ӘКЕЛЕР
Биыл «Алаш» партиясы мен Алаш Орданың құрылғанына 90 жыл толды. Шыны керек, қазақ елінің тарихындағы аса айтулы дата төңірегінде қазір Астанада едәуір тірліктер жасалып жатыр. Әйтсе де, қазақ қоғамы тарихында биылдыққа ең ірі саяси және рухани шара ретінде аталып өтуге тиісті бұл мерейтойды әл-әзір республика көлемінде атап өтуге елеулі қадам жасала қоймағаны рас.
Біздің есте жоқ ескі замандағы, хандық дәуірдегі тарихымызды айтпағанда, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің алтын бастауы осы Алаштан бастау алып жатқаны анық.
Биыл «Алаш» партиясы мен Алаш Орданың құрылғанына 90 жыл толды. Шыны керек, қазақ елінің тарихындағы аса айтулы дата төңірегінде қазір Астанада едәуір тірліктер жасалып жатыр. Әйтсе де, қазақ қоғамы тарихында биылдыққа ең ірі саяси және рухани шара ретінде аталып өтуге тиісті бұл мерейтойды әл-әзір республика көлемінде атап өтуге елеулі қадам жасала қоймағаны рас.
Біздің есте жоқ ескі замандағы, хандық дәуірдегі тарихымызды айтпағанда, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің алтын бастауы осы Алаштан бастау алып жатқаны анық.
Алаш Орда - қазақ мемлекеттігінің жаңа бастауы. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан идеясына осыдан 90 жыл бұрын қадам жасалды. Олардың, Алаш ардагерлерінің, көсемдерінің арманы кешегі Желтоқсанның жаралы қүндерінде алау болып жанып, ақыры жүзеге асты. Демек, қазақтың Тәуелсіздік аңсаған тарихына өзіміз келген жерден қарамай тереңірек үңілгеніміз жөн.
Кейде кейбір азаматтар «Біз қабырғамыз енді қатайып келе жатқан жас мемлекетпіз» деп соғады. Әрине, бертіндегі ресми құжаттарға сүйенсек, солайы солай. Әйтсе де, бүгінгі Тәуелсіздікке дейінгі шынайы тарихымызды таразылаған кезінде қателікке ұрыну сырт көз үшін сес болмай қалады. Егер «Алаш» партиясы мен Алаш Орда қозғалысының 90 жылдығын ТМД мен дүние жүзінің ірі ғалымдарының басын қосып атап өтетін болса, біздің мемлекеттігіміздің қалыптасуына соңғы 10-15 жыл мөлшерімен қарайтын кейбір керауыздардың аузына құм құйылған болар еді.
Кейбіреулер үшін қазақта партия да, үкімет те осы күні құрылғандай болып көрінеді. Тақыр жерге шөп шықпайды. Қазақ жерінде Алаш Орда қайраткерлері қадау-қадау, бір топ шоғыр жұлдыздай болып шыққанда, Орта Азияның өзге елдерінің көсемдері бес саусаққа да толмайтын еді.
Алаш жұлдызының жарығы сол кездің өзінде алысқа түсті. Алаш идеясы, дауысы алысқа кетті. Алаш Орда көсемдерінің әрқайсысы ұлт ұстазының деңгейіне көтерілді. Олардың тағылымы, өнегесі бүгінгі орта мектептерден бастап, терең насихатталуы керек. Мектепке де, жоғарғы оқу орындарына да шартты түрде алғанда «тұлғатану» деген пән енгізілуі керек.
Олар. Азап пен қорлықтан басқа түк көрген жоқ.
Олар. Қазақтың өз алдына ел, мемлекет болғанын, өзгелермен терезесі тең болғанын көкседі, көрген жоқ. Бірақ олар осы күнді жақындатып кетті.
Олар. Тек қазақ үшін қан төкті, жанын берді. Қазақтың баласы ешкімнен көзтүрткі көрмеуін құдайдан күн-түн тіледі.
Олар. Бар білімін, қажыр-қайратын, Тәңірі сыйлаған талантын тек кана халқының көзін, бағын ашуға, азаттыққа арнады.
Олар. Көл-көсір дүние жимады, кітап, ақыл, парасат, ілім-білім жиды. Аспанмен астастырып үй салмады, саяжай соғып, саунаға түсіп, сайран салмады, есік пен төрдей мәшине мінбеді, кісі ақысын жемеді, халқын, Отанын оттан да ыстық сүйді. Әр қазақтың баласының мандайынан сипады, сол қарадомалактың келешегін ойлап түн баласына көз ілмеді, отқа да, суға да түсті, жанбады, батпады. Рухы өлмеді. Сол рух кешегі қиын күндерде де бізді желеп-жебеп жүрді. Кейбіреулер «бізге Тәуелсіздік қантөгіссіз келді» дейді. Тәуелсіздікті әперген солардың шелектеп төккен қаны, шүберекке түйген жаны.
Олар. Ұлтқа ұстаз, халыққа қамқор болды. Артында мейірім, шуақ қалды. Біз жылдар бойы соған жылындық.
Олар. Өзінен бұрын өткен бабаларын пір түтты, өнегесіне адал болды. Бір-бірінің соңына шам алып түспеді, бір-бірін бауыр көрді, бір-бірін сағынып іздеді...
Олар. Тек қана «Алаш», «Қазақ» деген ұғыммен ғана тыныстады.
Олар. Толыққанды құрметтелуі қажет. Біз өз қадірімізді өзіміз кеш білетін, кеш түсінетін халықпыз. Енді кешігуге болмайды.
Олар. Оралу керек. Олар (әкелеріміз) ортамызда жүргендей сезіну керек өзімізді. Біз енді олардың идеясын, тазалығын, тектілігін басшылыққа алуымыз керек. Оларсыз таңымыз атып, күніміз батпауы керек. Оларды білмейтіндерді билікке жолатпау керек.
Оларды. Отан үшін опат болғандарды әрдайым естен шығармауымыз керек.
Олар - Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Шоқай, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Т.Рысқұлов, Б.Сыртанов, Ж.Ақбаев, М.Тынышбаев, Қ.Кемеңгеров, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, осылай кете береді.
Біз кімді өнеге тұтпадық. Енді кімді құрметтеуіміз, кімді кемел көруіміз керек?!
Қазіргі жер басып жүрген алаш баласының қайсысы да болсын оларға қарыздар. Солардың рухы бізді әлі күнге желеп-жебеп келеді. Олардың рухына мың тағзым! Олардың әрқайсысы бір-бір қаһарман. Олардың әрқайсысына еліміздің ең жоғары атағы - «Халық қаһарманы» - атағы берілуі тиіс. Олардың аты республикамыздың бар алабында жаңғырып жатуы тиіс.
...Олардан - Әкелерімізден ешкім де әулие емес.
Қали Сәрсенбай.
«Алматы ақшамы», №138, 2007 ж.