ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ АСТАНАНЫ НЕГЕ ЖЕРСІНБЕЙ ЖҮР?
Былтыр ғана Астанада Иосиф Кобзонның талып қалуымен ерекшеленген бүкіләлемдік руханият форумы өтті. Алқалы жиында Елордамызды анау-мынау емес, күллі галактиканың рухани астанасы деп жариялап жібердік. Сол Иосиф Кобзон жақында «Астана - әлемнің рухани астанасы. Басқа ешбір қала онымен таласпасын» деп, форумның тағы да Астанада өткізілгенін қалапты. Кобзон қанша жерден президент тігіншісінен киінетін, атақты, беделді... болса да, «сөзінде тұрады» деп айта алмаймыз. Керек десеңіз, «рухани астана» деген атақтан «үмітті» әлемнің бүкіл қалалары орыстың бір әншісінің аузына қарап отырған жоқ шығар. Кобзон Геракл емес, Рим, Париж бен Лондонды картадан сызып, жермен-жексен ете алмайды. Ал кез келген адам Астананы шын жүректен жақсы көрсе де, жаңағындай қалалардың жанында «сәби» екенін біледі.
Былтыр ғана Астанада Иосиф Кобзонның талып қалуымен ерекшеленген бүкіләлемдік руханият форумы өтті. Алқалы жиында Елордамызды анау-мынау емес, күллі галактиканың рухани астанасы деп жариялап жібердік. Сол Иосиф Кобзон жақында «Астана - әлемнің рухани астанасы. Басқа ешбір қала онымен таласпасын» деп, форумның тағы да Астанада өткізілгенін қалапты. Кобзон қанша жерден президент тігіншісінен киінетін, атақты, беделді... болса да, «сөзінде тұрады» деп айта алмаймыз. Керек десеңіз, «рухани астана» деген атақтан «үмітті» әлемнің бүкіл қалалары орыстың бір әншісінің аузына қарап отырған жоқ шығар. Кобзон Геракл емес, Рим, Париж бен Лондонды картадан сызып, жермен-жексен ете алмайды. Ал кез келген адам Астананы шын жүректен жақсы көрсе де, жаңағындай қалалардың жанында «сәби» екенін біледі.
Қош, биыл енді Астана Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Әйтсе де, берісі түркі, арысы әлемді қоя тұрып, Астана өз қазағымыздың рухани, мәдени астанасы бола алды ма? Бұл бір бүгін көтеріліп отырған тақырып емес. Элитаны Алматыдан «тартып алу» талпыныстары Астана Астана болғалы басталған. Талай ағаларымызды жылы орнынан қозғап, аязы сақырлаған Арқаға күштеп әкелгендей болды. «Алғашқы жылдары ағаш отырғызса, төрт жағынан арқандап қазық қағып қоятын. Дәл солай, шенеуніктерді де байлап-матап әрең ұстады» дейді сценарист Бақыт Қайырбеков. Шенеуніктер ғана емес, зиялы қауымды да. Қазақтың жанын көшіру оңай шаруа емес. Сол кезде талай қаламгерге үй берілді. Қала маңынан жер ұсынылды. Сонда ақын-жазушылардың дені тегін жерді алу түгілі, келіп көруге ерінді дейді. Президент пен әкімнің жомарт қолынан даңғарадай пәтерлердің кілтін алса да, сол үйдің табалдырығын аттап кірмегендер де баршылық. Ресми жиындарға шақырылғанда бір келмесе, зиялы қауым Астананы жерсінбей-ақ қойды.
Елдің мәдени орталығы Алматы екені де рас. Қазақстан кішкентай ел емес. Бәрін бір қалаға жинай алмайсың. Бірақ еліміздегі ең маңызды шешімдер қабылданатын қала - Астана. Сондықтан зиялы қауым басқа қаладан гөрі осы жерде керегірек.
Бүгінде Астанада «ауа-райын жасап жүрген кімдер бар? Ұлттық Өнер университетінің маңына Айман Мұсақожаева бастап, Қайрат Байбосынов, Бауыржан Нөгербек, Әшірбек Сығай, Жанғали Жүзбай сияқты бір топ зиялылар жиналды. Оркестрін көшірген Секен Тұрысбеков бар. «Астаналық» болып алған Фариза Оңғарсынова бар. Мәдени жиын болса, шашы желбіреп Серік Тұрғынбекұлы жүреді. Томпаңдаған Несіпбек Айтұлын көріп қаламыз. Әкім Тарази мен Роза Мұқанова бар. Төлен Әбдік бар. Әншілерден «Бәйтерек» тобы мен Досымжан Таңатаров, Маржан Арапбаева, Қарақат пен Қыдырәліні, Тұрсынбектің театрын атаймыз. Опера және балет театры мен қос драма театрын ұмытпайық. Бірақ Алматыдағыдай аура жоқ, «Астана театрларында өзіңді «мәдениетті адам» сезіне алмайсың» деп еді бір танысымыз. Концерттен концерт өтсе де, Елордада әлі де мәдени өмірдің қайнап жатпағаны сезіледі. Гастрольші қауым күніне екі рет келіп кетсе де, «ауа-райын өзгертпейді», өйткені.
Жұмыс бабымен ауысып келген бір жас жазушы: «Астанада қарыз сұрайтын адам жоқ екен» деп, Алматыға қайтып кетіпті бір жылы. Қалай болғанда да, сол «қарыз сұрайтын адамның» (жазушының өз ортасы - ред.) аздығы сезіліп тұрады.
Жазушылар Одағының астаналық филиалына бір ғимарат бұйырмады деген кейісті Рахымжан Отарбаевтардың аузынан жиі естиміз. «Астанада тоқсанға тарта қаламгер қауымы бар, - деген ол. - Аралас-құраласқа зәруміз. Баяғы шығармашылық еркіндік жоқ. Оның үстіне, басы бүтін кеңсеге де зәруміз. Астананың атағы дардай бос тұрған ғимаратының бір босағасы бұйырмай-ақ қойды». «Орта жоқтың» қасіретін мәдениеттанушы, күйші, жазушы Таласбек Әсемқұлов көрудей-ақ көріп жүрген сияқты. Ағамызбен тілдескен сайын «Алматыға қайтамын» дегеннен басқаны естімейсіз. «Астанада ресми жиындардан басқа ештеңе жоқ» деп налиды «алты ай қыс үйқамақта отырған» тағы бір ағамыз.
«Неге орта жоқ? Бір Айманның, бір Фаризаның өзі неге тұрады?» деп дау айтады Кәкімбек Салықов ағамыз. Расы рас-ау, бірақ Айман мен Фариза бар екен деп, салып ұрып солардың үйіне кіріп бармайсың ғой.
Иә, әзірге ең жақсы театр(лар), жалғыз мемлекеттік киностудия, шығармашылық одақтардың бәрі Алматыда. Бірақ байқасаңыздар, ең жақсы кинотеатр, ең жақсы университет, ең жақсы концерттік зал(дар) Астанада. Осы «ең жақсылар» саны уақыт өткен сайын көбейе береді. Сондықтан, дәл бүгінгі күні ақын-жазушыларға ұлтарақтай жер берсең де, қос қолдап жабысар еді. Бірақ, олай етудің қажеті шамалы секілді. Дәурен Берікқажы мен Танакөз Толқынқызы, Ерлан Жүніс, Азамат Тасқара, Асылзат Арыстанбек, Динара Мәлікова сияқты толып жатқан жастар бар. Қаламының желі бар журналистердің бір шоғыры да топтасып үлгерді. Жоғары жақ жарылқаймын десе, осы жастарды жарылқасын. Өйткені қос-қостан үйлі болған ақсақалдарымыз: «Мені Алматыға жерлеңдер» деп өсиет қалдырады. Ал жас ақын-жазушылардың басқа қалада үйі жоқ. Қанша күшенсең де, аға буыннан Астана патриотын жасай алмайсың. Бас қалада аш-жалаңаш жастығын өткізіп жатқан бүгінгі буыннан ғана Астананың шын жыршырлары шығады. Осы буын ғана О.Генри айтқан «Үлкен қаланың үнін» ести алады. Осы буын Астанада қазақы, рухани орта қалыптастырады. Астанаға өз зиялысын өсірер уақыт жетті.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Мұхтар Шаханов, ақын:
Алматыны қиып кете салу қиын
- Астана рухани ордаға айналуы үшін онда рухы мықты адамдар тұруы қажет. Бүгінде зиялыларымыздың көбі Алматыда тұрады. Өздеріңіз білесіздер, Астаның табиғаты қатал, бірнеше ай бойы қыс болып тұрады. Жауын-шашыннан адамның көзі ашылмайды. Өмір сүруге, былайша айтқанда, қолайсыз. Сосын зиялы қауымның Алматыны жай қиып кете салуы қиындау.
Амангелді Кеңшілік, жазушы:
Зейнеттегі зиялыларымыздан гөрі, дарынды жастарды көптеп тарту керек
- Астанаға зиялы қауым келмейді деп ренжуге болмайды. Себебі, біздегі зиялы қауымның дені орта жасқа жеткен немесе асып кеткен азаматтар. Олар жақын жылдары бәрібір зейнеткерлікке шығып кетеді. Керісінше, Астана нағыз мәдениет ордасы болу үшін өнерге, мәдениетке жақын жастарды көбірек тартуымыз керек. Оларға үкім көмек көрсетіп, шығармашылығын әрқашан қолдап отыруы қажет. Сонда ғана бас қаламыз Алматы сияқты қазақтың рухани қаласына айналады. Менің бір байқағаным, қазір Астанаға еліміздің түрлі аймағынан жастар көптеп келіп жатыр. Осы лек ешқашан тоқтап қалмауы тиіс. Сондай-ақ, мен Елордамызда ұлттық қабірістан ашу қажет деп есептеймін. Ол жерде нағыз қазақтың мақтаныштары, қайраткерлері, зиялылары жерленуі тиіс. Бұл да басшылардың алдында тұрған үлкен мәселенің бірі.
Д.МӘКЕЖАН
«Халық сөзі» газеті