салық түрегелді. - Алдыңғы күні ту түсіру салтында мазақ күлкісін бастаған Биғабіл.
- Ал, жаздым!... Көпшілік, рас па, Биғабілдің осы қылмысы?
- Өтірік!... Өтірік! - деп көпшілігі ду ете түсті. - Біздің класта алдымен күлген Ынтықбайдың өзі.
- Е, солай ғой!... Көрерміз әлі!... Әлменді қашырып жіберген Биғабіл. Ол қашатын күні зор жиынға бармай, көшеге сонымен бірге шыққан!
- Ал, жаздым, рас па көпшілік?
- Өтірік!... Өтірік!... Оларды Ырдашаузыдан көрдік дегендер ол кезде үлкен алаңда бізбен бірге болған, көргендері өтірік!
Салық Совет кітаптары туралы маған қоятын пікірді қозғай алмай, ойланып отырып қалды да Шақан түрегелді:
- Биғабіл түнде ыңғай есіктің көзіне шаптырады.
- Рас па, көпшілік?
- Өтірік!... Өтірік!... Есігіміздің алды тап-таза!...
Серәлі күлімсірей түрегелді.
- Есіктің көзі де, Биғабілдің өзі де тап-таза. Ал, ұйықтап жатқанда Шақанның аузына жіберіп қойса, жіберген-ақ шығар! Олай дейтінім: таңертең Шақанның аузынан су ағып жатады, жастығы шылқылдап қалады!
Шақан партасынан шыға ұмтылды Серәліге.
- Тарт тіліңді, әкеңнің аузын....
Шақан ешкімге араша бермей кимелей барып Серәліні шекеден қойып қалғанда, Серәлі де мықындатып кеп жіберді. Көпшілік Шақанға қайта ұрғызбай итермелеп айырып әкеткенде Салық шақылдады.
- Ей, үрпек бас, қызыл сиырға іретіп, Шақанның қолын неге ұстап аласың!... О, әкеңнің аузын!...
- Жеті әкеңнің аузын... шиқан!... Тұмсығыңды жұлып аламын,... қыс!
- Жетпіс жеті әкеңнің...! Қара құсыңды ұшырып жіберейін бе?!.
- Ей, Шақан, ұшып келіп ұрған, жиын тәртібін бұзған сен ғой, тексер өзіңді!- деп Тілеуқан зекіді.
- Мә!... Мынау тексереді, қаншық түлкі!...
Шақанның бұл жуандығына клас бойынша иу-қию айтыс, айғай, керіс көтеріліп кетті. Оның өзін тексеру-тексермеу жөніндегі ережелі пікірлер ғана ең кішкене дерт таратқыштардан - микроптардан тартып шаян, тышқан, суыр, борсық, қасқыр, аюға дейінгі адамзатқа сүйкімі жоқ жануарлардың бәрінің құлағы шулап жатты. Ең көп мазасызданғаны, әрине, шошқа мен ит бейшара болса керек, бұл тектілердің мегежін, торайлары мен қаншық, күшіктерінің де бір-бір сабақтасқа ат болып аталмағаны жоқ.
Сөз тыңдата алмай майлы басын тырналай берген Оралқан банжаң бір шақта ырсылдай түрегелді де:
- Сабақтастар, түн ортасы болып қалыпты, таралық енді!- деп шығып жүре берді, айтысушылар да жатақханаға беттей тілдесті. Көшеде бізден басқа үрген ит те жоқ екен. Жазғытұрымның ызғарлы, сүркей сұр аспанындағы жұлдыздар ғана бізді мысқылға айналдырып, күліскендей жымыңдасады. Бұл көріністен Абайдың:
«... Күлкілі қуыршақ сен болдың,
Әлемнің тартып мазағын!...» - деген кейісі есіме түсе кетті. Осы өлеңдерін кейде кернеген ашумен қысылып, кейде жетесіне жеткен қорланумен жан терін шыпшыта жазып отырған ұлы Абай елестеді көз алдыма....
Бір жағымда келе жатқан Өмірбек:
- Ынтықбай нағыз қара бет екен,- деп күбірледі, - көпе-көрнеу жала жапқанда бетінен титтей де шімірігу сезімі білінбейді өзінің!
- Феодал ақсақалдардың бас аламан рушылдығы бұған толық сіңген сияқты ғой!... Өз іштерінде де жік-жік көрінеді... Әлгі Оспан мол аталы сыңар езулерді қалай бірлестіріп жүр екен?!
Бұл сұрауыма жауап шыға қоймады.
- Рушылдық қой көбімізде бар, - деп сөзге Қуат кірісті, - Серәлілерде бұл жік бізден әлдеқайда күшті. Бірақ дәл мынадай шөгел қара жүрек аз кездесер-ақ!
- Жоқ, бұл жігіт оншалық қара жүрек емес, білері бар азамат сияқты болатын. Кесел біздің қуларда да бар; сыртынан сыпайы көрінетін арам қалжыңмен арандатып, уыттандырып қойыпты. Өштестік өршігенде өлтірермен ниет тумай ма?!...
Алды-артымызда жатақханаға қайтқан сабақтастарымыз топ-топ болып әлі де ырылдасқан боқтықпен, кіжінген айтыспен келе жаттты. Бір топтан:
- Сазайын әлі-ақ тартқызармын! - деген суық серт естілсе; тағы бір топтың:
Құлағын меңгерушіге жұлғызайық, біз үшін ең ұтымды әдіс осы! - деген қаулы жобасы сыбырмен пысып келеді.
Күндегісін күнде жеткізіп, тілдерін қысқашпен суырту керек!
- Көпшілік талқысына түсірмей, шпиондарға жемтік қып жіберсе бәлемдерді! - деген асқан «даналық» тактикалар да сумаң етіп, құлаққа біздей шаншылады....
Құдіретті тергеушім, біздің сол уақыттағы алауыздығымызды енді естіп, араныңыз ашылып, тіліңіз жалаңдап кеткен шығар-ау. Сіздің сол кезде тергеуші болмағандығыңыз қандай өкінішті! Осындай быт-шыт жік, арсыз араздық, бетбақ берекесіздік бар жерде сіздің жоймайтын жауыңыз, жықпайтын тауыңыз бар ма! Бірінде жоқты бірінде тапқызып, жан жерін тауып қапқызып, бірінің қылмысын бірінен жұлып алып, бірінің сөзінен бірін іліп алып, бірін бүркіт, бірін тазы етіп баптап салып, бәрін осы бір күні-ақ қырқай матап ала қояр едіңіз-ау! Қиуадан шауып, қисынын таба қоятын сіздей қыран тергеуші ол кезімізде болған ба!
Қаншалық шебер болғаныңызбен қазір дәл сондай қызыл шеке-қырық пышақ алалыққа толық келтіре алмай, сіз дал болғалы қашан?! Бізді алмай қоймайтын да шығарсыз бәлкім, бірақ, жанталасыңыз ұзаққа созылып барады. Сол кезде сіз болсаңыз, бірімізді біріміз осылай басып беріп отырғанда тырп еткізер ме едіңіз, бір күндік-ақ жұмыс едік қой!
Әрине, сіз мені «Гоминданды мойындамай қойған төңкерісші екен» деп бағаламайсыз. «Сол кезде де тоңмойын неме екен ғой» деп маған жауыға түсуіңіз хақ; бірін-бірі қорғасып-қолдасып қалған «кері төңкерісші топ» маған да сол әдетін істер деп шұқшиярсыз. Зор қылмыстың иісі сезімтал мұрыныңызға бұрқырап-ақ тұрған шығар. Иә, Гоминдан да өз дәуіріндегі Қытайдың бір заңды үкіметі емес пе. Шакене ұлт жөнінен айтқанда, сол үкіметке бас қойып бағынғысы, жаланып жағынғысы келмеген жаудың қылмысы аз болмақ па?
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
1 Жұңхуа Минго - Қытай халық мемлекеті. Гоминдан үкіметі осылай аталған
1 Банжаң - қытайша клас бастығы, әскери түзімде он әскердің бастығы
1 Ханзу - хан ұлты. Қытай халқы өздерін ханзу деп атайды
2 Ырдашаузы - ырдаучяузы - Үрімжідегі көше аты
3 Дашызы - Үрімжідегі орталық көше түйілісі
1 Нүй шуеюан - қыздар институты