Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1902 0 пікір 11 Сәуір, 2012 сағат 05:09

«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: жәбірленушілер талап-арыздарынан бас тартып жатыр

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің Ақтаудан хабарлауынша, 10-сәуір күні өткен он бірінші сот отырысында жәбірленушілерді сұрау жалғасқан.

Бірінші болып сөйлеген үлкен кісі, Тәуелсіздік күні алаңда тұрған киіз үй иесі Жайық Жұмалиев өзінің арыз жазғысы келмегенін, бірақ полицейлер қыстаған соң жазуға тура келгенін айтқан. 16-желтоқсан күні қала әкімдігінде болған кездесуде ол Сарбөпеевке киіз үйді алаңның тас табанына емес, оның сыртына, топыраққа орнатуды ұсынған, алайда бұрынғы әкім: «Осылай жоспарланған», - деп келіспеген. Сөзінің соңында мұнайшылар тарапынан киіз үйге қатысты ешқандай қауіп болмағандығын мәлімдеген Жұмалиев өз талабынан бас тартқан.

Одан кейін сұралған «Гефест» ЖШС-нің өкілі өздерінің Жаңаөзендегі дүкені шығын шеккенін, сондықтан сотқа арыз жазғандарын, бірақ 37 сотталушының ешқайсысын кінәламайтындықтан талаптарын анықталмаған тұлғаларға қоятындығын мәлімдеген. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары адамдарының бейнебақылау камераларындағы дискілерді алып кеткенін, алайда бұл жөнінде хаттама жасалмағанын айтқан.

Келесі кезекте сұралған Жаңаөзен жол полициясының қызметкері өзінің автокөлігі зақымдалғанын айтып, оның шығынын өтеу талабынан бас тартқан.

Содан соң Аралбай Нағышыбаев жәбірленуші 28 адамның түрлі себептермен сотқа келе алмайтындығын жариялап, күтпеген жерден соттың енді... сотталушыларды сұрауға көшетінін мәлімдеген. Бұған өре түрегелген ашулы адвокаттар: «Сот процесінің басында жәбірленушілерден кейін куәлар сұралатындығы жөнінде шешім қабылданған болатын», - деп, наразылық білдіргенде судья міз бақпай: «Жоқ, куәлар жәбірленушілер мен сотталушылардан соң, үшінші кезекте сұралатындығы жөнінде келіскенбіз», - деген. «Олай болса, мәселені айқындап алу үшін осы сот залында бірінші отырыстың бейнетаспасын қарайық», - деп ұсыныс жасаған адвокаттармен судья тағы да келіспей: «Әркім сот отырысының қағаз хаттамасымен таныса алады, сонда барлығы жазылған», - деп, келте қайырған. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дейтін жағдайды еске түсіретін осы көріністің өзі-ақ «қазақстанша» сот жүргізу «ерекшеліктерінен» көп нәрсені аңғартса керек.

Адвокаттар позициясын сотталушылар Сейсен Әспентаев пен Роза Төлетаева қолдап, бейнетаспаны көрсетуді, немесе, тым құрығанда, жәбірленушілерді сұрауды аяқтап, сотқа келмегендеріне әкімшілік жаза қолдануды өтінген. Алайда Нағашыбаев өз шешімін өзгертпей, сотталушы Таңатар Қалиевті орнынан тұрғызып, оның 16-желтоқсан күнгі жағдаяттарды айтып беруін ұсынған. Бірақ Қалиев есту қабілеті нашарлағанын және басы ауыратынын айтып, сотта сөйлеуден, ал шын мәнінде - өзінің тергеу сатысында Сақтағанов пен Төлетаеваға қарсы берген көрсетулерін қайталап айтудан бас тартқан, сондықтан прокурор Әбіләкім оның көрсетулерін өзі оқып беруге мәжбүр болған.

Одан әрі адвокаттар Сақтағановтың бұлтартпау шарасын өзгерту, кейбір тергеу әрекеттерінің күші жоқтығын мойындау (мәселен, фотокестеден «тану» жүрген кезде хаттамалар жасалмауына байланысты), сотталушылар Әбдірахманов пен Аманжоловты қарау үшін дәрігерлер шақырту, сотталушылармен консультация өткізу үшін екі-үш күн беру жөнінде өздерінің бұрын да жасаған талап-тілектерін қайталаған.

Прокурорлар, әдеттегідей, Сақтағановтың бұлтартпау шарасын өзгертуге қарсылық білдірген, сөйтіп «тергеу әрекеттері түгел заң шеңберінде жүргізілді-міс» деп сендірген.

Кеңесу бөлмесіне барып келген судья Сақтағановқа және тергеу әрекеттеріне қатысты талап-тілектерді қанағаттандырмағанын мәлімдеген. Жергілікті тубдиспансердің фтизиатр-дәрігері: «Әбдірахмановтың сырқаты асқынбағандықтан ол СИЗО-да отыра алады», - деп қорытынды берген. Бірақ адвокат дәрігерлердің сырқаттан тағы да анализдер алып, сотта қайтадан есеп беруін талап еткен.

Осы жерде сөз сұраған Әбдірахманов өзінің сырқаттануына себеп болған жағдайларды, яғни, 16-19-желтоқсан күндері полицейлердің оны, басқа да тұтқындалғандар тәрізді, тырдай жалаңаш шешіндіріп, қалалық ІІД-нің мұздай еденіне жатқызғанын және үстіне суық су құйғанын, бас көтерсе болды, ұрып-соққанын, ал бір «семіз кісінің» арқасына секіргенін, соның салдарынан ауызынан қан кетіп, оны дәрігерлер әзер тоқтатқанын әңгімелеп берген.

Судья мұның бәріне еш эмоция байқатпай, тек сотталушының жазбаша арызын белгіленген тәртіп бойынша қарайтындығын айтқан. Ал, адвокттардың сотталушылармен консультация өткізу үшін бұдан бұрын уақыттары жеткілікті болғандығын, бірақ олармен жолығу  үшін күннің екінші жартысы берілетіндігін жариялап, сот отырысын аяқтаған.

ЕСКЕРТПЕ: соңғы күндері сот процесінде мемлекеттік БАҚ өкілдерінен ешкім қалмағанға ұқсайды. Тәуелсіз ақпарат құралдары журналистерінің айтуынша, оларға «жоғарғы жақтан» өз тілшілерін кері шақыртып алу жөнінде бұйрық түсті деген әңгіме бар көрінеді. Және баспасөз залындағы қалған журналистердің де монитордан сот көріністерін суретке түсірмеуін қадағалау үрдісі күшейген сыңайлы. Бір есептен, тек қарапайым халық өкілдері ғана емес, кейбір мемлекеттік мекемелер мен полицейлердің өзі жәбірленушілер ретінде талаптарынан да, сотталушыларды кінәлаудан да бас тартуы салдарынан айыптау жағы неше ай бойы дайындаған бүкіл «дәлелдердің» быт-шыты шығып жатқан жағдайда ресми ақпарат көздерінің мұндай әрекетін түсіну қыйын болмаса керек. Сайып келгенде, тергеудің фашистік әдіс-тәсілдермен, яғни, қорқытып-үркіту, ұрып-соғу, азаптау арқылы «жинаған» жалған материалдары «негізінде» жүріп жатқан «сот процесінде» басқаша болуы мүмкін бе?..

Жасарал Қуанышәлин,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпараттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 10-сәуірі.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496