Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2724 0 пікір 11 Сәуір, 2012 сағат 12:45

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ. Қазақ жылқысы тек соғым үшін жаралған ба?

«Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз...» деп басталатын өлең жолдары сонау жаугершілік тар жол, тайғақ кешу жылдарында болса да, бүгінгі қазақ жылқысы тұқымының құрып бара жатқаны жылқы мінезді қазақтың қанында бар қасиетінің  адыра қалып бара жатқанындай көрінеді. Өйткені күн өткен сайын шетелден әкелінген ағылшын мен парсының таза қанды, түрікменнің ақалтекесі ғана бәйгенің алдын бермей, қазақ жылқысының алдын орап, тіпті қазақы жылқылар халықаралық және республикалық аламаннан көрінбей кеткелі қашан...

Қазір қала түгіл ауылдық аймақтарда жылқы тұ­қы­мы азайып бара жатыр. Азайғаны былай тұр­сын, қазақы жылқылардың тек қой бағу мен со­ғым­ға пайдаланылып кетіп жатқаны алаң­датады. Мә­селен, ат бапкерлерінің пікірінше, қазіргі таңда ха­лықаралық және республикалық аламан бәйге мен басқа да ат спорты түрлерінен жарысқа қаты­са­тын жылқылардың алпыс-жетпіс пайызы ше­телдік жылқылардың тұқымы көрінеді. Сонда бұл қазақы жылқылардың жоқтығы ма? Әлде, Алаш­тың қазанаты мен жабысының жарнамасы жет­кіліксіз болып отыр ма?

«Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз...» деп басталатын өлең жолдары сонау жаугершілік тар жол, тайғақ кешу жылдарында болса да, бүгінгі қазақ жылқысы тұқымының құрып бара жатқаны жылқы мінезді қазақтың қанында бар қасиетінің  адыра қалып бара жатқанындай көрінеді. Өйткені күн өткен сайын шетелден әкелінген ағылшын мен парсының таза қанды, түрікменнің ақалтекесі ғана бәйгенің алдын бермей, қазақ жылқысының алдын орап, тіпті қазақы жылқылар халықаралық және республикалық аламаннан көрінбей кеткелі қашан...

Қазір қала түгіл ауылдық аймақтарда жылқы тұ­қы­мы азайып бара жатыр. Азайғаны былай тұр­сын, қазақы жылқылардың тек қой бағу мен со­ғым­ға пайдаланылып кетіп жатқаны алаң­датады. Мә­селен, ат бапкерлерінің пікірінше, қазіргі таңда ха­лықаралық және республикалық аламан бәйге мен басқа да ат спорты түрлерінен жарысқа қаты­са­тын жылқылардың алпыс-жетпіс пайызы ше­телдік жылқылардың тұқымы көрінеді. Сонда бұл қазақы жылқылардың жоқтығы ма? Әлде, Алаш­тың қазанаты мен жабысының жарнамасы жет­кіліксіз болып отыр ма?

Өйткені қазанат тұлпардың бабы келіссе, кез келген ағылшын мен парсының аттарын шаң қап­тыратынын әрі ешбір жылқы малында жоқ тө­зім­ділік қасиетін ата-бабаларымыз дәлелдеп кеткен жоқ па еді. Статистикаға жүгінсек, тұлпар тұқымды қа­зақы жылқы, шынымен де, азайып бара жатыр. Өйт­кені сексенінші-тоқсаныншы жылдары рес­пу­бли­када бірнеше асылтұқымды жылқы тұ­қымын өсіретін шаруашылықтар болса, бүгінде олар­дың азайып, кәсіби атбегілердің  жойылып бара жатқаны байқалады.

Марат Қойшин, ұлттық спорт мектебінің директоры:

- Расында да, қыл құйрықты қамбар ата тү­л­егінің азайып кеткені біздің де жанымызға ба­тады. Ұлттық спорттың бір пұшпағында жүр­гендіктен әрі ауылда ер жеткендіктен ежелден ата-бабамыз кәсіп еткен жылқы жағдайына көзіміз қанып өсті. Жылқы қазақтың қаны мен жаны, һәм пырағы екені де даусыз. Сондықтан оны өзіміздің ұлттық брэндіміз етіп, әлемдік аре­наға шығару басты міндетіміз деп есеп­теймін. Қазіргі таңда ат спорты, оның  ішінде көк­пар, қыз қуу, теңге алу сияқты ұлттық ойындарымыздың кеңінен қанат жайып келе жатқаны қуантады. Дегенмен онда да қазақы тұқымды жылқыларымыздың азырақ қосылуы көңілге күдік ұялатады.

Өткенге тағы бір көз жіберсек, мінсе көлігі, ішсе қымызы, жауға шапса серігі болған жылқының соңғы мәліметтерге сәйкес еліміздегі саны 1 жарым миллионнан асады. Алайда олардың көпшілігі - жекеменшіктегілердің қолында. Сондықтан да жылқының санынан гөрі сапасының деңгейін көтеруге мүмкіншіліктің де азды­ғы байқалады. Мемлекет тарапынан мал шаруашылығын, оның ішінде төрт түліктің төресі жылқы шаруашылықтарына субси­дия­лық жеңілдіктер бөлінгенімен, жылқы­ның асылтұқымдылығын жетілдіру өзек­тілігі жоғары болып қалуда. Бұл орайда, шаруасын жетілдіруге қолы жетпеген шаруа қожалықтары, яғни кәсіпкерлердің бірсыпырасы қалтасы көтермегендіктен, асылтұқымды жылқы алуға қауқарсыз. Әрі бүгінгі таңда жылқыны шынымен баптап, бәйгенің алдын бермес нағыз сәй­гүлікті шығарар ат бапкерлері де азайып кеткен. Бұрнағы жылдары жылқы тұқымын асылдандыратын шаруашылықтар Қазақ­стан­ның әр облысында болса, бүгінде тек Қос­танай қаласындағы «Қазақ тұлпары» шаруашылығы ғана қазақы тұ­қым­ды жыл­қы басын көбейтуді өз мойнына алған. Тіп­ті ол тұтастай мемлекеттің ба­қы­лауына алы­нып отыр.

Жомарт Нүркенов, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:

- Дәл қазір біздің облысымызда асыл­тұқымды жылқы өсірумен айналысатын алты шаруашылық бар. Мәсе­лен, Ерейментау ауданындағы Темірбек Жайтапов «Мұғалжар» жыл­қыларын өсі­руді қолға алған. Бүгінде мыңнан астам жылқысы бар. Ал Сандықтау ауда­нындағы «Якбун» және Целиноград ауданындағы «Родина» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері таза қан­ды ағылшын жылқыларын өсіреді. Ал қазақы тұқымға келсек, «Ақ­тық» агро­фирмасының басшысы Марат Қамзе­баев қазақтың жабы жылқысын өсіруді қолға алған. Өкінішке қарай, дәл қазір шаруа қожалықтары тек жылқының еті мен сүтін ғана пайдаланып, оның ұш­қан құстай жүйріктігін бағалай алмай келеді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне қарағанда, бүгінде облысымызда 110 155 жылқы бар болса, оның 72 432-сі жекеменшік иеліктерін­де. Өткен жылмен салыстырғанда, жылқы басының көбейгені байқалғанымен, асыл-тұқымды жылқы басын көбейтудің ақсап тұрғанын басқарма бастығы да мойындады. Әсіресе ол қазақ жылқысының тұқымы соңғы уақытта ұсақталып бара жатқанын тілге тиек етті.

Құлагердей тұлпарды шығарған Көкше жерінде қазақ тұлпарының көсіле алмауы неліктен? Бұл сұрақты кәсіби атбегілерінен де білуді жөн деп шештік.

Оралбек Қайсанов, кәсіби атбегі, асылтұқымды жылқы өсіруші:

- Ұлттық спорт ойындары, оның іш­ін­де ат спорты дамыған сайын жыл­қыға деген көзқарас та өзгеріп келеді. Алайда жарысқа баптап ат шығарған біздер әлі күнге дейін іштегі той-томалақ болмаса, республикалық және халықара­лық аламан бәйгеге ағылшын мен тү­рік­меннің, сондай-ақ араб жыл­қы­ла­рын шығаруға мәжбүрміз. Өйткені қазақ жылқысы, расында да, ағылшын мен араб жылқыларының шаңына да ілесе алмай қалды. Мәселен, менің таза ­қанды ағылшын тұқымды «Бота­гөз» атты тұлпарым бірнеше мәрте респуб­ликалық біріншіліктерде бәй­генің басы болып келді. Тіпті қанша рет ат жарысына барсам да, жүлде алған қазақы жыл­қы тұқымын өкінішке орай көр­ген емеспін.

Сонда бұл қазақ жылқысы шынымен бәйгеге жарамайтындығын көрсете ме? Әлде әлі де болса қазақ жылқысына көңіл бөле алмай келеміз бе?! Бұлай дейтін себебіміз, ақалтеке тұқымын әлемге танытқан Түрікменстанда жылқының асылтұқымды болуына, оның ұсақталып кетпеуіне баса көңіл бөлінеді екен. Тіпті онда арнайы осы мақсатты көздейтін жылқы министрлігінің болуы да осыны айғақтаса керек.

Қазақ жылқысы мәстек болып, ауылда арба сүйреп жүре бергенін көргенде, шынымен де, көңілді қыжыл билейтіні рас. Сондықтан да таразы басын теңестіріп, жылқының еті мен сүтін ғана емес, оның жүйріктігі мен төзімділігін дүниеге таныта білсек, бұл қазақтың атын әлемге паш ететін тағы бір тамаша мүмкіндік болмас па еді?! Әрине, бұл іске уақыт қажет. Сондықтан да уақытты бағалап, жылқы мінезді екендігіміз шындық болса, қазақы тұқымды жылқыны баптауда қапы қал­майық!

«Алаш айнасы», 11 сәуір 2012

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502